12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Медет Халықов, Түркістан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы: «ДІНИ БІЛІМДІ КӨТЕРМЕЙ, ДЕСТРУКТИВТІ ИДЕОЛОГИЯҒА ТОСҚАУЫЛ ҚОЯ АЛМАЙМЫЗ»

– Медет Мұзапбарұлы, елдегі діннің бүгінгі ахуалы қандай?

– Еліміздің дін саласындағы негізгі мәселелері дәл қазіргі таңда құқықтық, ұйымдастырушылық тұрғыдан бір қалыпқа салынды десек болады. Бірақ әлі де «қап, әттеген-ай» дейтін дүниелер бар екендігін жасырмауымыз керек. Солардың ең негізгісі қоғам арасында түрлі бүліктер шығарып, отбасылық және туысқандық қарым-қатынастың үзілуіне, мешіттерде имамдарымызға бағынбайтын, ұлттық құндылықтарымызды дұрыс емес деп, мансұқтап жүрген ағым өкілдеріне заң шеңберінде, құқықтық тұрғыдан ықпал ету мәселесі кемшін. Діни ағымдардың халық арасында лаң туғызып, түрлі теріс әрекеттерге жол беріп жатқандығын көзіміз көріп, құлағымыз естуде. Елдегі түрлі лаңкестік оқиғалардың басы-қасында осы ағымдардың болғандығын ресми органдар жариялаған болатын. Бұл мәселенің түйткілін заңға сәйкес шеше алсақ, дін саласындағы басты проблемалардан біршама арылған болар едік. Діни білім алу мәселесі де қай уақыт болмасын күн тәртібінен түспеген тақырып. Елімізде ЖОО-да арнайы дін саласы бойынша мамандар даярлануда. Атап айтқанда, Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «НұрМүбәрәк» университеті, облысымыздың орталығы Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті исламтанушы, дінтану, теология салалары бойынша мамандар дайындауда. Дәл қазіргі таңда аты аталған оқу орындарында жоғары білімді отандық және шет елден келген оқытушылар, профессорлар сабақ беруде. Ең өкініштісі осындай мүмкіндікті жастарымыз бағалай алмауда. Шет елдердің күмәнді діни оқу орындарына барып, сол жердің салт-санасын алып келіп, халықтың миын улауда. Діни білім беру мәселесін жандандырып, сауатты ұрпақ қалыптастыруымыз қажет. Осылай ғана біз түрлі пәлекеттердің алдына тосқауыл қоя аламыз. Дін саласындағы тағы бір түйткілді мәселе – өңірде білікті имамдардың жетіспеуі. Әрине, бұл сөзімізбен барлық дін қызметкерлеріне күйе жағып отырған жоқпыз. Алайда, еліміздегі мешіттердің 4/1 Түркістан облысында орналасқандықтан, тиісінше кадр тапшылығы да сезіледі. Бүгінгі таңда, Түркістан облысында ҚМДБ қарасты 762 мешітте 1112 дін қызметкері жұмыс атқарады. Олардың 18% ғана жоғары білімді. Ал, 29% орта арнаулы (медресе) және қалған 53% діни сауат ашу курстарында білім алумен шектелген. Халық тығыз шоғырланған және ұлттық құрамы әралуан өңір үшін білімді де білікті имамдар қашан да қажет. Жалпылама елімізде, соның ішінде Түркістан облысындағы исламдық радикалды бағыттағы «Сәләфилік», «Хизбут-Тахрир», «Таблиғи жамағат» секілді жалған «жиһад» пен «халифалықты» көксейтін діни топтар мен пантуркистік сипаттағы жаңа «Махмудшы», «Сүлейменші» және «Нұршы» қозғалыстары секілді теріс ағымдардың жымысқы әрекеттері белең алып отыр. Олар ұлттық құндылықтар мен тарихты жоққа шығара отырып, қазақстандық қоғамның рухани негіздерін ыдыратуды, діни-ұлттық бірегейлікке нұқсан келтіруді, ішкі тұтастықты бұзуды көздейді. Діни пайымдар мен шарттарды радикалды мақсатта пайдаланудың соңы экстремизм мен терроризмге ұласып жататынын әлемдік жағдай көрсетіп келеді.

– Дінді саясиландырудың салдары қандай?

– Діни экстремизм мәселесі бұл елімізде ғана емес, әлемдік деңгейдегі өте күрделі тақырып. Оның астарында діни фанатизм және радикализм жатыр. Экстремистік идея әрқашан да қауіпті. Себебі, оның қашан және қандай әрекетке ұласарын болжау мүмкін емес. Идея болған жерде уақыт өте келе ол іс-әрекетке көшері анық. Іс-әрекетке көшкен кезде жағдай біз ойлағаннан да қиын салдарға ұласып кетуі мүмкін. Қандай да бір экстремистік ұстанымға және идеяға қарсы тұру қажет. Қазақстан экстремизм мен терроризмга қарсы күреске айрықша көңіл бөледі. Дегенмен, тәуелсіздік жылдары діни радикализм көріністері, деструктивті діни ағымдардың теріс ықпалы Қазақстанды да айналып өтпеді. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейін Араб түбегінен, Таяу Шығыс елдері мен Кавказдан келген деструктивті діни ағымдардың ықпалы арта түсті. «Тәкфір» және «жиһад» ұғымдарын ту еткен радикалды отандастарымыздың 2011 жылғы Ақтөбе, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы қаласында дүрбелең салғаны ел есінде. Соңғы он жылдықтағы ресми деректерге сүйенсек Қазақстанда 18 террористік іс-әрекет орын алып, жалпы 106 (оның ішінде 77 терроршы, 17 құқық қорғау және арнайы қызмет өкілдері және 12 бейбіт тұрғын) адам қайтыс болған. Терроризм мен экстремизм – адамзаттың қас жауы. Қаймағы бұзылмаған қазақ жерінде осындай лаңкестіктерге жол беру ең алдымен, жазықсыз жандардың зардап шегуіне алып келетіні сөзсіз. Жұртшылық осыны ұғынуы керек. Діни экстремизм қоғамның тұтастығын бұзатын әрекет екенін түсінуіміз қажет. Ел ішінде алауыздық тудыруды, жек көрушілік пен дінді саясаттандыруды көздеп, сол арқылы қоғамға кері әсерін тигізетін құбылыстан мейлінше алыс болғанымыз абзал.

– Түркістан облысында өзге дінді ұстанатындар көп пе?

– Қазіргі таңда халық арасында дінді ұстанушылар көбейді. Солардың арасында жастардың саны басым. Әрине, жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеуіміз қажет. Радикалды көзқараспен уланып жатқан жастар да бар. Дер кезінде оны анықтап, дұрыс жүйелі жұмыс жүргізілсе оны асқындырып алмай алдын алуға болады. Аталған ағымдарды жақтаушылар санының артуына бірнеше фактор әсер етуде. Атап айтқанда, Қазақстанға танымал ДДА көшбасшылары мен идеологтары болып табылатын псевдоуағызшылар Сайрам ауданының, Сарыағаш ауданының және Төле би ауданының тумалары. Аталған азаматтар экстремизм мен терроризмді насихаттау, ұлттық және діни алауыздықты қоздыру бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанымен, олардың діни уағыздары мен насихаттары әлі күнге дейін әлеуметтік желілер мен «Ютуб» арналарында жоғары сұранысқа ие. Сонымен қатар, облысымыздың Өзбекстанмен шекаралас орналасуы діни ахуалдың дұрыс бағытта өрбуіне кері әсерін тигізуде. Атап айтқанда, кейбір шекаралас орналасқан аудандар мен өзге этнос өкілдері тығыз шоғырланған анклавты орталарда Өзбекстанда тыйым салынып, іздеу жарияланған өзбекстандық уағызшылардың дәрістерін тыңдау үрдісі белең алып отыр. Бүгінгі таңда, дәстүрлі ислам бағытын ұстанатын өзбек тілді білікті мамандардың тапшылығынан аталған бағыттағы қарсы насихат жұмыстарының тиімділігі төмен. Өзге дін өкілдері деген түсінікті дұрыс бағамдай білуіміз қажет. Елімізде ресми тіркелген діни бірлестіктер бар. Қарама-қайшы түрде тіркелмеген, діни идеялогиясын жасырын насихаттап жүретін азаматтар да жоқ емес.

– Медет Мұзапбарұлы, жастар діни ағымның жетегіне еріп, адасып кетпеу үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, жат діни ағымдардың жетегіне кеткен азаматтарды оңалту мақсатында бірнеше бағыттар бойынша жұмыстар атқарылуда. Біріншіден, деструктивті діни ағымдарға қарсы жалпы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырып келеміз. Бүгінгі күнге дейін облыстық Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің мамандарын жұмылдыра отырып құрылған дін саласындағы облыстық ақпараттық-түсіндірме топтары қала, аудан, ауылдық округ және елді мекендер мен қоғамның барлық әлеуметтік топтарымен кездесулер өткізуде. Былтыр облыс көлемінде облыстық ақпараттық-түсіндірме топтары тарапынан тұрғындармен – 123, жоғарғы оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындары және мектеп оқушыларымен – 511, өндіріс орындары, құқық қорғау және әскери саламедицина саласы және т.б. мекеме қызметкерлерімен 314 кездесу ұйымдастырылған. Жоғарыда аталған кездесулер барысында 130 мыңнан астам адам қамтылған. Жиындардың дәстүрлі діни құндылықтарды халық арасында насихаттауға ықпалы тиюде. Екіншіден, қазіргі таңда интернет ресурстары мен БАҚ-тың қоғамға тигізер ықпалы мол. Осы орайда теледидар арқылы дұрыс таным мен түсінік қалыптастыру, ұлттық ұстанымдар мен әдет-ғұрыпқа кері әсер етуші іс-әрекеттердің алдын алу мақсатында республикалық «Оңтүстік», «Түркістан», жергілікті «СӘТ», «Санұр» телеарналары арқылы 27 тақырыпта телебағдарламалар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, орталық мамандары тарапынан 149 мақала дайындалып, 494 рет жергілікті басылым беттерінде жарық көрді. Үшіншіден, теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккен жеке тұлғаларға арнайы оңалту жұмыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жат ағымның жетегіне кеткен азаматтармен кешенді түрде жұмыстар атқарылады. Бұл оңай процесс емес. Нақты механизм мен әдістемеге негізделіп жасалды. Ұзақ уақытты және еңбекті талап етеді. Орталықтың исламтанушы, теолог мамандары арнайы контингентпен жеке кездесу жұмыстарын жүргізіп, оларға дәстүрлі исламның дәйектерін жеткізіп, шариғатпен шегендеп, салт-дәстүрмен сабақтастырып, пікір алмасып, сұрақтарына жауаптар беріледі. Адамды қайта қоғамға бейімдеу оңай шаруа емес. Біз осыны дұрыс ұғына білуіміз қажет. Төртіншіден, елімізде 2011 жылдан бері «Терроризм актісі» бабы бойынша қылмыс жасау деректері бірнеше рет тіркелді. Аталған ағым өкілдеріне тек діни ғана емес, құқықтық тұрғыдан да кеңестер беріледі. Бесіншіден, діни содырлардың мемлекеттік мекемелер мен әскери бөлімдерге, құқық қорғау және арнайы қызмет ғимараттарына баса-көктеп кіруге талпынуы, сонымен қатар құзырлы мекеме маңайында өзін-өзі жарып жіберу, тәртіп сақшыларына қарсы жасалған лаңкестік әрекеттер, т.б. оқиғалардың барлығы мемлекеттік билікке қарсы бағытталған дін атын жамылған радикалды топтардың әрекеті екені жасырын емес. Жат ағымдардың адамдар санасын соншалықты «төпелеп» тастауының бір дәлелі Отанын тастап, соғыс ошағына айналған Таяу Шығысқа аттанушылар дер едім.

– Радикалды діни ағым әлемдік мәселеге айналып барады. Осы проблемамен қалай күресуге болады?

– Бүгінгі күні әлем елдерінің басты назарында болып отырған күрделі мәселелер қатарында – экстремизм және терроризм, радикализм, фундаментализм, фанатизм ұғымдары бар. Радикализм – белгілі бір көзқарасты бұлтартпай ұстану, тек соны жақтау деген мағынаны білдіреді. Радикализм ұстанымы қалыптасқан қоғамдық дәстүр мен үрдістерді, көзқарас пен институтты өз идеологиясына қарай өзгертуге бағытталады. Діни радикализм экстремизм мен терроризмге апарар жол десек артық айтпағанымыз болар. Діни радикализмнің пайда болуына бірнеше себеп бар. Бірі – діни сананың толық қалыптаспауы немесе діни білімсіздік, екіншісі – діни радикализм уағызшыларының көбеюі, үшіншісі – діни ақпараттарды дұрыс таңдамау. Осылайша, қалыпты өмірден өздерін бөліп, әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірден баз кешіп, жат идеология белсенділерінің қолшоқпарына айналады. Соңғы кездері деструктивті діни идеологияның алдын алудың бірден-бір жолы – елімізде діни білімнің деңгейін арттыру. Сондықтан отандық дін саласындағы мамандарға қойылатын талаптарды күшейтіп, білігін шыңдау маңызды болып отыр. Сонда ғана ел ішінде әртүрлі діни алауыздықтарға тосқауыл қойылмақ. Дінге қызығушылығы артқан әрбір азамат бастапқы білімді, яғни, бакалаврлық базалық білімді өз еліміздегі оқу орындарынан алу қажет.

– Медет Мұзапбарұлы қазіргі уақытта дінде көптеген жалған ұсыныстар мен стереотиптер кездеседі. Олармен қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Жалған дүниетанымды насихаттайтын азаматтардың барлығы дерлік жалған ұсыныстармен адамды арбайды. Кезінде елімізден шекара асып, Таяу Шығысқа барып шын ислам мемлекетінде өмір сүрем деп талай жастарымыз алданып қалды. Яғни жалған стереотиптерді біз сол жерден байқадық. Діни терминдердің негізгі мағынасын түсіне алмау, тек қана біржақты ойлаудың кесірінен талай азаматымыз жапа шекті. Жалған ұсыныстарды арнайы шет мемлекеттерде отырып, дыбыстық және бейне уағыздар арқылы таратып отырды. Жалған ағым өкілдері арбау жұмыстарында өтірік айту, ақпараттарды бұрмалап, арнайы психологиялық әдістерді қолданып, санаға тікелей шабуыл жасайды. Мысалы, деструктивті діни ағымның жeтегінде кеткендердің 88 пайызына осы әлеуметтік желі әсер еткені белгілі. Таяу Шығыста белең алған лаңкестік әрекеттeрімен танылған «ИШИМ» халықаралық террористік ұйымы әлeуметтік медиа және ғаламторлық тeхнологиялық қосымшаларды пайдалану арқылы өзге елдерден келген содырлармен қатарын көбейтті. Әлем бойынша ұйымдарға қосылушылардың 80% астамы – ғаламтор арқылы арбалғандар. Деструктивті діни ағымдардың жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асырылуда. Олар жиһадшы-террористердің күнделікті өмірін шөл даладағы әсем көрініспен, балалардың тәтті күлкісімен, қаруларын асынып, тату-тәтті отбасылық суреттермен көрсетеді. Міне, осы сырт көзге бәрі «тамаша» боп көрінген бейнероликтегі өмірге әлеуметтік желідегі тіркелушілер арбалып, ақыр соңы алданып қалып жатады. Бұған дәлел еліміздегі экстремизм баптарымен сотталғандардың көбі – нақ осы желілерде белсенді ақпараттық жұмыстармен айналысқандар. Жалған ақпараттардың нәтижесінде Таяу Шығыста керемет өмір бар деген стереотип қалыптасты. Бұл стереотип өзін нағыз мұсылман санап жүрген кейбір бауырларымыздың шекара асып, ата-анасын, бауырларын тастап, отанға опасыздық жасауына түрткі болды. Ол жаққа барған соң ол керемет ертегінің бірекі айда аяқталғанын көріп, от басып, оқтың астында қалып, далада қаңғып, ешкімнен пана сұрай алмағандығын барлығымыз білеміз. Осындай идеологияға уланған жүзге тарта жерлесіміз бейбіт өмірді қарулы «жиҺадқа» айырбастау үшін Сирия еліне отбасымен бірге «Һижрат» жасаған. «Жусан» гуманитарлық операциясы аясында Түркістан облысына 4 ер, 18 әйел, 52 бала қайтарылған. Бүгінгі таңда 4 ер, 1 әйелдің қылмысы дәлелденіп, жауапкершілікке тартылса, 6 әйел, 22 балаға қатысты қоғамға бейімдеу және оңалту жұмыстары жүргізілуде.

– Жат діни ұйымдардан келетін қауіп-қатер статистикада қалай сараланып жүр?

– Жат діни ағымдардан келетін қауіп көп. Елімізде арнайы соттың шешімімен 24 ұйым экстремистік, террористік және окульттік-мистикалық деп танылып, заң жүзінде тыйым салынған. Қазіргі таңда діни ахуал облысымызда тұрақты деп айтсақ болады. Діни ағым жетегінде жүрген азаматтармен кешенді түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тұрақтылыққа қарамастан біз жұмысты тоқтатпауымыз қажет. Ғаламтор – ақиқаттың көзі емес екендігін түсінулері керек. Зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне сүйенсек, дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73% қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейді екен. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Яғни, қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, түрлі платформалар және басқа да байланыстырушы медиақұралдар әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде. Тәжірибелі бағдарламашылардың статистикалық есебі бойынша 1 минутта «Youtube» желісіне 400 сағаттық бейнекөрініс жүктеледі, ал «Whatsapp» та 50 млрд СМС хаттар жолданады, «Instagram» да 50 мың сурет жүктеледі. Ал, «Google»ға минутына 4 млн рет сұраныс түседі. Осылардың ішінде қаншасы діни ақпараттар екенін ешкім білмейді. Жоғарыда аталған цифрлардың 1% ғана деструктивті діни ағымдардың таратқан мәліметі дейтін болсақ, онда миллиондаған жастың бір сағат ішінде діни көзқарасымен қатар, психологиясы өзгеріске ұшырады деген сөз.

– Өзіңіз басшылық ететін «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің жеткен жетістігі мен әлі де болса шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселелері жайлы да айта отырсаңыз…

– 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 5-бабында «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша құзыреті» көрсетілген. Аталған құзыреттіліктің бір тармағы өңірдегі діни ахуалды зерделеп, оған талдау жүргізуде. «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Түркістан өңіріндегі діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыратын жалғыз мемлекеттік мекеме. Соңғы жылдарда орталықтың жеткен жетістіктері жетерлік. Республика бойынша әлеуметтік желі және ғаламторда күмәнді сілтемелерді анықтап, оларға тиісті шара көру бойынша көш бастап тұр. 2021–2022 жылдары жоғарыда аты аталған және өзге де тыйым салынған уағызшылардың ғаламтор желісінен 700 мыңнан астам сілтемелері мен қауымдастықтары анықталып, «knadzor. kz» ақпараттық жүйесін бұғаттау үшін енгізілген. Бұл сілтемелер мен қауымдастықтардың көптігі еліміздің кез келген азаматының ғаламтор арқылы тыйым салынған діни материалдармен еркін танысып, деструктивті діни ағым жақтастарының қатарын көбейту мүмкіндігінің жоғары екендігін көрсетеді. Әрине шешімін таппай жатқан мәселе де жоқ емес. Ол – кадр мәселесі. Облыс көлемінде әлі күнге білікті кадрлардың жетіспеуішігі байқалады. Осы олқылықтың орнын толтыра білсек, орталықтың жұмысы әрмен қарай жанданатынына кәміл сенемін. Өңірлердегі деструктивті діни ағым жақтастарымен оңалту шараларын жүргізетін білікті, шетелдерде білім алған, іс-тәжірибесі бар теолог мамандардың тапшылығы, әсіресе, әйел жамағатымен жұмыс жүргізетін теолог мамандардың жетіспеушілігі сезіледі. Оларды оңалтумен айналысатын теолог-дінтанушылардың жалақылары төмендігін ескеру, оларға материалдық қолдау көрсету қажет деп санаймыз. Аталған мәселе тек біздің облыстың ғана емес, барлық өңірлерге ортақ, республикалық масштабтағы мәселе.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Раушан НАРБЕК ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Қазақстандағы су тасқыны: қазіргі уақытта не белгілі?

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпарат берді.

Қырғызстанда TikTok-қа кіруге шектеу қойылды

Шешім шығаруға TikTok тарапынан "Балалардың денсаулығына, олардың физикалық, интеллектуалдық, психикалық, рухани және адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу жөніндегі шаралар туралы" ҚР Заңын сақтамау негіз болғаны айтылды.

Жаңа түзетулер енгізілгеннен кейін көлік жүргізушілері өмірінде не өзгереді?

"Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қандай өзгерістер енгізілді.

Синоптиктер алматылықтарға ескерту жасады

Қазгидромет Алматы мен тағы бір қала тұрғындарына қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ескертті.

Антикор: Қазақстанда 60 мың жүргізуші куәлігі заңсыз берілген

Арнайы ХҚКО-ларға жүргізілген жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша бюджетке түсетін түсімдер 10,6 миллиард теңгеден 91,3 миллиард теңгеге дейін ұлғайды.