12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ТАЛҚЫДА – ӨҢІРЛІК МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Астанада «Өңірлік мерзімді басылымдар форумы» өтті. 200- ден астам аймақтық БАҚ өкілінің қатысуымен өткен жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты. Басқосуда өңірлік БАҚ-ты дамыту, журналистің ықпалы мен мәртебесі, газеттегі жарнама және монетизация әдістері және БАҚ-та балалар контентін қалыптастыру сияқты бүгінгі таңда өзекті болып отырған мәселелер көтерілді.

Жиынды ашқан Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов қазіргі ақпараттық технологияның қарқынды дамып жатқан кезеңінде БАҚ-тың әлеуетін қалай көтеру керектігін, ақпараттық саясат пен азаматтық қоғам бағытын жеткізуде өңірлік мерзімді басылымдардың орнына тоқталды. Әсіресе, әлеуметтік желі, интернеттің өзге ресурстарында фейк, жалған ақпараттардың көп кездесетінін, ал осы тұрғыда мерзімді басылымдар шынайы ақпараттарды жариялау қажеттігін баса айтты. Сондықтан, өңірлік мерзімді басылымдарға мән беру қажеттігін жеткізіп, мұнымен тиісті министрлік айналысып жатқанын жеткізді. Және осы тұрғыда тиісті министрлікке өңірлердегі БАҚ-ты дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Көлгінов өз сөзінде «Егер 2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде 5 мыңнан асты. Оның 70 пайызы баспа мен басылымдар. Бұл – медиа саласының қарқынды даму әлеуетінің ұлғайғаны мен оның болшағының зор екенін дәлелдейді. Отандық медианың әлеуетін одан әрі дамыту үшін алдымызда ауқымды міндеттер бар. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғаммен байланыс құралдарын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы орайда, өңірлік БАҚтың мәселелерін: атап айтқанда, оқырмандардың саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керек», – деді. Вице-премьердің пікірінше, отандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де бүгінгі таңда аса өзекті. Бұл тұрғыда ол: «Әр аймақтағы басылымдардың өзіндік өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүргізу форматын қалыптастыру қажет. Сала мамандарын, білікті сарапшыларды ақпараттық түсіндіру жұмыстарына тарту маңызды. Тағы бір мәселе – отандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігі. Елімізде зиян келтіретін жалған ақпараттан халқымызды қорғау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс», – деді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шекарадағы аудандар отандық радиохабарлармен толық қамтылады. «Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі барлық кезеңде басты назарда болуы керек. Сол себепті елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтіледі. Шекаралас аймақтарды радиохабар таратумен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұған қоса, өңірлік БАҚ-ты қолдау үшін оларда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесін жалғастырған жөн. Бұл арқылы ұлттық журналистикадағы шығармашылық байланыстар нығайып, өңірлік мәселелерге тұтас еліміздің назарын аудара аламыз».

Буын алмастығы басылымдарға серпін береді

Басқосуда жергілікті ба — сылымдарға жас мамандарды тарту мәселесі көтерілді. Министр Дархан Қыдырәлі буын алмасу, дәстүр сабақтастығы сәтімен жалғасуы тиіс екенін баса айтты. «Бүгінде газет-журналдардың таралымы төмендеп, оқырмандар ақпаратты негізінен интернет-ресурстардан алатыны белгілі. Соның салдарынан көптеген басылымдар өз жұмысын тоқтатуға немесе таралымын азайтуға мәжбүр болды. Әсіресе, пандемия кезінде дәстүрлі баспалар күрделі тектоникалық өзгерістерді бастан кешірді. Бұл қиындықтар өңірлік басылымдарды да айналып өткен жоқ. Тиісті талаптарға сай келмегендіктен, бөлінген қаражаттардан құр қалған редакциялар аз емес. Кейбір БАҚ-тар түрлі себептермен жекешеленіп те кетті. Мәселен, аудандарда 159 газет жекеге өткен. Бірақ біз өңірлік басылымдарды жекеменшік не мемлекеттік деп бөлмей, барлығына да қолдау көрсетуге әзірміз», – деді өз сөзінде ведомства басшысы. Алдағы уақытта жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтерін ұлғайту мәселесі қолға алынады. «Аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері 2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп мәлім етті Дархан Қыдырәлі.

Журналистер сауалы жауапсыз қалмайды

Алдағы уақытта журналистер сауалына жауап бермейтін мемлекеттік қызметшілер жауапкершілікке тартылады. «Енді журналистің сауалына міндетті түрде жауап беріледі. Жауап беру мерзімі қысқарады. Қазір 7 күн болса, енді ол 3-5 күн болып қысқарады. Сонымен қатар, жауап бермейтін мемлекеттік қызметшілер жауапкершілікке тартылады. Мұның барлығы журналистің ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында жасалып отыр». Министр сондай-ақ, «Масс-медиа туралы» ҚР заң жобасы аясында журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жоспарланып отырғанын атап өтті. Д.Қыдырәлінің айтуынша:«Қазір заң жобасы қаралып жатыр. Онда журналистердің жеңілдікпен пәтер алуы, ауруханаларда жеңілдіктер пайдалануы туралы нормалар бар. Ең қарапайымы – «Pressa» деген жазуы бар көлікті кез келген жерге қою немесе мекемелерге кіру сияқты көптеген жеңілдіктерді қарастырып отырмыз». ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов журналистердің сауалдарынан қашып, дөрекі сөйлейтін шенеуніктер жайлы: «Журналистер тарапынан түсетін сауалдарға дереу жауап беру деген бар. Әсіресе, қоғамды мазалайтын сұрақтар болып тұрған кезде, алғы шепте жалған ақпарат емес, шынайы мемлекеттік көзқарас халыққа дер кезінде жеткізілуі тиіс. Ал этикаға келетін болсақ, ол бәрінде болуы керек. Оның ішінде, журналистердің де этикасы болуы тиіс. Қазіргі ақпараттық кеңістікке байланысты біз мемлекеттік қызметшілерді көбірек оқытуымыз керек шығар. Себебі олардың барлығы БАҚ-қа күнделікті сұхбат бере бермейді», – деп пікірін білдірді.

Қазақ баспасөзі мемлекеттің қолдауына зәру

Форум барысында өңірлік медиа басшылары мен тәуелсіз журналистерде сөз алып, өздері кездесіп отырған қиындықтар мен БАҚ саласына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Түркітілдес журналистер қорының жетекшісі Нәзия Жоямерген «Журналистиканың ықпалы мен мәртебесі» тақырыбында сөз қозғаса, «ЗАҢ» Медиа-корпорациясының» директоры Досымбек Өтеғалиев баспа басылымдарға кадр даярлау, салалық журналистиканы дамыту мәселелерін көтерді. Біз осыған дейін «журналистика — әмбебап мамандық» дегенді малданып келдік. Журналистика міндеті — хабар тарату деген түсінік бүгінгі мерзімді баспасөзге жүрмейді. Бүгінгі баспасөз салмақты, салиқалы, сарабдал сараптамаға негізделуі керек болып тұр» – деген Досымбек Қонысбекұлының пікірінше, салиқалы сараптаманы осы саланы жетік меңгерген маман ғана жасай алады. «Қазір журналистика ғана емес, тіпті, сот саласы да мамандандырудың тиімділігін түсініп, тәжірибеге енгізді. Азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, экономикалық, әскери соттар деп дараланған мамандандырылған соттар бүгінде азаматтар құқығын мінсіз қорғап, қателікке тосқауыл қоюдың кепіліне айналып үлгерді. Осы тәжірибені журналистикада да қолданып, бір салаға бейімделген білікті мамандар даярлаудан ұтарымыз көп. Бұл жолға қойылса заң мен жарлықтың, күдікті мен кінәлінің аражігін ажырата алатын, аудиторияға сапалы ақпарат ұсынатын журналистер пайда болар еді. Урология мен гинекологияның зерттеу нысаны бір аумақта болғанымен екеуі екі түрлі маман екенін тәптіштеудің қажеті болмас еді. Енді, бұған қалай қол жеткізуге болады? Бірінші кезекте, журналистика факультеттері осыған ден қою керек. 4 жыл бойы журналистика тарихын оқытып, «Дала уалаяты» мен «Түркістан уалаятынан» бері қарай шежіре тарқатып отырмай, 2-курстан соң шәкірттердің қызығушылығына, икеміне қарай бейімдеп, өзге факультеттермен тығыз байланыста білім берсе. Мәселен, заңға қызығушылығы бар студент заң факультетінде, тарихқа бейімдер тарих факультетінің, экономикадан хабары барлар тиісті факультеттің дегендей лекцияларын тыңдауға мүмкіндік алса. Бұл, әрине, сіз бен біз шешетін емес, билік өкілдерінің құзырындағы мәселе. Бәлкім, ұсыныс көңілге қонса құлаққа да ілінер» деді ол.

Табақтай дипломы болғанымен мақала жаза алмайтын журналистер көп

«Turkistan Media Holding»жшс атқарушы директоры Тельман Бейсен өз кезегінде: «Еліміздегі журналистерді даярлайтын оқу ордаларында білім беру сапасына жоғары деңгейде көңіл бөлінсе дейміз. Қолында табақтай дипломы бар, бірақ сараптама тұрмақ, дені дұрыс мақала жаза алмайтын журналистика факультетінің түлектері бар. Шыны керек, бұрын журналистикаға түсуге мақала жазуға машықтанып үлгерген көптеген талапкерлер келуші еді, қазір керісінше. Атап айтсақ, «қалай болғанда да диплом алсам болды» дейтін талапкерлер қатары көбейіп барады. Ертеңгі күні диплом алған түлек мақала жаза алмаған соң олар редакцияларға керек болмайды. Содан соң түлек басқа салаға мойын бұрады немесе әлеуметтік желі қолданушыларының қатарын көбейтеді, иә, болмаса блогер болып кетеді. ЖОО-ға оқытушылыққа журналистика саласында тәжірибелі мамандарды тартса дұрыс болар еді. Сонымен қатар, студенттерге 3-курстан соң дуальді оқытуға мән берілсе. Сонда студент оқу қабырғасында жүріп салаға ертерек бейімделе бастар еді. Оқу ордасы журналистикаға кез келген көлденең көк атты (диплом үшін түсушілер) түспес үшін ақылы оқуға қабылдауды да шектесе тіптен керемет. Оқуға қабылдау талабын күшейту керек. Сосын журналистік ұжымдардың (редакциялар) көбінде медиаменеджмент саласы кемшін түсіп жатыр. Сондықтан, редакция басқаратын басшылар (директорлар) сауатты болу үшін заңнамалық және қаржылық сауатын ашатын оқу мекемелерін көбейтсе. Міне осылар жаңа ережелерде қамтылса» – деген ойын жеткізді. Жиын барысында түйткілді мәселелерді шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Форумда медиа әлемінің кәсіби журналистері және медиа менеджерлері:

— Жаңа жағдайдағы баспа БАҚ

— Баспа ісі – шындықтың күші

— Журналистиканың трансформациясы

— Медиа менеджмент: сұраныс пен ұсыныс

— Дәстүрлі және жаңа медиа тақырыптар бойынша пікір алмасты.

Ш. РАҚЫМҚЫЗЫ, «Заң газеті»

Алматы тауларында 20-дан аса заңсыз салынған ғимарат сүрілуі мүмкін

Алматы мәслихатының шешімі бойынша, 2022 жылы 15 градустан жоғары еңіс жерлерде құрылыс салуға тыйым салынды. Сонымен қатар, бұл түзетулер қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілген, онда тау бөктеріндегі 4270 гектардан аса жер рекреациялық аймақтарға ауыстырылуы тиіс.

Нүкенованың ағасы Салтанат Бишімбаевтан қанша рет кеткісі келгенін айтты

Прокурор Айтбек Амангелдіден Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаевты қанша рет тастап, қайтып келгенін біле ме деп сұрады.

Жел, найзағай және жаңбыр: Елімізде ауа райы қандай болады?

Қазгидромет 29 наурызда Қазақстан тұрғындарын қандай ауа райы күтіп тұрғанын айтты.

Мемлекет басшысы Боао Азия форумы сессиясында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі.

Неге алматылық жүргізушілер қауіпсіздік белдігін таққанды ұнатпайды? Полиция статистикасы

Көптеген басқа қаладағы сияқты Алматыда да жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздік белдігін таққысы келмеу үрдісі сақталған.