12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Еділ ЖАҢБЫРШИН, Парламент Мәжілісінің депутаты: «ДЕПУТАТТЫҢ МАҚСАТЫ – ЕЛДІҢ АМАНАТЫНА АДАЛ БОЛУ»

– Еділ Терекбайұлы, қазақ халқы үшін сынаққа толы болған барыс жылы тарих қойнауына кетіп барады. Бұл кезең еліміздің жоғарғы заң шығарушылық ұйымына да біраз жүк артқаны анық. Ол жүкті көтере алдық деп ойлайсыздар ма?

– Иә, бұл кезең депутаттық корпус үшін жауапкершілікті, табандылықты қажет еткен уақыт болды. Мәжіліс өте өнімді жұмыс жасады десек артық айтқандық емес. Өйткені, қаңтар оқиғасынан кейін Президент бірнеше рет үндеу жасап, оның ішінде Парламентке қатысты көптеген міндеттер белгіледі ғой. Бұған дейін де елдегі бүкіл өзекті мәселелердің барлығы Парламентте талқылануы және халыққа қажетті заңдарды жедел шығару керектігін күн тәрітібіне қойып келген болатын. Сондықтан үшінші сессияның өзінде Парламентке 63 заң жобасы келіп түсті. Оның 17-іне депутаттар бастамашылық жасаса, 45-ін үкімет әзірледі. Басқа сессиялардан ауысып келген заңдар да бар. Оның 8-ін депутаттар дайындаған болса, 42-сі үкіметтен келген заңдар. Бүгінде осы құжаттың 57-сі Сенатқа жіберілді. Жалпы, келіп түсіп жатқан заң жобасы өте көп. Бәрін бірдей қарауға уақыт тығыз. Негізгі заң шығару үрдісі былтыр Конституцияға өзгеріс енгізуден басталды. Басты мақсат Мемлекет басшысы айтқан, суперпрезиденттік басқарудан «мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкіметке» өтудің құқықтық тетіктерін жасауға арналды. Соған байланысты көптеген заңдар Президент тапсырмасымен келді. Референдумға дейін референдум туралы заңға өзгеріс енгіздік және 1 қыркүйектен кейін бірнеше заңдарға өзгерістер енгізілді. Олардың ішінде саяси партиялар, сайлау туралы конституциялық заңдар бар. Жуырда Президент бұл заңдарға қол қойды. Олар дың негізінде партиялардың тіркелуі жеңілдетіліп, саяси бәсекелестікке жол ашылады. Аудан, қала мәслихаттары түгел, облыстық мәслихаттың жартысы, Парламенттің 30 пайыз депутаттары мажориторлық жолмен сайланатын болады. Яғни, алдағы сайлауда мәслихат пен Парламент Мәжілісі осындай жүйемен құрылып, оған өңірлерден қоғам белсенділері және барлық саяси күштердің өкілдері сайлана алады. Бұл өкілді органдардағы жұмыстың барынша сапалы болып, ширауына, халыққа жақындауына әсер етері сөзсіз. Халыққа қажет, қоғам тарапынан үнемі көтеріліп жүрген мәселе қаржы пирамидаларына қатысты заң қабылданды. Оған әріптесіміз Юрий Ли бастамашылық жасаған болатын. Бұрын заңда қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар мен басқарушылар үшін жауапкершілік қарастырылып, ал насихаттап, жарнамалайтындарға еш шара қолданылмайтын. Бұл ерінбегеннің бәрін осындай іспен айналысуға алып келді. Олардың ішінде әсіресе, блогерлер мен жұлдыздардың айы оңынан туды. Мұның ақыры жұртшылықты оңай олжамен табыс табуға итермелеп қана қоймай, осындай алаяқтықтың құрбаны етіп те жатқанын білесіздер. Осы келеңсіздікке тосқауыл қою үшін тиісті заңға өзгеріс енгізіліп, ұйымдастырушылар мен басқарушылар үшін жауапкершілік қатайтылды. Олар енді он екі жылға дейін сотталады, Ал жарнамалаушылар үшін айыппұл салу және келтірілген шығынға байланысты үш жылға дейін бас бостандығынан айыру шаралары көзделді.

– Өзіңіз қай комитеттің құрамындасыз? Белсенді депутаттардың бірі ретінде Сіздің де бастамашылық жасаған заңдарыңыз бар болар?

– Мен Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесімін. Біздің комитет экология, энергетика және төтенше жағдайларға қатысты заңдарға бастамашылық жасайды. Бірақ басқа комитеттердің жұмысына да қатысып, ұсыныстарымызды қосамыз. Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс топтарына да мүше боламыз. Өзім бүгінгі таңда 2 заң жобасына бастамашылық жасап отырмын. Оның бірі Семей ядролық полигоны туралы болса, екіншісі осы заң жобасы шеңберінде Жер, Экология кодекстеріне толықтырулар қамтылған ілеспе заң жобалары. Бұл құжаттар бірінші оқылымнан өтті. Бұйыртса, келесі жылдың басында жаңадан шақырылған Парламент Мәжілісі қарап, мақұлдайтын шығар. Заң жобалары әлемдегі ең үлкен Семей ядролық полигонын заңдастыруға бағытталған. Ондағы сынақ 1991 жылы Президенттің жарлығымен тоқтатылғанын білесіздер. 500-дің үстінде әртүрлі ядролық сынақтар жасалған полигон Абай, Қарағанды, Павлодар облыстарының жерлеріне кіріп тұр. Аталмыш заң жобалары аясында радиоктивті заттармен қатты бүлінген жер телімдері ғылыми негізде анықталады. Негізгі мақсат Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құрып, радиоактивті ластанған жерлерді оңалту арқылы шаруашылық айналымға шығару, атом энергиясына және радиоэкология бағытында ғылыми-техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізу. Осы мақсатта арнайы оператор тағайындалмақ. Мұндай шара әлемде бірінші рет қабылданғалы отыр. Сондай-ақ, бірнеше әріптестеріммен бірге электромобиль мен оның инфрақұрылымын дамыту жөнінде заң жобасына бастамашылық жасап, Мәжіліске кіргізіп жатырмыз. Естеріңізде болса, Президент 2060 жылға дейін көміртекті нейтрал мемлекетке өтуіміз керек деп тапсырма берген болатын. Бұл әлемдегі климаттың өзгеруіне қатысты. Сонымен қатар қалалардағы, әсіресе, мегополистердегі ауаның ластануына орай туындаған мәселе. Өйткені, осының салдарынан халықтың денсуалығына орасан зиян тиіп жатыр. Сондықтан әлемдік тәжірибеге сай бұл бағытты дамытуымыз керек. Бүгіннің өзінде «Ауди» компаниясы 2026 жылдан бастап нарыққа тек электромобилдер шығарып, 2033 жылдан іштен жанатын қозғалтқыштар шығаруды тоқтату туралы концепция қабылдады. Сонымен қатар АҚШ, Қытай өздерінде шығатын электромобиль санын көбейтіп жатыр. Осы әлемдік тенденциядан біз де қалмауымыз керек. Осы мақсатта жасыл сатып алу туралы заң жобасына бастамашылық жасап, дайындап жатырмыз. Бұл құжат тек органикалық және қайта өңделген тауарлар шығаруға ықпал ету керек. Яғни, мемлекеттік сатып алуда осындай тауарларға жеңілдіктер қарастырылады. Ол өз кезегінде экологияның тазаруына, бүлінбеуіне мүмкіндік беретін заң болады. Осындай тауар әкелетіндерге, өңдейтіндерге қолдау көрсетуіміз керек. Тұрмыстық қалдықтар қайта өңделетін болады. Президент сонымен қатар орман шаруашылығындағы құқықбұзушылықтарға қатаң шаралар белгілеуді тапсырған болатын. Бұл бағытта да түзетулер әзірледік. Олар қамтылған заң жобасы Мәжілістен өтіп, Сенатқа кетті. Агломерацияға байланысты заң жобасы қабылданды. Бұл заңда қандай қалалар агломерацияға жататындығы анықталып, олардың айналасындағы аудандармен бірге жұмыс жасау тетіктері, құзыреттері қарастырылды. Мұндай қалалар мен аудандар енді тауар айналымы, көліктік логистика мәселелерін бірігіп шешеді. Ортақ бағдаралама жасап, бюджеттен қаржы алады. Себебі, олардың әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасы бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан халықты жұмыспен қамтамасыз ету, көліктік қарым-қатынастар, сауда-саттық, жер мәселесі кешенді түрде қаралу керек. Аталмыш заң осының бәрін реттеуге мүмкіндік береді деген сенімдеміз.

– Жалпы депутаттардың бастамашылығына ерік бар ма?

Бар. Біз Парламентаризм институтымен бірге қажет деп тапқан заң жобаларын жасай аламыз.

– Олай болса, неге мемлекеттік тіліміздің мәртебесіне қатысты бір заң жобасына бастамашылық жасауға болмайды. Әлде мұны қажетсіз санайсыздар ма?

– Тілге қатысты әріптесіміз Қазыбек Исаның бастамашылығымен дайындалған заң жобасы бар. Бүгінгі таңда Үкіметте жатыр. Тек қана ол емес, біз көптеген заңдарға мемлекеттік тілге қатысты біраз ұсыныстар беріп жатырмыз. Жуырда мемлекеттік қызметкерлер туралы заң жобасына әріптестерімізбен осы құжатқа мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілді білуін міндеттейтін норма енгіздік. Мен жұмыс тобының мүшесімін. Өте қызу талқылау болды. Мемлекеттік органдардың көпшілігі біздің ұсынысымызды қолдап отыр. Сонымен қатар, тест тапсыру кезінде қазақ тілінің балын есепке алатын норма қосып жатырмыз. Неге мемлекеттік қызметшіден бастауымыз керек? Себебі, «Тіл туралы» заңның 9-бабы бойынша ресми құжаттардың бәрі бірінші мемлекеттік тілде дайындалу керек. Мемлекеттік тілді білмеген қызметкер мұны қалай жасамақ? Сондықтан аталмыш мәселенің күн тәртібіне қойылуы дау тудырмауы керек.

– Жалпы, Сенаттан қайтып келетін заң көп пе? 

– Көп емес, Мысалы оған кеткен 57 заңның 2-і ғана қайтып келді. Олар қоғамда үлкен резонанс тудырған кибербуллинг мәселесіне қатысты және бюджет туралы заң жобалары. Жалпы Мәжілісте құжаттар мамандар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, депутаттар тарапынан жан-жақты қаралады. Кемшін тұсы толтырылып, ширатылады. Соның арқасында өзімізге кері қайтатын заңдар аз.

– Жалпы заңдарға қатысты қоғам тарапынан сын көп… Бұған не дейсіз?

– Иә, бұл шындық. Заңдардың сапасы көңілден шыға бермейді. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Парламентке жобалар шикі болып келеді. Мысалы Президенттің тапсырмасымен Мәжіліске енгізілген «Өндірістік саясат туралы» құжаттың 90 пайызын өзгертуге тура келді. Асығыс дайындалғаны көрініп тұрды. Екіншіден, заңдар орысша дайындалғаннан кейін барып қазақшаға аударылады. Бұл жұмыс дұрыс жасалса бір сәрі. Өкінішке қарай, орашолақ, мағынасыз сөз тіркестерінен бірдеңе түсіну қиын. Мысалы, «Национальный порад собак» деген сөйлемді «ұлттық тұқымдас иттер» деп аударған. Мұны көргенде не жыларымды, не күлерімді білмедім. Мен «қазақы иттер» деп өзгерттім. Оны лингвистер, филологтар, заңгер мамандар қолдады. Үшінші, кейбір заңдар өте асығыс қаралады. «Уақыт тығыз, тез қабылдау керек» деп екі аяқты бір етікке тығатын кездер де болады. Осындай қысқа мерзімде қараудың салдарынан жуырда цифрлық майнерлерге қатысты заңның бір қайнауы ішінде кетті. Мен мұны құптамадым. Өйткені, бізде қазір электр энергиясы профицит емес, дефицит. Аталмыш заңда профицит болса квотамен беру керектігі дәйектелді. Мен профициттің қай уақытта болатыны белгісіз екенін айтып, қарсы шықтым. Энергия жүйесін жөндеп алмай, бұл салаға ешқандай майнерді кіргізбеу керек. Олар автономды станция салсын немесе далаға жағылып жатқан ілеспе газдардан электр энергиясын алсын. Шын мәнінде бұл көлеңкелі майнерлер біздің бүкіл энергия жүйемізге кіріп, 1000 меговаттың үстінде энергия тұтынып, жүйені отырғызып тастады ғой. Осыны айтып едім, ұсынысымызды қабылдамай, тиісті комитетте заң жобасын тез қарап, қабылдап жіберді.

– Мұндай жағдай жиі бола ма? Жалпы заңдар неге асығыс дайындалады?

– Меніңше бұл жерде қандай да бір топтардың мүддесі көзделеді. Яғни, лоббистер бар. Ондайлар Үкімет тарапынан да, бизнес тарапынан да жасалынады. Заңды жалпы асығыс қараған дұрыс емес. Бірақ дер кезінде қабылдау керек. Себебі, халық күтіп отыр.

– Қоғамда Парламент үкімет әкелген заңдарды тек растап, яғни нотариустың рөлін ғана атқарып отырғаны жайлы пікір бар. Келісесіз бе?

– Бұл ұшқары пікір. Біз үкіметтің өкілдерімен үлкен полемикаға барамыз. Десе де, кейде барлық мәселе бойынша үкіметпен келісіп алу туралы ережемен жіпсіз байланып отыратынымыз рас. Көбіне концептуалды емес деп қорытынды беріп, ұсыныстарымызға қарсы болады. Жуырда Мәжіліс регламентіне өзгеріс енгіздік. Бастамашының бірі мен. Зерделеп көрсек, ұсынған норма бюджеттің шығынын көбейтсе, не түсімін азайтса қорытынды алуымыз керек екен. Енді жаңа ереже бойынша Үкіметке норма бюджетке қатысты болса ғана береміз деп шештік. Себебі, бұрынғы тәртіп уақытты алып, заңымыздың жолын бөгейді. Шын мәнінде, Үкіметтегі теріс қорытындыны дайындайтын да тиісті министрліктер. Мысалы, өткенде күштік министрліктер әскердегі сарбаздардың өмірін қоғамдық бақылауға қатысты теріс қорытынды берді. Бұған қандай қаржы кетеді? Мен бастама көтеріп, заңды қабылдайтын Үкімет емес, Парламент екенін айттым. Сөйтіп аталмыш талапты өзіміз қайта талқылап, көпшілік дауыспен өткіздік. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.

– Министрлерге көп ескертулер жасап жатасыз. Бұл үшін қысым болмай ма? Сіздің осы әрекетіңізді хайп деп бағалап жататындар да бар.

– Мен мұнда хайп үшін жүрген жоқпын. Біздің міндетіміз заң шығару, қоғамда көтеріліп жүрген мәселелерге байланысты депутаттық сауал жасау. Сонымен қатар, сайлаушылардың аманаттарын орындау, соған байланысты, сұрақ қою, сөйлеу. Көбіне дұрыс қабылдайды. Жасыратыны жоқ ренжіп жататындар да бар. Мен ешкімнің жеке басына тиіспеймін. Бұл әлемде қалыптасқан формат. Жалпы Парламент сөйлейтін орын. Сондықтан оның мінберінде мәселе көтеріліп, сындарлы пікір айтылуы керек. Осыны біздің қоғам түсіне бермейді. Бұған көптен бері Парламенттің белсенділігін көрмеуі де себеп болар. Өкінішті әрине. Үндемесең «үндемейтін депутаттар» деп жазғырады. Ал үндесең «хайп ұстады» деп келемежге айналдырады. Бірақ бұл мен үшін маңызды емес. Мен үшін басты мақсат – елдің аманатына адал болып, үнін билікке жеткізу. Қажет заңдардың дұрыс қабылдануына мүмкіндігімше ат салысу.

– Парламент жұмысының тиімділігі артуы үшін бұл ұйымға қосымша қандай құзыреттер керек деп ойлайсыз?

– Парламенттің өкілдігі күшейіп жатыр. Бұл үрдіс әлі жалғасу керек. Менің ойымша бюджеттің бір бөлігін Парламенттің құзырына беру керек. Қазір біз Үкіметтің белгілеген өлшемдерінен ауытқи алмаймыз. Екіншіден Парламент облыс әкімдерін тыңдау керек. Себебі, көптеген мәселе өңірлерде туындап жатады. Яғни, проблеманың тоқсан пайызы өңірдегі жұмыстардың жүйеленбей, дұрыс атқарылмауы салдарынан болады. Көтеріліп жатқан ауыз су, тұрғын үй шаруашылығы, жер, экология мәселелері түгел жергілікті жерде шешілу керек. Олар тек Ақордаға емес, Парламентке де жауап берсін. Бюджеттен өңірлерге қашама қаржы бөлініп жатыр. Ал бізде біз үш қана донор өңір бар, қалғанының бәрі дотацияда. Осы қаржы қалай жұмсалып жатыр? Күмән көп. Себебі, қымбатшылық етек алып барады. Жылу дұрыс берілмей жатыр. Қалаларымызды жылумен қамту өзекті болып жатыр. Осының бәрі өңір басшысының жауапкершілігіндегі мәселелер ғой. Олар бұған неге жол беріп отыр? Бөлініп жатқан қаржы қайда жұмсалуда? Осы сұрақтарға Парламентке келіп, өңір басшылары жауап беруі керек. Сонымен қатар, заң шығару мәселесінде бюрократияны азайту маңызды. Депутаттардың бастамасымен бір заңды Мәжіліске кіргізуге бір жылдай уақыт кетеді. Министрліктерден келісім алуымыз қажет. Ведомствоаралық комиссиядан өтуіміз керек. Мысалы, электромобиль туралы заңды ағымдағы жылдың қаңтар айында бастадық, міне желтоқсан болды. Бұл құжатты әлдеқашан қабылдау керек еді. Үкіметтің бюрократиясының ішінде бір жыл жүрдік. Осындай кедергілер жойылса, Парламенттің ықпалы күшейіп, жұмысының тиімділігі арта түсер еді.

– Алда сайлау. Парламент тағы да мезгілінен бұрын тарайтыны белгілі болып тұр. Не күтесіз бұл өзгерістен?

– Басында айтып кеткенімдей, бұл сайлауда Парламент жаңа форматта құрылады. Мажориторлық жолмен жаңа адамдар келіп, үлкен пікірталас алаңына айналады деп ойлаймын. Белсенді, ел үшін жаны ауыратын, халықпен де, заңмен, де үкіметпен де, билікпен де жұмыс істеуге қабілетті, азамат, маман ретінде пікірін сауатты айтып, батыл қорғай алатын депутаттардың келгенін қалаймын. Екі жылдан бері көзім жеткені көп заңдарды өзгертіп, халыққа пайдалы етуге болады. Бірақ ол үшін депутат өмірлік тәжірибесі зор, тәуелсіз әрі белсенді болу керек. Сонда заңдардың сапасы көтеріліп, халықтың қажетін шешетін болады. Ол үшін әрине сайлау барынша әділ өтіп, бұл тұрғыда халыққа ерік берілу керек. Мен өз басым праймериз арқылы келген едім. Осындай тетіктер іске қосылса, бұл сайлау депутаттық корпусты идеялы, іскер, тың күштерге толтыратыны анық.

– Бұқаралық ақпарат құралдарына берген бір сұхбатыңызда билік бұтақтарына жаңа адамдар керек депсіз. Бұған қалай қол жеткізуге болады деп ойлайсыз?

– Мұның бір жолы – Парламент депутаттарын кадрлар резервіне айналдыру. Заң шығарушы органды мамандардың, болашақ басшылардың, жауапты қызметкерлердің ұстаханасы деуге болады. Өйткені, депутаттар жұмыс барысында түрлі саланың жетекшілері, мамандары, сарапшыларымен қоян-қолтық араласып, үлкен мектептен өтеді. Бұған дейін де мол тәжірибе жинақтап келген олар, бұл істен де көп нәрсе түйіп, мәселені жылдам, тиімді шешудің қыр-сырын меңгереді. Сондықтан олардың әлеуетін пайдаланып, елге қызмет еткізу керек. Қазір шыны керек, бізде білікті кадрдың тапшылығы айқын сезіліп тұр. Мысалы, энергетика мен экология министрлігінің басшылығында сол саланың бірде-бір мамандары жоқ. Сол секілді ауылшаруашылығы саласы да өз мамандарына зәру. Қазіргі таңдағы туындап жатқан проблемалардың себебі осында. Мен қаланың әкімі болып жүргенде бір балабақшада температура тиісті деңгейден түсіп кетсе төтенше оқиға болатын. Ал қазір қаланың қатып жатуы қалыпты жағдайға айналып барады. Меніңше бүкіл әкімдерді сайлау керек. Соған көзім жетті. Біреудің туысы, біреудің досы өтіп кетеді деп қорқудың қажеті жоқ. Халықтың көзі ашылды. Әсіресе, қаңтар оқиғасынан соң халықтың ойлау деңгейі түбірінен өзгерді. Сондықтан сайлауда әділетсіздікке жол берілмейді. Бірінші жолы дұрыс адам сайланбаса, алып тастап басқасын сайлайды. Халықты осыған үйретуміз керек. Осылайша таза, әділ сайлау арқылы билікке білікті, елге жанашыр мамандарды әкелуіміз қажет. Мысалы, мені Мәжіліс депутаттығына үміткер етіп партиялық праймериз шығарды. Егер оны облыс әкімі шешкенде мен мұнда келмес едім. Халықтың өзі алып шықты. Халыққа мүмкіндік беруіміз керек. Халықты дана деп құр сөзден қуырдақ қуыра бермей, мұны нақты іспен көрсетейік. Сонда ғана дамудың даңғыл жолына түсеміз.

– Уақыт бөліп, пікірлескеніңізге рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына барды

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.

ҚР Үкіметі су тасқынымен күрес қарқынын арттыра түсуде

Үкімет Қазақстанның батыс және солтүстік өңірлеріндегі ауқымды су тасқынын болдырмау және оның салдарын жою үшін қажетті күштер мен құралдарды жұмылдырды.

Бишімбаев ісі Қазақстанның имиджіне әсер етті ме? СІМ жауабы

Бұл сұраққа Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жауап берді.

Алдағы күндері ауа райы қандай болады?

Синоптиктер Қазақстанда 16, 17 және 18 сәуірде ауа райы қандай болатыны туралы болжам жасады.