12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫ АЗЫҚ-ТҮЛІКТЕН АРТЫЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасын жасағаны белгілі. Алайда бұл шараның оң нәтижесі байқалмайды. Бағаға жұтылған қауым азық-түліктің өзін қарызға ала бастады. Бұл қашанғы жалғаса береді?

Өткен жұмада «AMANAT» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы құзырлы орын өкілдерін шақырып, оларға осы сұрақты төтесінен қойды. Үкімет мүшелерінің бұған өз жауабы бар екен. Олар мәселені барынша кешенді түрде қарап, шешуге әрекет жасап жатқанға ұқсайды. Мәселен, депутаттар алдында баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, қалыптасқан жағдайға байланысты аталмыш бағдарлама өзектендіріліпті. Онда мәселен, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру бойынша жаңа бөлім қарастырылған. Бағдарлама адами капиталды дамытуға, кәсіби дағдыларды арттыруға, еңбек өнімділігін жоғарылатуға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алатын орта және ірі кәсіпорындардың жалақыны арттыру және жұмыспен қамту жөніндегі ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарлама 5 бөлімнен тұрады. Оларға қысқаша сипаттама бере кетер болсақ, бірінші өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орындарын құру. Осы бағыттың шеңберінде 2029 жылға қарай жалпы 3,3 млн адамды, оның ішінде ұлттық жобаларды іске асыру, сондай-ақ, бос орындарға жұмысқа орналастыру есебінен, өңір әкімдері үшін 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны, субсидияланатын жұмыс орындары және кәсіпкерлік бастамалар есебінен жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Екінші «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде ауыл халқының табысын арттыру. Жоба кооперациялық тізбекті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттырудың табысты өңірлік кейстерін кеңейту жолымен іске асырылмақ. Биыл жобаға өңірлер бойынша 17 мыңнан астам шағын несие беру жоспарымен 100 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, республика бойынша жеке қосалқы шаруашылықтың 50 пайызына дейін кәсіпкерлікке тарту және 2029 жылға дейін 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Үшіншіден, кіріс деңгейін арттыруды және мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар айқындалды. Бұл ретте басымдық жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға берілмек. Қолда бар құралдарды жүзеге асырған сәттен бастап жалпы сомасы 6,5 трлн теңгеден астам кредитке 87 мыңға жуық жоба субсидияланды. Жалпы кредит сомасы 1,2 трлн теңгеге 51 мыңнан астам жобаға кепілдік берілді. Кәсіпкерлікті қолдау шараларын алушылар үшін жұмыс орындарын құру немесе сақтау түріндегі қарсы міндеттемелер көзделген. Бүгінгі күні мемлекеттік қолдауды алған сәттен бастап, екі жылдан кейін салықтардың, жұмыс орындарының санын арттыруды қамтамасыз ету немесе еңбекақы төлеу қорын міндетті түрде ұлғайта отырып, ағымдағы жұмыс орындарын сақтау міндетті шарт болып табылады. Биылғы жылдың 4 айында 252 млрд теңге кредит сомасына 2 мыңға жуық субсидиялау жобасы және 30 млрд теңге сомасына 780- нен астам кепілдік беру жобасы қолдау тапты.Мемлекеттің қолдауымен өңдеу өнеркәсібінде жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Мәселен, экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қаржылық қолдау нәтижесінде 23 мың жұмыс орны құрылады. Өңдеу өнеркәсібінде жыл сайын кемінде 100 жоба іске қосылып, 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұдан басқа, жыл сайын өңдеуші өнеркәсіп саласындағы кемінде 7 кәсіпорынның өндірістік қуатын жаңғыртуға жалпы сомасы 800 млрд теңге инвестиция тартылады. Қоғам және инвесторлардың ыңғайына инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы құрылды. Ол қазіргі уақытта жалпы сомасы 28,1 трлн теңгеге тең 873 жобадан тұрады және шамамен 138,4 мың жұмыс орнын құруды көздейді. Төртіншіден, бюджеттен жалақыны арттыру бойынша міндеттемелер айқындалды. Осы бөлім аясында азаматтық қызметшілердің және коммуналдық қызметтердің өндірістік персоналының жалақысын тікелей ұлғайту жоспарлануда.Үкімет 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастады және 4 жыл ішінде ол 2 есеге ұлғаяды. Бесіншіден, халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау арттырылмақ. Бұл бөлім халықты әлеуметтік қолдаудың тікелей шараларын қамтиды. Олардың ішінде интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін 500 мыңға жуық адамды әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру, салық салу, оның ішінде табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларды әлеуметтік қолдаудың проактивті форматымен қамтуға мүмкіндік беретін жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын реттеу тетігін енгізу шаралары бар. 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап Отбасының цифрлық картасында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрі бойынша қызметтер алу мүмкіндігі ұсынылды. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде әрбір жекелеген ауданда, елді мекенде, ауылда іріктелген ауылдық округтерде жеке қосалқы шаруашылықтарға микрокредит беру, оларда құрылған кооперативтерді техникамен және жабдықпен лизингке беру жүзеге асырылатын болады. Одан күтілетін нәтиже – өңірлердегі жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар санының азаюы және өзінөзі жұмыспен қамтығандарды заңдастыру. Қабылданған шаралар осы жылы тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында жалпы ішкі өнім өсімі 5 пайызға жетті. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақытылы және толық көлемде орындалады. Бағдарламаның барлық ұсынылған шаралары әрбір өңірде және әрбір азамат үшін әл-ауқат пен өмір сүру сапасын арттыруға, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жеке секторды тартуды жандандыруға, сондай-ақ, мониторингті жақсартуға, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Үкіметтің осы бағыттардағы жұмысы одан әрі жалғасатын болады. Әлібек Сәкенұлының бұл айтқандары депутаттарды сендірмеді. Тіпті, сөз алған халық қалаулылары министр айтқан бірқатар статистикалық деректердің дұрыстығына күмән келтірді. Мәселен, депутат Юлия Кучинская «Сіз ұсынған статистикаға қарап, екі түрлі елде өмір сүріп жатқандай әсерде қаламыз. Жалақының орташа деңгейі – 340 мың теңге. Алайда халықтың басым бөлігі осындай жалақы алады дегенге күмәнім бар. Шындығында, халықтың көп бөлігі бұдан 3-4 есе аз табыс табады. Бір қызығы, 10 жыл бойы Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейіне ешқандай фактор әсер етпей келеді: пандемия да, экономикалық дағдарыс та. Жұмыссыздық деңгейі әрдайым 4-6 пайыз аралығында. Статистика елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының шынайы көрсеткіші болуы тиіс», – деді. Мұны оның әріптесі Ерлан Саиров қолдап, шын мәнінде отандастарымыздың мемлекетке деген сенім деңгейі статистикалық деректердің дұрыстығымен өлшенетінін айтты. «ЖІӨ-нің өсімін инфляция жұтып жатыр. Адамдар күн сайын тұтынатын нан, май, макарон, күріш өнімдері 80 пайызға қымбаттады. Тіпті, моншаның өзіне тұрғындар аптасына бір мәрте емес, екі аптада бір баруға мәжбүр болып отыр. Себебі, ел азаматтарының табысы төмендеп кетті. Қазіргі индикаторларды өзгерту керек. Жалпы, ішкі өнім Қазақстан халқының әл-ауқатының көрсеткіші бола алмайды. Негізгі көрсеткіш – үй шаруашылығының табысы», – деді халық қалаулысы. Өз кезегінде, депутат Ринат Зайытов та өзекті мәселе қозғады. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы ауыл халқының табысын арттыруға арналған пәрменді құрал болғанымен, адамдар жеңілдікпен берілетін несиені алу кезінде бірқатар қиындыққа тап болады.«Егер ауыл азаматының әкімдікке жақындығы, ықпалды туысы болмаса, онда ол қаржы ала алмайды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында халыққа дербес қызмет көрсететін орталықтарды ашу мүмкіндігін қарастыру қажет. Тұрғындар несиені шаруашылықпен айналыспайтын адамдар алып жатқанын айтып, шағымдануда. Сондай-ақ, ең көп сұранысқа ие тауарларды өндіру мәселесіне қатысты бірқатар сұрағым бар. Елімізде тек пластик терезе мен кілем өндірісі ғана бар ма? Әрі бұл өнімдердің бағасы Қытайға қарағанда арзан, Еуропаға қарағанда сапалы бола ма? Лентасы қиылғаннан кейін бұл зауыттар жабылып қалмауы керек», – деді депутат. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиев Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 2 миллионнан асатынын атап өтті. Оның 65 пайызға жуығы 100 мың теңгеге дейінгі жалақыға жұмыс істейтін тұрмысы төмен азаматтар қатарына жатады. «Әлеуметтік трансферттер халықтың тағы бір маңызды табыс көзіне айналды. Ол қазірдің өзінде тұрғындар кірісінің 23 пайызын құрайды. Оның үстіне, динамика нашарлап барады. Табыстың төмендеуі мен инфляция салдарынан қазақстандықтардың 51 пайызы өз табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды. Бұл азаматтардың жинайтын қаражаты жоқ деген сөз», – деді депутат. Ол тағы биыл наурыз айында қабылданған «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасының» жаңа редакциясы мониторинг және талдау жүргізілмей бекітілгенін айта келіп, «іс-шаралардың көпшілігі жалпылама әрі нақты емес. Оның өзі бұлыңғыр болып отыр. Мұның бәрі бағдарламаның орындалу сапасына әсер етіп, мониторинг жүргізуді қиындатады. Бағдарламаның қазіргі нұсқасы жағдайды жақсарта қоятындай жүйелі құжат емес», – деді. Өз кезегінде депутат Екатерина Смышляева бағдарламадағы көрсеткіштердің тұтас тізбесін өзгерту қажет екеніне назар аударды. Атап айтқанда, «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында кедейлік шегін медиандық табыспен анықтау керек деп көрсетілген. Алайда, қазір көрсеткіштер әлі де ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланып тұр. Бұл кедейлер санының нақты көрсеткішін айтарлықтай төмендетеді.

«Жалақының жалпы ішкі өнімдегі үлесінің макрокөрсеткіші, сала бойынша берілгенімен, әлгі бір анекдоттағы жағдайға ұқсайды. Біреу күріш, біреу ет жейді. Нәтижесінде барлығы палау жеген болып шығады. Егер қазір индикаторлар өзгермейтін болса, бағдарламаны жүзеге асыру қорытындысы бойынша Үкімет кедейлерге олардың бақуатты өмір сүріп жатқанын тағы да қарқынды түрде дәлелдейтін болады. Орындалған индикаторлар бойынша», – деді ол. Жиынды қорытындылаған Елнұр Бейсенбаев: «Біздің ортақ міндетіміз – тиімді шаралар қабылдап, оны қағаз жүзінде қалдырмау. Оның әсерін әр тұрғын сезінуі тиіс. Бағдарламаға жан-жақты өзгеріс енгізу қажет. Депутаттар 20-ға жуық сұрақ қойды. Алайда оның басым көпшілігіне нақты жауап ала алмадық. Табысты арттырмай халықтың әл-ауқатын көтеру мүмкін емес екені айдан анық. Сол себепті, Үкіметке осы бағдарламаға тағы да қандай көрсеткіштер енгізуге болатынын, оның тиімділігін арттыру үшін нақты қандай шаралар қабылдау қажет екенін және қаржы мәселелерін пысықтауды тапсырамыз», – деп түйді Елнұр Бейсенбаев.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Каспий теңізіне жақын маңда жер сілкінісі болды

Жерасты дүмпулерін сейсмикалық станциялар желісі 23 сәуірде Астана уақытымен 00:09-да тіркеген.

«МАСС-МЕДИА ТУРАЛЫ» ЗАҢ: журналистердің кедергісіз жұмыс істеуіне жол аша ма?

Алдағы уақытта желілік басылымдар мен ақпараттық агенттіктер «интернет-басылым» деген бірыңғай ұғымға біріктірілетін болды. Енді осындай атау иеленген басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ сияқты міндетті түрде есепке қойылмақ.

Биыл Қазақстанда қандай ұзақ мерзімді жол құрылыстарын аяқтау жоспарланған?

2024 жылы 3,1 мың шақырым жолдың құрылысы және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның 1,9 мың шақырымын пайдалануға беру жоспарланған. 

Алдағы күндері ауа райы қандай болады?

Қазақстанға 8 градусқа дейін күн суытады. Синоптиктер 23, 24 және 25 сәуірде Қазақстанда ауа райы қандай болатыны туралы болжам жасады.

Қазақстанның қай аймақтарында құрғақшылық болады?

2024 жылдың мамырында негізгі егін шаруашылығы өңірлерінде ылғалдық көбіне нормаға жуық және жоғары болып күтілуде.