12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

БАЛЫҚ ӨНДІРІСІ ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ

Балық шауашылығын дамытудың жан-жақты пайдасы зор. Бұл саланың алға жылжуы, әсіресе, халықтың денсаулық өлшемдерін арттыруға тиімді ықпал етеді. Сондықтан әлемдегі дамыған елдер балық өндірісіне айрықша басымдық беріп отыр. Балықтың және басқа теңіз өнімдерінің маңыздылығы олардың құрамындағы жануарлар нәруызы (белок) мөлшерінің мал мен құс етінен кем түспейтіндігіне байланысты. Сондықтан қазіргі таңда дүниежүзілік су айдындарында 20-30 мыңға дейінгі ірілі-ұсақты балық және басқа да теңіз өнімдерін аулайтын кемелер жүзіп жүр. Олардың дені озық технологиямен балық аулаудан бастап, дайын өнімдер шығарумен айналысады.

Қазақстан да бұл салаға белгілі деңгейде назар аударуда. Жалпы, экономикалық сараптамалар Қазақстандағы су ресурстары 600 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспортты 10 есеге арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған жолдауларында балық шаруашылығына ерекше мән беріп, нақты міндеттер жүктеп келеді. Жуырда Парламент Мәжілісінде елдегі балық шаруашылығының даму барысы, басымдықтары, жетістіктері мен кемшіліктері талқыланған Үкімет сағатында болған әңгімеден түйгеніміз бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2004 жыл мен 2006 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы іске қосылды. Оның аяқталуына орай 2015 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Одан соң Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Осылайша, балық шаруашылығын дамытудың заңнамалық базасы мен экономикалық тетіктері жасалды. Бүгінгі таңда республикада балық өсірумен 380-ге жуық шаруашылық айналысады екен. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен балық шаруашылықтарын, қайта өңдеу және жем-шөп өндіру объектілерін салуға бизнестің инвестициялық шығындарын өтеуге 700 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Осыған байланысты балық өсіру көлемінің ұлғаюы байқалады. Сонымен қатар, балық шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілді, қайта өңдеу, мал азығын өндіру, тоған шаруашылықтарының паспорттары енгізілді. Жалпы құны 850 тонна балық өсіретін 1 млрд теңгеден астам 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Алайда, бұл бағдарламалардың бірде-біреуі өз тиімділігін көрсете алмады. Мұны жиында қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин мәлімдеді. Милютин мырзаның айтуынша, балық шаруашылығын дамыту тұжырымдамасында «халықтың балық және балық өнімдеріне қажеттілігін қамтамасыз ету үшін тауарлық балық өсіру және балық импортының көлемін жылына 272 мың тоннаға дейін арттыру қажет» деп көрсетілген, бірақ бұл тапсырма орындалмады. Бұған Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің 2014 жылы таратылғандығы себеп. Осы уақыттан бері балық ресурстарын қорғау, өсімін молайту және тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жүзеге асыруда. Аталған саладағы функциялар комитет, жергілікті атқарушы органдар және балық шаруашылығы субъектілерінің өзін-өзі басқару органдары арасында бытыраңқылық орын алып отыр. Бұл орталықтандырылған тиімді жұмыс үшін кедергілер туғызды. Тек 2021 жылы ғана Балық шаруашылығы комитеті құрылды. Осының барлығы, сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шараларының жеткіліксіздігі, бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалуы балық шаруашылығындағы проблемаларды ушықтырды. Қазіргі уақытта қабылданған шаралар бар проблеманы шешу үшін жеткіліксіз. Енді 2021 жылы балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Оны жүзеге асыруға бөлінген қаржы ресурстарының жалпы көлемі 541,3 млрд теңге. Оның 56,4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 144,3 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен және 340,5 млрд теңгесі жеке инвестициялар болуы тиіс. Жаңа бағдарлама тиімділікке қол жеткізу үшін оған қатысушылардың барлығы өз міндеттемелерін орындауы және жоспарларды іске асыруға бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуы қажет. Өкінішке қарай, бұл құжаттың да кемшіліктері баршылық. Біріншіден, онда балық шаруашылығының балық аулау, балық өңдеуші кәсіпорындар мен балық өсіру зауыттарын дамытуға бағытталған маңызды мәселелері қамтылмаған. Бүгінде балық өңдеумен, аулаумен, шабақ өсірумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілері осыған алаңдаулы. Екіншіден, бағдарламада табиғи су қоймаларындағы балық ресурстарын сақтау және ұлғайту шаралары ескерілмеген. Яғни, көктемгі және жазғы кезеңдерде балықтарды құтқару, сондай-ақ, қыста мұздату жұмыстары назардан тыс қалған. Үшіншіден, бағдарламада браконьерлікпен күрес жайлы бір ауыз сөз жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында браконьерлік балық шаруашылығын дамытуда үлкен кедергі екенін және мұны тек қылмыстық қудалау шараларымен шешуге болмайтынын айтқан еді. Өйткені, жауапкершілік артып, қатаңдатылғанымен, браконьерлер қайтадан балық аулаудың заңсыз жолына түседі. Бұған тосқауыл қоюдың бір жолы министрліктің қоршаған ортаны қорғаумен айналысатын аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының жұмысын ширатып, оларды қаржыландыруды арттыру қажет. Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік қолдау шараларының жоқтығы. Жергілікті атқарушы органдар балық шаруашылығын субсидиялауға қаражатты қалдық принцип бойынша бөледі немесе балық өсіру басым бағыт емес дегенді алға тартып, бұл саланы назардан тыс қалдырады. Министрліктің 2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру шеңберінде жергілікті бюджеттерге жалпы сомасы 6,0 млрд теңге, жыл сайын 2 млрд теңге сомасында балық шаруашылығы субъектілеріне шығындарды субсидиялауға қаржы бөлінді. Алайда бұл қолдаудан Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарындағы балық шаруашылықтары тыс қалып отыр. Бұл өз қаражатын балық шаруашылығы нысандарының құрылысына, сондай-ақ, негізгі құралдарды сатып алуға жұмсайтын балық шаруашылығы иелерінің орынды ренішін тудырды. Жалпы, мемлекеттің дер кезінде қолдау көрсетуі балық шаруашылығының өркендеуіне, қосымша жұмыс орындарының ашылуына, ауыл тұрғындарының табысының артуына ықпал етеді. Балық шаруашылығын дамытудағы тағы бір мәселе – балық шикізатының жетіспеушілігінен балық өңдеуші кәсіпорындардың өндірістік қуаттарының толық пайдаланылмауы. Бүгінде көптеген балық өңдейтін кәсіпорындар экспортқа басымдық береді. Мәселен, 2021 жылы республикадан 23,8 мың тонна балық сыртқа сатылды. Оның 21,5 мың тоннасы бүтін яғни, тірі, мұздатылған, салқындатылған. Бұл өсірілген немесе ауланған балықтың 90 пайызы. Дайын өнім экспортын ұлғайту үшін шикізат экспортын қысқарту қажет. Бұл балық өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік беріп, сәйкесінше бюджетке түсімді арттырып, қосымша жұмыс орындарын көбейтеді. Қазақстанда экологиялық таза балық өнімдерін өндіруге болатын су қоймалары көп, бірақ бәрінде балық аулаудың шегі бар. 2021 жылы мемлекеттік балық шаруашылықтарымен бағалы және шөпқоректі балық түрлерінің 75 миллионға жуық түрі өсіріліп, су қоймаларына жіберілді. Осыған байланысты балық ресурстарын ұлғайту мақсатында балық ресурстарын табиғи және жасанды жолмен көбейтуді жүзеге асыруға мән берілу керек. Қазақстанның балық шаруашылығын дамытудың әлеуеті зор. Бірақ бұл нәтижелер отандық балық шаруашылығының тұрақты даму деңгейіне жетуі және ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруы үшін мардымсыз. Осыған орай, Үкімет өзекті мәселелерді зерделеп, қаржылық қолдау шараларына және стратегиялық жоспарларға сындарлы түзетулер енгізуі қажет.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Тоқаев су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады.

Ең бастысы, адам өмірін барынша сақтап қалдық — Тоқаев су тасқыны туралы

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына тап болған қазақстандықтар тағы да бірлік пен ынтымақ рухын көрсеткенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысын өткізіп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы отырысы басталды.

Көлік нөмірін кімге рәсімдеуге рұқсат етіледі? ІІМ мәліметі

ІІМ-де көлік құралын тіркеу және жүргізушілерді даярлау қағидаларына енгізілген түзетулер туралы айтылды.

Бишімбаев ісі бойынша сот тергеуі аяқталды: ары қарай не болады?

Астана соты Бишімбаевқа қатысты сот тергеуін аяқтады. Келесі кезең - сот жарыссөзі.