-13.1 C
Алматы
Воскресенье, 27 ноября, 2022
spot_img
spot_img

ТҮТІН

Die Welt ist voller Widerspruch*.

Гете

Бұршақ

Сол жазда ірілігі жұмыртқадай бұршақ жауып, мұз түйіршіктер жап-жасыл бау-бақшаны ақ буылдыр түспен тұтып тастады. Жер боз кебінге орағандай тоңази тұнжырап сала берді.

Арлан аулада велосипед шұқылап отырған. Батыстан көкшіл бұлттар көшкен, ақ бұлттар аралас жүзеді. Бала бұршақ төпелей төккенде атып тұрып, ұялы телефонға түсірді, сосын қос алақанын жая тосты. Мұзға айналған тамшылар төбеден сабалай ұрып бергені қандай әдемі. Аспаннан хрусталь жауғандай секіріп-секіріп жүгіре жөнелді. Жер бетін төрт елі басып қалған мөлдір  бұршақтардан уыстап алғанда қолын қарып жіберді. Арлан зерек бала, физика пәнін сүйіп оқиды,  аспанға барлай қарап, егер көгала бұлттармен ақ қаздардай бауыры ақ түстілері араласса жаңбыр суы тоңазып қатады, сөйтіп бұршаққа айналады деп түйді. Ғадетте жаңбыр құярда найғағай ойнап, көкте қара бұлттар қаптайды. Жазда жауған бұршақ тосын құбылыс. Бұршақ соққан көкөніс пен жеміс-жидек үсиді, рәсуа болады.  

Алтын күзде жазғы бұршақтың қыларын қылғаны, жеміс азайғаны сезілді. Сенбіде Арлан таудағы атасына қонаға кеткен, бірақ үйге жексенбі күні айтулы уақытта кері оралмады. Әмина ұлына қоңырау шалғанда өшірулі қалта телефоны жүрегін су еткізді. Уайымшыл келіншек үлкен баласын жанынан бетер жақсы көретін. Арланға жұрт бір көргеннен сұқтанады. Он үш жасар келбетті жасөрім баласы бойы өз жасынан ұзын әрі сүйекті. Қыз балалар оған тез ынтық болып қалатын. Басқалар оны киноактер болуға лайық санаса, Арлан каскадер болуды армандайтын. Сондықтан өзін қиындыққа шыңдап, спорттың үш түрімен айналысады, шабандоз болсам деп жылқыға үйір-ақ. Тау ішінде тұратын атасының оңаша үйіне барғанда тай мініп, тау-тасқа өрмелеп, итін ертіп тоғай аралап кетеді.

Әмина мектепке әлі бармаған екі кішкентайынан шығып кете алмай, әуелі жұмысқа кеткен күйеуіне, содан кейін баласының достарына хабарласты. Кешеден бері олар Арланды көрмегенін айтты. Арланның ата-анасы баласын шарқ ұрып іздеуге кірісті. Еркеш жұмыстан сұрана сала, ауылдан 13 шақырым алыс тұратын әкесінің үйіне Subaru Forester көлігімен ұшыртып жетті. Әкесі түсі суық, кісікиіктеу кісі. Ел қатарлы смартфон ұстамайтын. Баласы үш рет ұялы телефон алып берді, біреуін қабылдаған жоқ, алғысы келмей қырсықты. Еркіндігіме зиян келтіреді деп бас тартты. Жасы 55-терде. Тау етегінде ағаштан салған екі бөлмелі үйінде итімен жалғыз тұрады. Үйінен ғөрі мал қорасы үлкен, жүйрік ат, құлынды бие ұстайды.

Түскі сағат екілерде әкесі қора маңында күйбеңдеп жүр екен.

–Көке, Арлан қайда? – деп сұрады Еркеш.

–Таңертең велосипедпен үйге қайтып кеткен. Оған не болды?

–Ол үйге оралған жоқ. Таңертеңнен ұялы телефоны өшірулі.

— Мен қайдан білейін, балам. Қолды-аяқты жүгірмек бірнәрсеге елігіп ойнап кеткен шығар.  

— Көке, ол сонда қайда кетті? Қайда баруы мүмкін?

Еркештің дауысы құмыға шықты. Әкесі қолына ұстаған ашаны жерге тастай салды.

–Не дейді. Таудан етекке түссе асфальт сайрап жатыр, жарты сағаттық жол, ол қалай үйге бармады?

Еркеш үндемей үйге кіріп кетті. Арлан түнде атасының үйінде қонды ма, қонбады ма, дереу соны білгісі келді. Оған баласы осы үйде қонбаған тәрізді елестеген. Әкесі бұдан бірдеңені жасыратындай сезініп жүрегі төмен тартты. Әкесінің төсегі арғы бөлмеде, бергі диванда Арлан ұйықтайды. Еркеш аяғын шешпей кіріп, дивандағы жастыққа бетін тықты. Баланың шашының иісі мұрнына келмегенде алқымнан өксік буардай теңселді. Жүрегі бір сұмдықты сезгендей сұмдық шаншып қоя берді. Ол есік алдына атып шығып, жан-жағына көз жіберді. Айнала бәз баяғы қалпы, ағаш шарбақпен қоршаулы бөрене үй алдында үлкен кірпіш сарай.

Еркеш әкесіне ләм-мим демей кетуге оңтайланды. Автомобиль төмен зырылдап бұралаңдаған қара жолға түскенде ол кенет селк ете түсті. Әдеттегідей аулада Барысты көрмегені миында жарқ ете түсті. Қуанып кетті. Ауылға тік тартылған асфальт жолға түспей кері бұрылды. Арлан алабай тұқымды ит Барысты өте жақсы көретін. Ит баланы көргенде арсалаңдап, кеудесіне басын тигізіп, бетінен жалайды. Еркеш балам Барыспен каскадерлік трюк жасауға атасына айтпай кетіп қалған болды деп жорыды. Әкесі кетуінен кері оралуы жылдам болған машина дауысын естіп, елеңдеп есік алдына шығып тұр. Еркеш Subaru Forester машинасын есік көзіне тақата солқ еткізіп тоқтап, ішінен атып шықты. Әкесіне бетпе-бет келіп, көзімен көзі түйісті. Оның аузынан виски иісі бұрқ ете түсті. Сол екі ортада ішімдік ішіп үлгергеніне Еркеш қайран қалды.

–Көке, Арлан итпен бірге ойнап кеткен жоқ па? Күндіз ұйықтайтын әдетпен байқамай қалған жоқсыз ба? – деп сұрады ол бастырмалата.

Әкесінің самарқау жауабы оны тік жардан итеріп, қара жерге тығып жібергендей болды.

–Барыс екі күн бұрын жоғалып кеткен, – деді әкесі қабағы түксиіп. –Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді.

–Көке, менің балам қайда? Қайда кетті, неге Барыс жоғалып кетті?! Бәріне бірдей жұт келді ме? Неге үндемейсіз? – деп айқайлады ол.

Еркештің көзінен жас саулады. Қайтар жолда ол әкесінің анасы қайтқалы бұрынғыдай коньяк емес, оңашада қымбат виски ішетін жымысқы әдетіне жыны қозды. Бірақ баласымен қатар қасқыр алатын алабай тұқым ит жоғалып кеткеніне өте күмәнданып, қан қысымы көтерілді. Келіншегі төртінші балаға аяғы ауыр, не ойларын білмей жаны қысылды.

                                Дегелек

Түстен кейін шағын ауылды он үш жасар ұл жоғалды деген суыт хабар солқ еткізді. Арлан туралы жаман хабар естігенде оның дос балалары сең соққандай не дерге сөз таппай сенделді. Сырттан келген полицейлер ауыл маңын сүзіп шыққан. Орта мектептің көптеген оқушылары үй-үйдің арасымен жүріп өтті. Арланмен бірге оқитын Жұлдызай еңіреп жылап жіберген. Оған дүние төңкеріліп кеткендей болып көрінді. Көзі бұлаудай болып ісіп кеткен жасөспірім қызын көрген ата-ананы үрей меңдеді. Әлі бала ғой деп елемей жүргенде ересектерден бетер қайғыға батқаны қайран қалдырған. Себебі қыз бала ас ішуден тыйылып, естен танардай күйзелісін жасыра алмаған.

Мектеп мұғалімдері Арланның қандай дегдарлы, жұлдызды бала екенін енді білгендей болды. Ауылда полицей қызметі жоқ, ауданнан жоғалған баланы іздеуге арнайы машина келді. Ішкі істер бөлімінің екі қызметкері ауылдан емес, іздеуді бала жоғалып кеткен жерден бастаған.

Полицейлер тау арасын ізшіл итпен қарап, Арланды соңғы рет тірі көрген атасын біраз тергеді. Бала үйден қашан шығып кетті, қай сағатта? Көңіл күйі қандай еді? Неге қызығады? Мінезі қандай?  Ол немересінің таңертеңгілік асын ішіп велосипедін мініп, үйіне кетіп қалғанын айтты. Бірнеше шақырым алшақ қонған жеке қожалықтарға барып сұрастырды. Ешкім ештеңе білмейді.

Арланның жақын досы Бағлан журналист болуға қызығатын. Екеуі бір күні туғанда жап-жас аналары ұл туғанға қуанып, нәрестелерге ұқсас есім берген. Ол өте байқампаз бала. Басқа балалар мән бермейтін нәрселерді бірден аңғарып, көріп қоятын. Арлан оған сен Шерлок Холмс сияқты керемет детектив болсаңшы деп таң қалатын. Досы белгісіз жағдайда жоғалып кеткенін білгенде ол қағаз жазып отырған. Мейлінше көркем, әсерлі жазуға ниеті ауды.

«Дегелек – жыл құсы. Көктемде ақ дегелектер жұбын жазбай ұшып келді. Су жағалай мекендейді, отаны батпақ. Жылы жақты сүйеді, тропикалық жылы жақта қыстайды. Сирек құс. Атам оны киелі құс, оңтүстікте ғана ұялайды, обал болғанда кейінгі жылдары сиреп барады, ұясын бұзба, жұмыртқасына тиіспе деп үйретті. Батпақта ұзын қызыл сирағымен жүргенде батып кетпейді. Менің білетінім, ақ дегелек вегетариан құс емес, қаздай шөпке жайылмайды. Ол бақа-шаян, қоңыз, кесіртке, тышқан тәрізді ұсақ жәндіктерді теріп жейді, су бетінен балық аулайды, жерден қоянның үркек көжегін іліп әкетеді. Маған оның түгімен балапан жұтатыны ұнамайды, көжекті жеп қоятыны жаман. Зиянкес кеміргіштерді ұзын әрі үшкір түзу тұмсығымен қысқыш тәрізді қысып тістеп алады. Атам «Жылқының жауы бөгелек, жыланның жауы дегелек» дегенде оның қаншалық мықты құс екенін түсіндім. Жылан уы дегелекке дарымайды немесе бекзат құс жорғалауықты шақтырмайды, бірақ бүктейді.

Дегелектің ләйлек деген де аты бар. Атамның аңшы дүрбісімен биік ағаштың басына қоқырайта ұя салған дегелектерді бірнеше сағат бақылып жүрдім. Денесі ақ, қанаты қара, сирағы қызыл. Үшкіл тұмсығымен бір-біріне соғады. Аңызда құс тілін білген Сүлеймен патша қос ләйлектің не десіп жатқанын түсіне алмас еді. Себебі мұнда кәдімгі дыбыс шығару жоқ. Екеуі тұмсықтарын бір-біріне соғу арқылы сөйлеседі, сидаң сирақ құстардың бір-бірімен тіл қатысуы, дыбыстауы осы. Атам адамнан жасырынбайтын ақ ләйлек тұмсықтарын  соғыстыру арқылы тілдеседі, ал қалың нуды мекендейтін қара дегелек оған қарағанда әнші, барабанның таяқшаларын соққандай немесе таңдайын үздіксіз қаққандай тықылдайды, тырсылдатады, сәл шиқылдайды, ырғаққа салған. Биге арналған дыбыстардан аумайды.

Ұшқанда тырналар сияқты жіңішке шыбық сирақтарын артқа сілке тастап, ұзын мойнын алға соза ұшады. Соншалық керім. Олар қыркүйектің аяғына таман ескі қонысын тастап жылы жаққа ұшып кетеді. Мен жазда дегелектердің ұядан балапанын лақтырып тастағанын өз көзіммен көріп жыладым. Сол үшін төзімділік танытып дүрбімен ашық дәу ұясын ұзақ бақыладым. Сенгім келмеген. Рас болып шықты.

Атам суыр адамша жылайды деп айтады. Атамның білмейтіні жоқ, кесіртке жараланса адыраспанға аунап жазылады дейді. Үзілген құйрығы қайта өсіп шығады. Біздің өлкеде қарқара, ұзын сирақ, жалғыз аяғымен суда тұратын құс болған. Қарқара – дегелек пен тырнаның тұқымдасы, бірақ қауырсын-қанаты қара. Құрғақшылықта, жұт жылы ұя салмайтын, жұмыртқа баспайтын құстар бар екен.  Аштан өлмесін деп балапан шығармайды екен. Аң-құстар жабайы табиғи түйсікке бағынады. Атам дегелектердің ұядан балапандарын лақтырып тастайтынын қатігездігін маған осылай түсіндірді. Қабығынан жарылған соң балапандарына жеген қорегін құсып беріп жүрген қамқор ата-анасы бұған неге барады? Ләйлектер өте әлжуаз, өмір сүру қабілеті төмен балапандарын өсірмей, ұядан лақтырып тастайды екен… Тек мықты, дегдарлы тұқымын аман сақтап қалдырады. Қанаты мықты болатыны содан шығар, олар ұзақ ұшудан қанаты талған кәрі ата-анасын арқасына салып ұшады, жем таппаса асырайды екен».

Арлан соңғы сөйлемді жазып біткенде мобильді телефонына хабар келді. Тыңдаған соң оның көзі тұманданып сала берді.

                                Жұтқыншақ

Бір жұма өтті. Балалар қара жамылғандай болды. Бұрынғыдай еркінсу жоқ.  Ажал айтып келмейді. Балалар соны ұққандай болды. Маньяк, педофил, адам саудасы, адамды органға ұрлайды деген жат сөздерді бірен-саран балалар сыбырлап айтуға көшті.

Бағлан Арланды өзі іздесе тауып алардай  тау жаққа жиі дүрбі салып қарайды. Сүйегі табылмаған досын өлі санауға қимады.

Ата-апасы қатым түсірмек болды. Бағлан әкесімен жеке шаруашылық құрып, қой баққан ағайындарынан сатып әкелуге баратын болды. Ол атасы мен апасының оңаша әңгімесін құлағы шалды. Екеуі қатымға шақыратын кісілердің тізімін жасап отырған.

«Жұтқыншақты елмен қатар шақырмай-ақ қояйық, бізді кәпір санаса өзі білсін», – деді атасы. «Ауылдың үлкендерін түгел шақырғанда білініп қалады ғой, ауылға жақын тұрады. Баяғыда болған кикілжіңді кешіре салсаңшы», – деп уәж айтты апасы. «Адамнан жасырғанды құдайдан жасырмайсың. Шауып бара жатқан жылқыны қапталдаса беріп, селебемен тамағынан орып жібергені көз алдымнан кетпейді. Астына мінген құла атқа фонтандай атқылаған қызыл қан шашырады, тізеден қан құйылды. Жануардың қатты кісінеген үні әлі күнге құлағымнан кетпейді. Елсіз жер, екеуміз олжа мал алуға шыққанбыз. Бұл сұмдық көрініс мені ұрлықтан сап тыйды. Құдай кесапатты көзіме көрсетті, атаңа нәлет ұрлықты сөйтіп тыйды. Содан кейін онымен жолымыз екіге айрылған», – деді атасы.

Бағлан өз құлағына өзі сенбеді. Атасы жасында мал ұрлаған ба? Жұтқыншақ деген кім? Атасынан сұрауға батпады, онда естімеуге тиіс нәрсені естіп қойғанын біледі.

Тауға баратын жол жоғары өрлейді. Биікке бір шыққан соң жол созбалаңдайды, одан қайта жазық басталады. Қойшының үйіне жарты сағатта жетті. Киіз үйдің алдында жер ошақ қазылған. Екі сүйкімді күшік бірін-бірі қуып балаша ойнап жүр. Бағлан күшік көрсе бас салатын, енді самарқау, еліге қоймады. Туыстары әуелі келген қонақтарға кішкене күбіден айран құйды.

–Күбіні сарқып қымызды ішіп кетті, саумалды жолға шығатын кісі ішпейді, – деп күлді Күлән тәтесі. – Ағаң ала таңнан қой бағуға кетеді.

–Ақ ішкен жақсы ғой, қымыз ашымаса, айран бар, сусын талғамаймын, – деді Бағланның әкесі ағаш тостағанды сіміріп салып. – Тәте, айран тіл үйіреді екен, тағы құйшы.

–Ас болсын, қалқам, – деді тәтесі күліп.

–Тауда кісі аяғы сирек болмаса, нағыз өмір сүруге таптырмас жер ғой, – деді Бағланның әкесі.

–Бірнеше шақырым алшақтау жеке қожалықтар қонған. Бір-бірімізге жиі бармаймыз, бірақ иттердің үргені анық естіледі, жаққан оттың түтіні көрініп тұрады, – деді тәтесі. – Айтпақшы, екі жұма бұрын анау жақтан қою қара түтін шығып жатты. Түн ортасы не қылған өте тымырсық түтін деп біраз қарап тұрдым. Ай жарықтық қазандағы сүт тасығандай сәулесі төгіліп тұрған. Ай толған барып шеті кетіле бастайды.

–Тәте, естімедіңіз бе, Жексен ағаның немересі табылмай жатыр. Біздің Бағланның досы, мына балаға ауыр тиді, үндемей отырғаны сол, – деді әкесі.

–Естігенде қайтейін, жаным ашыды. Баяғыда бұлғақта бала өлмесін, шал өлсін деп айтады екен. Қарғадай бала не мүшкіл күйге ұшырады екен? Заман бұзылды ғой, – деп күрсінді Күлән тәтесі. – Резеңке өртегендей бықсық қара нор түтін, әншейін от жаққанда шығатын түтіннен алабөтен ауыр, жеңіл тарқамайды. Жұтқыншақ қоныс тепкен жақтан шықты.

Бағланның көзіне жас үйірілді. Сол қапталдан көрші қонған анық сол кісі. Жолай көрген. Жұтқыншақ деген сонда Арланның атасы болғаны ма? Ол кісінің есімі Жексен ғой.

–Мұнда полицейлер із кесіп келмеді ме? – деп сұрады Бағлан келгелі бері алғаш тіл қатып.

–Келіпті, ағаңнан сұрапты.Ол күні мені тіс салдыруға ауданға кеткенмін, – деді тәтесі.

Тау ішінде қой бағатын туыстары сирағын жіппен байлаған бір тоқтыны машинаның артқы жағына салып берді. Бағлан қорғансыз маңыраған қойдың көзіне қарамады. Жол бойы тілін жұтып алғандай үнсіз отырды. Бұрын жағы талмайтын бала. Әкесі баласының мінезі досы жоғалғалы тұйықталып кеткеніне іштей алаңдап, ауық-ауық бетіне қарап қояды. Бір қараса баласы қалың ойға батып кетіпті.

Бағланның миына сигнал сияқты тызылдап еніп, қос ой алмакезек жарыса жөнелді. Бірі ләйлектердің балапандарын ұядан лақтырып өлтіретіні, бірі ай толған түнгі тымырсық қара түтін. Оған бұл екеуінің арасында бір құпия байланыс бар сияқтанды. Арланның атасы…неліктен Жұтқыншақ атанған? Жылан қоянды тірі жұтады,  ұшып жүрген бозторғайды жұтарда арбап түсіреді. Ертегіде мыстан кемпір қауіпті. Жалмауыздар неге құрымайды. Мұнда қандай белгі болуы мүмкін? Бірақ…Көз көрмегенге көп сөз жүрмейді. Көз жетпей күдік кетпес. Не істеу керек?

                                Иллюстрация  

Сол түні көз ілмеген бала ертесінде сабақта мәңгіріп отырды. Бір сабақтан соң мектептен қашып кетті. Бағлан Ішкі істер министрлігіне қызық хат жолдады. Ол хатты комикс сияқты бірнеше текшелеп сюжетті суретпен салды. Биік ағаш өсіп тұр. Оның ұшар басында қоқырайған ұя бейнеленген. Ұяда екі-үш балапанның басы қылтияды. Ұяда ақ дегелек отыр. Құс ұядан бір балапанын тістеп алды. Әлгі балапанды жерге лақтырды. Жерде балапан өліп жатыр. Тау суреті. Түн іші. Көкте толған ай. Аппақ ай. Дәу табақ. Тау арасынан қап-қара түтін шығып жатыр. Арланның мобильді телефонға түскен фотосын иллюстрацияға қыстырды. Комикс жаман шыққан жоқ. Астына қысқаша арыз жазды. Досы Арланның жоғалып кеткені туралы. Оның атасы тауда тұрады. Аудандық полиция түк таппады, сондықтан бұл қылмысты істі жауып қойды деп айыптап жазды. Адресті анық жазды.

Арада екі күн өткенде облыстан тексеру тобы арнайы жабдықталған машинамен келді. Арланның атасы тергеуде міз бақпады. Сол маңның радиусын сүзіп шығып, топырақ құрамын алып арнайы сараптама жасап тексергенде, ойпаң жер өртелгені анықталды. Өртелген уақыты бір ай бұрын. Бала жоғалып кеткен уақытпен сәйкес келген.

Тексеруші 55 жастағы ер адамды полиграф арқылы тексерді. Детектор әр сауалға қиыспайтын жауап берсе анықтап қояды, ол от, түтін туралы мүдіріп жалған айтқан. Тергеу амалдары аяқталғанда ол немересін өзі өртегенін мойындады. Бала атасының ескі үлгідегі мобильді телефонды тығып ұстайтынын біліп қойып, тың тыңдаған. Атасы үш жылқыны таудағы үңгірге қамап қойғанын естіген. Оның ұрлық жылқыны сол жерден алып кететін, астыртын сауда жасайтын адамдары болған. Бала атасымен сыр бөліскісі келіп, доллар толы кішірек рюкзакты өткенде қабырғадағы жасырын қуыстан көргенін айтады. «Ата, сен миллионерсің бе?!» деп сұрайды. Атасы ашудан жүзі әлемтапырақ түтігіп кеткенін көріп қорыққаннан далаға жүгіріп шыққанда есік алдында көлденең жатқан итке сүрініп жығылған. Ажал аламын десе қиюын келтірмей қоймайды, баланың қарақұсы қабырғаға сүйеулі тұрған темір балтаға тиген. Балта әншейінде өз орнында жататын. Сол күні жылқының сан етін, ортан жілігін шабу үшін босағаға қоя салыпты. Бала тіл тартпай кеткен. Төбет ұлып қоя берген соң жіпте жаюлы тұрған орамалды аузына көмейлетіп тығып жіберген. Баламен әуре болып, оның тамыр соғысын ұстап қиналып жатқанда төбет тұншығып өлген. Дәл бір сайтан араласып жүргендей көрінген. Алғаш рет қайғы жұтып күйзелген. Тұңғыш немере өзіне бауыр басқан көрінеді. Сосын баланың денесі суып кеткен соң мәйітін жасыру үшін түнде бензин құйып өртеген, күлі қалған. Ол ұрпағын ешқандай өлтіру ниеті болмағанын, құдай оны өмір бақи ашкөз, арам ас жеп, зұлымдықты таңдап келгені үшін өстіп жазалағанын айтқанда басы төмен салбырап кетті. Ол шынын айтқан еді.

Өрттелген сүйек аппақ, түссіз кеуекке айналып, бірақ әр жерінде пішінін сақтап қалады. Тесік-тесік, кемік сүйектер күл боп үгітіліп кетпейді. Адам сүйегі қасиетті.

Сұмдық қылмысты естіген ел қара жер мұндай сұмды қалай көтеріп жүр деп айтысты. Оның лақап аты Жұтқыншақ екенін ауылда екі-үш құрдасы білетін. Жасынан жұтқыншағы шодырайып шығып тұрғандықтан атап кетсе керек. Бағланның атасы мұны естігенде көзінен дастарханға жас тамды. «Жексеннің өз кіндігінен туған балалары тұрмады, бірінші әйелі өлген соң ол балалы келіншекке үйленген. Қасқыр өз күшігін өзі жемейді. Қаны бөтен екенін көрсетті. Құдай жазасын берсін».

           Арада үш ай өткенде Еркештің отбасында ұл туды. Ол нәрестеге өздерін зар еңіретіп жылатып кеткен үлкен ұлының есімін берді.

                                                                Түсініктеме

Die Welt ist voller Widerspruch*. Гете. Дүние қайшылықтарға толы. 

22.09. /23.09. / 24.09. /25.09. 2022.

Басқада | О других

Жаңалықтар / новости