12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Динар НҮКЕТАЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты: «МҰҒАЛІМ ҚҰПТАМАҒАН РЕФОРМАНЫҢ КӨҢІЛДЕН ШЫҒАРЫ КҮМӘНДІ»

– Динар Жүсіпәліқызы, жуырда аймақтарда болып, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайттыңыздар. Не түйдіңіздер, қандай аманат арқалап оралдыңыздар? Күн сайын өскен баға аймақ тұрғындарының да жағдайын қиындатып тұрған болар?

– Мен Алматы облысынан сайланғандықтан, осы өңірде болып қайттым. Онда негізінен мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінен бастап, барлық жоғары оқу орындарының жай-күйін зерделеуге тырыстық. Кездесулер барысында білім беру саласының өзекті мәселелері қозғалды. Жасыратыны жоқ, бүгінде қай деңгейдегі болмасын білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайы сын көтермейді. Заман дамып, технологияның жетістіктері барлық өмірімізге дендей енген ХХІ ғасырда біздің көптеген оқу орындарының жабдықталу деңгейі уақыт ағымынан айтарлықтай кенже қалған. Жаңа буын компьютерлері жеткіліксіз, кейбірінде мүлде жоқ. Бірқатар оқу орындарындағы ғаламтор желісі әлсіз. Лабораториялардың жабдықталуы да заман талабына жауап бермейді. Көбі ескірген құралдармен жұмыс істеуде. Бұл ретте, әсіресе, жекеменшік колледждерге қолдау қажеттігі байқалды. Мемлекеттік арнаулы оқу орындары «Жас маман» бағдарламасы аясында материалдық-техникалық базасын біршама жақсартып алған. Олардағы станок секілді құрылғылар кейбір өндіріс орындарында жоқ. Жекеменшік коллеждерге де осындай жағдай жасау керек. Өкінішке қарай, олар аталмыш бағдарлама бойынша еш қаражат ала алмады. Бұл мәселе конкурстық негізде шешіледі. Бірақ жекемешік колледждерде де еліміздің болашақ мамандары даярланып жатыр. Сондықтан оқу орындарын мемлекеттік, жекеменшік деп бөліп-жармай, оларға тең деңгейде жағдай жасасақ, бұл мамандар сапасына өз ықпалын тигізер еді. Біз осы мәселені көтеріп, дөңгелек үстел өткізіп, құзырлы орындарға нақты ұсыныстарымызды бердік. Бір шешімі болар деген үміттеміз. Жоғары оқу орындары мен колледж оқытушыларының жалақысы төмен екендігі айтылды. Қазіргі кезде арнайы заң қабылданып, педогог мәртебесінің көтерілуіне байланысты мұғалімдердің жалақысы едеуір деңгейде өсті ғой. Тағы 2024 жылға қарай 100 пайызға дейін өсетіні белгілі болып отыр. Енді жоғары оқу орындары оқытушыларының да жалақысы көтерілуі қажет деп ойлаймыз. Жалпы, білім сапасына қатысты мәселе көп. Оларды шешу үшін тиісті заңдар толықтырылып та жатыр. Алдағы уақытта да бұл үдеріс тоқтамайды. Жуырда оқу-ағарту министрі маман жетіспей жатқан Маңғыстау, Түркістан облыстарына жалақысын 800 мың теңгеге дейін көтеріп, конкурстық негізде мамандар жібереміз деді. Осындай нақты шаралар қажет. Барлық жерде білімі терең, білігі мол ұстаздар дәріс берсе деген ойдамыз. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде де осы мәселе. Оларда арнайы мамандар жетіспейді. Тәрбиешілердің жүктемесі өте көп, ал жалақысы жүз мың теңгенің ар жақ, бер жағында. Көбінің несиелері бар. Сондықтан бұл салаға мамандар келгісі келмейді. Балабақша басшылары амалсыздан педагогикалық жоғары білімі бардың бәрін талғамай ала беруге мәжбүр. Мұндай жағдайда сапа жайлы қандай әңгіме айтуға болады? Балабақша мен мектептің арасы жер мен көктей ғой. Бұл жөнінде қоғам да үнемі алаңдаушылық білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдары да айтып келеді. Мен өткен сессия соңында Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, балабақща тәрбиешілерінің жалақысын өсіру, олардың біліктілігін арттыру жайлы мәселе көтердім. Мемлекет басшысына рақмет, осы жолдауда халықтың үніне құлақ асып, үкіметке мектепке дейінгі балалар мекемелеріне қатысты нақты тапсырмалар берді. Алдағы уақытта бұл мәселе тиісті заңнамада өз шешімін табады деген үміттеміз.

– Қоғамды алаңдатып тұрған әйелдердің зейнет жасы жайлы да жолдауда айтылды. Бұл мәселе, әсіресе, мұғалімдер тарапынан жиі көтерілгенін білеміз. Сіздерге де кездесу барысында айтылған болар?

– Иә, зейнет жасы да, зейнетақы көлемі туралы да біраз базына естідік. Қазіргі қымбатшылық аймақтағы қауым үшін де оңай болып тұрған жоқ. Бүгінде он мың теңге ауыз шаюға жарамайтын болды. Инфляция әлі де өсе түседі деген болжам бар. Зейнетақының аздығын айтады шалғайдағы қауым. Бұрын ауыл мұғалімдеріне тегін немесе арзан бағамен көмір түсіріп беру секілді көмектер жасалушы еді. Осындай шараларды жаңғыртсақ, біраз отбасына сәл де болса әлеуметтік тұрғыда қолдау болар еді. Қазір көбінің мал ұстайтын жағдайы жоқ. Себебі, жайылым жер жетіспейді. Он миллион гектарға жуық игерілмей жатқан жер телімдерін алып, мал ұстайтын, егін егетін адамдарға бөліп беру жөнінде тапсырма бар. Бұл мәселе шешілсе, шаруа баққан қауымға зор көмек болар еді деген де өтініш айтылды. Ал зейнет жасын төмендету жөнінде сөйлескенімізде, мұғалімдер бірден демалысқа кеткісі келмейтін көрінді. Олар зейнетке шығып алып, жарты, тіпті бір ставкамен жұмыс істегісі келеді. Мұны жасырып отырған жоқ. Рас, кей мектептерде мұғалім жетіспегендіктен, зейнеткерлерді алуға мәжбүрміз. Бұл да білім беру ісіндегі өзекті мәселе. Өйткені, қазір жаратылыстану, химия, физика пәндерінің мұғалімдері аз. Жалпы еңбек биржасының сайтын қарап отырсақ, кезекте тұрған осындай мамандық иелерінің саны жүздеп саналады. Бірақ білім беру ұйымдары оларды жұмысқа алуға құлықсыз. Өйткені, мұндай мамандардың көбі біліктіліктері төмен, конкурс талаптарына сай келмейді. Бізде диплом үшін ғана оқу үрдіске енді. Төрт-бес дипломы бар, бірақ қолынан ешнәрсе келмейтін мамандар көбейді. Бұл оқу орындары үшін үлкен сын. Олар тек диплом беруді ойламай, қолынан іс келетін, сұранысқа ие маман дайындап шығару керек. Айналып келіп, білімнің сапасына, мамандардың деңгейіне тіреле береміз. Расында іс тетігін кадр шешеді дегендей, Қазақстанды жаңа деңгейге көтеріп, өзіміздің де әл-ауқатымызды жоғарылатып, бәсекеге қабілетті елге айналамыз десек, бізге білім саласындағы қордаланған мәселелерді шешу керек. Соған орай, нақты, жүйелі бағдарлама жасау маңызды. Бұл жөнінде де Мемлекет басшысы жуырдағы жолдауында жақсы айтып, нақты міндеттерді белгіледі. Жамбыл, Қарасай аудандарында болған кездесулерде апатты мектептер мәселесі көтерілді. Қашан құтыламыз бұлардан деп, жұршылық қатты алаңдап отыр. Қуаныштысы сол, мұның да шешімі осы жолдауда айтылды. Президент алдағы жыл бюджетінде мектеп құрылысына 21 трлн теңгенің үстінде қаржы бөлінетінін, оның 2,4 трлн теңгесі жайлы мектептер салуға бағытталатынын айтты. Көптеген қайтарылған қаражаттың мектеп салуға жұмсалатыны белгілі болды. Көріп отырғанымыздай, жылдан жылға баланың саны өсіп келе жатыр. Осыған орай, жолдауда Ұлттық қордан балаларға қаржы бөлу туралы да мәселе көтерілді. Мұның бәрі тиімді шешімін тапса, сапалы ұлтқа айналуымыздың кепілдігі ғой.

– Қазір студент жастарға жатақхана жетіспей жатыр. Әсіресе, Алматы қаласында жағдай қиын. Бірқатар студент жататын жер таппай, вокзалда түнеп жүргенін айтып әлеуметтік желіде мұңын шақты. Осыны анықтап көрдіңіз бе?

– Нақтысын білмедім. Бірақ жатақхананың жетіспейтін жөні бар. Себебі, Алматыға оқу үшін жастар жан-жақтан келеді. Бір үйден бірнеше бала келіп, оқып жатқан жайы бар. Олардың біріне жатақхана тисе, енді біріне тимейді. Амалсыздан ата-аналар балаларына пәтер жалдауға мәжбүр болады. Қазір оның да бағасы аспандап кетті. Қалтасы жұқалар амалсыздан вокзалды, әуежайды паналап жүрген шығар… Мемлекет басшысы жуырдағы жолдауында бұл мәселеге қатысты да нақты міндеттер жүктеді. Мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі аясында жатақханалар салынады деп сендірді. Екіншіден, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін жалдайтын пәтер құнын субсидиялау тапсырылды. Бұл өте оң шешім. Ректор болып жүрген кезімде осы мәселемен талай рет бетпе-бет келген едім. Жатақхананың жетіспеуі әсіресе, қыз балалар үшін өте қиын. Олар әке-шешесіне жаны ашып, пәтерақысын төлеу үшін жұмыс істейді. Түнгі уақытта кафе, ресторанда даяшы болады көбіне. Қыз балалар үшін бұл қауіпті. Оның үстіне, олар оқуы керек қой. Мұндай жағдайда қалай сапалы білім алады? Мен студенттердің әлеуметтік портретін жасатқызып, сол арқылы олардың материалдық жағдайын айқындаттым. Соның негізінде өз тарапымыздан көмектер ұйымдастырылды. Осы ретте субсидияның бөлінуі біраз студент үшін едәуір көмек болады.

– Аймақтан келе сала Үкімет басшысына білім беру ұйымдарына қатысты депутаттық сауал жолдадыңыз. Ондағы көтерілген мәселе жөнінде тарқатып айта кетсеңіз. Ұмытпасақ, мектеп пәндері бойынша сағаттардың қысқартылуына қатысты мұғалімдер наразылығын жеткіздіңіз ғой деймін…

– Иә, білім беруге қатысты қоғамды алаңдатып отырған бірқатар мәселелерді көтердік. Соңғы уақытта еліміздің білім жүйесінде асығыс шешімдер жиі қабылданатыны жасырын емес. Әсіресе, оқу-ағарту министрлігі жаңашылдық енгізуге құмар. Биыл мысалы өз ортасында және ата-аналармен алдын ала талқылап, пысықтамай кейбір мектеп пәндері бойынша сағаттар қысқартылған. Жаңа оқу жылынан бастап орыс тілі мен әдебиеті және дене шынықтыру пәндері бойынша сыныпта оқушылар бұрынғыдай топтарға бөлінбейтін болды. Мұндай шешімді министрлік қабылдағанымен, бұл педагогикалық қауымдастық арасында үлкен наразылық тудыруда. Аталған жағдай БАҚ-та, әлеуметтік желілерде кеңінен көтеріліп, қоғамда қызу талқыға түсті. Бұл, әрине, мектеп бюджетін үнемдейтін болар, бірақ мұғалімдер жүктемесінің төмендеуіне әкелетіні сөзсіз. Орта және жоғары сыныптарда оқушыларды дене шынықтыру пәнінен гендерлік белгісі бойынша топтарға бөлмей және аралас оқыту ғылыми ортамен, тәуелсіз сарапшылармен талқыланбай оқу процесіне енгізілген. Бұл жерде гендерлік бөліну мәселесіне ғылыми тұрғыдан қарау керек, яғни, ұлдар мен қыздардың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін ескеру аса маңызды. Тіпті, олимпиадалар мен спартакиадаларда, сондай-ақ, спорттық ойындарда аралас командалар жоқ, себебі бұл қауіпсіздік ережелеріне қайшы келеді. Бұған елімізде бұқаралық спорттың дамуына жауапты министрліктің пікірі қандай? Осыған байланысты дене шынықтыру мұғалімдері ел Президентіне жоғарыда аталған шешімді қайта қарауды сұрап ашық хат жазуға да мәжбүр болды. Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы да осы жаңашылдыққа теріс пікірін білдіріп отыр. Бұл келіспеушілікті түсінуге де болады, себебі енгізілген жаңашылдық өз кезегінде педагогтар табысының төмендеуіне алып келіп отыр. Мәселен, бұрын қалалық дене шынықтыру мұғалімінде аптасына 24-27 сағат жүктеме болса, яғни 1,5-2 жүктеме, өңірлерде бір жүктемеге де толмайтын. Қазір ол тіпті, ірі мектептерде 17 сағатқа дейін, яғни, бір жүктемеге дейін төмендеген. Бұл дене шынықтыру пәнінің мұғалімі аптасына орташа 16 сағат базалық мөлшерлемемен жұмыс істейді, үстеме ақыны есептемегенде, айына 95 мың теңге ғана табады деген сөз. Қалыптасып отырған жағдай мұғалімдерге қосымша жұмыс іздеуге мәжбүрлейді. Сонымен қатар, мұғалімдер биылғы оқу жылынан бастап окладтық жүйеге көшіп отыр. Бұл жерде де сұрақтар бар. Мәселен, жүктемелік еңбекақы төлеуде мұғалім өзінің күнделікті сабақтарын өткізген соң, мектептегі жұмысын аяқтайтын. Бос уақытын өзінің біліктілігін арттыруға және т.б. арнайтын, енді 8 сағатын мектеп қабырғасында өткізуге мәжбүр. Жалпы, мұндай шешімдер білім сапасына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Мемлекет басшысы бұқаралық және балалар спортын дамытуға басымдық беру туралы бірнеше мәрте тапсырма берді. Мұны тек дене шынықтыру сабақтарында жасау мүмкін емес болар, бірақ ескерусіз қалдыру қаншалықты дұрыс? Шындығында, педагогтар перспективалы, талантты балаларды бірінші болып байқайды, олардың қабілеттерін көтермелейді және дамытады. Мектептегі дене шынықтыру пәндеріне жасалған жаңашылдықтардан соң, балалар спортында қандай жетістіктер, нәтижелер болады? Жалпы, оқу-ағарту, мәдениет және спорт министрліктері аталған мәселені бірлесіп ойластырулары тиіс. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында мектеп әкімшілігі қызметкерлері мен мұғалімдер бес күндік форматта жұмыс істей бастайтыны туралы, ал сабақтардың өзі оқу жылын екі аптаға ұлғайта отырып, 31 мамырға дейін ұзартылғаны туралы хабарлады. Оқу-ағарту министрлігі бұл оқушыларға жүктемені азайтуға және 150 мың педагог бос күндерін өз қалауы бойынша пайдалануға мүмкіндік береді дейді. Алайда, бұл мәселеге байланысты мұғалімдердің ойын кім сұрады? Бұл жаңашылдықтың мәнін мұғалімдер де, ата-аналар да түсіне алды ма? Өңірдегі мұғалімдердің көпшілігі бұл өзгерістерге көңілі толмайтындығын білдірді. Еліміздің білім саласы соңғы 30 жылда тоқтаусыз реформаланып келеді. Нәтижесін таразыға салсақ жеткен жетістіктер де, жіберілген кемшіліктер де аз емес. Бұл жайлы Сенат депутаттары тек VII шақырылымның алғашқы екі сессиясында 8 депутаттық сауал жолдады. Жоғарыда айтқанымыздай жолдауда да білім беру мәселесіне айрықша басымдық берілді. Енді осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Каспий теңізіне жақын маңда жер сілкінісі болды

Жерасты дүмпулерін сейсмикалық станциялар желісі 23 сәуірде Астана уақытымен 00:09-да тіркеген.

«МАСС-МЕДИА ТУРАЛЫ» ЗАҢ: журналистердің кедергісіз жұмыс істеуіне жол аша ма?

Алдағы уақытта желілік басылымдар мен ақпараттық агенттіктер «интернет-басылым» деген бірыңғай ұғымға біріктірілетін болды. Енді осындай атау иеленген басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ сияқты міндетті түрде есепке қойылмақ.

Биыл Қазақстанда қандай ұзақ мерзімді жол құрылыстарын аяқтау жоспарланған?

2024 жылы 3,1 мың шақырым жолдың құрылысы және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның 1,9 мың шақырымын пайдалануға беру жоспарланған. 

Алдағы күндері ауа райы қандай болады?

Қазақстанға 8 градусқа дейін күн суытады. Синоптиктер 23, 24 және 25 сәуірде Қазақстанда ауа райы қандай болатыны туралы болжам жасады.

Қазақстанның қай аймақтарында құрғақшылық болады?

2024 жылдың мамырында негізгі егін шаруашылығы өңірлерінде ылғалдық көбіне нормаға жуық және жоғары болып күтілуде.