12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Айжан КЕСЕБАЕВА, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Шымкент қалалық филиалының басшысы: «ҚАРЖЫҒА ТӘУЕЛДІ ҰЙЫМНАН НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫС КҮТУ БЕКЕР»

– «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылуына не түрткі болды! Әр өңірде филиалдарының ашылуына қарағанда бірлестік қызметіне сұраныс көп болар?

– Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында қоғамдық бірлестіктер де сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың субъектілері ретінде таныла алатындығы көрсетілген. Жалпы сыбайлас жемқорлық – деңгейі төмен мемлекеттердің тәжірибесін алып қарайтын болсақ, көбінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық қоғамның белсенділігін, қоғамдық мониторингтің күштілігін байқаймыз. Азаматтары айналасындағы кемшілікке төзбейтін, қоғамдағы кеселдермен күресуде күш біріктіре білетін мемлекетте жағымсыз көріністерге орын жоқ. Ынтымақты ел бір мақсатқа біріккенде ғана нәтижеге жететінін жақсы білсе керек. Осы тұрғыдан алғанда қоғамдық бірлестіктердің құрылып, жұмыс істеуі ортаны өзгертуге, дамуды жеделдетуге ықпалды екенін түсінген жөн. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының екінші бағыты «Әділдік» деп алалады. Осы бағытты қолдау үшін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске азаматтарды жұмылдыру бойынша тың жұмыстар жүргізу қажеттілігі туындады. Соған орай, 2020 жылдың қараша айында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Ерекше атап өтетін жайт, біздің бірлестік – мемлекеттен бір тиын қаражат алмайтын, толығымен жеке демеушілік қормен қаржыландырылатын тәуелсіз ұйым. Себебі, сыбайлас жемқорлықпен күресте тәуелсіз болу өте маңызды және бұл біздің басты ұстанымымыз. Қаржыға тәуелді ұйымнан нәтижелі жұмыс күту бекер.Сол себепті біз мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға, гранттарға қатыспаймыз. Мақсаты айқын, жұмысы жүйелі болғандықтан бүгінде бізді қолдаушылар да, бізге өтініш айтушылар да көп. Соған сәйкес 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап барлық өңірде қоғамдық бірлестіктің филиалдары ашылды.

– Өңір халқының құқықтық сауаты қандай? Азаматтар қандай сауалдармен жиі хабарласады?

– Республика бойынша біздің оңтүстік өңірде сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жоғары екені ешкімге жасырын емес. Кеше ғана еліміздің жергілікті атқарушы органдарында парамен ұсталған фактілер бойынша жүргізілген рейтингте көш басында Түркістан облысы, Қызылорда облысы, Шымкент қаласы тұрғанын бәріміз білдік. Бұл нені білдіреді? Өкінішке орай өз тәжірибемнен көз жеткізген жағдай, біздің өңірдегі халықтың құқықтық сауаттылық деңгейі өте төмен. Сол себепті бізде тұрмыстық сыбайлас жемқорлық өршіп тұр. Өз құқығын жетік меңгерген азамат көп жағдайда пара бермей-ақ, ортаға туыс-таныстарын салмақ-ақ мәселесін шеше алатынын біледі. Мұнда заңнан хабары жоқ, құқықтық сауаты кем жандар барлық шаруасын жемқорлық арқылы реттеуге бейім. Параны беретін де, туыс-туғанның көмегіне жүгінетін де солар. Бір қызығы, сыбайлас жемқорлықтан қалай құтыламыз деп жемқорлыққа шағымданатын да осындай азаматтар. Мемлекеттік қызметте қандай жаңалық болып жатқанынан, қандай заңдар қабылданғанынан бейхабар азаматтар осы білместігінен сергелдеңге түсіп, зардап шегетінін ұғына бермейді. Сондықтан біздің басым бағыттарымыздың бірі – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтарын қорғау болып табылады. Бұл мақсатты жұмысты жүзеге асыру барысында біздің тарапымыздан халыққа тегін құқықтық көмек беру қарастырылған. Халықтан келетін сұрақтар әр алуан. Көбінесе азаматтар сотқа талап арыз жазуға көмек сұрап келеді. Сондай-ақ, құқыққорғау органдарында тергеудің ашық, әділ жүргізілмей жатқанын айтып әділдік іздейді, алимент өндіру, алаяқтарға алдану, интернет алаяқтық, несие бойынша да сұрақтар өте көп. Бір өкініштісі, бұл мәселелер әлеуметтік желілерде де, бұқаралық ақпарат құралдарында да, құзырлы орындардың арнайы сайттарында да тәптіштеп жазылып, қылмыстан сақтандыру бойынша ақыл-кеңестер тұрақты ұсынылып келеді. Тек соған құлақ асып, оқып, сақтанып жатқандар аз.

– Әлеуметтік желіде Шымкенттегі тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасындағы жанжал жиі сөз болады. Мұның себебі неде? Дәл осы түйткіл неге оңтүстік өңірде өткір тұр? Заңгер ретінде осы мәселенің тамырына үңіліп көрдіңіз бе?

– Тек Шымкент демей-ақ қояйын, жалпы бұл мәселе де біздің оңтүстік өңірде өзекті екені рас. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша көптеген әйелдермен жұмыс жасадым. Көбісі есімінің құпия қалғанын сұрап, жай ғана ақыл, кеңес беруімді өтінеді. Құқыққорғау органына жүгінуге болатынын айтып, құқықтық жолын көрсетсең, құзырлы органдарға жүгінбейді. Арыз жазған күннің өзінде, ағайынның қолқалауымен қайта шағымын алады. Неге? Себебі, бұл жақта әйелдер өз құқығының қорғалуынан бұрын, елдің сөзі мен ағайынның алдындағы ұятты ойлайды. Құқығын қорғап, полицияға арыз жазуды намыс көреді. Көпшілігі іштей тынып жүре беруге бейім. Өкінішке орай, бұның соңы неге апарып жатқанын көріп жүрміз. Бүгінде қаншама әйел өз күйеулерінің қолынан мүгедек болып, мерзімінен бұрын көз жұмуда. Осындай зорлық-зомбылықты көріп өскен балалардың психологиясы бұзылатыны белгілі. Озбыр әкенің теріс әрекетін жастайынан көріп өскен баланың ертең соны қайталамасына кім кепіл? Біздің елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша берілетін жаза өте жеңіл деп ойлаймын. ҚР Әкімшілік құқұық бұзушылық туралы кодексінде бұл құқықбұзушылық үшін ескерту немесе 10-15 күнге әкімшілік қамаққа алу қарастырылған. Президентіміз кешегі жолдауында осы мәселеге жеке тоқталып «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек» деп баса көрсеткені көңілге үміт сыйлады. Бұған дейін де айтып жүргенімдей, осы отбасылық зорлық-зомбылық көрсетушілерге қатысты заңды қатаңдатып, тіпті, осындай құқықбұзушылықты көре тұра көз жұма қараған, жасырған, тиісті органдарға хабарламаған тұлғаларға қатысты да жауапкершілік енгізілуі тиіс. Президенттің тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын көтеруі тегін емес. Әйел – ұлт болашағы, отбасындағы тыныштық шырақшысы, берекенің ұйытқысы. Болашағымыз жарқын болсын десек, баланың жағдайын, ол үшін сол баланы тәрбиелеп отырған ананың жағдайын жасауымыз қажет, ана мен баланы әлімжеттіктен қорғауымыз керек. Сондықтан жолдауда айтылған осы мәселе тиісті түрде жүзеге асырылса, қазақтың талай әйелінің құқығы өз деңгейінде қорғалып, әділдік орнайтынына сенемін.

– Қазір адвокаттар қызметінің бағасы өте жоғары. Ал заңгерлер қызметін алуға қарапайым халықтың қалтасы көтере ме?

– Иә, өкінішке орай адвокаттар заң бойынша істің күрделілігіне орай еңбекақыны өздері белгілейді. Баға адвокаттың танымалдығына, кәсіби шеберлігіне, жеңген істерінің көптігіне қарай өсе береді. Олардың қызмет құны расында арзан емес. Бұл соманы халықтың бәрінің қалтасы көтермейді. Бірақ азаматтар егер қылмыстық іс бойынша адвокат жалдай алмайтын жағдайда мемлекеттен кепілдендірілген тегін қорғаушы ала алатынын білуі тиіс. Мемлекет кепіл болып, адвокаттың тегін көмегін ұсыну арқылы халықтың құқық алаңында шарасыз қалмауына, білікті маманның кәсіби кеңесіне жүгінуіне мүмкіндік ұсынып отыр. Тек соны пайдалана білген жөн. Және екінші мәселе біз нарықта заңгерлердің ақылы негізде көрсетіп жүрген қызметін тегін көрсетеміз халыққа. Тегін құқықтық кеңес береміз, құжаттарын талдап, жол көрсетеміз, сотқа немесе тиісті уәкілетті органдарға арыз-шағымдарын жазып, дайындап беріп жатамыз. Яғни, бізге жүгінген азаматтың мәселесінің оң шешілуіне барынша, қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Тағы да қайталап айтамын, біздің барлық қызмет – тегін. Мысалы, біздің филиал былтыр қыркүйек айында ашылды. Содан бері 150-ден астам азамат бізге жүгінген, оның ішінде мысалы, алимент өндіру бойынша 16 әйелге сотқа талап арыз жазып, сот бұйрығын шығартып, тиісті сот орындаушылар палатасына сот бұйрығының жіберілуін қамтамасыз еттік. Нарықта бұл қызметті заңгерлер 40-50 мың теңгеге көрсетеді, ал бізден тегін алуға болады. Бұның барлығы халықтың мүддесін қорғап, игілігі үшін жасалған жағдай екенін ұмытпайық.

– Сауатты, кәсіби білікті заңгерді қалай білуге болады? Кейде азаматтар берген ақшасына сай қызмет ала алмағанын айтып ренжіп жатады.

– Егер азаматтар қандай да бір мәселе бойынша ақылы заңгер немесе адвокатқа жүгінгелі жатса, алдымен ескеретін жағдай – ол маман туралы пікірлерге назар аударуы керек. Оның іскерлік беделі қандай екеніне көңіл бөліңіз, осы уақытқа дейін қанша іске қатысып, сотта жеңіске жеткені туралы ақпарат сұраңыз. Қазір ақпараттың бәрі ашық, қолжетімді. Сондықтан мұндай мәліметтерді табу, анализ жасау көп қиындық тудыра қоймайды. Өзіңіз көмекке жүгінгелі отырған адвокат жайлы дерек жинаудан еш қысылудың қажеті жоқ. Өйткені, сіз сотта сіздің құқығыңызды қорғайтын адамның білім-білігі, шеберлігі туралы мағлұмат алуыңыз керек. Сот – тағдыр шешілетін орын. Әрі ақиқат алаңындағы талқыда сауатты адвокаттың салмағы әрқашан жоғары. Шындығында, қызмет алмас бұрын құқығыңызды қорғайтын маман жайлы толық ақпарат алуға құқылысыз. Мұндағы екінші мәселе – көрсетілетін қызмет туралы шарт талап етіңіз, шартты өзіңізге ыңғайлы тілде болуын қадағалап және шартпен толықтай танысып шығыңыз. Міндеттемелерді тараптар тиісінше орындамаған жағдайдағы жауапкершілік мәселесінің шартта бекітілуін талап етіңіз. Бұның барлығы сіз уәделескендей тиісті білікті қызметті ала алмаған жағдайда төлеген ақшаңызды өндіруге, бұзылған құқығыңызды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

– Қоғамдық бірлестік жұмысына құзырлы органдардың көзқарасы қандай? Жолдаған сауал, ұсыныс, тілектеріңізді бірден қолдай ма?

– Әр кезде әрқалай деп жауап бергенім дұрыс болар. Кейбір мемлекеттік органдар айтылған орынды сынды дұрыс қабылдап, кері байланыс орнатып, тиісінше нәтиже көрсетіп жатады. Кейбір мемлекеттік органдардан өкінішке орай ондай кері байланыс көре алмай жатамыз. Бірақ, заң бойынша егер мемлекеттік органның жауабына қанағаттанбаған жағдайда, сотқа немесе жоғары тұрған органға немесе лауазымды тұлғаға шағымдануға болады. Біз әр сұранысымыздың, арызымыздың тиісті түрде қаралуы үшін заңда көзделген осы тәсілдерді қолданамыз. Осы орайда айта кететін жағдай – біз де мемлекеттік органдар секілді осы өңірдің халқының әлеуетінің жақсаруына, түйткілді мәселелерінің оң шешімінің табылуына жұмыс жасап жатқан ұйымбыз. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік орган жұмысына кедергі келтіріп, оларды орынсыз сынап, олардың беделіне нұқсан келтіру емес, негізгі көздегеніміз – қоғамда әділдіктің болуын қамтамасыз ету, әділетті Жаңа Қазақстанды жасауға мұрындық болу, үлес қосу. Қазақта сөз бар «кемедегінің жаны бір» деген. Бәріміздің «илеп жатқанымыз бір терінің пұшпағы». Сондықтан Президент үнемі айтатындай мемлекеттік органдардың барынша ашық болатын, халыққа жақын болатын, азаматтық қоғам өкілдерінің орынды сындарын дұрыс қабылдайтын уақыты келді.

– «Әділдікті талап ет!» деген тақырыппен жемқорлыққа, жол жөндеудегі жолсыздыққа қарсы арнайы жобаны қолға алғандарыңыздан хабардармыз. Жоба қалай жүріп жатыр? Халық белсенді ме? Нәтижесі қалай?

– Аталмыш науқан біздің бірлестік пен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлықққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп қолға алынып жатыр. «Әділдікті талап ет!» республикалық науқанын ағымдағы жылдың 15 тамызы мен 15 қыркүйегі аралығында өткізу жоспарланған. Қазіргі кезде азаматтардан түскен арыз-шағымдарды және тиісті уәкілетті орган ұсынған соңғы жылдары жөнделген және кепілдік мерзімі өтпеген жолдарды тексеру жұмыстары жүргізілуде. Аталған науқан барысында Қарағанды облысынан 1 қылмыстық іс қозғалғанын айта кету керек. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесіп «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқанын бастады. Бұл жобаға Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады. Науқанның басты мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген, қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады. Бірінші кезеңде автожол саласындағы мәселелерге тоқталып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылады. Биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екенін атап өтіп, елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырған. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Жалпы бұл салада қордаланған мәселе көп… Жолдың нашар сапасына қатысы бар барлық кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қажет», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстанда бұл сала сыннан көз ашпай жатқаны анық. Жол-көлік апаттарында талай адамның көз жұмып, жарақат алуының басты себебі – осы сапасыз жолдың әсері. Азаматтар науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты хабарлай алады. Филиалда тәжірибелі заңгерлер мен сарапшылар жұмыс істейді. Бірлестікке жыл басынан бері 78 адам жүгінген. Оның ішінде 8 анаға сот арқылы алимент өндіруге арыз беруге көмек көрсетіліп, сот шешімінің жеке сот орындаушылары палатасына жіберілуі қадағаланды. Аптаның әр бейсенбісі – азаматтарды қабылдау күні. Азаматтарға тегін заңгерлік кеңестен бастап, қажет болса құқықтық көмек көрсетуге тырысамыз. Және барлығы ақысыз, тегін негізде. Айта кетейік, бірлестік қызметінің нәтижесі биылғы жылдың аяғында өтетін Жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, науқанға белсенді қатысқан азаматтар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болады. Бұл шараға біздің Шымкент қаласының халқы белсенді қатысуда. Біз барлық арыздарды талдап, зерделеп, тиісті органдарға жолдайтын боламыз және заңнамалық тұрғыдан нақты ұсыныстар жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Нақты нәтижелер науқан аяқталған соң БАҚ арқылы көпшілікке хабарланатын болады.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет.

А.САТЫБАЛДЫ, «Заң газеті»

Яндекс Іздеу бүкіл әлемнің түрлі нүктесіндегі контентті қазақ тілінде қолжетімді етеді

Яндекс Іздеу қазақ тіліне нейрожелілік аудармасы бар ағылшын және...

В СКО провожали 300 спартанцев

Сегодня на центральной площади села Бескөл Кызылжарского района состоялась...

На защиту леса – самую массовую акцию высадки саженцев провели в области Абай

Около тысячи человек выехали в Бородулихинский район, чтобы приложить...

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 900 дей түп ағаш отырғызылды

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы, «Жасыл аймақ» апталығы аясында...