12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

КӘСІПОРЫН КӨП, НӘТИЖЕСІ АЗ

БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) дерегі бойынша Қазақстан жылқы етін тұтыну жағынан әлемде Қытайдан кейін екінші орында тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, жан басына шаққанда жылқы етін тұтынудың жылдық көлемі елімізде 6 кг құрайды.

Егер Қытай, Жапония, Франция сияқты мемлекеттерде жылқы еті сирек кездесетін, жеңсік ас саналса, Қазақстанда ол халықтың ас мәзірінде тұрақты өз орнын тапқан азық-түліктің бірі саналады. Сарапшылардың айтуынша, әлемде жылқы етін тұтынатын халықтың саны аса көп болмағанымен, оның тағамдық қана емес, емдік-дәрумендік қасиеті мол болғандықтан оған деген қызығушылық соңғы жылдары әлемде күрт өсіп келе жатыр. Оған оңай қорытылуы мен дәрумендік қасиеті жағынан жылқы етіне тең келетін ет әлі күнге дейін табылмауы да өз әсерін тигізуде. Сондықтан жылқы етін таңсық ас ретінде ғана емес, күнделікті тұтынатын тағамдардың құрамына қосуға деген талпыныс өте жоғары болып тұр. Сол себепті, жылқы етіне деген сұраныстың енді өспесе, кемімейтінін аңғарған ғалымдар оны жасанды жолмен өсірудің түрлі жолдарын іздестіре бастады. Соның бірі көршілес Ресейдегі Қазан федеральды университетінде жүргізілуде. Онда 2020 жылдан бастап жылқы етін асханалық клеткадан өсіру қолға алынып, 3 жылда оны өндірістік тұрғыда жолға қою жоспарлануда. Сондай-ақ, жасанды ет өсіретін мамандар үшін қосымша білім беру бағдарламасы да іске қосылған. Жер көлемі жағынан ғана емес, мал шаруашылығына жарамды жайылымдарының көлемі жағынан да әлемдегі көшбасшы елдердің бірі саналатын Қазақстан әзірге етті жасанды жолмен дайындауға көңіл бөліп жатқан жоқ. Сонау есте жоқ ескі замандардан бері табиғи, таза өнімдерді тұтынып келе жатқан халқымыздың әрбір өңірдегі табиғи ерекшелігіне байланысты онда өсірілетін жылқының өнімін тұтынуда да өзіндік талғамы қалыптасқан. Оны бір кездері моңғол жылқысының арзандығына қызығып, Моңғолиядан ірі көлемде жылқы етін импорттауға тырысқан кәсіпкерлердің сәтсіз әрекеті дәлелдеді. Жылқытанушы ғалымдардың айтуынша, шетелдік жылқы еті көп жағдайда шұжық және заманауи жеңіл тағамдарды әзірлеу ге қолданылады. Еліміздегі жылқы саны қазір 4,1 млннан асқанымен, Қазақстан әлі күнге дейін өзін-өзі жылқы еті өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмауда. Сондықтан импорттық жылқы еті өнімдерінің көлемі экспорттан әлдеқайда жоғары болып отыр. Мәселен, былтыр республикаға 5,2 млн доллардың 2,4 мың тонна өнімі сырттан әкелініп, 1 мың доллардың 0,04 тонна өнімі ғана импортталған екен. Оның өзі Жапонияға ғана. Ал импорттық өнімдердің басым бөлігі Аргентина (1,1 мың тонна), Уругвай (840 тонна), Ресей (235 тонна), Моңғолия (100 тонна) елдерінің үлесіне тиіп отыр. Бұдан бөлек елімізге Беларусь, Болгария, Бразилия, Исландия, Мексика, Молдова және Моңғолиядан да біршама өнім әкелінген. Қазақстанда жылқы еті өнімдерін тұтыну көлемі коронавирус індеті тарала бастағанға дейін 4 келіні ғана құраған еді. Соңғы 2 жылда ол 2 келіге ұлғайып отыр. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, биыл алғашқы тоқсанда 28,2 мың тонна жылқы еті өндірілді. Оның 4 мыңы Түркістан, 3,9 мыңы Алматы, 3,1 мыңы Қарағанды, 3,1 мыңы Шығыс Қазақстан, 2,4 мыңы Ақтөбе облысының үлесінде. «Жесең тісіңе, жемесең түсіңе» кіретін жылқы етінің бағасы сұраныс болғандықтан енді әрдайым өспесе, кемімейді. Осыған қарамастан қазақстандық фермерлердің өз өнімін экспорттайтын нарық іздеп жүргеніне бірнеше жыл болды. Бұл бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018 жылы Жапониядағы әріптестеріне арнайы сұрау да салған болатын. Келіссөздер нәтижесінде Жапонияның ауыл, орман және балық шаруашылығы министрлігі жылқы еті мен одан жасалған өнімдердің экспортына қатысты ветеринарлық сертификатты мақұлдады. Сондай-ақ, 2020 жылы 25 мамырдан бастап қазақстандық жылқы етін экспорттаушылар үшін Жапония нарығының ашылғанын ресми хабарламамен растады.

Соның нәтижесінде Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Жапонияға ет және одан жасалған өнімдерін экспорттауға дайын екенін мәлімдеген қазақстандық 34 кәсіпорынның тізімі мен құжатын серіктес ел мақұлдаған кезде бұл жаңалыққа елеңдегендер аз болған жоқ. Өйткені, сол уақытқа дейін Жапонияға жылқы етінің негізгі экспорттаушысы Канада елі болып келген еді. Биыл Жапонияға жылқы етін экспорттауға құқығы бар қазақстандық кәсіпорындардың саны 43-ке жетті. Бұл жолы мұндай құрметке Қарағанды облысынан – 3, Алматы облысы мен Атырау қаласынан екі-екіден, Ақмола, Қостанай облыстарынан бір-бір кәсіпорын ие болды. Бұған дейін бұл тізімге енген 34 кәсіпорынның ішінде Қостанай облысынан – 5, Ақмола, Түркістан, Павлодар облыстарынан төрт-төрттен, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан үшүштен, Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласынан екі-екіден, Алматы қаласы мен Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан бір-бір кәсіпорын болған еді. Қазақстанда кеңестік дәуірде жылқы терісін өңдейтін кәсіпорындар болмаған еді. Өткен ғасырдың басында 5 млн-ға дейін жеткен оның саны 1990 жылдары 1,5 млн-ға дейін азайып кеткен еді. Жыл он екі ай жайылымда жүретін жылқы өзге түліктердей күй таңдамайтындықтан соңғы 30 жылда саны 2 есе өсті. Соның нәтижесінде ол мал шаруашылығы саласында өзге түліктердің саны 1991 жылғы көрсеткішке әлі жете алмай жатқанда, бұл межеден асқан жалғыз түлік боп қалуда.

Қайрат ЖӘЛЕЛҰЛЫ, жылқытанушы:

«Қаржы бөлінбесе де, жобаның болашағы зор» – Жылқы еті Жапония, Корея сияқты елдерде деликатес, емдік ас ретінде пайдаланылады. Құны өте жоғары. Егер қазақ даласында өсірілген, экологиялық және өзге де сапалық көрсеткіштері таза жылқы етін мұндай елдерге экспорттай алсақ орынды болар еді. Қазір онымен Жетісу облысында 10 мың бастай жылқы өсіріп жатқан Бауыржан Оспанов деген азамат айналысып жатыр. Үлкен ет комбинатын салдырды. Біздің бұл өндірушімен мраморлық ет өндіруге қатысты бір жобамыз бар. Әзірше қаржы бөлінбегенмен бұл жобаның да болашағы зор. Қазір шетелден жылқы әкеліп жатқандар көп жағдайда оған спорттық тұрғыдан қарайды. Сондықтан қыркүйектің 9-ында Атырау облысындағы Миялы ауылында «Қолтума жылқылардың бүгіні және болашағы деген» тақырыппен республикалық үлкен бір конференция өткелі отыр. Сол жерде де осы мәселе жан-жақты сөз болады деп жоспарлануда.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Қазақстандағы су тасқыны: қазіргі уақытта не белгілі?

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпарат берді.

Қырғызстанда TikTok-қа кіруге шектеу қойылды

Шешім шығаруға TikTok тарапынан "Балалардың денсаулығына, олардың физикалық, интеллектуалдық, психикалық, рухани және адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу жөніндегі шаралар туралы" ҚР Заңын сақтамау негіз болғаны айтылды.

Жаңа түзетулер енгізілгеннен кейін көлік жүргізушілері өмірінде не өзгереді?

"Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қандай өзгерістер енгізілді.

Синоптиктер алматылықтарға ескерту жасады

Қазгидромет Алматы мен тағы бір қала тұрғындарына қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ескертті.

Антикор: Қазақстанда 60 мың жүргізуші куәлігі заңсыз берілген

Арнайы ХҚКО-ларға жүргізілген жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша бюджетке түсетін түсімдер 10,6 миллиард теңгеден 91,3 миллиард теңгеге дейін ұлғайды.