12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЖАСТАРДЫҢ ЕҢСЕСІН КӨТЕРУ МАҢЫЗДЫ

Нашақорлық пен маскүнемдіктің қатарына бұл індеттің ілінгеніне де біраз болды. «Игромания», «лудомания» деген ресми атауынан-ақ аса оңай дерт емес екені аңғарылады. Қайсысы болса да, отбасына, жақындарына, қала берді тұтастай бір қоғамға зауал, залал, ауыр қайғы-қасірет әкелетін апат дерсіз. Соңғы бес-алты жылдың көлемінде бұл мәселедегі көрсеткіштер күрт өсуде. Қазіргі таңда бұл аурудан талай отбасы ойран болып, кейбірін мерт қылғанын да көзіміз көруде.

Осыдан біраз бұрын Маңғыстау облысында осындай құмар ойынына салынған азаматтың ойын автоматтары тұрған клубты өртеп жіберіп, істі болғанын ақпарат құралдары таратып жатты. Әскердегі бірнеше жігіттің де құмар ойындарына түсіп, қарыздары қысқан тұста суицидке барғаны да ара-кідік айтылып жүр. Психиатр, нарколог, психолог, неврологтардың айтуынша, бұл дерттің салдары ауыр. Бір өкініштісі, осы құмар ойындарының жетегінде өрімдей жастардың кетіп жатқаны. Студент, жұмысшы, тіпті, оқушы балалардың арасында да ойынға деген тәуелділік артып тұр. Былтыр бұл мәселе Парламент деңгейінде көтерілді. Алайда, еш нәтиже-шешімсіз тез басылды. Қоғамда онсыз да бүгінгі таңда әлеуметтік мәселелер көп еді. Енді кез келген ата-анаға «баламды бұл кесапаттан қалай сақтаймын?» деген тағы бір уайым қосылды. Елдегі республикалық деген айдарды еншілеген телеарналар мен радиолар, көше билбордтары, әуежай мен демалыс орындары жастарды ойын автоматтары мен спорт ставкаларына тәуелді ететін «1xBet» «Parimatch» «Olimbet» сынды букмекерлік компаниялардың жарнамаларына толтырып отырса, уайымдайтындай-ақ жөні бар. Оған «Деньги без лишних вопросов» деген жазумен көше-көшені шарлап жүретін жеңіл көліктерді қосыңыз. Оны көрмей қалды десеңіз, бұрыш-бұрышты, дүкендер мен базарларды толтырып тастаған көкемат, ақшамат, солво, жедел ақша секілді толып жатқан автоматтар алдыңнан шығады. Жарқыл-жұрқылымен көздің құртын қоздыратын лотоматиктері тағы бар. Санамалай берсең, санынан жаңылатын осындай дүниелердің бәрі балалардың болашағына балта шауып жатыр. Қоғамдық қарсылыққа ұласуы тиіс дүниелер, керісінше, құпталып, ірі сауда кешендерінен бастап, ұсақ сауда нарықтарында самсап тұрғанда, «баланы бағып отырмын» деу күрделі мәселеге айналды. «Kcell Solutions» мекемесінің қаржы директоры былтыр бас-аяғы 467 млн теңгені жымқырып, құмар ойынына салып жіберіп жатқанда, оң-солын танып үлгермеген жасөспірімнің торға қалай топ ете қалатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Әлеуметтік желіде журналистер, жекелеген белсенділер бұның үлкен проблема екенін айтып біраздан бері дабыл қағып жүр. Наркологиялық орталық дәрігерлері қазір өздерінің сауықтыру орындарында осындай проблемамен жатқан жастардың қатары нашақорлардан да аса бастағанын жеткізді. Соңғы жылдары беріле бастаған шағын микрокредиттер құмар ойынына жастардың салынуына үлкен «септігін» тигізді. Ойын автоматы мен микрокредит беретін автоматтардың кез келген дүкен, сауда орталықтарында қатар тұруы да ойынпаздардың қатарын көбейтті. Бір автоматтан шағын несие алып екінші автоматқа оны «жұтқызу» «ойыншылардың» алдағы проблемаларын қоюлата түсті. Бірден байып кетуді ғана ойлайтын жастар тіпті бүгін «закладка» (есірткі жасыру) ісімен де айналысып, алды сотты да болып жатыр. Алматыдағы СИ 155\18 мекемесіне барғанда, мекеме басшысы «закладка» бизнесіне студенттердің көп ұрынатынын қынжыла жеткізген. Тарата берсең, талай күрделі мәселенің шеті тарқатыла беретіні белгілі. Ендеше бұл проблемаға қалай тосқауыл қоюға болады? Нашақорлықтан асып бара жатқан зауалдан жастарды қалай арашалаймыз? Жарнамасын сағат, минут, секунд сайын айналдырып отырған телеарналар мен радиоларға кім тоқтау салады? Жауапсыз сауалдар саны да жетерлік. Әлгінде айтылған белін ауыртпай, басын қатырмай, жылдам ақша тапқысы келетін адамдарға микрокредиттер нағыз оңтайлы шешім болып көрінетіні анық. Дерт мұнымен ғана шектелмейді, қаржыдан қысылған жандар еш кедергісіз микроқаржы ұйымдарынан несие, яғни «айлыққа дейін» деп еш тексерусіз 15 000-250 000 теңге арасында қаражатты оп-оңай алатыны көпшілікке жұмбақ. Бұл жерде бір дүниені қазбаласақ, артынан екіншісі шығады. Бұл қаржылық ұйымдардың заңсыз екендігі елге аян, бірақ олар да жұмысын қазір тоқтатар емес. Мәселенің шешімі ірі ойын-сауық орындарын облысқа көшірумен шешілгендей болған, бірақ олардың көзге ілінбей қалғандары немесе интернет беттеріндегісін айтпағанда, бармақ басты, көз қыстымен қалғандары қаншама?! «Бір тиынды екеу қыламын» деп, не болмаса «аз уақыт ішінде қомақты қаражатқа кенелемін» деп, ғылыми тілде айтқанда «Лудомания» дертіне шалдығады. «Лудомания» – түптеп келгенде тәуелділік, ішімдік пен есірткіге тәуелді адамдардан олардың да еш айырмашылығы жоқ. Көп сауалдарды жинап ап, көпшілік тағы да мемлекетке, билікке қарайды. Жедел түрде мемлекеттік билік, атқарушы органдар тарапынан нақты іс-шаралар қабылданбаса, қазақ қоғамы жастарынан жағымсыз жағдайда айырылатыны анық. «Жаман айтпай, жақсы жоқтың» жыры басталып та кеткен секілді. Ендігі үміт жалпыхалықтық әрекетте, мемлекеттің пәрменділігінде. Болашағын ойлаған ел жастарын да қараусыз, қадағалаусыз, қамқорлықсыз қалдырмаса екен.

Ғани ЕРКІНҰЛЫ, Мақпал ҚҰРМАНБАЙ

Нұржан КҮНІМЖАНОВ, К.Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің әлеуметтік ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы, әлеуметтанушы:

«Адам емес ақша құндылыққа айналды»

– Біз, ең алдымен, нарық кеңістігіне бағыт алғаннан кейін батыс құндылықтарын сіңіре бастадық. Қазақтың да жақсы сөзі бар, «ойынға – ойын іс құмар» деген. Демек, осы букмекерлердің көбейгені біздің өміріміздің пішіні мен бейнесін көрсетеді, яғни, осыдан қайда беттеп бара жатқанымызды анық көре аламыз. Ал бұл үлкен мәселенің теледидар, радио басқа да ақпарат құралдарына дейін шығып кеткендігін – олардың ақшаны құндылық көргені дейміз. Себебі, бүгін адам емес, ақша құндылыққа айналды. Өкінішке қарай, саясаттың да, биліктің де мұны тоқтатуға мүмкіншілігі бола тұра, тоқтатпай отырғаны алаңдатарлық жағдай, оған себеп бұл салада билікке ықпал ететін белгілі бір күштердің болуы. Енді ол қыр-сырды билік басындағылар біледі, біз қарапайым халық тек болжаммен ғана сөйлейміз. Аталған ол күштер тек Қазақстанда ғана емес, Ресейден де ықпал етеді. Одан бөлек, жалпы бұл мәселенің артында өте үлкен қаражат тұрғаны белгілі. Және жарнама да қазіргі кезде адамдардың осал тұсы болып тұр. Тіпті, жарнамасыз-ақ бұл ойынға құмар адамдар мен жеңіл жолмен ақша табамын деген адамдар саны күн санап артып жатыр. Қазіргі кезде бұл салаға «лудомания» деген термин енді, адам өзінің «азарты» арқылы жеңіл жолмен ақша табуға болады деп ойлайды. Әрине, басты идея ставка ретінде, спорт түсінетін адамдарға өз білімін тексеруге бағытталған болуы мүмкін. Бірақ астарында ақша болғандықтан, ақша әрқашан да өзінікін жасайды. Бұдан қауіп бүкіл елге, барлық адамзатқа бар, тек қазаққа ғана емес. Бұл енді қателеспесем, сол бір 70-ші жылдары батыста да болған проблема. Сол уақыттарда оларда да ойын клубтары, ставкалар, ойын автоматтары пайда болған. Сол кездің өзінде де қаншама адамдар зардабын көріп, кейбірі өз-өзіне қол жұмсап, отбасыларына да қастандық жасағандары болған. Жеңіл жолмен ақша табу сол қоғамның қасіретін көрсетеді. Себебі, адал еңбексіз оңай ақша жоқ. Сол кемшіліктер мен қателіктерді біз мойындамай отырмыз. Бұл тарапта тек бір-ақ нәрсе жасауымызға болады, заңды қайта қабылдап, ойын бизнесін тоқтатып, оның орнына ұлттық спортты қаржыландырсақ қана тоқтау болатын шығар. Ойынқұмарлық енді нәпсінің төменгі сатысы деп қараған жөн. Жоғарыда айтқандай, бұл салада саясатпен қатар үлкен қаражат жатыр. Демек, біздің биліктің де соған қатысы бар. Себебі, кез келгенімізге ойын бизнесін ашу мүмкін емес дүние. Сондықтан заңмен, я болмаса ел болып атсалысып тоқтатуымызға болады. Бүгінде әр әулетте осы дертпен ауыратын адамдар бар, ешкім бұл салаға бей-жай қарамау керек.

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ өңірлердегі жағдайды айтты

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпарат берді.

Шоқан ОРАЗАЛИН, Ақмола облысы Білім басқармасының басшысы: «ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАЗАҚША ҮЙРЕНУГЕ ЫНТАСЫ ЖОҒАРЫ»

Мемлекеттік тілді дамыту, тіл саясаты саласындағы көңілге кірбің шалдыратын түйткілдерді шешу бүгінгі қоғамның басты мәселелерінің бірі. Әсіресе, елдің ертеңі болып табылатын балалардың бойына ана тілінің қадір-қасиетін сіңіру – ұрпақтар сабақтастығының аса өзекті тұсы. «Тәрбие – тал бесіктен» десек те, қазіргі таңда балабақшадан бастап, жалпы орта білім беретін мектептерде мемлекеттік тілдің деңгейін көтерудің аса маңызды екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қоғамда «теріскей облыстар орыстанып кеткен» деген қасаң көзқарас қалыптасып қалғаны рас.

ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Жолындағысын жайпап өткен ағын су Ақмола облысының да ондаған елді мекенін басып, кейбірін күні бүгінге дейін сыртқы әлеммен қатынассыз, жарықсыз әрі сусыз қалдырған. Өңірде осыған дейін Атбасар, Астрахан, Бұланды, Есіл және Жарқайың аудандары мен Көкшетау қаласында жергілікті масштабта төтенше жағдай жарияланған еді.