29 C
Алматы
Вторник, 2 августа, 2022

АЛТАЙДАН ШЫҚҚАН АРЫСТАН

(Соңы. Басы өткен санда)

«Қырсық қырық ағайынды» деген де рас-ау. Бұған қоса іле-шала «қызметтік өкілеттігін шектен тыс пайдаланды» деп оңтүстік-шығыстағы көлік прокуратурасы Е.Абдрахмановтың үстінен негізсіз фактіге құрылған қылмыстық істі қозғап жіберді. Оған қаржы полициясы қызметкерлеріне қару кезеніп, кеденнің әкімшілік ғимаратының ішінде қаматып тастағаны себеп болды. Онымен қоймай, сол кезде қаржы полициясының қызметкерлері кедендік ресімдеуден өткен тауар тиеулі көлікке автомат та лақтырып кетті. Сөйтіп, құдды бір Италияның «Спрут» киносериалындағы оқиғалар желісі сияқты, кедендік шекарадағы ахуал тозақтың қақпасына айналып кеткендей болды. Таңертең ұйқыдан тұрған бетте ол бүгін жауларының өзіне тағы да қандай «сияпат» дайындап қойғаны туралы ойлайтын. Әр бейнеттің өз зейнеті бар емес пе? Кеденшілер кездескен қиыншылықтарға қарамастан, жанталаса еңбек етті. Кедендік ресімдеу барысында импортталатын тауар тиеген әр жүк көлігі қатаң бақылауда болды. Сәуір айының аяғында кедендік төлемдер миллиард теңгеден асты. «Я мзду не беру, мне за державу обидно» дейтін Верещагиннің ізбасарлары контрабандалық жолмен басқа қалталарға кетіп жатқан керуеннің жолын кесті. Сөйтіп, сол жылдың сәуір айында ғана республикалық бюджетке кедендік төлемдер бойынша 1 миллиард 86 миллион 473 мың теңге аударылды. Осылайша ол арының таза, өз ісінің ақ екенін қоғам алдында үлкен күшпен дәлелдеп шықты. Бұл қаражат «Қорғас» кеденінің 2001 жылғы бір жылдық көрсеткішінен асып кететін еді. Асыға күткен қуанышты хабарды телефон арқылы дереу Зейнолла Кәкімжановқа хабарлады. Сол кезде өзінің ризашылық сезімін жасыра алмаған министріміз: – Ни черта себе. Молодец Ерик, так держись, – депті.

ҚОРҒАСТАҒЫ НӘТИЖЕ

Аталмыш жаңалық туралы З.Кәкімжанов ізін суытпай, сол кездегі Үкімет басшысы И.Тасмағамбетовті хабардар етеді. Көп ұзамай, мамыр айында «Қорғас» кеденінің бастығы Е.Абдрахмановқа Премьер-Министр И.Тасмағамбетовтің қолы қойылған Алғыс хат берілді. Осы жетістікті кезінде қорғастық кеденшілер «Қорғас» революциясының жеңісі» деп атады. Бұл жерде, әрине, сол бір қиын да жауапты сәттерде қамқор қолын созып, тірек бола білген З.Кәкімжановтың да еңбегі өте зор. Зейнолла Халидоллаұлының министр ретіндегі батылдығы мен қағидатшылығында шек жоқ еді. Әсіресе, Ерікжан өзін қамауға алуға келген қаржы полициясы қызметкерінің маңдайына тапаншасын төсеп тұрып: – Министр мырза, мен қазір өзімді заңсыз қамауға алуға келген қаржы полициясы қызметкеріне тапанша кезеніп тұрмын. Сіздің тарапыңыздан қандай көмек болатынын естігім келеді. Бұндай бассыздыққа жол бере алмаймын. Атудан басқа амалым жоқ, – деген кезде: – Қызбаланба, Ерікжан. Қазір мен саған хабарласам, – деп телефон тұтқасын қоя салады. Содан бес минуттай уақыт өткен кезде қайта байланысқа шығып: – Ерікжан, атсаң өзің ғана ат. Мен сен үшін жауап беремін, – деген сөзі кеденшілер арасында әлі күнге дейін аңызға айналып кетті. Міне, адам тағдыры қыл үстінде тұрған мұндай жауапты сәтте екінің бірі өз басын тәуекелге тіге алмайтыны ақиқат. Осылайша, министріміз өз атына қаншама ауыр да әділетсіз сөздер естісе де, қаншама қиындыққа тап болса да, қарамағындағы қызметкерлерін жанын салып қорғай білді. Сонымен қатар сол кездегі Алматы облысының прокуроры қызметін атқарған Жақсылық Байтұқбаевтың да еңбегі зор болды. Себебі ол Ерікжанның үстінен қозғалған қылмыстық істер мен арыздардың барлығы негізсіз, жалған фактілерге құрылғанына көз жеткізіп, әділеттіліктің салтанат құруына үлкен ықпал етті. Сол кездері бұл жетістік жөнінде «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Қорғас»: трехлетние показатели – за три месяца» деген мақалада (29.06.02): «…Подобное понимание проблемы при суще и всей новой команде, пришедшей на основные таможенные посты страны. По крайней мере, тенденция, которая отмечена на «Коргасе», прослеживается и в остальных областях. Таможенный прогноз план в целом по Казахстану перевыполнен более чем в два раза. Пока мы беседовали с Ерикжаном Абдрахмановым, позвонил начальник таможни «Бахты» Бекен Нұрахметов. По его таможне выполнение прогнозного плана составило 117 процентов, прошлогодний показатель уже перевыполнен на 600 процентов. И в целом по стране пятимесячные показатели таможенников по областям перекрывают итоговые прошлогодние. И не на тысячи – в разы. Связываются эти перемены как с новым руководителем таможенного комитета республики, так и с приходом команды профиссионалов» деп атап өтілді. Сонымен қатар «Время» газетінде жарияланған «Хоргос гейт» деген шағын мақалада «Қорғас» кедені айына бір миллиардтан артық табыс берсе, бұл дегеніңіз Алматы облысының сол кездегі бір жылдық бюджетін құрайтыны жөнінде айтылды. Мысалы, «Қорғас» кеденінде мемлекет қазынасына кедендік төлемдер мен салықтардан түсетін ақша көлемі 1999 жылы 900 миллион теңгені, 2000 жылы 840 миллион теңгені, 2001 жылы 720 миллион теңгені ғана құраған екен. Жыл сайын импортталатын тауар айналымы бірнеше есеге өсіп отырғанына қарамастан, кедендік төлемдер, керісінше, құлдырай берген. Ал, Е.Абдрахмановтың басқаруымен 2002 жылы небәрі алты-ақ айдың ішінде ғана кедендік төлемдерден мемлекетке өткізген қаржысы «Қорғас» кеденінің соңғы он жылда бергенінен асып түскенін айта кеткен орынды. Осы орайда, сөзіміз нанымды болу үшін газет материалынан үзіндіге көз салайық: «…ранее здесь существовала система, по которой средний вес груза занижался в 15 раз, а таможенная стоимость автотранспорта – в 20 раз. Условно говоря, если сумма полного декларирования составляла $10 тыс., то участники ВЭД платили официально 500 долларов США, а в виде наличных отдавали «кассирам» $3-4 тыс… Средства аккумилировались и под прикрытием правоохранительных органов доставлялись в определенные места «боссам»… («Панорама», 22.03.2002.).

ЖЕҢІЛГЕНДЕР КЕШІРМЕЙДІ

Ерікжанның «Қорғас» кеденіндегі жеңісінен кейін ел арасында әртүрлі қауесеттер жүрді. «Жеңіліс тапқандар оны кешірмейді» деген ызғарлы сөздер де айтылмай қалған жоқ. Сондай күндердің бірінде мен кезінде өзімізді қызғыштай қорғап, үлкен қамқорлық жасаған сол кездегі Мемлекеттік кіріс министрі Зейнолла Кәкімжановпен кездескен едім. Әңгіме арасында Зейнолла Халидоллаұлы маған: – Сол кезде біздің жауларымыз мені және Ерікжанды өлтіруге тапсырыс беріп қойған болатын. Бізді неге өлтіре алмағанын білесің бе? – деді. Мен білмейтінімді айтқанымда, сөзін қайта жалғап: – Себебі, біз жауларымызбен ашық соғыстық. Бізді өлтірген жағдайда, тапсырыстың Рахат Әлиев жақтан шыққаны бірден белгілі болатын еді. Олар содан қорықты, – деді ештеңені жасырмай. Иә, шынымен де «Қорғас» оқиғасынан кейін Ерікжанның артына түсіп, аяқтан шалмақшы болған әрекеттер толастамады. Оның бойындағы айтқанынан қайтпайтын қағидатшылық пен қара қылды қақ жаратын адалдығы кей басшыларға ұнамады. Себебі, оларға Қытаймен шекарадағы «Бақты» және «Майқапшағай» кедендерінде өз билігін жүргізу керек болды. Ал Шығыс Қазақстан облысында кедендік бақылау департаментінің бастығы болып Ерікжан тұрғанда, олар ондай бассыздыққа бара алмайтыны анық. Үстінен бірнеше мәрте қызметтік тексерулер де жүргізілді. Бірақ қызметтен қуатындай ешбір ілік таба алмады. Ақыры оны шығыстан ығыстырып, кедендік бақылау департаментінің бастығы етіп Ақмола облысына жіберді. Ал Ерікжан болса, Ақмола облысына барған бетте де тыныш жатпай, үлкен бір ұйымдасқан қылмыстың бетін ашты. Жалған транзит фактілері бойынша үш айдың ішінде ғана Қылмыстық кодекстің 209-бабы бойынша (экономикалық контрабанда) 23 қылмыстық істі қозғап жіберді. Бұндай көрсеткіш департамент тарихында болмаған еді. Соның нәтижесінде талай контрабандистер ат-тонын ала қашып, олармен байланыста болған бірнеше кеденші жұмыстан қуылды. Сөйтіп, ештеңеден қаймықпайтын Ерекең аз ғана уақыттың ішінде тағы да үлкен бедел жинап алды. 2008 жылы Ерікжан Абдрахманов «Достық» кеденіне бастық болып тағайындалды. Тағы да Қытаймен шекара, тағы да айқай-шуы көп жер. Жаңадан тағайындалған төрағамыз, генерал-майор Қозы-Көрпеш Кәрбозовтың оны сол жерге не үшін тағайындап отырғаны да түсінікті еді. Кеденді бандиттік құрылымның ықпалынан ажыратып, темірдей тәртіп орнату керек болды. Осылайша, Ерікжан «Достық» кеденінде де ержүрек әрі қағидатшыл бастық ретінде өз қолтаңбасын қалдыра білді. Оған дәлел ретінде 2012 жылдың 14 сәуірінде «Время» газетінде жарияланған «Чужие здесь не воруют» атты мақалаға (авторы Т.Кучуков) тоқтала кеткенді жөн көрдім. Онда автор «Достық» стансасындағы көліктік полиция бөлімшесінің бастығы, подполковник Ерлан Әлімбековке сұрақ қойған кезде ол былай деп жауап беріпті. Газет материалынан үзінді: «– Несколько лет назад начальник таможни «Достық» Жанарбаева Нургуль жаловалась, что местный криминалитет полностью оккупировал границу и все переходы. Она утверждала, что ее же подчиненные «ходят под бандитами». Что-то изменилось с тех пор? – Я в те годы работал в другой службе, но слышал про передел сфер влияния. После Жанарбаевой начальником пришел Ерикжан Абдрахманов. Он перестал проводить растаможку грузов на «Достыке» и передал эти функции таможенникам на конечных станциях. Он довольно жесткий мужик – быстро навел порядок на границе и, не поверите, криминалитет сам по себе исчез. Сейчас организованной преступности у нас нет…»

БАТЫРЛЫҒЫНА БАС ИДІМ

2002 жылдың 12 қазанында тоғыз айдың қорытындысы бойынша Астанада Кедендік бақылау агенттігінің алқа мәжілісі өтті. Ол кезде «Бақты» кеденінің бастығы қызметінде болатынмын. Ерікжан болса, екі ай бұрын ғана «Қорғас» кеденінен ауысып, Шығыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінің бастығы қызметіне тағайындалған еді. Алқа мәжілісіне көңілім көтеріліп, үлкен дайындықпен бардым. Себебі көрсеткіштеріміз кедендік төлемдер бойынша өткен жылмен салыстырғанда 600 пайызға көтерілген болатын. Өкінішке қарай, сол алқа жиынына алғыс естимін деп барған басым бәрі керісінше болып, қызметіммен қош айтыстым. Кедендік бақылау агенттігінің жаңадан тағайындалған төрағасы Бердібек Сапарбаевтың «Майқапшағай» кеденінің бастығы Бауыржан Смағұлов екеумізді қызметтен босату жөніндегі бұйрығы оқылған кезде, біз ештеңені түсінбей қалдық. Бір қарасам, Ерікжан қара бұлттай түнеріп кетіпті. Дереу орнынан атып тұрып: – Төраға мырза! Мен сіздің бұндай кадрлық саясатыңызбен және мына жігіттерді қызметтен босату жөніндегі шешіміңізбен келіспеймін. Бұлардың жұмысты жақсы жолға қойғаннан басқа не жазығы бар? Сондықтан да бүгін мен де сіздің атыңызға мәлімдеме жазып, кеден органынан кетемін…», – деді. Зал сілтідей тынды. Әрине, атышулы «Қорғас» кеденінде кландық жүйеге жақын адамдармен айқасқанда сағы сынбаған және әскери борышын Ауғанстанда өткерген Е.Абдрахмановтың мынадай мінез танытуы залда отырған талайлардың мысын басып тастады. Тіпті, төрағаға қарсы шықпақ түгілі, көлеңкесінен қорқатын кейбіреулер үшін төбеден жай түскендей әсер еткені де сөзсіз. Дәл осы жерде алқа жиналысының нүктесі де қойылды. Жиналыс біткен соң Ерікжан Абдрахмановтың жанына келіп: – Ереке, бізге араша түскеніңізге рақмет. Бірақ бекер істедіңіз. Мына сөзіңізден кейін сізді де орныңызда қалдыра қоймас, – дедім. Дәл сол кезде Ерікжанның әділдік жолында ештеңеден тайсалмайтын және досы үшін басын тәуекелге тіге білетін қасиетінің алдында басымды иген едім. Әлі де иіп келемін. Мына жағдайдан кейін біздің кедендегі қызметімізге нүкте қойылатын шығар деп ойлағаған едім. Себебі, Бердібек Машбекұлы мен Ерікжанның арасында болған түсініспеушілікті пайдаланып, жанып тұрған отты одан сайын көсеп жібермекші болған пенделер де бой көрсеткені рас. Оларға Ерекеңнің орны керек еді. Алайда, Бердібек Сапарбаев ағамыз өсекке ермей және кек сақтамай, үлкен азаматтық танытты. Оның бойындағы адамгершілік пен іскерлік қасиеттерін және мінезіндегі өткірлік пен шыншылдықты жақсы бағалай білді. «Мен тар жолда жолдасын тастап қашпайтын сен сияқты азаматтарды сыйлаймын» депті әңгіме арасында оған. Сөйтіп, мемлекеттік марапатқа да ұсынды. Соның нәтижесінде Ерікжан Абдрахманов Елбасының Жарлығымен 2005 жылы екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұндай адамгершілік екінің бірінің қолынан келмейді, әрине. Әсіресе, қазіргі заманда. Осы бір сәттік оқиға арқылы Ерікжан ғана емес, Бердібек Машбекұлының да азаматтық бейнесі айқындала түсті.

СОҢҒЫ ДЕМ немесе ЖАУЫНГЕРЛІК РУХ

Иә, тау адамдарының өзіндік мінезі болады. Бәлкім, «Тау баласы тауға қарап өседі» деген сөз де осындайдан шыққан болар. Қайсар мінез, өжеттік, керек жерінде қатыгездік пен қаталдық әр адамға туған топырақтан сіңеді десек, қателеспеспіз. Сондықтан да оның бойындағы алақұйын мінезіне байланысты лақап аты да өте көп болатын. Біреулер оны Алтайдың тумасы болғандықтан «Кербұғы» десе, енді біреулері «Афганец» дейтін. Ал енді қылышын сермеп, қып-қызыл айқастың ішінде жүргенін көрген кезде, «Чапай» деп те айтатын. Ол шынымен де нағыз жауынгер болатын. Сондықтан да оның досы қанша көп болса, жаулары да аз емес еді. Бейбіт өмірдің өзінде бүкіл өмірі күреспен өтті. Ол ылғи да: «Все можно купить, кроме чести и совести», — деп айтатын. Ерекең тек күресіп қана қойған жоқ. Қаншама шәкірт тәрбиелеп, оларға ақиқат жолында тайсалмай күресуді үйретті. Алайда, оның жасаған ерлігін қайталау әлі күнге дейін бірде-бір кеденшінің маңдайына бұйырмапты. Мүмкін, уақыт өте келе, Ерікжан сияқты азаматтардан тәрбие көрген кеденшілердің жаңа толқыны көкжиектен көрініс беретін шығар. Тіпті, соңғы демі таусылып бара жатып, тілін кәлимаға келтіріпті. Не деген ерік пен жігер десеңші! Содан кейін қасында отырған жан досы, полиция полковнигі Оралбек Белімбаевқа қарап: «Қанжарымды әкеліп берші, Ореке» деп өтініш жасапты. Оралбек дереу қанжарын қынабынан шығарып, қолына ұстатыпты. Сөйтіп, қанжарының ұшын көкке қаратқан күйі көзі жұмылып кете берген екен. Бұл да бір жауынгерлік рухтың белгісі болса керек. Себебі, ұлы қолбасшы, КСРО маршалы Г.Жуков өлерінің алдында қолына қылышын ұстап жатып көз жұмыпты деген дерек бар. Ол осы күндерге жетуді армандап еді. «Жағымпаздық пен жемқорлықтан шаршадық қой. Бұларда тойым бола ма өзі?…» деп күйінетін. Сондықтан болар, жасы елуден асқан шағында шашы түгелдей ағарып кетті. Оның ағарған әр тал шашының түбінде қаншама қиянаттың белгісі жатқаны бір өзіне ғана аян, әрине. Қазіргі уақытта Қытаймен шекарадағы ахуал өзгеріп, кеденнің бақылау аймағын монополия жасап алған кланды топтар кетті. Бұл жағдайды көргенде ол қалай қуанар еді, шіркін! Оның бар арманы осы еді ғой. Өкінішке қарай, бұл күнді көруді Жаратқан иеміз оның маңдайына жазбапты. Жуырда Өскемен қаласына жолым түсті. Бірінші кезекте Ерікжан ұстазымның мәңгілік мекеніне барып, құран бағыштадым. Бейіт басындағы полковник формасындағы суреті көзіме оттай басылды. Өткір жанары мен қою қара мұртына қарап, бейне бір Бауыржан Момышұлына ұқсатқандай болдым. Шынымен де екі батырдың мінезінде өзара ұқсастық көп еді. Бар-жоғы 58 жас ғұмыр кешіп, Алтай тауының етегінде бір төмпешік қана болып қалыпты. Алайда, осы кішкене төмпешіктің астында қандай асқақ рухтың иесі жатқанын біреу білсе, біреу білмейді, әрине. Сөйтіп, ол көзінің тірісінде ешкімнің алдында басын имей, өз биігінде көз жұмды. Ерекең шынымен де Кербұғы сияқты текті және Алтайдан шыққан арыстан жүректі азаматтардың бірі емес, бірегейі еді. Иә, дүние жалған екені ақиқат. Кейде мына бес күндік фәниде болып жататын кейбір келеңсіз көріністерге қарап тұрып, сол жерге Ерікжанның тоқпағы жетпей тұрған сияқты көрінеді маған. Шерағаңның (Шерхан Мұртаза) сөзімен айтқанда, «Бір кем дүние»…

Бекен НҰРАХМЕТОВ

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости