12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЗАҢНЫҢ КҮШІ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНДА

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шілденің алғашқы жартысында 11 заңға қол қойды. Олар кейбір заңнамалық актілер мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс пен Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қатысты болды. Былтыр шілде айында тек 3 заң ғана қабылданған болатын.

Мемлекет басшысы биыл маусым айында 7 заңға қол қойған. Оның үшеуі қолданыстағы заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға, ал қалғаны үкіметаралық келісімдерді ратификациялауға байланысты болды. Ал мамырда мақұлдаған 7 заңның бесеуі өзгерістер мен толықтыруларға бағытталса, біреуі Қазақстан Үкіметі мен Түркі академиясы арасындағы Түркі академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялауға байланысты болды. Онда тек «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң ғана алғаш рет қабылдануымен есте қалған болатын. Электронды үкімет порталындағы республикадағы заң шығарушы билікке қатысты мәліметке қарағанда, 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламенті заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады. Егер заң шығару – мемлекет қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылатынын ескерсек, заңның күші ең алдымен оның тұрақтылығында екені көзі ашық адамға бесенеден белгілі жайт. Өкінішке қарай, бізде әрбір заң қабылданған сайын жыл өтпей жатып оған жаңадан өзгерістер пен толықтырулар енгізу қажеттілігі сөз болып, жаңадан заң жобасын жасаушылар көбейеді. Егер Қазақстан Республикасының құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қабылдау, тіркеу, қолданысқа енгізу, өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату, тоқтата тұру және оларды жариялау тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін 2016 жылы 6 сәуірде қабылданған «Құқықтық актілер туралы» заңға көз жүгіртер болсақ, көңілдегі көп сұраққа жауап табу қиын емес. Онда 1-бапта негізгі ұғымдардың анықтамасы көрсетілген. Мәселен, заң – аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, Конституцияда көзделген негізге алынатын қағидаттар мен нормаларды белгiлейтiн нормативтiк-құқықтық акт. Заң жобасының тұжырымдамасы – заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мақұлдаған, Үкімет бастамасы бойынша заң жобасын әзірлеу қажеттігінің негіздемесін, оны қабылдау мақсаттарын және Үкімет айқындайтын өзге де ережелерді қамтитын құжат.

Ал заң сараптамасы – нормативтік құқықтық актінің жобасын не қабылданған нормативтік құқықтық актіні Конституцияға және Қазақстан заңнамасына, заң техникасына сәйкестігі тұрғысынан тексеру. Сондай-ақ ғылыми-құқықтық сараптамаға ғылыми құқықтық сараптама объектілерін олардың сапасын, негізділігін, жобаның ғылыми пысықталуын бағалау, оны қабылдаудың ықтимал жағымсыз әлеуметтік және құқықтық салдарларын айқындау, ұсынылатын нормалардың құқық жүйесі мен заңнама жүйесіне сәйкестігі бөлігінде тәуелсіз кәсіби сараптамалық талдау деп түсінік берілген.

Мұндағы «Е-заңнама» ақпараттық жүйесі – Қазақстан Республикасының заңнамасына талдау (мониторинг) жүргізуге, сондай-ақ норма шығарудың жекелеген процестерін автоматтандыруға арналған бірыңғай құқықтық жүйе. Заң шығару процесіне келер болсақ, бұған «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Конституциялық заңның 3-тарауы арналған. Атап айтқанда, 15-бап заң шығару бастамашылығына, 16-бап Парламенттiң заңдар қабылдау жөнiндегi құзыретiне, 17-бап Парламенттiң заң актiлерi жобаларын қарауының кезектiлiгi мен мерзiмiн белгiлеуге, 18-бап заңдарды қабылдауға, 19-бап республиканың заңдарын Республика Президентiне қол қоюға ұсынуына арналған. Алайда онда қабылданған заңның сапасы мен оның орындалуына қатысты депутаттың жауапкершілігі жайында бірде-бір сөз жоқ. «Заң неге жиі өзгереді, оның сапасына кім жауапты?» деген сауалымызға 1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ал 1999-2007 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болған Серік Әбдірахманов: «Алдымен «Сайлау туралы» заң өзгеруі керек.

Парламентке депутаттар партиялық тізіммен емес, халық таңдауымен сайланған кезде ғана заң шығарушы органның сайлаушылардың алдындағы жауапкершілігі жоғары болады», – дегенді айтты. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің айтуынша, «ескі Қазақстанның» заң шығарушы органы жаңармай, Президент айтып жүрген «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру қиын. Ал ардагер судья Өмірсерік Қожабаев газетіміздің өткен нөмірінде жарық көрген өз мақаласында «Парламент заңдарды қабылдаған кезде Әділет министрлігінің Заң шығару институтында заң жобаларының 40-45 пайызы ғана қолдау табады. Яғни, заң шығарушы органның пікірін елемей, Конституцияға қайшы келетін заңдардың туына ықпал етеді» дегенін еске түсірер болсақ, елдегі заң шығару процесіне өзгеріс енгізу қажеттігін еріксіз мойындауға тұра келеді.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ өңірлердегі жағдайды айтты

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпарат берді.

Шоқан ОРАЗАЛИН, Ақмола облысы Білім басқармасының басшысы: «ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАЗАҚША ҮЙРЕНУГЕ ЫНТАСЫ ЖОҒАРЫ»

Мемлекеттік тілді дамыту, тіл саясаты саласындағы көңілге кірбің шалдыратын түйткілдерді шешу бүгінгі қоғамның басты мәселелерінің бірі. Әсіресе, елдің ертеңі болып табылатын балалардың бойына ана тілінің қадір-қасиетін сіңіру – ұрпақтар сабақтастығының аса өзекті тұсы. «Тәрбие – тал бесіктен» десек те, қазіргі таңда балабақшадан бастап, жалпы орта білім беретін мектептерде мемлекеттік тілдің деңгейін көтерудің аса маңызды екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қоғамда «теріскей облыстар орыстанып кеткен» деген қасаң көзқарас қалыптасып қалғаны рас.

ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Жолындағысын жайпап өткен ағын су Ақмола облысының да ондаған елді мекенін басып, кейбірін күні бүгінге дейін сыртқы әлеммен қатынассыз, жарықсыз әрі сусыз қалдырған. Өңірде осыған дейін Атбасар, Астрахан, Бұланды, Есіл және Жарқайың аудандары мен Көкшетау қаласында жергілікті масштабта төтенше жағдай жарияланған еді.