26 C
Алматы
Пятница, 15 июля, 2022

Барлаушы босаңсымайды

(Соңы. Басы №54 санда)

* * *

Үлкен қалада, әсіресе, Алматыда уақыт тез өтеді. Күнделікті күйбең тіршіліктің керуені бір сарында көшіп жатты. Біртүрлі самарқау, тыныш. Осы ырғаққа ілесіп алды ма, әлде қызметте қол жеткен табыстардың буы ма, әйтеуір, Бек өзі ұстанатын «қауіпсіздік – нәтиже емес, процесс» деген принципті ұмыта бастаған. Ол жұмыс істейтін компания Қиыр Шығыстағы бір мемлекеттің атағынан ат үркетін ірі қаржы құрылымымен қомақты инвестиция құю туралы келіссөздер жүргізіп жатқан еді. Көпшілікке жарияланбаған, әзірге құпия жобаны білетін адамдар да санаулы болатын. Атышулы хакер хикаясынан кейін Бек Болатты бұрынғыдан жақын тұтып, білікті маман ретінде осы келіссөздің кейбір тұстары туралы ақылдасып та жүрді. Бұл кезде Болат пен Сабырдың арасы бұрынғыдан да жақындай түскен. Екеуара әңгімені сырттан естіген адам болса, осындай кездесулерде қауіпсіздік қызметі офицерінің өзі жайлы сыр шашпайтынын байқар еді. Керісінше, Болаттан суыртпақтап әңгіме сұрайды. Бір жолы: – Бөке, осы мен Бек екеуіңнің достықтарыңа сүйсіне қараймын. Бірге оқыдыңдар, қызмет жасадыңдар, қанша жыл өтсе де, қарым-қатынастарыңа сызат түспей, жалғасып жатыр. Бірақ көңіліңе келмесін, Бек қызметті бизнеске айырбастап, енді мемлекет мүдделерін елемейтін сияқты. Солай ма? – Оны түсінем, мен де үкіметке қапалымын. Адал қызмет етіп, шын патриот болсақ та, бізді керек қылмады, – деп Болат аңқылдап, ойын ашық айтты. Қарсы барлау қызметінің әккі қасқырына айналған Сабыр мұндай әңгімелерді әдетте Болат қызып қалған кезде бастайтын. Басқа тақырыпқа ауысып кетсе, айналдырып әкеліп, бұлталаққа салып, байқатпай тағы сұрайды. Қазір Бектің жұмысы қалай? Компания қандай жобалар жасап жатыр? Әр жолыққан сәтте осы сұрақтар міндетті түрде қойылып, оған жауап ретінде құпия, құпия емес ақпараттар ағыл-тегіл айтылып жатты. Бектің қатаң ескертуіне қарамастан, Қиыр Шығыстағы компаниямен арадағы жоба да жария болды. Бұл ақпараттың бәрі олардың бәсекелес компаниясына таптырмас олжа еді. Сабыр болса, Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі қызметінен шығып, сол жерге кеңесші болып орналасуды мақсат етіп жүрген. Болат, әрине, бұдан хабарсыз болатын. Бектің Сабырды жақтырмайтынын білетін ол екеуара кездесулер жайлы да тіс жармады. Сол кезден бастап компанияның акционерлер кеңесінен де маза кетті. Кім сатқын? Ақпарат қалай, қайдан шықты? Осы сұрақтар жандарын жегідей жеген кеңес мүшелері Мағзұм мен Станислав Бекке хабарласып, дәмханаға кездесуге шақырды. Мәймөңкелемей бірден іске көшті. – Қиыр Шығыстағы жобамыз туралы бәсекелесіміз біліп қойыпты. Онымен қоймай, олар біздің биржада ашық сатылымда тұрған акциямыздың бір бөлігін сатып алғанын жариялады, – деді Мағзум Бекке сынай қарап. Байқатқысы келмеуге тырысқанымен, жүзінен реніштің табы сезілетіндей. Бірақ кімге, не үшін? Ол да әзірге белгісіз. Шынында да, бұл жолғы қателіктің құны тым жоғары еді. Бәсекелес компания қолындағы акцияларды қомақты сомаға қайта сататынын немесе инвестормен келіссөздерді бірге жүргізетінін айтып, бопсалап отыр. Кездесу соңында акционерлер Бекке тығырықтан шығу жолын қарастыруды және құпия ақпараттың кімнен, қалай шыққанын анықтауды тапсырды.

* * *

Бектің шырғалаң оқиғалар мен ақпараттардың шырмауында қалғанда істейтін ісі – үш күн қонақ үйде қамалып, «ребус» шешу. Барлауда жүргенде сүйекке сіңген әдет. Бұл жолы да сөйтті. Өзімен-өзі арпалысып жатыр. «Кім сатқын? Акционерлер ашық айтпаса да, күдік алдымен маған түсіп тұр. Басқа кім біледі? Барлаудан біреу ме?

…Мүмкін емес. Өйткені, инвестиция әкелуде құрылымның басқа мемлекет органдарына көмектесу жұмысы ерекше орында және ақпарат мұқият сақталады. Бекті бұл қаржы мекемесіне кезінде жасырын кіргізген де өздері. Әрі оны Акционерлер кеңесінің төрағасы Мағзум ғана біледі. Анталаған ойлардан басы шыр айналып кетті. Негізінде, нағыз маман барлаушы болу үшін, алдымен жақсы қарсы барлаушы болу абзал! – Алло, 13-нөмірге шарап пен жеңіл тамақ алып келіңіздерші, – деді де ребус шешуін жалғастырып кеткен. Бірақ жағалауды қайыра соға беретін асау толқындардай ойлары да байыз таппады. «…Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып… «Осы әннің ойға түсе беретіні несі екен?.. «Өткенді ойға оралту – өміріңді сол уақытқа ұзарту» деген француздардың әдемі бір сөзі бар. Есіне қызмет ауыстырған кезі түсті. Каирден Стамбулға жолға шыққан Бек институтта бірге оқыған Мағзұммен жолығатынын алдын ала білген. Бірақ оның Барлау комитеті басшыларының бірі Сәрсенмен таныс екенінен мүлдем хабарсыз болатын. Кездесу нағыз театр қойылымына айналды. Олардың қызметтес екенін білмейтін Мағзұм Бек пен Сәрсенді таныстырып, қызық болған. Екеуі де сыр білдірмей, рөлдерін сәтті ойнап шықты. Осы кездесуде Бекке барлаудан бизнес құрылымына «ауысу» туралы ұсыныс жақауратып айтылған болатын. Не керек, жарты жыл өтпей, Бек Мағзұмның компаниясының атқарушы директоры болып шыға келді. Бұйрықтың аты бұйрық! Сол кезде Сәрсен Мағзұм үшін «Президент аппаратының қызметкері» болатын. – Бұл кімнің ойыны? Мағзұмның ба әлде барлаудың ба? Тағы да тығырық. Бектің ойы тағы сан-саққа жүгірді. Кім сатқын? Тоқта, Болат ше? Әйелі, автокөлігі жоқ, ішімдікке төтеп беруі қиын. «Өзіңді бәріне сенетіндей көрсет, бірақ ешкімге сенбе» дегендей, Болатқа шынымды айтқаныммен, сырымды шашқан емеспін. Тоқта… Ол барлаудың маманы ғой әрі басқа директорлар арасында беделі де бар. Бірақ оған бұл ақпараттың қажеті не? Экономист емес, бұл салада таныстары да жоқ. Кім біледі? Гәп бұдан да тереңде. Дегенмен Болатпен сөйлесу керек. Тағатсызданған Бек ертеңгі күнді күтпей, Болатқа хабарласып, қонақүйге келуін сұрады. – Саған не болған, жай ма? – деп Болат кіре сала түнеріп отырған Бекке қарады. Ескі досының «ребусты» қандай жағдайда шешетінін білетін ол тіксініп қалған. Суыт әңгіменің салмағын сезді ме, мөлдіреп тұрған қымбат ішімдіктен де бас тартты. Беймаза күйде тұрған Бектің де әңгімені созып тұруға зауқы жоқ еді, жағдайды қысқа баяндап өтті де: «Сырды сыртқа шашқан сен бе?» – деп сұрақты төтесінен қойды. Болат та іркілген жоқ. Басында «Сабыр жайлы айтсам ба, жоқ па» деп кібіртіктеп қалған еді, соңында Бекке бар шындықты жайып салды. Әлі есінде, сол күні Сабыр инвестор жайлы ақпаратты алдын ала білетін адамдай тақырыпты бірінші боп бастаған! Бұл да еш күдіксіз білетінін айтты. Ол аз болғандай, Сабырды компанияның Қаржы департаменті директорымен өзі таныстырған болатын. «Қап, ақымақ басым-ай… Әшейінде сақ едім, торға қалай түсіп қалғанымды сезбей қалдым», – деді күйініп. Өшін кімнен аларын білмеген күйі Болат есікті тарс жауып, бөлмеден шығып кетті. «…Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып»… Миға тайм-аут. Ойына өлең жолдары оралды: «Досым, саған сенемін, сеніп өтем! Әсіре ойнап қайтемін, әсіре күліп, Сенін орның құлазып, бос тұрғанда». Қайран Мұқағали…

* * *

Үшінші күні Бектің мазасы қашып, көкейіндегі сан сауалдың шешімін таба алмай әуреге түсті. Бірақ іштей «пенде асықты екен деп, Алла әмірін өзгертпейтінін» ешқашан ұмытпайтын ол, өзінің Жаратқанға ниеті түзу екеніне титтей де күмәні жоқ еді. «Мен бұл мәселеге тек бір тұрғыда ғана қарап отырмын. Жауыңды жаныңнан таппасаң, алысқа көз сал. Бұл саған окопта жатып атысатын соғыс емес, жақыннан демекші, Сәрсен ше? Ол – өте ақылды, тапқыр «ойыншы», мекеме басшысының оң қолы. Оған күмән келтіру өзіңе ор қазумен тең. Дегенмен, ол бұл жағдайды білер ме екен? Бек не болса да тамырын басып көрмек болып, Сәрсенмен жолығуға шешім қабылдады. Телефон соғып, оны шұғыл кездесуге шақырды. Сәрсен – өте тәжірибелі, мінезі тұйық, орта бойлы, қасқа бас адам. Бектен 5 жастай үлкендігі бар, амбициясы алыстан айқайлап тұрған басшы. Оны Бек әу бастан іштей ұнатпаған. Ішкі сезімі алдамады, қызмет барысында оның кекшіл және адамгершілігі шамалы екеніне сан мәрте көзі жетті де… Кездесу салқын әрі қысқа болды. – Менің қолымдағы нақты жедел ақпаратқа сүйенсек, Қиыр Шығыс компаниясының бізге құймақ болған инвестициясы жайлы бәсекелестеріміз біліп қойыпты, – деп Бек әңгімені бастап кетті. – Ал бұл біздің құпия операциямызға зиян келтіруі мүмкін, – деп Сәрсеннің реакциясын өткізіп алмайын дегендей, оған көз алмай қарады.    – Ақпарат қалайша сыртқа шығып кеткен? Бек, сіз босаңсығансыз ба әлде арамызда сатқын бар ма? Ол кім? – деді бастық екенін білдіргендей қатаң дауыспен. – Сізге осы апта ішінде жедел тексеріп, нәтижесін баяндауды тапсырамын. Ал біз не істеуге болатынын ойланып көрейік, – деп, Сәрсен қысқа қайырып, бөлмеден шығып кетті. Әзірге күдікті тек Болат. Сонда досымды өзім сатқандай болам ба? Басқа кім?… Бек әбден күйзеліске түсті. Сәрсеннің осал адам еместігін біледі. Бір кездері Әмір деген курстас жігіт осы Сәрсенге қарсы сөйлеймін деп қызметтен қуылған еді. Жай ғана кетірмей, қудалап, басқа да мемлекеттік құрылымдарға жұмысқа кіруіне кедергі жасаған. Сөйтіп, барлау қызметінің білімді әрі тәжірибелі маманы нәпақа табу үшін біраз уақыт такси жүргізушісі де болды. Бірақ әділдік түбі жеңеді емес пе? Бұрынғы әккі барлаушы Әмір қайсарлығы мен білімділігінің арқасында қазір Қазақстан елшілігінде «таза» дипломат қызметін атқаруда. Кездесуден соң екі күннен кейін Бекке аяқ астынан «Барлау қызметіненмін, Сәрсеннің атынан хабарласып тұрмын» деп, бір жас жігіт қоңырау шалып, кездесуге шақырды. Құпия ақпарат ала келіпті. Қарсы барлау қызметінің ақпаратына қарағанда, Қиыр Шығыс компаниясының өкілі бейресми түрде Қазақстанда болып, бірнеше қаржы компаниясының басшыларымен кездесу өткізіпті. Яғни, бұл істе сатқын жоқ! Бұл – осындай маңызды шаруаны уысынан шығарып алған Сәрсеннің жіберген кемшілігі. «Сәрсен жүздесуге ұялып, кездесуге өзі емес, көмекшісін жібергені де сондықтан шығар…». Өз ойынан Бектің өзі мырс ете қалды. Ең бастысы, ұзақ уақыттан бері жанын жегідей жеген ой мен күдіктен арылды-ау… Жастық шақтан келе жатқан жақын досы Болаттың сатқындық жасамағанына көзі жетіп, «уһ» деген… Арада біраз уақыт өткен соң тағы біраз жұмбақтың жауабы шешілгендей болған. Бұл – Қиыр шығыстық компания мен сол елдің арнаулы қызметінің бірлескен жобасы екен. Неге болмасын, әр елдің барлау күштері өз елінің ірі бизнес құрылымдарының мүддесін шет мемлекеттерде қорғап жүреді. Олар Бектің компаниясымен ғана емес, басқа да бәсекелестерімен кездесу өткізіпті. Осылайша инвестиция құю жайлы ұсыныс құпия түрде бірнеше компанияға қатар берілген. Осы әрекет – бәсекелес компаниялардан бір-бірі туралы ақпарат алуда барлау қызметінің ең тиімді әдісі. Бұл – әзірге қатардағы барлаушының тұжырымы. Ал ақиқатты тек архивтер ғана ашып береді…

* * *

Құрметті оқырман, барлаушының негізгі құралы – құпия. Сіздерге ермек болсын деп шифрлау арқылы жауабы табылатын жұмбақ жіберіп отырмын. Дұрыс шешсеңіз, барлаушы туралы әзілге толы құпияны оқи аласыз.

3 1 23 16 1 26 34 37 – 12 18 25 8 16 16 8 14 25 26 1 16 7 37 2 23 25 38 24, 18 8 17 8 24 8   2 23 25 38 24 – 12 18 25 8 16 16 8 14 25 26 1 16.

Бахытжан ТАСТАНБЕКОВ

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости