12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

РЕФОРМА БІР КҮНДІК ЖҰМЫС ЕМЕС

Еліміздің құқық қорғау алаңына әкімшілік әділеттің енгізілгеніне бір жыл толды. Әкімшілік әділет институты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес енгізілді. Әкімшілік әділет – бұл мемлекеттік әкімшілік органдардың қызметіне сот бақылауын білдіреді. Жалпы, кез келген мемлекетте экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру, инвесторларды тарту үшін мемлекеттік аппараттың қызметі дұрыс жолға қойылуы керек. Бұл аппарат кәсіпкерлердің кәсібіне кедергі болмауы, адамдардың құқығын бұзбауы керек.

Әкімшілік әділеттің міндеті – қарапайым азаматтардың, бизнес өкілдерінің құқықтарын тиімді қорғау, әкімшілік органдардың қызметін тәртіпке салу. Ол үшін жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қолданысқа енгізілді. Тәжірибелі, білікті судьялардан жасақталған арнайы соттар ашылды. Соттарға белсенді рөл берілді. Енді сот арызданушының талабын дұрыс тұжырымдауына, арызда кемшіліктер болса, оларды түзетуге, дәлелдер жинауға жәрдемдесе алатын болды. Соттың іс материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуіне мүмкіндік берілді. Әрине, реформа бір күндік жұмыс емес. Дегенмен, енгізілгеніне көп болмаса да, әкімшілік әділет өзінің оң нәтижелерін беруде. Бұл, ең алдымен, талап қоюшы жеке тұлғалар мен бизнес өкілдерінің пайдасына шығарылған шешім сандарының артқанынан көрінеді. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын мемлекет пен бизнес арасындағы даулардың 85 пайызы шенеуніктер есебінен шешіліп келген. Бүгінде бизнес өкілдері мен билік арасындағы сотқа жеткен істердің басым бөлігі кәсіпкерлердің пайдасына шешілуде. Нақты Қызылорда облысы бойынша көрсеткіштерге келетін болсақ, 2021 жылдың екінші жартыжылдығында әкімшілік іс қарайтын соттарға 339 іс келіп түскен. Осы істердің шешім шығарумен аяқталғандарының 69 пайызы талап қоюшылардың пайдасына шешілген. Өткен жылмен салыстырғанда биыл сотқа түскен істер саны 13% артқан. Талап қоюшылардың пайдасына шығарылған шешімдердің де саны артып, 74,6% құраған. Яғни, қабылданған шешімдердің ¾ бойынша әкімшілік органдар әрекеттерінің, шешімдерінің заңсыздығы танылған.

Сотқа түскен істерді түрлі санаттар бойынша сараласақ:

• сот орындаушыларының әрекетіне дау айту бойынша – 190 іс (26%);

• мемлекеттік сатып алу бойынша – 128 іс (18%);

• жер даулары бойынша – 109 іс (15%);

• салық даулары бойынша – 68 іс (9,3%);

• еңбек даулары бойынша – 38 іс (5,2%);

• тұрғын үй даулары бойынша – 27 іс (3,7%); • басқа да даулар бойынша – 170 іс (23%).

Яғни, облысымызда әрекеті жиі дауланатын лауазымды тұлғалар – жеке сот орындаушылары болатын болса, шешімдері жиі наразылық туындатып отырған сала – мемлекеттік сатып алу саласы болып отыр. Мемлекеттік органдар ішінде әртүрлі деңгейдегі жауапкер ретінде ең көп тартылғандар әкімдіктер (әкімдер). Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап бүгінгі күнге дейін 203 әкімшілік іс бойынша әкімдіктер (әкімдер) жауапкер ретінде қаралған. Оның ішінде Қызылорда қаласының әкімі 39 әкімшілік іс бойынша жауапкер ретінде тартылған. Әкімшілік істердің көбінде әкімнің жер учаскелерін табыстауға байланысты шешімдері дауланған.

Шешім шығарумен аяқталған істердің 83% қала әкімінің әкімшілік актілері, әрекеттері заңсыз деп танылған. Бұл көрсеткіш жер учаскелерін табыстау барысында жергілікті атқарушы орган тарапынан заң талаптары сақталмайтынын, азаматтардың құқықтары жиі бұзылатынын айқындайды. Құзырлы органдар тарапынан жер табыстау үдерісінің жүйелі бұзушылықтармен жүргізілгенінің мысалы ретінде талап қоюшы Т.-ның жауапкерлер Қызылорда қаласының әкімі мен Қызылорда қаласының жер қатынастар бөлімінен жер учаскесін азамат Н.-ға табыстау туралы қаулысының күшін жоюды сұраған әкімшілік ісі бойынша анықталған заңбұзушылықтарды келтіруге болады. Іс бойынша даулы учаске онда орналасқан бөгде тұлғаның құрылысымен бірге, құрылыстың тағдыры шешілмей, табысталған. Нәтижесінде жауапкерлер қала әкімі мен Жер қатынастары бөлімі тарапынан жер учаскесіне құқық берудің Жер кодексінің 43-бабында белгіленген тәртібі бұзылған. Келесі бұзушылық – жер комиссиясы отырысының өткізілу тәртібінің сақталмауы. Қағидаға сәйкес, жер комиссиясының әрбір отырысы барысында жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында онлайн трансляциялау режимінде жер комиссиясы отырысының дыбыс-бейнежазбасы жүргізілуі тиіс. Бұл талаптар жер табыстау үдерісінің ашықтығын, әділдігін қамтамасыз ету үшін белгіленген. Аталған талаптар сақталмаған. Тағы бір бұзушылық – жер учаскесін алушылар кезектілігінің сақталмауы. Кезектілікке сәйкес алдында 1835 адам бола тұра, Н.-ға жер учаскесі кезектен тыс, заңсыз табысталған. Сонымен қатар, жерді мемлекет мұқтажына алып қоюға байланысты бұзушылықтар анықталған. Сот талқылауы барысында белгілі болғандай, мемлекет мұқтажына деп алынған жер учаскелері кейіннен басқа тұлғаларға табысталған. Ал бастапқы меншік иелеріне жер учаскелері қаланың шет аймақтарынан бөлінген.

Осындай заң бұзушылықтармен қабылданған әкімнің қаулысы сот шешімімен заңсыз деп танылып, күші жойылған. Жер кезегін қалыптастыру, кезекке қою (кезектен шығару) тәртібінің нормативті түрде реттелмеуі, жер комиссиясы отырыстарының онлайн форматының сақталмауы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын факторлар болып табылады. Сондықтан сот барысында анықталған бұзушылықтар бойынша шара көру және оларды келешекте болдырмау мақсатында жеке ұйғарым қабылданған. Осындай істерді қарауда ӘРПКмен бекітілген соттың белсенді рөлі қағидатының көп көмегі тиюде. Бұл қағидат соттың іс материалдарымен шектеліп қоймай, әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты және толық түрде зерттеуіне, өз бастамасымен қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинауына құқық берді. Бұл, өз кезегінде, әкімшілік сот ісін жүргізудің басты міндеті – бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру міндетін іске асыруға, даулардың заңды әрі әділ шешімін табуына мүмкіндік туғызды.

Жанат ОСПАНОВА,

Қызылорда облыстық әкімшілік істер жөніндегі

сот алқасының төрағасы

Олжас Бектенов су тасқынына қатысты тексерулер туралы айтты

Премьер-министр Олжас Бектенов ТЖМ-нің Дағдарыстық жағдайларда басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдады.

Алматы тауларында 20-дан аса заңсыз салынған ғимарат сүрілуі мүмкін

Алматы мәслихатының шешімі бойынша, 2022 жылы 15 градустан жоғары еңіс жерлерде құрылыс салуға тыйым салынды. Сонымен қатар, бұл түзетулер қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілген, онда тау бөктеріндегі 4270 гектардан аса жер рекреациялық аймақтарға ауыстырылуы тиіс.

Нүкенованың ағасы Салтанат Бишімбаевтан қанша рет кеткісі келгенін айтты

Прокурор Айтбек Амангелдіден Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаевты қанша рет тастап, қайтып келгенін біле ме деп сұрады.

Жел, найзағай және жаңбыр: Елімізде ауа райы қандай болады?

Қазгидромет 29 наурызда Қазақстан тұрғындарын қандай ауа райы күтіп тұрғанын айтты.

Мемлекет басшысы Боао Азия форумы сессиясында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі.