28 C
Алматы
Пятница, 8 июля, 2022

ҰРЫ

(Соңы. Басы өткен №52 санда)

Бәйбішесі баптаған күрең шәйға қанып ішіп, Сәулет әдеттегідей жұмысқа жиналды. Іштей іс-тәжірибесіне сүйеніп жоспар құрғаны бар. Ал, қашанда ұрының арты қуыс, оның адымын аштырмауға ширақ қимыл қажет. Неден бастап, неден аяқтаудың формуласы қылаң беріп тұрған секілді. Кешегі теміржолға тағы барды. Қасында екі әріптесі бар, бірі – жаңадан қызметке келген жас жігіт, екіншісі– тісқаққан кәнігі маман. Дегенмен, жас жігіт Сәулетке ұнайды. Әлі қулық-сұмдықтан ада азамат. Не істесе де, барынша ықыласпен кіріседі. Ал, кәнігі маманның әккілігі бар, жұмсаған жерге жартылай қатысады. Сәулет теміржолдың екі бағытына екеуін жұмсады. Шамамен бір жарым шақырымға дейінгі аралықтан аяқ ізін анықтау жүктелді. Ішкі түйсік әлдебір жағдайды сезінетін сияқты. Рация қосулы. Хабар күтіп, тағатсызданып Сәулет қалды. Төңіректі шолып, тыным таппай, тықыршып тұр. Кенет, иә, кенет жас полицей Берік байланысқа шығып, байғазы сұраған баладай қуанып: «Жолдас капитан, теміржол рельсінен аттаған із шықты, дереу жетіңіз!». Сәулеттің көздері оттай жанып кетті. Аяғын ширақ басып, діттеген орынға да жетті. Шынында, тайға таңба басқандай із сайрап жатыр. Әккі ұры теміржол желісінде етігін ауыстырып, үйге қарай таза киіммен кеткен. Сол із шеткі үйге апарды. Есікті қағып еді, ешкімнің дыбысы шықпады. Олар ішке енді. Дастарқан жаюлы, шәйдің ыстығы басыла қоймаған. Демек, үйден ұзамаған. Айналасы жарты сағаттың жобасында зіңгіттей жігіт бас сұқты. Баласын балабақшаға апарып келген беті екен. Түр-тұлғасына қарап, «мынау ұры» деуге қимайсың. Иә, мынау түсінде көрген жігіт. Бойшаң десе бойшаң, ап-арық. Спортшыға ұқсайтыны келіңкірейді. Тек беті бұлдырап дұрыс байқалмаған еді, сонысы ғана өң мен түстің арасын алшақтатып тұр. Сәулет іштей «Е бәлем, қолға түстің бе? Ешкімге ұстатпаймын деген шығарсың. Бәрі бекер, ұры ақыры торға түседі. Сен де сондайсын» деп бетіне бажайлап қарады. Өзі де бірдеңе сезген шығар, артық қозғалыс жасамай дастарқан басына жайғасты.

– Бауырым, таныса отырайық, менің есімім – Сәулет. Қасымдағы серігім – Берік. – Нұрбол.

– Сені іздеп жүргенімді сезген боларсың, енді бізбен бірге РОВД-ға баруыңа тура келеді. Ол үндеген жоқ. Қолын созып, кісен салдыруға икемденді. Сөйтті де, жетектегі баладай ілесіп жүре берді. Өңі өрттей, әлденеден секем алғандай қипақтап келеді. «Мың асқанға – бір тосқан» екенін енді сезгендей ме, атаманның ақыры таяғанын да түсініп тұр. Камераға кіргенде бірден сылқ түсті. Бұрын тергеу камерасында отырмаған, бірінші түсіп тұрғаны көзінен көрініп тұр, тап-тар тас қапасқа жалғыз қамаған соң көздері жыпылықтап кетті. Сәулет – психолог, адамды көзден таниды. Ол Сәулеттен алдымен бір дана темекі сұрады. Асықпай тартып алды. Тартқанда да құшырланып емес, қайғы жұтқан кісіше қалың ойға қамалып отырды. Неден бастап, неден аяқтарын білмей, дал күйдегі пенде секілденіп, абыржып та қояды.

– Ал, Нұрбол, енді бүкпесіз айтуға тиістісің. Заң талабы солай. Алдаймын деп өзіңе өзің ор қазып жүрме?

– Түсінікті.

– Бұл іске қашаннан әуессің?

– Үш жыл болды.

– Оған не түрткі болды?

– Жоқшылық.

– Ұрлыққа түсетін үйді кім көрсетіп отырды?

– Ешкім, өзім шешемін.

– Байқауымша, кілең дәулетті кісілерді таңдағансың…

– Иә, олар мемлекетті жеген мешкейлер. – Ім-м. Тіпті, кейбіреуіне екі-үш реттен ұрлыққа түскеніңді білемін.

– Енді.. енді жағдай солай болды. Ақшасы болған соң амалсыз қайталанды.

– Былай қарасам, үйлі-баранды адамсың. Бала-шағаң өсіп келеді. Келіншегің базарда сауда жасайды. Өзіңнің жұмыс істеуге құлқың жоқ. Отбасын асырау үшін күн-түн демей жұмыс жасауың керек еді ғой…

– Жолдас капитан, ондай моральды анау мес қарындарға айтыңыз. Солар бір жалақымен күнелтіп отыр ма? – Сенің біреуде жұмысың болмасын, әркім өзіне жауап береді. Адамды алдағанмен, Алланың алдында бәрі бірдей. Ол күнәһар ма, әлде жемқор ма, тиісті жазасын алады. – Так, ұрлықты кімнен бастадың? – Бағдәулеттен. Кәдімгі кәсіпкер ше? – Иә, танимын. Естуімше, сексен келі тартатын сейфті тонағансың. Оны бірөзің үйден қалай көтеріп шықтың? – Оның ешқандай қиындығы жоқ. Мен спортпен айналысқанмын, ондай салмақ маған түк емес. Шынында бұлшық еті ойнақшып тұр. Қолы қайратты. – Енді сейф қайда? – Әжетханаға тастадым. Тек ішінен ақшаны ғана алғанмын. Құжаттарға тигенім жоқ. Әжетханадан айғақ зат табылды, сырты кленкамен оралған. Ешбір құжат зақымданбаған. Қанша ұры болса да ұяты бар екен. – Байқауымша, есік алдында адамды жұлып жейтіндей төбет ұстайтындар бар. Одан қалай сескенбедің? – Жолдас капитан, ит – сезімтал аң. Адамның қорқып тұрғанын сезіп қояды. Сосын бас салады. Сәулеттің сауалы біраз уақытқа созылды. Күдіктінің жауабына аға уәкілдің таңданысы көп. Адамның жандүниесі ашылмаған арал, шешілмеген жұмбақ қой. Бірақ жасаған ұрлығына қарап, қайран қаласын. Біріншіден, үйде кісі бар кезде ғана ұрлыққа түседі. Екіншіден, қай үйде ақша барын, ол қай жерде жасырулы тұрғанын сезеді. Үшіншіден, қай заттың қайда тұрғанын мүлт кетпей тура айтты есте сақтау қабілеті мықты екен. Оны ұрлыққа түскен үйлерді аралау барысында байқатты. Өзі айтқандай, тайыншадай төбеттер тіпті, үруге шамасы келмеді. Бір бұрышқа басын тығып, үнсіз жатты. Ол ақша танығыш қасиетін де жасырмады. – Мен кешкілік ақшаны бетіме жайып, иіскеп жатамын. Сол иіс мұрынға әбден сіңген соң бай-шонжардың баспанасына жетелейді. Және бұрын мүлдем таныс емес үйге еркін кіріп, ұйқыдағы адамдардың үстінен аттап өтіп, діттеген жерден дәмелі затымды алып шығамын, – деді. – Есіктің құлыбын бұзбай ашатын қандай құрал пайдаландың? – деді Сәулет келесі сұрағында. – Оның ешқандай қиындығы жоқ. Құлыпқа сәйкес келетін кілт жетіп жатыр. Оған темекі тұқылын пайдаландым. Тұқыл құлыптың кертік-бүртік ішкі тістеріне қадалып қалып, жылтыр шарикті жылжытып, пружинаны сығымдайды, ары қарай оңай ашыла қояды. – Жарайды, солай-ақ болсын, қазір эксперимент жасаймыз. Камераның тас-түйін есігін аш. Менің көзімді жеткізген соң саған сенейін. – Ол үшін ескі-құсқы кілттер мен темекі берсеңіз… Алла сақтасын, өз кілтімен әрең ашылатын құлыптың сарт етіп ілмегі босанып кетті. Мынауың нағыз «медвежатник» болды ғой. Не десеңіз, о деңіз, Нұрбол кәнігі ұрыға жатпайды. Кәсіп қылып соңына түскен де емес. Тек қалтасы қағылып, қаражатсыз қалғанда амалсыздан барады. Өзі де кімнің үйіне ұрлыққа түсуді біледі. Белі ауырып, бақайы сыздап, қара бейнеттен маңдайынан тері сорғалаған сорлыға жуымайды, оларға жанашыр көңілмен қарайды. Олай дейтінім, ұрлық жасаған соң ақшасын оңды-солды жұмсамай, алдымен көшеде үйсіз жүрген пақырларды жарылқайды. Мешітке барып, садақасын салады. Әйтеуір қаражаттан қиналып, кірер есік, барар тауы таусылған пендеге қол ұшын беруге құмар. Бұған не дейсіз? Міне, осындай ұры… Ел болған соң есер де бар, елгезек те бар, еңбекке епті де, епсіз де бар. Сонда Нұрбол қайсысына жатады? Мүмкін епті шығар… Әлде есер ме? Нұрболдың әйелімен де сөйлесуге тура келді. Есімі Дана екен. Сұлу, сүйкімді келіншек. Жасы отыздың о жақ, бұ жағы. Базарда жалға алған бутигі бар. Сауда-саттықпен айналысады. Күнделікті ішіпжемін ақтайтын көрінеді. Дана алғашқыда сөйлесуден ат-тонын ала қашты. Нұрболдың не іспен айналысатынынан бейхабар болып шықты. Дегенмен дымы ішінде. Қасында жатқан байын білмейтіні өтірік. Үйге қомақты қаржы кіргенін әйелдің білмей қалуы мүмкін емес. Қанша жалтарса да қайда барады? Адам сырын айтам деп шынын айтады ғой, ол іштегі құпиясын ақтарып салды. – Нұрбол, нағыз спортшы. Ерінбейді, көп еңбектенеді. Әттең оған жақсы жаттықтырушы табылмады. Сонан кейін спорт екінші кезекке ысырылып қалды. Ол шыққан отбасы үлкен шаңырақ. Бауырлары бар, бірақ тығыз қарым-қатынаста дей алмаймын. Енеміз еншімізді бергенде, бір көрпе, екі жастық, текемет қосты. «Енді алақандарыңды жая бермей, өз күндеріңді өздерің көріңдер» деді. Содан бастап Нұрболдың мінезі өзгерді. Ел қатарлы өмір сүргісі келді ме, баспана салуға әрекеттенді. Ауы мен бауы құралмады. Шаршады. Ертелі-кеш жастыққа қисайып, ойлана беретін болды. Кей кездері жоғалып кетіп, екі-үш күн өтіп оралады. «Қайдан келдің?» десем, жауап қатпайды. Әйтеуір ақша әкеледі. Қайдан білейін, бір жерге барып, жұмыс істеп келген екен деймін де қоямын. Қай әйел ақшаны жек көреді, іштей тағы әкелсе деп тұратын болдым. Кейде күткендегіден көп мөлшерде әкеледі. Қуанып қаламын. Аздап алтын бұйым алдым. Бутигімнің заттарын арттыра бастадым. – Сонда ұрлық жасап жүргенін қалай сезбедіңіз? – Кейінгі кезде ол ұзақ уақытқа кетіп қалатын болды, – деді Дана шындықтың шымылдығын ашқысы келіп. – Мен де бір үйдің жалғыз қызы едім. Күйеуім туралы шешем айта бастаса мен жүре тыңдадым. Сөйте тұра оның кеңесіне көнбей, Нұрболды сүттен ақ, судан таза етіп, ақтап жүрдім. Бір артықшылығы, маған дауыс көтерген емес, айтқанымды сол заматта орындайды. Таңертең жұмысқа кеткенде, қызымды садикке апарады, алып қайтады. Ұлдың сабағын қадағалап, мектепке дайындап жібереді. Кешке үйге келгенде тамақ дайын, үй таза болады. Мұндай еркекті жер бетінен тауып көр. – Сонымен Нұрболдың ұры екенін білдіңіз… – Білдім. Қалтасында бума-бума ақша жүретін болды. Қалаға қатынағыш, қасына достарын ертіп, тойлататын әдеті көбейді. Артынан аңдуға көштім. Кафеде отырған жерінен үстінен түстім. «Пора-пора ақшаны қайдан алдың?» дедім. «Досым берді» деді. «Осының ісі шикі» деп соңынан ұстап алдым. Бірақ полицияға айтуға дәтім бармады. Өз күйеуімді өзім қалай ұстап берейін. Содан үнсіз қала бердім. – Дұрыс, Дана. – Енді Нұрбол сотталады. Жазаны жасаған қылмысына қарай тағайындайды. Дананың түрі өзгеріп кетті. – Біз қалай өмір сүреміз? – Елдің ішіндесіз, аш қалмассыз. – Соңғы сұрағым бар: «Нұрболмен кездестіресіз бе?» – Жарайды. Тек ертең. Дана үйіне кетті. Ертесіне әйелі Нұрболмен кездесті. Камера толықтай бақылауға алынды. Алда-жалда араларында қылмысқа қатысты мәселе қозғалса, бейнежазу қалт жібермейді. Дана егіліп, көз жасына ерік берді. Байқаймын, Нұрболды сүйеді. Қылмыскерге қимайды. – Жаным, енді біз қалай өмір сүреміз? – Саудаңды жасай бер, аштан өлмессіңдер. – Бізге қалдырған қаражатың жоқ па? – Бәрі бітті. Сосын сотқа келмей-ақ қой. Босқа көңілің босайды. – Нұрбол, бірдеңе деші… – Шатырда сөмке бар. Соның ішіндегі бірнеше өтімді деген заттарды сатып жібер. Енді үйге қайт! Нұрболдың нысанаға алған нүктесіне Данадан бұрын Сәулет жетті.

Шынында, бір сөмке зат. Дүрбі де бар, сағат, пышақ, қысқасы сөреге шығармай-ақ саудасы келіп тұрған дүние. Әлгі айғақ заттардың енді егесін білетін боламыз. – Нұрбол, мына дүрбі кімдікі? – Спандиярдың үйінен алдым. – Ол үйден тағы басқа қандай зат қолды қылдың? – Алтын сағат. – Мынау екен ғой. Ендеше Спандиярмен бетпе-бет кездесеміз. Оқиға қалай жасалды, соны барынша айтып бересің. – Жарайды. Алдымен Спандиярды телефонмен полиция бөліміне шақырды. «Полиция іздеп жатыр» дегесін, Жаппарқұлда жан бар ма, жетіп келді. – Сіздің үйіңізге ұры түскені туралы хабарыңыз бар ма? – Жоға, құдай сақтасын, оллаһи-биллаһи дейін… – Сейф қайда тұратын еді? – Подвалда. – Соңғы рет қашан көрдіңіз… – Есімде жоқ. – Так, мына заттарды танисыз ба? – Дүрбі менікіне ұқсайды. Сағат точно менікі. – Мұны қалай білмегенсіз? – Күнде сейфті ақтара бермейміз, керек затты ғана қараймыз да, жауып қоямыз. – Жақсы. Бара беріңіз. Келесі заттың иесі де келді. Ол өз дүниесін танығанда шоршып түсті. – Мынаны сен құрттың деп баламнан көріп жүрсем, мұнда екен ғой. – Үйіңізге ұры түскен. – Не дейд! Алла сақтасын… Заттар түгел таратылды. Бұлтартпас айғақ Нұрболдың қылмыскер екенін дәлелдеп тұр. Қазбалай берсе, тағы қанша зат шығарын бір құдай біледі. – Нұрбол, сен кей адамның үйіне бірнеше рет ұрлыққа түстің. Олар сезіктеніп қалып, сені аңдыған болар… – Мені жынды дейсіз ба, күнара бара беретін. Арасын суытып барам ғой. Дегенде адамы жоқ үйге кірмеймін. – Сонда қалай? – Ол таза ұрлыққа жатпайды. Қаруы жоқ адамға қару қолданған секілді. – Ондай да әдіс бар ма? – Әрине. Мен түнгі мезгілде, ел шырт ұйқыда жатқанда шығамын. Сол шақ ұрлыққа өте ыңғайлы. – Қанша үйді тонадың, сол ақша қазір қайда? – Негізі оңай келген олжа оңай кетеді екен. Мен соны сездім. Әйтеуір бір тылсым күш беталды жұмсауға итермелеп тұрады. Әйтпесе, миллионер болатын уақыт туды. Дегенде мен сізге ризамын.

– Не үшін?

– Мені ұстағаныңыз үшін. Басқа адам ұстауы мүмкін емес. Менің артымнан сезікті із қалмайды. Ұрлық жасаған күні міндетті түрде моншаға барамын. Әбден тазаланамын. Киім де жуылады. Сосын елдің көзіне түсе бермеуге тырысамын.

– Нұрбол, болар іс болды, бояуы сіңді. Енді өкінгенмен кеш. Түрмеде бос отырмай, өзіңді тәрбиеле. Ұрлық жасамауға өзіңді бейімде. Біреудің адал дүниесі сізге байлық болмайды. Наласы бар, одан жақсы болған адам көргенім жоқ.

– Көрермін! Қылмыстық іс сотқа өткізілді. Сот Нұрболды айыпты деп санап, алты жыл бас бостандығынан айырды. Қазір ол Шымкент түрмесінде жазасын өтеп жатыр.

Қаныбек ӘБДУОВ, журналист ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости