28 C
Алматы
Пятница, 8 июля, 2022

Мемлекеттік қызметшінің әдебі

Мемлекеттік қызметшінің әдебі өте маңызды ұғым. Өйткені мемлекеттік қызметшінің тәртібі мен өзін өзі ұстауына, кәсіби біліктілігіне, халықпен қарым қатынасына қарай халықтың тұтас мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады. Сондықтан елімізде мемлекеттік қызметшінің әдеп нормалары қалыптасқан. Мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуі тегіннен тегін емес. Қоғамның айнасы саналатын мемлекеттік қызметшілер өз әрекетімен басқаларға да үлгі бола білуі керек.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсете білуі тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық мәдениеті мен кәсібилігі туралы қоғамда оң пікірді қалыптастыруға тырысуы керек. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, бірлі жарым адамның өрескел әрекеті тұтас мемлекеттік қызметкерлерге күйе болып жағылмауы қажет. Және мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс, үнемі салауатты өмір салтын ұстануы және отбасы құндылықтарын да насихаттауы қажет.

Атап өтер жайт, мемлекет басшысы мемлекеттік қызметкерлерді ең алдымен халықтың үнін естуге, көпшіліктің үніне құлақ асуға шақыруда. «Еститін Үкімет тұжырымдамасының» да басты қағидасы осы. Яғни мемлекеттік қызметкерсің бе, онда ең алдымен халық үніне құлақ ас деген қағидаға келіп тіреледі. Жақында ғана  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюрократиядан арылу жөніндегі Жарлыққа қол қоюы да тегіннен тегін емес. Яғни мемлекеттік қызметкердің басты міндеті халыққа адал қызмет ету болып табылады. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің осы кәсіби міндетіне де адал болуы шарт.

Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің басты міндеттерінің бірі — қызметкердің мінез-құлқының  және өзге адамдармен қарым-қатынасының оңды болуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды болдырмаудың алдын-алу  жұмыстан  тыс кезде  заң бұзушылықтарға жол бермеу болып саналады. Сонымен қатар, бүгінгі күні қоғамымызда әлеуметтік желілердің кең қолданыста екенін ескере отырып, атап өтер жайт мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметшінің қарапайымдылық, сыпайы бейнесіне сай келмейтін өрескел  суреттер  орналастыруға тиым  салынады. 

Жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметшіге беделін түсіретін және қоғам тарапынан сын мен айыптау тудыратын жағдаяттардан қашқақтау қажет. Жол қозғалысы ережесін бұзу, алкогольді мас күйде автомобиль басқару, сондай-ақ жол полициясы қызметкерлеріне бағынбау өрескел әдеп бұзушылық болып табылады. Рас, қазір әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметшілердің кейбір әрекеттерін телефонына түсіріп алып, айтарлықтай дау тудырып, қоғам назарын өзіне тез аударып жатады. Демек халық мемлекеттік қызметшілерден әрқашан жауапкершілік күтеді, талап етеді. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің әдебі барлық уақытта маңызды.

 Мемлекеттік қызметшінің әдеп кодексіне сәйкес басшы және қоластындағы қызметкер барлық тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңдық мүдделерінің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс. Азаматтармен және әріптестермен қарым қатынас жасау кезінде сыпайылық және әдептілік танытып, мемлекеттік қызметте өз ара қарым-қатынастың жоғары болуына атсалысуы керек. Жалпы мемлекетке деген құрмет мемлекеттік қызметші арқылы қалыптасатынын әркез ұмытпағанымыз жөн.

Осы орайда атап өтер жайт, жақында мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге арналған Әдеп кодексінің жаңа редакциясы қабылданды. Нақтырық айтсақ кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» туралы тарау енгізілді. Бұл кодекс мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін стандарттауға және өрескел мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі туралы 6 қағида негізделді. Атап айтқанда, адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану тараулары бар. Жалпы жаңа әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып табылады. Уақыт сұранысына сай толықтырып отырған заңнамамыз еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің жүріс тұрысына әрі қорған, әрі бағыт бағдар болары сөзсіз.

Накуллов Серік Мұхатәліұлы
Алматы қаласы бойынша соттар Әкімшісі басшысының орынбасары

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости