12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ӘРІПТЕСТЕР АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН КҮН

Былтыр ҚР Жоғарғы Сотының еліміздегі мереке күндер тізбесіне өзгерістер енгізу туралы жобаны дайындап, Үкіметке жолдағанынан бәріміздің хабарымыз бар. Кейіннен судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне қатысты ұсыныс ашық талқылауға шықты. Талқылау биыл болғанымен, бұл тақырып талайдан бері әріптестер арасында сөз болып, оң шешімін табуын жылдар бойы күткеніміз рас. Сондықтан болар, елорда жаққа құлағымызды тігіп, ақжолтай хабарды күтіп, тақымымызды қысумен болдық.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов аталған жобаны толықтай мақұлдап, 2022 жылғы 31 наурыздағы тиісті қаулысымен «Мереке күндерінің тізбесі 13-1-тармақпен толықтырылып, ағымдағы жылдың 24 маусымы – Судья және сот қызметкерлері күні» деп бекіткенде, алақайламаған, сүйіншілемеген жан жоқ. Бұл біздің сала үшін үлкен жеңіс, ерекше қуаныш. Енді күнтізбеде судьялар мен сот қызметкерлерінің де арнайы кәсіби мерекесі бар. Осының өзі әріптестердің бұл мәселені жиі-жиі биік мінберлерден айтып, көпшілік талқысына шығаруының нәтижесі болса керек. Сот саласында табан аудармай қызмет етіп келе жатқан судья ретінде ғана емес, заңды, сотты сыйлайтын азамат ретінде осы кәсіби мерекенің белгіленуіне менің де үлесім бар деп ауыз толтырып айта аламын. Себебі, судьялардың кәсібіне құрмет көрсететін, мәртебесін көтеретін арнайы мерекенің қажет екенін мен жылдар бойы «Заң газетінде», «Юридическая газетада», «Заң» журналында бірнеше рет жаздым. Бұл мақалаларда сот саласының қоғамдағы айрықша орнын, мемлекеттік биліктің бір тармағы екендігін, елдегі әділдік пен қауіпсіздіктің тамыры сот жұмысымен өзектес болғандықтан, судьялар мен сот қызметкерлерін ынталандыратын кәсіби мерекенің қажеттігін нақты дәлел-дәйектермен көп талқысына салған едім. Әр жылдары жарық көрген мақалаларыма республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан әріптестерім қызу қолдау білдіріп, бұл ұсыныстың орынды, өзекті екенін алға тартып жатты. Әсіресе, әлеуметтік желілерде, ақпараттық порталдарда бұл мәселе туралы шынайы пікірін, оң көзқарасын білдіргендер аз болған жоқ. Осының өзі бағытымыздың түзу, талабымыздың орынды екеніне көзімізді жеткізе түсті. Басқа тақырыптарда ойымыз бөлек, ұстанымымыз басқа болғанымен, ортақ мерекеге қатысты әріптестер пікірінің бір жерден шыққаны ерекше қуантты. Менің мақалаларымнан кейін өзге өңірлердегі судьялар, сот ардагерлері де тақырыпқа үн қосып, мәселенің оң шешілуіне азаматтық үлесін қосты. «Көп түкірсе – көл» демекші, көпшілік қалауының ескеріліп, тәуелсіздіктің отыз жылында үздіксіз жазылған маңызды мәселенің заңдық тұрғыда реттелгені, әрине, қуаныш.

Бұған дейін 30 тамызды Судьялар күні ретінде атап жүрдік. Бұл сот құрылымының заңға ғана бас иетінімен, Ата Заңды тірек ететінімен байланысты болса керек. Сондай-ақ Тәуелсіздік күнін де судьялар мерекесі деп танып, әріптестерімізге жақсы сөзін, ыстық лебізін арнайтындар көп еді. Мұның астарында «сот беделі – мемлекет беделі» деген тәмсілдің жатқаны анық. Десек те, биыл тұңғыш рет атап өткелі отырған мерекенің 24 маусымға орайластырылуы да заңның шеңберінен алыстап кетпейді. Судья мәртебесі, сот жұмысына қатысты заңнамалардан хабары бар азаматтар 1992 жылы дәл осы күні Тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бастап қолданыста болған «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» заңға тек соттың сот төрелігін жүзеге асыруы туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін білсе керек. Осы өзгертулер арқылы мемлекет атынан төрелік ететін сот жүйесінің жандануына, жаңғыруына жол салынғаны есімізде. Ендеше, 24 маусымның кәсіби мерекеге айналуы тарихпен тамырлас. Мереке күндерінің жайдан жай белгіленбейтіні белгілі. Еліміздегі басты мерекелер тәуелсіз мемлекеттің тұғырын нығайтып, халықтың бірлігін, татулығын, тыныштығын сақтауда маңызды рөл атқарады.

Осы ретте «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңының ерекшелігіне тоқталмай кету мүмкін емес. 2001 жылдың 13 желтоқсан күні қабылданған бұл заң алты баптан тұрады. Құжат мемлекеттік, ұлттық, кәсіби мерекенің аражігін заңдық тұрғыда ажыратып беруімен құнды. Заңда көрініс тапқан Ұлттық мерекелер Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне белгіленсе, мемлекеттік мерекелер қоғамдық-саяси мәні бар оқиғаларға арналады. Ал заңның 4-бабында кәсіби және өзге де мерекелерді белгілеудің реті көрсетілген. Мұндай мерекелік күндердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. Биыл судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесін күнтізбеге қосу арқылы Үкімет төрелік алаңында тынбай еңбек етіп жүрген судьялар мен мамандарға ерекше ілтипат, құрмет көрсетті. Жалпы, кез келген кәсіптің иесі марапатқа, құрметке лайық. Олар өз еңбегімен мемлекеттің өркендеуіне, елдің дамуына ықпал етеді. Ал судьялар мен сот қызметкерлерінің әділдікті орнатуда, қауіпсіздікті сақтауда, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауда өлшеусіз еңбек етіп келе жатқаны кім-кімге де белгілі. Яғни, судьялардың кәсіби мерекесінің белгіленуі – сот алаңындағы мамандарды мемлекеттік деңгейде мойындаудың, еңбекті бағалаудың бір түрі. Ендеше, төл мерекеміз құтты болсын, барша әріптестер! Әділдіктің таразысын тең тартып, әрқайсысыңыз халықтың алғысына, ризашылығына бөлене беріңіздер! Біз үшін халықтың ықыласынан биік марапат жоқ.

Нұржан ҚАРАБАЕВ,
Алатау аудандық сотының
судьясы, Алматы қаласы

Қазақстанда тағы бір сот процесі тікелей эфирде көрсетіледі

Бұл туралы Жоғарғы Сот хабарлап, Қазақстанда республика соттарының сот отырысын тікелей эфирде өткізу тәжірибесі жалғасып жатқаны атап өтілді.

Қазақстанда көлік салығы алып тастала ма? Министрлік жауабы

Қазақстанда көлік салығы алып тастала ма? Бұл туралы редакцияның ресми сауалына Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.

Президент Қазақстан халқы Ассамблеясында тағайындаулар жүргізді

Президент Қазақстан халқы Ассамблеясында тағайындаулар жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Мемлекет...

«Жедел жәрдем шақыр дедім»: шымкенттік көріпкел сотта жауап берді

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында көріпкелден жауап алынды,...

БҚО-дағы су тасқыны: Жайықтағы қазіргі жағдай қандай?

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері Орал қаласында Жайық өзенінің су...