12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

«Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпас болар»

Қазақтың ежелгі заңдарының қай-қайсысын алсаңыз да бітімгершілікке негізделген. «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген аруақты сөздің өзі қазақтың кеңдігін, кемелдігін көрсетеді. Кешірім сұраған жанға кеңдік танытып, кектесудің соңын сыйластықпен түйіндеген бабаларымыздың бұл әрекетінде көркем мінезі, дархан көңілі жатыр.
Дау-жанжалды ашумен емес, ақылмен шешуге үндейтін ежелгі заңдардың басында тұрған хан, билердің даналығы да тәнті етпей қоймайды. Содан да болар, қанша ғасыр өтсе де Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің Жеті жарғысы өз құнын жоғалтпай келеді. Осы құнды жәдігерлердің негізін қалаған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің төрелігі де бүгінгі ұрпақ қадірлейтін өлмес мұра.
Ынтымақ пен бірлікті дәріптеген билерден алар үлгі-өнегеміз аз емес. Дала заңының дәстүрін бүгінге жеткізген билер қос тарапты теңдей тыңдап, тура төрелік айтуымен тарихта қалған. Сол бабалар мұрасын жаңғыртып, билер жолын жалғастыру бүгінгі ұрпаққа аманат.
Кешегінің билері – бүгінгі судьялар. Ал «Медиация туралы» заң дала заңын бүгінгі қоғамға бейімдеген заманауи құжат десек қаталеспейміз. Дау-жанжалдың басым бөлігін медиация арқылы бітіретін өркениетті елдер тәжірибесі осы заңның арқасында Қазақстанда да кең қолданыла бастады. Әрі бұл аты таңсық көрінгенімен, медиацияның қазақтың қанында бар екеніне, бітімгершілік – қазақы заңның басты қайнары болғанына көпшіліктің көзін жеткізді.
Бұл заңның қолданысқа енгізілгеніне де он жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт азаматтарға медиацияның мән-маңызын түсіндіру үшін ғана емес, тиімділігі мен ыңғайлылығын сынап көру үшін де жеткілікті болды. Қоғамда әділдік сұрап, дауласып жатқан адам көп. Құқығы тапталғандар өз мүддесін қорғау үшін сотқа жүгінеді. Дауды сотта шешу азаматтар үшін сенімді, заңды, қалыпты болғанымен, оның машақаты аз емес. Істі сотта таразылау көп уақытты алады, әуре-сарсаңды көбейтеді, қаржылық шығынға алып келеді. Бұдан бөлек, қос тараптың жүйкесін тоздырады, арадағы сыйластыққа сызат түсіреді. Осыншама әурешіліктен кейін тараптардың сотта жеңетініне де кепілдік жоқ. Ал дауды азайтудың бірден бір жолы – медиация институты.
Медиацияны қолдану даулардың тез әрі тиімді, оңтайлы шешілуін қамтамасыз етіп, тараптардың материалдық шығынының азаюына, адамның моральдық түрде шаршамауына ықпал етеді. Дауларды татуластыру, бітімге келу жолымен сотқа жеткізбей шешуде медиаторлардың көмегі зор. Қазіргі медиаторлар кәсіби тұрғыдан өскен, өз саласының жұмысын жетік меңгерген. Медиаторлар көбейген сайын азаматтарда таңдау мүмкіндігінің де артқанын айта кеткеніміз жөн. Бүгінде тараптар көптеген істе оң нәтижеге қолжеткізген, өзіне жүктелген міндетті сапалы атқарған, танымал медиаторлардың көмегіне жүгіне алады.
«Медиация туралы» заң қабылданған алғашқы кезең мен қазіргі уақытта қыз­мет етіп жүрген медиаторлардың қабілет-қарымы мүлде салыстыруға келмейді. Кезінде Жоғарғы Сот тарапынан кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың шоғырын қалыптастыру, халыққа таныстыру, жұмысын жандандыру үшін көптеген шаралар атқарылды. Медиаторлардың тізімін жасауда, ел ішінде беделі бар азаматтарды осы кәсіп айналасына топтастыруда да Жоғарғы Соттың көмегі көп. Тіпті, аудандық, қалалық сот ғимараттарынан медиаторларға арнайы бұрыш, бөлек кабинетті ұсыну арқылы да соттар медиативтік келісімдердің көбеюіне көмегін тигізді. Әрине, істердің соттың құзырына жетпей, медиациялық жолмен шешілуі судьяларға тиімді екені рас. Сот жүктемесінің азаюы судьялардың уақытын үнемдеп, назарын неғұрлым күрделі істерге аударуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүктеменің төмендеуі қазылардың ізденуіне, жаңа заңдармен танысуына, қоғамдық мәселелерге үн қосуына жағдай туғызады. Ендеше, медиацияны дамыту ең әуелі елдегі даукестікті төмендету үшін керек болса, екіншіден, азаматтардың әуре-сарсаңының алдын алып, уақыт, қаржы, жүйкесін құртпау үшін тиімді. Бұған қоса, медиация сот жүктемесін азайтып, жұмыс сапасын көтеруге де ықпалды болып отыр. Сондықтан, алдағы уақытта да медиацияның артықшылығын насихаттап, медиаторлардың біліктілігін көтеру бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.

Төленді Боранов,
Әуезов аудандық №2 сотыныңсудьясы

Алматы қаласы

Сот хатшысы болу абыройлы міндет!

Сот саласында сот хатшысының өз орны бар. Бірде-бір процесс...

Үлкенге де, кішіге де қамқор аға

Қазақстан соттарының төл мерекесі тек сот қызметкерлері үшін ғана...

ДАМУ ЦИФРЛАНУҒА ТІКЕЛЕЙ ТӘУЕЛДІ

Сот жүйесінің кешегісіне көз жүгіртіп, бүгінгісіне талдау жасайтын болсақ...

Жүйе Конституциялықнегіздерді нығайтты

Конституцияға сәйкес республикада мемлекеттік билік біртұтас. Ал Конституция мен...

Ардагер-судьяларға алғысымыз шексіз

Кәсіби мерекені белгілеудің өзіндік мәні бар. Бұл әр мамандықтың...