12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Ақиқаттың алдаспаны

Қазақстанның өз дербестігін алып, өркениетті елдер көшіне қосылғанына да отыз жылдан асты. Тәуелсіздік тұғырын бекітіп, мерейін өсірген саланың бірі – сот. Бұған отандық соттың отыз жылда жүріп өткен жолына, ізденістері мен іркілістеріне қарап отырып көз жеткізу қиын емес.
Сот – әділдіктің жаршысы, ақиқаттың алдаспаны. Сотқа берілетін баға судьяның шығарған шешімінің туралығымен, әділдігімен өлшенеді. Сондықтан да осы уақытқа дейін судьялар тәуелсіздігін арттырып, сот төрелігіне сырттан ықпал етуге жол бермеудің құқықтық негізі жасалды. Көп болып кеңесіп атқарылған сол қадау-қадау қадамдардың басында 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалық­тық референдумда қабылданған Ата Заңымыз тұр.
Осы бас құжаттың өзінде сот билігіне ерекше мәртебе беріп, судья тәуелсіздігін нығайтудың алғышарты қалыптасты. Конституциядағы жетінші бөлімнің тұтастай сот билігіне арналуы мемлекет атынан төрелік етер қызметке қаншалықты көңіл бөлінетінін көрсетсе керек. 75-баптың 1-бөлігінде «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады» деп нақтыланған. Бұл соттың мемлекет атынан билік ету, шешім шығарып, үкім ету құзырына ие екенін айғақтайды. Сонымен бірге 77-баптың 1-бөлігінде: «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады» деп сот билігінің қоғамдағы рөлін шегелей түскен. Ал судья тәуелсіздігінің заңмен бекітілуі өте маңызды. Өйткені, ешкімге жалтақтамайтын, айналасының пікіріне алаңдамайтын судья ғана қос тарапқа теңдей қарап, тура төрелік ете алады. Бұл бап атақты Майқы би атамыз айтқан «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген тәмсілді құқықтық тұрғыдан негіздей түседі. Заң мен арға бағынған судья ғана екі жақтың өз ойын айтуына бірдей мүмкіндік ұсына отырып, қандай күрмеуі қиын дау болса да, майдан қыл суырғандай ақиқатты анықтап шығады. Ақиқат таразы тең тартуы үшін судьяға алалау, бұра тарту – жат.
Конституциядағы 77-баптың 2-бөлігінде: «Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қыз­метіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді» деп дәйектелген. Заңдағы бұл тетіктің сақталуы сот тәуелсіздігін бекітіп, көпшіліктің мәртебелі қызметке деген құрметін еселейді.
Расында, сот ғимараты – ақиқат анықталатын қасиетті орын. Сондықтан да сот ғимаратына кірудің, сот отырысына қатысудың өзіндік тәртібі бар. Ашық сот отырыстарына кез келген азаматтың қатысуына рұқсат берілгенімен, мұндағы қағидаға бағыну, тәртіптен аттамау баршаның міндеті. Талапқа мойынұсынбау – сот төрелігіне құрмет көрсетпеу деп есептеледі. Ал сотты құрметтемеу – мемлекетті, заңды құрметтемеумен үндес. Сотқа қатысушылардың өз сөзін «Құрметті сот!» деп бастайтыны да сондықтан. Төрелік етер төрді сыйламағандарға әкімшілік, қылмыстық жаза барын да қаперден шығармағанымыз абзал.
Жалпы сот жүйесінде болған тың өзгеріс­терге мемлекеттің тұрақты қамқорлығы мен көреген саясаты серпіліс бергені сөзсіз. 2000 жылғы 25 желтоқсанда қабыл­данған «Қазақстан Республикасының соттары мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң да сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің өте маңызды тұғыры болды. Бұл бастаманың бәрі тәуелсіз соттың беделін асқақтатуды, абыройына көлеңке түсірмеуді көздеді. Өйткені, мықты, пәрменді, тәуелсіз сот – мемлекеттің тірегі.

Жанар Есембаева,
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының
судьясы

Біздің мақтаныштарымыз

Әлемдегі ең ұлы қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын «Мен өзімнің ұстазыма...

В ЗАЩИТУ ПРАВ ЖЕНЩИН И ДЕТЕЙ

Как известно Главой государства 15 апреля текущего года подписаны...

Жеке сот орындаушылар жұмысы жандануда

Қазақстанда жеке сот орындаушылар институты тиімділігін толықтайдәлелдеуде. Оны сот...

Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындау

АПК-нің 241-бабына сәйкес, шешім дереу орындау жағдайларын қоспағанда, заңды...

Оңалту процедурасын қолдану

Экономиканы қалпына келтірудің маңызды міндеттерінің бірі барлық тиімсіз және...