12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Үш буынды модель –
азаматтар құқығын қорғаудың кепілі

Үш буынды модельге көшпес бұрын, атқарылып жатқан жұмыстың неден бастау алғанына тоқталған дұрыс. Соңғы жылдары қылмыстық процесс саласындағы ұлттық заңнаманың елеулі өзгеріске ұшырағаны белгілі.

Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін, сол заманнан бері қалып қойған қылмыстық процестің ескі жүйесі 2015 жылға дейін қолданыста болған еді. 2015 жылдан бастап қылмыстық процестік заңнама түбегейлі өзгерді. Оған дейін тергеу алды тексеру деген өз алдына бір институт болған. Яғни, қылмыс туралы арыз, шағым немесе хабарламалар түскеннен кейін, қылмыстық іс қозғалғанға дейін 2 ай бойы тергеу алды тексеру шаралары жүргізілетін. Осы 2 ай ішінде барлық мүдделі адамдар тергеу органына бірнеше рет шақырылатын, олардан куәлік алынатын, сараптамалар мен аудиторлық немесе салық органдарымен тексеру жүргізіліп, шектеу қойылатын т.б. әрекеттер жасалатын.
Егер қылмыс белгілері байқалса, қылмыстық іс қозғалып, 2 ай бойы тергеу жүргізіліп, қайтадан жоғарыда атап өткен әрекеттер қайталап жасалатын. Нәтижесінде, адам бірнеше ай бойы әуре-сарсаңға түсіп, қылмыстық процесс орбитасына тартылып, жүйкесі тозып, оның конституциялық құқығының бұзылуына және сыбайлыс жемқорлықтың орын алуына түрткі болатын. Жаңа Қылмыстық-процестік кодексте біз бұл кедергілердің барлығынан арылдық. Кеңес дәуірінен қалыптас­қан тергеу алды тексеру институты жойылды.
Қабылданған кодекс қылмыстық процестегі азаматтардың құқығын қорғау бағытында елеу­лі әсерін тигізіп, жаңаша серпін алғаны сөзсіз. Бұдан кейінгі жылдары қылмыстық процесті барынша оңтайландыру, жеделдету және процеске қатысушылардың құқығын қорғау бағытында процестік заңнаманы жетілдіру мақсатында бірнеше рет өзгеріс енгізілген болатын.
Соңғы, концептуалды өзгеріс – осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы қылмыстық процесті жүргізудің жаңа моделін құру туралы тапсырма берген еді. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында «Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек. Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын», – деп атап өтті.
Бүгінде елімізде бұл модельді қалыптастыру жұмысы қарқынмен жүргізілуде. Аталған модель, бірінші кезекте, азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға және олардың қылмыстық процеске негізсіз тартылуын болдырмауға бағытталған. Мұндай тәртіп дамыған елдер тәжірибесіне негізделген. Бұл өзгерістің мәні неде?
Үш буынды модельдің бірінші буыны – тергеу органдары, екіншісі – прокуратура, ал үшіншісі – сот. Жаңа модель олардың өкілеттігін нақты ажыратып берді. Тергеу органы қылмысты ашады, дәлелдемелер жинайды. Прокуратура атқарылған жұмысқа баға береді, қылмыстық істі сотқа жолдау немесе қайта тергеуге жолдау мәселесін қарайды. Ал сот сол дәлелдемелерге баға бере отырып, үкім шығарады.
Үш буынды модельді енгізудің алғашқы кезеңі 2020 жылдың соңында күшіне енген болатын. Өзгеріске дейін тергеуші қылмыстық іс қозғап, барлық шешімдерді өзі қабылдайтын. Ал, прокурор, тек олардың заңдылығын тексеретін. Қазір қылмыстық процестегі негізгі шешімдер прокурордың келісімінен кейін ғана заңды күшіне енеді. Бұл шешімдер қатарында адамды күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, тергеп-тексеру мерзімін үзу және қылмыстық істі не қылмыстық қудалауды тоқтату бар. Яғни, жаңа модельге сәйкес, прокурор қылмыстық процестегі қадағалауды ең бастапқы сатысынан бастап жүргізуде. Аталған шешімдер қабылданардан бұрын прокурордың сүзгісінен өтіп, негізсіз деп танылғандары келісілмей, тергеу­шіге кері қайтарылады. Мысалы, адамды қылмыс­тық іс бойынша күдікті деп тану үшін тергеуші алдымен тиісті материалдар мен қаулы жобасын прокурорға ұсынады. Бұл уақытта адам әлі күдікті емес және қылмыстық процесс орбитасына тартылмаған болып есептеледі. Тек, прокурор қаулыға келісім бергеннен кейін ғана адам күдікті мәртебесін алады. Ал, прокурор дәлел жеткіліксіз деп санаса, күдікті ретінде тану туралы қаулыны бекітуден бас тартады.
Жаңа модель жағдайында атқарылған жұмыс­тың жетістіктері жақсы. Мысалы осы жылдың 1-тоқсанында қылмыстық процестегі азаматтардың конституциялық құқығын бұзу дерегі 31%-ға төмендегені байқалады. Жалпы, өткен жылы прокурорлар 400 мыңнан астам шешімнің заңдылығын тексерді. Сөйтіп, 366 мыңын келісіп, бекітті. Қалған 53 мыңы бекітілмей, кері қайтарылды. Бұдан басқа, прокурорлар күдікті деп тануға келіспегеннен кейін, 47 адамға қатысты қылмыстық іс ақтау негізінде мүлдем тоқтатылды. Қарапайым тілмен айтқанда, орган бұл адамдарды күдікті деп танығысы келгенімен, прокурорлар шешімді мұқият қарап, олардың іске қатысы жоқ екенін анықтады. Яғни, біз прокуратураның ең басты міндетін орындап, осы азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуын қамтамасыз еттік және оларды заңсыз қылмыстық қудалаудың, іске негізсіз тартылудың алдын алдық. Сондай-ақ, өткен жылдан бері прокурорлар 2 мыңға жуық істі өздері тоқтатты, өйткені бұл істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізу негізсіз болған. Осының бәрі прокурордың тергеу барысындағы қадағалаушы рөлінің артқандығын дәлелдейді.
Тағы бір айта кететін маңызды көрсеткіш – прокурор органның тоқтату шешімдерін бекітуден бас тартқаннан кейін, осы жылдың өзінде 90 қылмыстық іс сотқа жолданып, кінәлі адамдарға қатысты соттың айыптау үкімі шыққан. Яғни, осы арада біз нақты кінәлі адамдардың қылмыс­тық жауаптылыққа тартылуын қамтамасыз еттік, жазадан бұлтартпас қағидасын іске асырдық. Осылайша, істердегі барлық негізсіз шешімдер мен олқылықтар дер кезінде анықталып, уақытылы жойылды. Мұны біз прокурорлық сүзгі, яғни «фильтр» деп атаймыз. Мұндай «фильтр» үш буынды модельді енгізудің негізгі мақсатында қарастырылған.
Екінші кезеңде де прокурордың жауапкершілігі біршама артады. Өйткені, енді аса ауыр қылмыс­тық істер бойынша тергеу аяқталған кезде тергеу­ші іс бойынша, тек есеп әзірлейді. Ал, айыптау актісін прокурордың өзі жасайды. Бұған дейін, айыптау актісін тергеуші өзі дайындап, дайын актіні іс материалдарымен бірге прокурорға ұсынатын. Прокурор оларды бекітіп, нәтижесі бойынша істі сотқа жолдайтын немесе бұзушылықтар анықталған жағдайда тергеушіге қайтаратын. Енді прокурор қылмыстық іс материалдарын және тергеушінің есебін зерделеп, жиналған дәлелдерге баға бере отырып, айыптау актісін жасау немесе істі қайтару туралы шешім қабылдайды. Бұл жаңашылдық, қылмыстық істердің санаты бо­йынша кезең-кезеңімен енгізіледі. Биылдан бастап прокурорлар тек аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актілерін жасайды, келесі жылдан бастап – сыбайлас жемқорлық істері бойынша, ал, 2024 жылдан бастап барлық санаттағы істер бойынша акті жасау құзыреті прокурорға өтеді. Бұл өкілеттер біздің қолға билік қана емес, жауапкершілік те жүктеді. Егер, сот кезінде істе олқылық анықталса, жауапкершілік шешімдерді бекіткен, айыптау актісін жазған прокурордың мойнына артылады. Сондықтан, ең бірінші кезекте біз бұл өкілеттіктерді қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқығының бұзылуына жол бермеу үшін пайдаланатын боламыз.
Бұдан біз не түйеміз? Қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу оң өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Тергеу сатысында прокурордың рөлі күшейді. Нәтижесінде, жаңашылдық енгізілгелі соттар қылмыстық істерді қайта тергеуге сирек қайтара бастады. Яғни, прокурордың қатысуымен, бекітуімен іс тергеуінің сапасы артты. Сонымен қатар, әрбір қылмыстық іс тіркелген сәттен бастап прокурорлық қадағалаудың күшеюінің арқасында соттың да, прокурордың да оларды қайта тергеуге кері қайтаруы азайды. Бұл уақыт үнемдейді, тергеу созбалаңға салынбайды және қылмыстық процеске тартылған адамдардың құқығын барынша қорғауды қамтамасыз етеді.
Қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес тергеу органына, прокуратура және сотқа қойылатын негізгі міндет – заң талабын қатаң сақтай отырып, қылмыс жасаған адамды тиісті жауапқа тарту, тергеп-тексеруді жылдам әрі толық жүргізу, жәбірленушілерге келтірілген залалдың өтелуін қамтамасыз ету.
Қылмыстық процестің үш буынды моделі осы жоғарыда айтылған қағидаттарды барынша сақтауға және іске асыруға мүмкіндік беруде. Бұл ретте, кез келген өзгеріс заман талабына бейімделе отырып енгізілетіні белгілі. Жаңа модельдегі цифрлық технологияның, электронды форматта тергеп-тексерудің орнын ерекше атап өту қажет. Цифрландыру – үш буынды модельдің ажырамас бөлігі деп атауымызға да болады.
Әр іс бойынша негізгі процестік шешімдер прокурормен келісіліп, бекітілетіні мәлім. Қазір бұл үрдіс толығымен электронды форматта жасалады. Яғни, тергеушінің қаулыны қағазға басып шығарып, оны прокурорға келісуге әкелудің қажеті жоқ. Бұл жұмыстың барлығы арнайы ақпараттық жүйеде жүргізіледі. Іс қағаз жүзінде ме, әлде электрондық форматта тергеліп жатыр ма – маңызды емес. Бастысы – шешімдерді прокурормен келісу процедурасы толықтай онлайнға көшірілді. Бұл форматтың не пайдасы бар? Жасыратыны жоқ, бұрын тәжірибеде процестік құжаттарды өзгерту, бұрмалау, дәлелдемелерді алмастыру, оларды қасақана жою, істі әдейі жоғалтып алу сияқты фактілер кездесетін. Электронды құжатқа ешкім өзгеріс енгізе алмайды, оған мүмкіндік жоқ. Барлық іс, шешім, құжат базаға енгізілгеннен кейін сол қалпы сақталады. Оған ешкім кіріп, бір әріпті өзгерте алмайды. Осы маңызды.
Электронды іс жүргізудің артықшылығы аз емес. 2018 жылы республика аумағында небәрі 20 мыңнан астам іс электронды түрде тіркелген болатын. Бұл барлық тіркелген істердің 5% ғана құраған. Ал былтыр, яғни, 2021 жылдың қорытындысы бойынша барлық қылмыстық істің 80%-ын, яғни, 174 мыңнан астам істі электронды форматта тергедік. Енді салыстырып көрейік: 80% – былтыр, ал, осыдан үш жыл бұрын – 5%. Сондай-ақ, биыл алғашқы 3 айда бұл көрсеткіш 90%-ға жетті.
Жалғыз артықшылық бұл емес. Бүгінде прокурорлар қылмыстық істерді қашықтан тексере алады. Яғни, ол кабинетінен шықпай-ақ, компьютерінің алдында отырып, тергеу әрекетінің қаншалықты сапалы жүргізіліп жатқанын тексеріп, талдау жүргізе алады. Бұл үшін тергеу органдарынан істің өзін сұратып, бума-бума құжаттардың арасында отырып, жұмыс істеудің қажеті жоқ. Органдарға тексеріспен барудың да қажеті шамалы.
Бас прокуратурада отырып, біз шалғайдағы Маңғыстау өңіріндегі бір ауданның өңдірісінде қанша, қандай істер өндірісте бар екенін, олардың сапасы, қалай тергеліп жатқанын зерделеп, бағасын бере аламыз.

Серік Шалабаев,
Бас прокуратурадағы Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы

Неке-отбасылық қатынастары, даулары

Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексіне (әрі...

       Соттағы болып жатқан жаңашылдықтар(сот кабинеті, Е-өтініш,электоронды қылмыстық істер)

 Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотын электрондық жазбаны мейлінше...

          Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі негізгі проблемалармен...

Біздің мақтаныштарымыз

Әлемдегі ең ұлы қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын «Мен өзімнің ұстазыма...

В ЗАЩИТУ ПРАВ ЖЕНЩИН И ДЕТЕЙ

Как известно Главой государства 15 апреля текущего года подписаны...