12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Ел тарихындағы екінші референдум

Конституциялық референдум өткізуге санаулы күн қалды. Ел тарихындағы елеу­лі өзгерістен қалыс қалмай, қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі, бұл «Жаңа Қазақстанның» бастауы, еліміздің ертеңіне ықпал ететін маңызды сәт.
1995 жылдан бергі 27 жыл бойы елімізде референдум өткізілмепті. Президенттің өзі «Конституциямыздың 33 бабына түзету енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын» деп, мемлекеттің ісін барлық өлшем бо­йынша халықтың өзі айқындайтын жүйе құру үшін осы сәттен бастап еркіндікті елдің өзіне беріп отыр.

Дегенмен, референдумға қатысты халықтың пікірі де екіге жарылып отыр. Біреулер «Ата Заңға ешқандай толықтыру мен өзгеріс енгізу керек емес, 1993 жылғы Ата Заңды қабылдау керек» десе, халықтың енді бір парасы «Жаңа Қазақстанға жаңа Конституция керек, ақыры Ата Заңның үштен бірін өзгертейін деп отыр. Одан гөрі бас құжатты қайта жазайық» деген ұстанымда. Газетімізге пікір білдірген Алматы қалалық сотының судьясы Советхан Сәкенұлы Конституциядағы өзгерістердің біраз олқылығын көрсеткен еді. Ал қоғам қайраткері, ел ағаларының не айтары бар? Осы орайда мәселені қоғам талқысына салып көрген едік.

Марат Азбанбаев,
ҚР Судьялар одағының мүшесі, отставкадағы судья:

«ЗАҢДЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ДАЙЫНДАЙТЫН ЗАҢГЕРЛЕР МЕКТЕБІН АШУ КЕРЕК»

– Ата заңды қайта жазып шығу оңай шаруа емес. Дәл қазір бізде Ата Заңды қазақ тілінде қайта жа­зып шыға алатындай қазақтілді ғалым заңгерлер де жоқ. Бүгінгі қолданыстағы Ата Заң орыс тілінен аударылған. Негізі Конституцияның жобасын дайындайтын – Әділет министрлігі. Соларға құлаққағыс ретінде айтарым, жалпы, бізге қазақ тілінде заң дайындайтын заңгерлер мектебін ашу керек. Содан кейін ғана Ата Заңды қазақ тілінде қайта жазу мәселесін көтеруімізге болады. Оған біз қазір дайын емеспіз.
Мойындау керек, орыс тілінің қоғамда рөлі басымдау болып отыр. Яғни, Ата Заңды қайта жазып шығатындай заңгерлер күші, заңгерлер мектебі бізде жоқ. Екіншіден, референдумға барлық халықты қатыстыруымыз керек. Биліктен әділдікті талап етеміз. Бірақ өз ісімізге әділ емеспіз. Сосын ертең өзіміз өзгермей жатып, биліктен өзгеріс сұраймыз, сынаймыз. Бұл дұрыс емес. Сондықтан референдумға барша халық қатысса екен деген тілегім бар. Рас, Ата Заңды қазақ тілінде қайта жазу жақсы, бірақ оған қазір мүмкіндігіміз де, уақытымыз да жоқ. Қоғам үлкен өзгерісті қалап тұрған кезде референдум арқылы өзгерістер жасау да жаман емес дер едім.

Жабал Ерғалиев,
мемлекет және қоғам қайраткері:

«АЙТУЛЫ ІСТЕ АСЫҒЫСТЫҚ ТАНЫТПАЙЫҚ»

– Ата Заңның 98-бабы­ның 33-іне өзге­ріс енгізу бұл өте үлкен қадам. Сондықтан дәл қазір ең алдымен халқымыз осы өзге­ріске бір адам­дай қатысып, абыроймен өткізіп алуы керек. Біз бәріне асығып жатамыз. Дүниенің бәрін бір сәтте төңкеріп тастайтындай асығыстыққа бармай, уақыт сұранысына сай өзгеріп жатқан нәрселерге мән берсек деймін. Осы өзгерістердің өзінің салмағы айтарлықтай болып отыр. Президент мұндай жаңашылдықтар арқылы әділетті, таза Қазақстан құруға ұмтылып жатыр ғой. Сондықтан мүмкіндік берейік.
Президент жөнсіз билікке ұмтылмайтынын ашып айтты. Жүйені жайлаған жемқорлық, жүйесіздік халықты шаршатқанын ол да байқап отыр. Сондықтан Ата Заңға өзгеріс енгізу арқылы қоғамды тәртіпке шақырып, референдум арқылы бұл қоғамды халықтың өзі құруына мүмкіндік бергенін тиімді пайдаланғанымыз жөн. Алдағы конституциялық референдум тек бір қала немесе облыс тағдырына байланысты емес, ол тұтас мемлекеттің болашағына әсер ететін, бұдан да жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды күн деп ойлаймын. Өйткені, қоғам арасында күрмеуі шешілмей жатқан күрделі мәселелер көбейіп кетті. Сол себепті, Президент сөзден гөрі іске баса назар аударып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға қоя отырып, осындай маңызды шешім қабылдағаны анық. Соны бағалауымыз керек.
«Бүйректен сирақ шығара бермей», биліктің бастаған бағытында жұмыс­ты жалғастырып, абыроймен аяғына дейін жеткізсек екен. Саясат құбылып тұр, дүние күн сайын өзгеріп жатыр. Мен түсінем, тіл мәселесі бар, Ассамблея, ұлттық құндылықтар деген секілді мәселелер де халықты толғандырады. Бірақ қоғам дайын болған уақытта оның барлығы өз орнын табатын болады.

Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

«ТАҢДАУ – ХАЛЫҚТА»

– Осы өз­герісті ұзақ күттік. Отыз жыл күтіп, сірескен жү­йені өзгертуге енді қол жеткізіп жа­тырмыз. Сондықтан, бастаманы қол­дап, бір­ауыз­дан халық таңдауымен референдум жасауға күш салуымыз керек.
Мемлекет басшысы Конституцияға енетін түбегейлі саяси өзгерістерді таңдауды халықтың өзіне салып отыр. Мемлекет тарихындағы аса маңызды өзгерістерді жасау жолында референдум маңызды демократиялық институт екені айқын. Біздің елде, 30 жылдың ішінде референдум бір-ақ рет, осыдан 27 жыл бұрын Конституция қабылдағанда өткізілген еді. Осы уақытқа дейін Конституцияны талай рет өзгерттік. Конституцияның өзіне енгізілген төрт өзгерістің барлығын да халықтың таңдауына салмай-ақ, Парламент арқылы қабылдатып жіберді. Тіпті, «Елбасы – Тұңғыш Президент» туралы заңды 18 минутта қабылдап жіберген Парламент те болған бізде. Бұл жолы да Ата Заңға өзгерістерді ескі сүрлеумен, бұрынғыдай Парламентте қабылдата салудан ҚР Президенті Қ.Тоқаев мақсатты түрде бас тартып, Жаңа Қазақстанның жаңа өзгерістерін халық таңдауына салып отыр. Өйткені, Конституцияның үштен бірі, 33 бапқа 50-ден аса өзгеріс енеді және бұл саяси жүйедегі түбегейлі бетбұрыс жасайтын өзгерістер. Сондықтан да бұл ел тағдырындағы шешуші өзгерістерді Конституция бойынша Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатын – халық шешуі керек. Өйткені, конституциялық реформа – Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес екені айқын.
Біз Президенттің Конституцияға енетін түбегейлі саяси өзгерістерді таңдауды халықтың өзіне салуын әрине, қуана қолдаймыз. Енді ескі Қазақстанның таптаурын сүрлеуінен шаршаған елді Жаңа Қазақстанның жаңа қадамы – халықтың өз тағдырын өзі шешетін референдумы күтіп тұр. Жаңа дәуірін жариялаған Қазақ Елінің Конституциясы халық таңдауымен өмірге жолдама алмақ. Президент ұсынған мемлекетімізді өзгертетін жалпыхалықтық референдумда бәріміз өз таңдауымызды жасай білейік. Ал оны жан-жақтан тартқылау, шараның өз дәрежесінде атқарылуына кедергі болады.

Есберген Алауханов,
заң ғылымының докторы, профессор:

«МАҢЫЗДЫ ІСТЕН ШЕТ ҚАЛМАҒАН ЖӨН»

– Ата Заңды қайта жазу үшін жылдар керек. Ең кемі бір жыл керек. Дәл қазір оған қоғам дайын емес. Референдумға он күн қалғанда Ата Заңды қайта жазамыз деп тыраштанбай-ақ қойсақ болады. Қоғамды тез қалпына келтіру үшін референдум арқылы өзгертулер мен толықтырулар жасап жатыр. Оны қайта жазу үшін бір-екі жыл дайындық қажет. Ата Заңға қоса беретін болсақ қоғамымызда қордаланған мәселе көп. Сондықтан қалған мәселелерді конституциялық заң шеңберінде шеше береміз. Еліміздің болашағының дамуы тікелей осы референдумға байланысты болып отыр. Сол себепті ел үшін жаны ашитын әр азамат осы референдумға қалмай қатысу керек деп ойлаймын.

Ирак Елекеев,
заңгер, мемлекет және қоғам қайраткері:

«ӨЗГЕРІС ЕЛГЕ КЕРЕК»

– Осы рефердумды өткізіп алған соң, талқыға сала отырып, Ата Заңды қайта жазу мәселесін кейін қарастырсақ болады. Бірақ дәл қазір саяси өзгерістер керек болып отыр. Сондықтан референдум арқылы Ата Заңды бір реттеп алсақ, қайта жазу мәселесі кейінірек шешімін табады деген ойдамын. Өйткені, бұл үлкен мәселе. Бірінші Президентке қатыс­ты өзгерістердің өзі шын мәнінде үлкен жетістік деп айтар едім. Жер, жер астындағы қазба байлықтың барлығы халықтыкі деп Ата Заңда көрсетілуінің өзі бізге көп мүмкіндіктер береді. Өз басым жер, оның қойнауы, оның қазыналары халықтың меншігі деген концептуалды тың тұжырым жасалып отырғанын жоғары бағалаймын. Конституция бізде көп бұрмаланды. Соны қалыпқа келтіріп алсақ та болар еді. Ата Заңды өзгерту билік үшін емес, ең алдымен халық үшін керек. Сондықтан референдум арқылы бастамаларды халықтың таңдауына салуды өзім қолдаймын. Бастысы «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты Парламентке сүйенетін Президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр. Президент өз қолынан өкілеттіктерінің біраз бөлігін Парламентке беріп, оның өкілеттігін кеңейтпек. Рас, Ата Заңды аударма қылмай қайта жазсақ болар еді. Қазір орындалмағанымен, ол күнге де жетерміз. Бірақ дәл қазір асығыстық жасауға болмайды.

Қуаныш Ермек,
«Заң газеті»

Тоқаев су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады.

Ең бастысы, адам өмірін барынша сақтап қалдық — Тоқаев су тасқыны туралы

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына тап болған қазақстандықтар тағы да бірлік пен ынтымақ рухын көрсеткенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысын өткізіп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы отырысы басталды.

Көлік нөмірін кімге рәсімдеуге рұқсат етіледі? ІІМ мәліметі

ІІМ-де көлік құралын тіркеу және жүргізушілерді даярлау қағидаларына енгізілген түзетулер туралы айтылды.

Бишімбаев ісі бойынша сот тергеуі аяқталды: ары қарай не болады?

Астана соты Бишімбаевқа қатысты сот тергеуін аяқтады. Келесі кезең - сот жарыссөзі.