12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Алқабидiң құқығы мен мiндетi

Сот жүйесін реформалауда оң нәтиже берген іс-шаралар баршылық. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заң қабылданды. Сот жүйесі толықтай атқару органдардың ықпалынан босатылды. Сот қызметіне «Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесі» енгізілді. Судьялардың беделін көтеріп, тәуелсіздігін нығайтуға ерекше назар аударылды. Сот жүйесін жетілдіруде сот ісін ұйымдастыруда халықаралық стандарттарды қамтамасыз ететін нормалар көрсетілген Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Республика аумағында мамандандырылған соттар құрылды. Тағы бір ерекше даралайтын өзгеріс – аса ауыр қылмыстық істерді қарау­ға, оның ішінде қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен қарауға мамандандырылған соттардың құрылуы.
Заң үстемдігін қамтамасыз етуге қатысты ұсынылған қадамдарда алқабилер сотының қолданысын кеңейте түсу жайы да сөз болды. Ұлт жоспарындағы 21-қадам бойынша алқабилер соты қолданылатын салаларды кеңейту, сондай-ақ, алқабилер соты міндетті түрде қатыстырылатын қылмыстық істер категориясының анықталуы қажеттігі көрсетілді. Алқабилер сотын енгізу – азаматтардың құқық қорғау ісіне қатысуын, сот төрелігінде әділ үкім шығаруға атсалысуын көздейді.
Алқабилер соты тұрақты қолданылып жүрген сот мекемесі емес, өзінің өмірлік тәжірибесі және ішкі адал сезімі негізінде айыпталушының кінәлі немесе кінәсіздігі туралы мәселені айқындайтын, оны шешу үшін сотқа уақытша шақырылатын соттың ерекше нысандағы институты. Түптеп келгенде, алқабилер сотының  қызметін қолдану біздің еліміз үшін таңсық дүние болмауы керек. Олай дейтініміз, алқабилер институтының сот жүйесінде кең қолданысқа ие болуы – қазақ елінің салт-дәстүрі, ғұрыптық ережелер жолымен құқықтық жүйені енгізген билер сотының жалғасын тауып, бүгінде қайта жаңғырып, заман талабына сай, уақыт көшіне қайта ілесуін көрсететіндей. Бұрын әр істі байыптап шеше білген би-шешендерге деген халық сенімі қандай жоғары болса, бүгінгі алқабилер соты да  халықтың тура төрелікке деген сенімін арттыра түсетін аса ірі демократиялық өзгеріс болмақ.
Алқабидiң өз құқығы, мiндетi және iстi қарауға байланысты оған қойылатын шектеулер бар. Сот отырысындағы жалпыға ортақ талапқа бағынумен бірге, алқабилер iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнің рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге; iстi қарау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға; жабық сот отырысына қатысуына байланыс­ты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ, кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес. Алқабидiң өз мiндетiн дұрыс атқармауы, осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы Қазақстан заңында белгіленген жа­уаптылықта, төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндігіне әкеп соғады.
Алқабилер соты қолданысының кеңеюі қылмыстық іс жүргізудің жалпы жағдайлары мен негізгі принциптерін сақтай отырып, мынадай мүмкіндіктерге жол ашады:
1) тараптардың өз мүдделерін қорғауына себепкер болып, олардың алқабилер соты мен кәсіби судьялар алдында өз көзқарасын ашық білдіруіне мүмкіндік бере отырып, сот ісін жүргізуде жіберілетін қателіктердің жойылып, істің әділ шешім табуына ықпал етеді;
2) алқабилер мен процеске қатысушылардың араласуымен іске қатысты кез келген дәйектер зерттеліп, сот залындағы зерттеу нысаны болған деректер негізінде қорытынды жасалады;
3) алқабилердің сот отырысына қатысуы тараптардың құқығын қорғай отырып, қарама-қарсы тарапқа қолайлы болар шешімнің шығуына, іске қатыстылардың даулы әрекеттерінің оңтайлы шешім табуына әсер етеді;
4) алқабилердің қатысуы қылмыс­тық іс жүргізу нысанының қатаң сақталуына жағдай жасайды, яғни, алқабилер құрамындағы кәсіби судья емес мүшелер жауапкердің кінәлі не кінәлі еместігін істің барлық мазмұнын қарау нәтижесінде байыптай отырып, шешім шығару жүйесін қылмыс­тық іс жүргізу заңнамасына сәйкес реттейді. Ал кәсіби судьялар алқабилер сотына дейін істің мән-жайымен таныс болғандықтан, оларда қаралатын мәселе төңірегінде өз пікірі қалыптасып қояды;
5) алқабилердің қатысуымен сот төрелігін жүргізу арқылы халықтың сот жүйесімен танысуына мүмкіндік туады.
Осылайша, алқабилер сотының сот жүйесіндегі қолданысының кеңеюі ұлттық қылмыстық іс жүргізу құрылымының гуманистік тұрғыда өзгеруіне, демократиялануына, сондай-ақ, заң жүйесінің нығаюы мен бәсекеге қабілетті болуына әсер етеді.
Бүгінде алқабилер сотына азаматтарды таңдаудың оңтайлы жолы қарастырылып келеді. Бұл институт қызметінің бірізге түсіп, кең қолданысқа ие болуының мәнісі өте зор. Алқабилер сотының қолданылу аясының кеңеюі әділетті сот жүйесінің биік деңгейге көтерілуіне өз септігін тигізері де сөзсіз.

Торқалы Бектұрсынов,
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы

Кеңседегі іс жүргізу мәселелері

 Кеңсе жұмысы әртүрлі бағытта жұмыс жасайды. Бүгінде бұл бағытта...

Дау шешудің дара жолы

Өз заманында Төле, Қазыбек,  Əйтеке сынды кемеңгер билеріміз бірігіп,...

Неке-отбасылық қатынастары, даулары

Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексіне (әрі...

       Соттағы болып жатқан жаңашылдықтар(сот кабинеті, Е-өтініш,электоронды қылмыстық істер)

 Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотын электрондық жазбаны мейлінше...

          Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі негізгі проблемалармен...