12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Кеген ауданы даму мүмкіндіктері

Кеген ауданында 9 мың гектар суармалы жер бар. Бірақ, игеріліп жатқан суармалы жердің бар көлемі 300 гектар ғана. Ауданда ірі-қара мал басы көбейген. Алайда, жайылымды жерлер дұрыс пайдаланылмайды.  Алматы облысы әкімі Қанат Бозымбаевтың Кеген ауданы тұрғындарымен кездесуінде негізінен осы мәселелер көтерілді, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің жұмыс сапары аудандағы ауыл шаруашылығы саласының жағдайымен танысудан басталды.

Ауданда бүгінде 28 мың бас жылқы, 54 мың бас мүйізді ірі қара, 204 мың бас қой-ешкі бар. 1990 жылдармен салыстырғанда жылқы мен мүйізді ірі қара басы екі есеге өскен. Есесіне жайылым жерлеріне қатысты дау туындап,  тұрғындар үшін басты проблемаға айналған. Аудан басшылығы бұл мәселенің бір шешімі ретінде 14 мың гектар жайылымды жері бар Саты жайлауына жол салу арқылы шешкісі келетіндерін облыс басшысына жеткізді. Кеңес заманында малшылар малдарын Саты жайлауына қырғыз жері арқылы айдаған. Отыз жылдан бері қазақ-қырғыз шекарасы салынғалы тау басындағы Саты жайлауына жол жабылған. Аудан басшылары осы жайлауға жету үшін облыс басшысынан ұзындығы 24 шақырымдай тау жолын салуға көмектесуін сұрады. Қанат Бозымбаев бұл ұсынысқа қолдау білдіріп, тиісті жоба мен қаржылық смета жасауға тапсырды.

Аудан орталығы Кеген ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасымен 36 жалгерлік тұрғын үй салынған. Биыл 490 млн. теңгеге 20 жалға берілетін үйдің құрылысы басталмақ. Ал, аудан бойынша тұрғын үй алу кезегінде 503 адам тұр. Кеген ауданының  әкімі Талғат Байеділов тұрғындардың баспанаға сұранысын қанағаттандыру үшін салынатын тұрғын үйлердің санын көбейтуге облыс басшысынан көмек сұрады. Құрылыс қарқынын күшейту керек деген облыс әкімі Қанат Бозымбаев ауданда құрылыс материалдарын, оның ішінде кірпіш шығаратын зауыттың жоқтығына назар аударды.

1987 жылы салынып, содан бері күрделі жөндеу көрмеген 640 орындық  К. Нұрпейісұлы атындағы орта мектептің жағдайымен танысқан облыс әкімі жөндеу жұмыстарына қажетті 977, 5 млн. теңгенің бөлінгенін айтты.

  Түстен кейін аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен 2 сағаттай кездесу өткізген облыс әкімі баяндамасында пайдасыз жатқан 9 мың гектар  суармалы жердің суару жүйесін жаңартуға биыл республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінгенін, жалпы осы бағыттағы жұмысқа 5 млрд. теңге жұмсалатынын баяндады. Жаңарған суару жүйесі дәнді дақылдар көлемін ұлғайтуға, мал азығын көптеп дайындауға мүмкіндік бермек. 

Облыс әкімі ауданда картоп өңдейтін кәсіпорындардың жоқтығын да атап өтті. Өңірде сыйымдылығы 1,6 мың тонналық екі сақтау орны ғана бар. Ал аудан бойынша 46 мың тонна картоп жиналады. Сақтайтын жердің жоқтығынан картоптың пайдасын өсірген адамдар емес,  арзанға алып қымбатқа сатып жүрген алыпсатарлар ғана көріп жүр деді. 

«Мал шаруашылығында 55 мыңнан астам ірі қара мал бар, оның ішінде 27 мың бас сиыр, орташа есеппен жылына 27 мың тонна сүт сауылады. Бірақ ауданда бірде-бір сүт-тауар фермасы жоқ»,- деді Қ.Бозымбаев.

Әкімнің айтуынша, биыл мамыр айында Жылысай, Ұзынбұлақ, Қарабұлақ, Жалаңаш ауылдық округтерінде жайылымды суару жұмыстарына республикалық бюджеттен 1,8 млрд. теңге бөлінген. 90 құдық қазылып, су құбырлары жаңартылады. Облыс әкімі орынбасары Ә.Жақанбаевқа, ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкімімен бірлесіп, сүт-тауар фермалары мен қайта өңдеу өндірістерін, жылыжайлар мен көкөніс қоймаларын ашу үшін инвесторлар тарту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Сұрақ-жауап кезегінде тұрғындар қыстың соңында мал шығыны көп болғанын, оған ешқандай өтемақы алмағандарын айтты.

Аудан басшылары  көктемдегі күн райының күрт өзгеруінен 266 бас ірі қара, 431 бас жылқы, 1900 бас қой шығыны болғанын растады. Облыс әкімі бұл жағдайды өзіне дер кезінде баяндамаған аудан басшыларына ескерту жасады. Сондай-ақ, арнайы комиссия құрып, расталған шығынға өтемақы беру жолдарын қарастыруды тапсырды. 

Тұрғындар ең көп қозғаған мәселе – жайылымды жердің жетіспеуі, жер бөлінісінің дұрыс жүрмеуі. Бұл мәселені түбегейлі шешуге алдағы айда ауданға арнайы комиссия келіп, тексеру жүргізетін болды.

Cапалы ауыз суға қатысты сұрақ та көп қойылды. Жалпы, Кеген ауданында 34 елді мекеннің 31 немесе 91 пайызы  орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 221 шақырымды құрайды, желілердің тозуы — 48  пайыз.

Биыл Ақтасты ауылындағы су құбыры желісін қайта жаңарту аяқталмақ.  Шырғанақ ауылында су құбыры желілерін салу жобасы әзірленген. Құрылыс жұмыстарына қажетті 679 млн. теңгеге  республикалық бюджетке сұраныс  берілген.

«Нүсіпбеков және Қарабұлақ ауылдарының сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама сараптаманың қарауында. 2020 жылдан бастап Бөлексаз ауылында ауыз сумен жабдықтау жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізілуде, аяқталу мерзімі — 2021 жылғы қазан айы болған. Өз міндеттемелерін орындамауына байланысты сот мердігерді ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін жұмысты аяқтауға міндеттеді. Бірақ жұмыс әлі де жүргізіліп жатқан жоқ» деген облыс әкімі  аудандағы барлық жобалардың іске асырылуы өз бақылауында болатынын хабарлады. 

Жол азабын алға тартқан тұрғындар аудан аралық, ауыл ішілік жолдардың сапасыз салынып жатқанын,  «ҚазАвтоЖол» мекемесіне қарасты жолдарды ауыл әкімдіктерінің қызметкерлері тазалап жүргендерін айтты.

Жалпы, Кеген ауданында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 68 пайыз, облыс бойынша бұл көрсеткіш 89 пайыз.

Биыл ауданның жалпы ұзындығы 73,5 шақырым көшелерін жөндеуге 2,8 млрд.теңге бөлінген. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің басшысы Е.Жасыбаев ауданға үш мәрте келіп, жол жағдайымен танысқанын, осыған дейін жолды сапасыз салған мердігерлермен келісім-шарттарын үзгенін хабарлады.

Жиында ауданда педагог, дәрігер  тапшылығы, жас мамандарға жағдай жасау, жастарды кәсіби мамандыққа оқыту ісі де талқыланды.

Сондай-ақ, мал терісі мен қой жүнін өткізу мәселесі де айтылды. Өз сөзінде облыс әкімі қай өңірге барса да елдің осы мәселені айтатынын,  мал терісін,  қой жүнін бос тастамас үшін Моңғолия мен Түркиядағы бауырлармен ақылдасып қолға алуды ойластырып жүргенін жеткізді.

 Таулы аймақтың қысы сегіз айға созылады деген тұрғындар ауданға газ қашан келетінін сұрады. Облыс әкімінің айтуынша, «Шелек-Кеген» магистральдық газ құбырын салуға жобалық-сметалық құжаттама қыркүйек айында дайын болады. Газ құбырының ұзындығы — 229  шақырым.

«Келесі жылы республикалық бюджеттен қаражат сұралып, құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Құбыр таулы жерден өтетіндіктен жұмысының қиындықтары бар. Дегенмен, магистральдық газ құбырлары екі  жыл ішінде салынып, Кеген және Райымбек аудандарына газ жеткізіледі»,- деді Қ. Бозымбаев.

Бұдан басқа аудандағы өнеркәсіп көлемін арттыру, ұлттық спортқа қолдау білдіру, туризм саласын дамыту мәселелері де көтерілді.

  Жиын соңында аудан ақсақалдары кездесуде халық көкейінде жүрген барлық проблеманың көтерілгенін, оларды шешуге қатысты тұщымды жауап естігендерін, енді нақты нәтиже шығару үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ, 5 маусымдағы референдумға Кеген ауданының халқы бір кісідей қатысатындарын, кемшілікті жасырмай айтып, халықпен санасатын Жаңа Қазақстан саясатын қолдайтындарын жеткізді.

 Өз тілшіміз

Алматы облысы

Әзербайжан астанасында Алматы облысының күндері өтуде

Баку тұрғындары мен қонақтары Алматы облысының мәдениеті мен табиғи...

Жетісу облысында 11 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді

Жетісу облысында жастармен, соның ішінде NEET санатындағы жастармен жұмыс...

Қайырымдылық – жүректен: Ұзынағаш тұрғындары «Мектепке жол» акциясына белсене қатысуда

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ. Жоқ-жітікке қарасу,...

Алматы облысында «Ассамблея жастарының» республикалық слеті өтті

Еліміздің әр аймағынан жиналған белсенділер өңірдің көрікті мекендерін аралап,...

Жетісу облысында көпбалалы аналарға арналған алғашқы тігін цехы ашылды

Бүгін Жетісу облысының Текелі қаласында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының...