12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Өмірәлі ЖАЛАИРИ, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы: Билік органдарында тек кәсіби мамандар қызмет жасауы керек

– Республикалық референдум өткізуге қоғамда қажеттілік бар ма?
– «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген тұжырымдағы сауал қойылатын бұл референдумның тарихи маңызы бар. Мұндай жағдайда халықтың таңдау жасауы міндетті түрде керек. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың Парламент арқылы қабылданғаны дұрыс емес дегенді заңгерлер бұрыннан айтып жүретін. Өйт­кені, заң шығарушы органның жасақталуының өзінде кемшілік болды. Парламент депутаттары партиялық тізіммен қабылданды.

Сондықтан Президенттің қанша қаражат кетсе де ел өмірінде маңызды рөл атқаратын конституциялық реформаларды референдум арқылы халық өзі шешсін деген ұсынысы дұрыс деп ойлаймын.
– Заң жобасында Конституциядағы 98 баптың бұл жолы 33- ішінде қоғамда көптен бері сөз болып жүрген 7-баптың 2-тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөздің өзгеріссіз қалуы жұртшылық арасында алаңдаушылық тудырып отырғаны байқалады. Тіпті, кейбір белсенділер үштен біріне өзгеріс пен толықтыру енгізілетін болса, алдағы уақытта тағы жамап-жасқап жүргенше неге бірден «Жаңа Қазақстанның жаңа Конституциясын» жасамаймыз дегенді ашық айтуда. Бұл туралы сіздің пікіріңізді білсек?
– Заң жобасында әлі де әттеген-ай дейтін тұстардың бар екені рас. Соның бірі өзіңіз тілге тиек етіп отырған 7-баптың 2-тармағы. Менің пікірім қазіргі халықаралық жағдайда оны өзгертуге болмайды. Әлемдік саясаттағы жалпы жағдайды өзіңіз де біліп отырсыз ғой. Ресей Украинаны неге басып алды деген кезде, дәл осы тіл мәселесінің маңызды рөл атқарғанын сезген шығарсыз. Ресми тіл деген қазіргі жағдайда керек боп тұр. «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдап, жұртшылық алаңдап отырған мәселенің бәрін сонда жан-жақты көрсетсек те болады.
– Конституция өзге заңдардан бәрібір жоғары тұрады емес пе?
– Қазақ тілін дамыта алмай отырғанымыз орыс тілінің ресми тіл статусына байланысты екені рас. Қолданыстағы «Тіл туралы заң» да ескірді, бізге жаңа заң керек. Онда көп мәселелерді нақтылап жазып қоюға болады. Соның бірі – мемлекеттік қызметке қазақ тілін біл­мейтін адамды жібермеу. Қазір бізде шалақазақ министрлер аз емес. Келесі бір маңызды мәселе – жарнама. Көшедегі жарнамаға қарасақ өз елімізде тұрсақ та шетелде не Ресейде жүргендей күй кешеміз. Оның бәрі міндетті түрде ең алдымен қазақ тілінде жазылу керек. Оған бізге ешкім кедергі бола алмайды.
– Конституциялық Соттың 11 судьясының төртеуін және Сенаттың келісімімен төрағаны Президент тағайындамақ. Бұл мәртебелі соттың тәуелсіздігіне нұқсан келтірмей ме?
– Біз Президенттік басқару нысанында өмір сүріп жатырмыз ғой. Бұған дейін суперпрезиденттік басқару жүйесінде де болдық. Мемлекет басшысы өзінің бірқатар өкілеттігін Парламентке берді. Сондықтан еліміз әлі де Президенттік басқару нысанында болған соң ол міндетті түрде өз өкілін сайлауы керек. Ол дұрыс. Конституциялық Соттың үш-үштен 6 судьясын Сенат пен Мәжіліс тағайындайтын болады. Оның еш сөкеттігі жоқ. Өйткені, бізде партиялық жүйе әлі онша дамымаған. Партияларды тіркеу­де қол жинау үшін қажетті қолдаушылар саны 5 мыңға дейін азайтылды. Шын халықтың мұңын айтатын, оның мүддесін қорғайтын жаңа партиялар пайда болады. Сол кезде біртіндеп Парламенттік басқаруға да көше бастаймыз. Оның да уақыты келеді. Көп өкілеттікті Президент Парламентке беріп жатыр. Енді Парламенттің құзыреті кеңейеді. Депутаттардың 30 пайызын халық өзі сайлайды. Халық өзі таңдайтын болса Парламентте біртіндеп белсенді, мықты депутаттар пайда болады деп ойлаймын.
– Бір мандаттық аумақтық сайлау округінен сайланған депутаттардың қызметіне көңілі толмайтын болса, сайлаушылар кері шақырып алған кезде өз мандатынан айырылады. Парламенттік тізіммен сайланған депутаттар арасында да үнсіз отыратындар бар ғой?
– Ол енді партияға, оның мүшелеріне байланысты. Қызметі ойдан шықпаған, жұмысын дамытпаған депутаттарды бұл тізімнен алып тастауға болады. Оны халық шешпейді. Біз оларды 50/50 бола ма деп едік. 30/70 боп қалды. Заң жобасында Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын депутаттар мүлде алынып тасталды. Оны да заңгерлер бұрыннан айтып жүрген. Ассамблея мүшелері халықтың аз ғана үлесі ғой. Бұрын олар бір топтың ғана депутаты болып саналатын. Енді 50-баптың 3-тармағына енгізілген өзгеріс бойынша Сенаттың 10 депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Президент тағайындайды. Яғни, өзі тағайындайтын Парламент депутаттарының саны 15-тен 10-ға түсіріліп отыр. Мәжілістен Ассамблеяны алып тастады.
– Референдумда сайлаушылар белсенділігі төмен болады деген де күмән бар.
– Сондықтан Конституциядағы өзгерістерді халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жан-жақты жеткізу керек. Заңгерлер мен қоғамдағы басқа да зиялы қауымды халықтың арасына көбірек жіберу қажет. Олар заң жобасындағы өзгерістерді жұртшылыққа барынша түсіндіргені жөн. Өйткені, бізде бұрынғы реформалар үстіртін болды. 2017 жылы мен осындай жұмыс тобының мүшесі болдым. Сонда біз Президентке ұсақ-түйек нәрселерді ұсыныс қылып бердік. Қазір енді Президент қомақты нәрселерді Парламентке беріп отыр. Жоғары аудиторлық палата төрағасы жылына 2 мәрте Парламент алдында есеп береді. Министрліктер бюджет қаржысын дұрыс игермейді деп жатырмыз ғой. Парламент жаңадан жасақталатын болса, бұйырса, соның бәрі дұрыс шешіледі деген үміт бар.
Заң жобасын жасауға мамандар қаншалықты деңгейде атсалысты?
– Президент жолдауынан кейін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған белгілі мамандар мүше болды. Заңгерлер де жиналып жұмыс тобына өзіміздің ұсынысымызды бердік. Жалпы, «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жасаған жолдауының аясында жасалған дүние. Жолдауда қалай айтылды, солай болды. Жұмыс тобы бәрін саралады. Енді жоба барлық БАҚ-та жарияланып жатыр. Жаңалыққа халық белсенді қатысуы керек. Референдумға сайлаушылар бармайды деген, меніңше, құр бос сөз. Халық қазір оянды.
– Заң демекші, бізде соңғы 30 жылда 3 заңның жобасы ғана қазақша жасалып, қабылданды. Бұл заң шығарушы билік өкілдерінің қызметіне үлкен сын емес пе?
– Біз де оны айтып жатырмыз. Ол депутаттарға да байланысты. Менің түсінігімде олардың көбі заңгер, экономист болуы керек. Егер осы уақытқа дейін қазақ тілінде жасалған және сауатты түрде қабылданған заңдар неге аз дейтін болсаңыз бұл олардың нашар заңгер, экономист болуына байланысты болуы мүмкін.
Бізде заң шығару бастамасына Үкімет, одан кейін депутаттар ие. Депутаттар белсенді болу керек. Заң жобасы жасалса онда міндетті түрде қарайды ғой. Ол үшін ең алдымен депутаттың сауаттылығы керек. Олар кез келген мәселе бойынша өздері бастама көтеріп, заң жобасын беруі маңызды. Бізде нақты өмірде олай емес, барлығы үкімет арқылы кетіп жатыр. Бұл дұрыс емес.
– Кәсіби Парламент пен Үкімет құру үшін онда ең алдымен кәсіби мамандар болу керек. Біздегі сайлаулардың партиялық тізімінің ең алдында түрлі саладағы танымал адамдар жүреді. Мүмкін қолданыстағы депутаттар туралы заңға да өзгеріс керек шығар?
– Тізімде барлық маман бар, бірақ қабылданған заңдар шикі болып жатыр. Кәсіби болу үшін онда белсенді азаматтар көп бару керек. Меніңше Парламент ең алдымен кәсіби заңгер мен экономистерден жасақталғаны жөн. Ол үшін партиялар мықты болу керек. Сондықтан біз де қазір партия құрайық деп отырмыз. Атына қатысты түрлі ұсыныстар бар, бірақ әлі нақтыланған жоқ. Оған заңгерлерді көбірек тартпақ ойымыз бар. Депутаттарды белсенді, заң жобасын жасай алатын адамдардан жасақтаған абзал. Өйткені, партиялардың саны көбейсе, бәсекелестік де күшті болады.
– Маман демекші, қазір еліміздегі 120 жоғары оқу орнының жартысында заңгерлер дайындалады. Алайда нарықта түрлі салаға маманданған білікті заңгер тапшылығы айқын сезіліп тұр. Бұл қалай?
– Бір жыл бұрын өз атымнан Президентке хат жаздым. Ол кезде 70-тен аса жоғары оқу орны заңгер дайындайтын. Бұл мәселе туралы Парламент отырыстарында да арнайы талқыланды. Жақында ғана Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне келгенде де сол мәселе талқыланды. Бізде қазір заңгер дайындауға мамандандырылмаған жоғары оқу орындары бар. Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚазҰАЗУ сияқты. Сондықтан ҚазҰПУ-дағы Сорбон-Қазақстан институты факультетімен ҚазҰУ-ға беріліп жатыр. Білікті заңгерлерді дайындай алмайтын факультеттердің лицензиясын Білім және ғылым министрлігі қайтарып алуда. Соның нәтижесінде олардың саны 70-тен 61-ге түсті. Бұдан бөлек, заңгерлік мамандықты таңдаған абитуриенттерді оқуға қабылдаудың төменгі шекті балы 75-ке дейін жоғарылады.
– Әрбір салаға маманданған заңгер дайындауды сол бағыттағы оқу орындарының базасында жүргізудің өз тиімділігі аз емес қой?
– Заңның негізін білсе мамандардың кез келген саланы игеруіне болады. Бізде қазір бұрынғыдай емес, түрлі бағдарлама еніп жатыр. Мысалы, біз ІТ заңгер дайындамақпыз. Себебі, ІТ маманын Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті дайындаса, біз осы салаға маманданған заңгерлерді дайындаймыз. Сол сияқты, мұндай әріптестікті Қазақ Ұлттық Аграрлық зерттеу университетімен де бірлесіп жасауға болады. Өз басым әр сала бо­йынша заңгерлерді жеке оқу орындарында емес, заңгерлерді дайындайтын маманданған оқу орындарында жеке бағдарлама бойынша әзірлеген дұрыс деп ойлаймын. Мысалы біздің академия адвокаттарды арнайы дайындау үшін жеке кафедра құрады. Оқу орнына абитуриент келгенде адвокат болам дегенді бір бөлімге жинап, олар адвокатураға қатысты барлық құжаттарды білетіндей жағдай жасайық деп отырмыз. Сол сияқты, Ішкі істер министрлігімен келісім жасап, тергеуші-анықтаушы мамандарын дайындауға бел байладық. Біздің студенттер департаменттерге барып тергеушілерге көмекші болып, тәжірибені біліммен ұштастырады. Ал ІІМ қарасты жоғары оқу орындары бакалавр емес, магистр ғана дайындайды.
– Жасыратыны жоқ, қазір бізде адвокат болып жүргендердің ішінде заңгерлер ғана емес, бұрын сот, прокурор, тергеуші, полиция сияқты түрлі органдарда қызмет істегендер өте көп.
– Бізде әлі күнге дейін адвокаттарды дайындайтын арнайы оқу орны жоқ. Көршілес Ресейде Адвокатура институты деген бар. Бізде ондай оқу орны тұрмақ, мамандық та жоқ дайындайтын. Бәрі тек заңгер ғана дайындайды. Сондықтан адвокат болам деген адамға 1-2 курста жалпы теорияны беріп, 3-4 курста адвокаттармен қоян-қолтық араласып, сотқа қатыстырып, арнайы дайындайық деп отырмыз. Олар ешбір органмен байланыспаған жаңа толқын адвокаттары болады. Бұл мәселе бойынша Адвакаттардың республикалық палатасының төрағасымен де келістік. Бізге тәжірибелі мамандарын сабақ беруге жіберіп, бірге қоян-қолтық жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр.
– Билік органдарының кәсібилігін қалай көтеруге болады?
– Мықты заңгерлерді өзімізде көбірек дайындауымыз керек. Бір салаға өзге саланың адамын министр етіп тағайындау дұрыс емес. Әр саланы кәсіби маман басқаруы тиіс. Онсыз кәсіби билік органы құрылмайды. Бізде оған қажетті маман жеткілікті. Тек соларды білетін, көретін адам керек.
Президент резервіне Болашақпен оқуын бітіріп келгендер көп алынды. Олар қазақы менталитетті жетік білмейді, жоғары оқу орнында да елдегі жағдайға бейімделмеген. Мәселен, жақында Ауыл шаруашылығы вице-министрі етіп резервтен бір жас адамды қойды. Ол бұл саланың маманы емес. Меніңше бұл қате. Өзі білмейтін салада ол қалай қарамағындағыларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, ондағы қызметті үйлестіре аларына күмәнім бар.
– Билік органдарына деген халық сенімін қалай арттыруға болады?
– Ол билік органдарына жаңа азаматтар келсе ғана шешіледі. 5 маусымдағы референдум сәтті өтсе, бәрі біртіндеп реттеле бастайды. Мәселен, бізде соттың шешімі барлық уақытта бірдей орындала бермейтінін бәріміз жақсы білеміз. Біраз жыл бұрын Тайваннан академияға бірнеше профессор келді. Олар сапар кезінде енді өз елдеріңіздің бір лауазымды адамымен кездессек деп өтініш айтты. Вице-министр мен өзге де лауазымды тұлғалардың қабылдауында болды. Сонда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Елекеев сіздерде сот шешімі қалай орындалады деп сұрағанда, олар оны түсінбей жатты. Өйткені, онда сот шешімінің орындалмауы деген түсінік мүлде жоқ. Сол сияқты бізде сот, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдарында бұрынғы сарынмен келе жатқан азаматтар бар. Оларды өзгерту үшін Грузияның бұрынғы реформатор Президенті Михаил Саакашвили сияқты бәрін түгел жаңарту керек. Оған қажетті кадр бізде жеткілікті.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына барды

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.

ҚР Үкіметі су тасқынымен күрес қарқынын арттыра түсуде

Үкімет Қазақстанның батыс және солтүстік өңірлеріндегі ауқымды су тасқынын болдырмау және оның салдарын жою үшін қажетті күштер мен құралдарды жұмылдырды.

Бишімбаев ісі Қазақстанның имиджіне әсер етті ме? СІМ жауабы

Бұл сұраққа Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жауап берді.

Алдағы күндері ауа райы қандай болады?

Синоптиктер Қазақстанда 16, 17 және 18 сәуірде ауа райы қандай болатыны туралы болжам жасады.