12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Жүгіңе ие бол, жолаушы!

Биылғы жылдың қаңтар айында Казталов аудандық сотына Казталов ауылының тұрғыны А.Мендібаевадан талап-қою түсті. Ол жолаушы ретінде «Жиенбай» ЖШС-нің меншігіндегі Орал-Казталов бағытында жүретін автобусқа мінген. Содан жол жүріп бара жатқанда жоғарғы сөреден басына 5 келі құтыдағы тосап (варенье) құлап, денсаулығына зақым келген. Нәтижесінде қараша айының 22-нен 29-на дейін аудандық аурухананың стационарында «жабық ми жарақаты», «бас ми шайқалуы жарақаты» диагнозымен емделіпті. Одан кейін дәрігер-невропатологқа ақылы қаралып, қосымша дәрілер сатып алып емделген. Сол себепті денсаулығына келтірген моральдық зиян үшін «Жиенбай» ЖШС-дан 300 000 теңге, құлаған жүктің иесінен 200 000 теңге моральдық зиян өндіріп беруді сұрады.

Сот отырысында талап қоюшы материалдық шығынын «Халық сақтандыру компаниясы» АҚ төлегенін, алайда моральдық зиян бойынша талап қоятынын жеткізді. Ал жауапкер «Жиенбай» ЖШС-ның өкілі талапты мойындамады. Яғни, ол Орал-Казталов автобусы ішінде талап қоюшының денсаулығына зақым келтірілген жағдайды іске жауапкер ретінде тартылған кезде ғана білгенін айтты. Сақтандыру шарты бойынша тиісті құжаттар сақтандыру компаниясына жолданған, сақтандыру өтемақысы төленгенін жеткізді. Жүргізуші жолсапарға шығар алдында жолаушыларға ауыр жүкті автобустың жүк қоятын бөлігіне салу қажет екенін ескерткенін, сондай-ақ, автобус ішінде қол жүгіне қатысты қауіпсіздік шарасын сақтауы тиіс екенін, оқиға бойынша жүргізушінің кінәсі жоқ екенін келтірді.
Сот отырысында жауапкер – қол жүгінің иесі де талап қоюды мойындамады, автобус ішінде талап қоюшының басына пакет түскенін көргенін, пакетті өзінің қасынан артқы жаққа итеріп жібергенін, бірақ пакет кімге тиесілі екенін білмейтінін жеткізді.
Казталов АПб-нің өкілі М.Мамбетов 21.11.2021 жылы сағат 22.40-та аудандық ауруханаға талап қоюшының «жабық ми жарақаты, бас миы шайқалуы» анықтамасымен түскенін және оның арызы тіркелгенін, арыз иесі Орал-Казталов автобусы ішінде жоғарғы сөреден басына А.Бисекенованың қол жүгі құлап, басынан жарақат алғанын айтты. Оқиға орын алған жерде тергеп-тексеру амалын жүргізу үшін іс құжаттары Орал қалалық полиция бөліміне жіберілген. Орал қалалық полиция бөлімінің өкілі Б.Менешев Казталов аудандық полиция бөлімінен келіп түскен талап қоюшының арызы бойынша түсініктеме алынғанын, жиналған құжаттар бойынша қылмыс құрамы болмауына байланысты номенклатуралық іске тігілгенін және арыз берушіге моральдық зиян келтірілгені үшін азаматтық тәртіппен шағымдану құқығы түсіндіріліп, ресми жауап берілгенін, автокөлік жүргізушісі жауапқа тартылмағанын айтты.
Сот отырысында куәлар М.Сафул­лина мен Ж.Аметова, Ж.Тұяқбаев тараптарды ауылдың адамы ретінде танитынын, мектеп аялдамасынан асқан кезде талапкердің басына жоғарыдан зат түскенін, «Алла, басым, басым» – деп айғайлап қалғанын және басына түскен затты «мынау кімдікі?» – деп айтып, артқа қарай лақтырғанын жеткізді. Осы кезде қол жүгінің иесі «менікі, неге лақтырасың?» дегенін, талап қоюшы екеуі ұрысқанын, ал талап қоюшының басына түскен заттың ауыр екенін байқағанын, өйткені лақтырған кезде дүнк ете түскенін, ішінде не болғанын білмейтінін жеткізді.
Сондай-ақ, дәрігер хирург З.Шатаева жедел жәрдем көлігімен талап қою­шының жеткізілгенін, жағдайы орташа ауырлық дәрежеде болғанын, «жабық ми жарақаты, бас миы шайқалуы» диаг­нозы қойылғанын, медициналық көмек көрсетілгенін, сол бойда стационарлық бөлімге жатқызылғанын жеткізді. Сонымен қатар невропатолог-дәрігердің кеңесін алу және басты магниттік резонансты бейнелеуге түсіру үшін жолдағанын да айтты. Тағы бір дәрігер Ж.Әубекерова жәбірленушінің күндізгі стационарда емделгенін, қосымша «артериялық гипертензия» нақтамасы қойылғанын жеткізді. Сот отырысында Казталов аудандық аурухананың бөлім меңгерушісі Д. Базарғалиева да талап қоюшының аудандық ауруханада емделгенін айтса, «Uniserv» медициналық орталықтың дәрігер-невропатологы Ж.Давлетьяровтың қабылдауында болғаны дәлелденді. «Uniserv» медициналық орталығында жәбірленуші басын магнитті-резонансты томографияға түсірген. Оған «дисциркуляторлы энцефалопатия белгілері, церебральды ангиопатия, оң жақ омыртқа артериясының гипоплазиясы, оң жақ ішкі ұйқы артериясының кинкинг синдромы» деген қорытынды берілген. Осы диагноз бойынша ем-шара тағайындалған.
Азаматтық кодекстің 707-бабына сәйкес, жолаушының өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілуі салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша тасымалдаушының жауапкершiлiгi, егер заң актiлерiнде немесе шартта тасымалдаушының жоғары жауапкершiлiгi көзделмесе, осы кодекстiң 47-тарауындағы ережелер бойынша белгiленедi. АК-нің 917-бабының 1-бөлігіне сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс.
Көлiк туралы заңның 23-бабына сай тасымалдаушылар азаматтардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қорғауды қамтамасыз етуге мiндеттi. Ал Автомобиль көлiгi туралы заңның 22-бабының 1-бөлігінің 3) тармағына сай тасымалдаушы жолаушылардан жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау қағидасын сақтауды талап етуге құқылы. Осы баптың 2-тармағында тасымалдаушы жолаушының қауiпсiздiгiн, оған қажеттi қызмет ету жайлылығы және шарттары жасалуын, жолаушылардың қауіпсіз отырғызылуы мен түсірілуін қамтамасыз етуге міндетті.
Іс құжаттары бойынша талап қоюшы отырған маркасы «GOLDEN DRAGON» мемлекеттік белгісі 262 АZ 07 автобус «Жиенбай» ЖШС-не тіркелген және Орал-Казталов бағытына қызмет көрсету құқығы жүргізушінің атына берілген. Ал автобус жүргізушісі болса автобуста орын алған жағдайды біле тұра жұмыс берушіні одан хабардар етпей бағыт бойынша әрі қарай жүріп кеткен. Сот жоғарыда көрсетілген заң талаптарына сай жолаушының денсаулығына келтірілген зиян үшін жауапкершілікті тікелей тасымал­даушы көтеруі тиіс деп санады, яғни, «Жиенбай» ЖШС. Жауапкер «Жиенбай» ЖШС өкілінің автобус ішінде орын алған факті жөнінде білмегені туралы уәжі оларды жауапкершіліктен босатуға негіз болмайды. Автомобиль көлiгi туралы заңның 20-бабының 1-бөлігінің 10) тармағының талабы бойынша жолаушының автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiнде белгiленген нормалар шегiнде қол жүгiн өзiмен бiрге тегiн алып жүруге құқығы бар, ал 2-бөлігінің 2) тарма­ғына сай жолаушы автомобиль көлiгiмен багаж тасымалдау ережесiнде белгiленген талапты сақтауға мiндет­тi.
Ал, Инвестициялар және даму министрінің №349 бұйрығымен бекітілген «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау ережесінің 33-тармағына сәйкес, жолаушыларға багажды автомобильмен қалалық (ауылдық) және қала маңындағы тұрақты тасымалдау маршруттарында өлшемі 60х40х20 см дейінгі және салмағы 20 кг аспайтын қол жүгін өзімен бірге тегін алып жүруге рұқсат етіледі, бірақта, қол жүгiнiң орамасы мен тасымалдануы басқа жолаушыларға қандай да болмасын залал келтiру (ластау немесе зақымдау) мүмкiндiгiн толық болдыр­мауы тиiс. Іс бойынша қол жүгінің иесі жауапкер А.Бисекенова жоғарыда аталған ережеде белгіленген талапты сақтамаған, яғни, автобуста өзімен бірге алып жүрген қол жүгін дұрыс орналас­тырмаған, соның салдарынан аутобус салонында басқа жолаушының денсаулығына зақым келіп отыр.
Жоғарыда анықталған мән-жайларды ескере отырып, сот талап қоюшының талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Талап қоюшының пайдасына моральдық зиян үшін жауапкер қол жүгінің иесінен 50 000 теңге, ал жолаушыларды тасымалдаушы мекеме «Жиенбай» ЖШС-нен 200 000 теңге өндіру туралы шешім шығарды. Шешіммен «Жиенбай» ЖШС-і келісіп, моральдық шығынды талап қоюшының есеп шотына аударды, ал жауапкер А.Бисекеноваға қатысты атқару парағының негізінде сот шешімін мәжбүрлеп орындатуға жолдады. Іс бойынша «Жиенбай» ЖШС-нің және Зашаған полиция бөлмшесі қызметкерлерінің тарапынан жіберілген заң бұзушылық фактілеріне қатысты жеке ұйғарым шығарылып, тиісті тұлғалар тәртіптік жазаға тартылды.

Гулжиһан Сағитова,
Казталов аудандық сотының судьясы
Батыс Қазақстан облысы

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ өңірлердегі жағдайды айтты

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпарат берді.

Шоқан ОРАЗАЛИН, Ақмола облысы Білім басқармасының басшысы: «ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАЗАҚША ҮЙРЕНУГЕ ЫНТАСЫ ЖОҒАРЫ»

Мемлекеттік тілді дамыту, тіл саясаты саласындағы көңілге кірбің шалдыратын түйткілдерді шешу бүгінгі қоғамның басты мәселелерінің бірі. Әсіресе, елдің ертеңі болып табылатын балалардың бойына ана тілінің қадір-қасиетін сіңіру – ұрпақтар сабақтастығының аса өзекті тұсы. «Тәрбие – тал бесіктен» десек те, қазіргі таңда балабақшадан бастап, жалпы орта білім беретін мектептерде мемлекеттік тілдің деңгейін көтерудің аса маңызды екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қоғамда «теріскей облыстар орыстанып кеткен» деген қасаң көзқарас қалыптасып қалғаны рас.

ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Жолындағысын жайпап өткен ағын су Ақмола облысының да ондаған елді мекенін басып, кейбірін күні бүгінге дейін сыртқы әлеммен қатынассыз, жарықсыз әрі сусыз қалдырған. Өңірде осыған дейін Атбасар, Астрахан, Бұланды, Есіл және Жарқайың аудандары мен Көкшетау қаласында жергілікті масштабта төтенше жағдай жарияланған еді.