12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҰЛТТЫҚ ҚОРҒА ҚОЛ САЛА БЕРЕМІЗ БЕ?

Республикалық бюджетке қатысты сұрақ көп. Жылына кем дегенде бір рет нақтыланатын еліміздің басты қаржы құжаты халықтың қажетін толыққанды аша алмай келеді. Бірқатар жағдайларда кері кетушілік бар. Үкіметтің кейбір әрекетін түсіне алмай дал боласың. Шын мәнінде жағдай мүлде сындарлы шешім, нақты да ширақ іс-қимылды қажет ететіндей күрделі болса да, жыл сайын қайталанатын осы үрдіс биыл да бой көрсетті. Расында қаңтар оқиғасы, одан кейін туындаған мәселелер, көршілес елдердегі оқиғалар ықпалы, соған орай Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер Үкімет мүшелерін етек-жеңін жинап, тың шешімге, серпінді қадамға жұмылдыруға тиіс еді. Өкінішке қарай, баяғы жартас, сол жартас. Мұны жуырда Парламент Сенатында «ҚР Ұлттық қорынан 2022–2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың жобаларын талқылау барысында байқадық.

Сенатор Еділ Мамытбековтың айтуынша, бұл кемшіліктер бюджетті қалыптастыратын негізгі құзырлы орындардың мақсаттар мен ресурстардың теңгерімділігін бағалаудың ғылыми-әдістемелік құралдарын толыққанды меңгермеуінің салдары. Мұны, 2022 жылғы кірісті 181,75 млрд теңге көлемінде нақтылауға қатысты ұстанымдарынан да байқауға болады. Олардың бұл әрекеті – бюджетті қалыптастырудағы бұған дейін кеткен қателіктерді түзеу шарасы. Осының бәрі Ұлттық қорды қайта-қайта пайдалануға алып келеді. Мәселен, қаралып отырған заң жобасында 2022 жылға арналған трансферт 2 есе дерлік өсіп, 2,4 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге дейін артып отыр. Ал, 2023 және 2024 жылдарға 2,2 трлн және 2 трлн теңге жоспарланбаған деңгейде қалып отыр. Алдағы жылдары оларды елеулі деңгейде өсіру үшін қайта қаралмайтынына еш кепілдік жоқ. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігінің заң жобасының әлеуметтік-экономикалық салдары жайлы қорытындысы еріксіз таңдандырады. Онда Ұлттық қордан алынатын трансферт бюджеттік мәселені шешетін негізгі құрал ретінде көрсетілмейді. Бұл негізгі өндірістік факторға назарды біршама азайтады және міндеттерді талдап болжауға деген жүйелі қадамды ынталандырмайды. Ал республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер көлемі тұрақты түрде өсіп, соңғы бес жылдың ішінде 1,8 есеге артыпты. Солай бола тұра аймақтарды дамытудағы теңгерімсіздік сақталып отыр.

Аймақтық ішкі өнім бойынша айырмашылық 10 есеге көп. Бұл – теңдестіру шараларының тиімсіздігінің салдары. Өкінішке орай, Есеп комитетінің бірнеше жылдан бері айтып келе жатқан бюджетаралық қарым-қатынастың әдістемелік шараларын реттеуді түбегейлі өзгерту туралы ұсыныстары орындалмай келеді. Сондықтан, таяу уақытта мемлекеттік бюджеттің құрылымын қайта қарап, жетілдіру қажет. Мемлекеттік бюджеттің маңызды көзі көлеңкелі экономиканың әсіресе, сыртқы экономикалық қызметтегі үлесін қысқарту. Өйткені, салықтық және кедендік кірістер республикалық бюджеттің негізгі бөлігі. Бюджеттегі басты бағыт – тұрғындарды әлеуметтік қолдау болып отыр. Бұл Үкіметтің осы саладағы өз міндетін орындап отырғанын көрсетеді. Қаралып отырған бюджет жобасы бойынша әлеуметтік салаға 8,6 трлн теңге немесе барлық шығынның 46 пайызы бағытталмақ.

Ал экономиканың нақты секторына 3,7 трлн теңге немесе барлық шығынның небары 17,9 пайызы қарастырылған. Сондықтан, жұмыс орындарының қалай құрылып, халықты қалай жұмыспен қамтитынымыз, бюджеттің кіріс бөлігін қалай толықтыратынымыз белгісіз. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев көтерген мәселе де айрықша назар аудартты. Экономиканың тек мұнайдың қымбаттауы арқасында ғана өсіп отырғанын орынды атап өткен Әшімбаев мырза бұған ел экономикасын несиелендірудің төмен деңгейін, оның ішкі жалпы ұлттық өнімнің 25 пайызына ғана тең болып отырғандығын себеп еткен еді. Мәулен Сағатханұлының айтуынша, дамыған елдерде бұл көрсеткіштің деңгейі 60-70 пайызға тең. Мәселен, Сингапур, Корея, бірқатар Еуропа елдерінде ол 150 пайыз көлемінде. Ал біз керісінше экономиканы несиелеуді азайтып бара жатырмыз. Оның өсімақысы да жоғары. Егер сыртқы тәуекелдер жойылмайтын болса, мұндай жолмен біз экономиканы дамыта алмаймыз. Ең таңқаларлығы, соңғы жылдары несиеге жоғары пайызды ұстап тұрған елімізде бизнес үшін оны субсидиялау мәселесі де қосарлана қарастыралады. Яғни, бір жағынан банк жоғары өсімақымен экономиканы несиелесе, екінші жағынан мемлекет бұл қарызды субсидиялайды. Осы мақсатта тек Даму қоры желісі бойынша биыл 170 млрд теңге бөлінеді екен. Біз қандай да бір тығырыққа тіреліп тұрғандаймыз. Осыны айтқан Әшімбаев мырза бұл қисынсыздыққа үкіметтің өзі жол беріп отырғандығын мәлімдеген еді. – Мұндай жағдай мемлекеттік органдарды да, банктерді де қанағаттандыратын сияқты. Өйткені, тәуекелдер аз болса, жауапкершілік те аз. Мұнай мен металдар бағасының қымбаттығы есебінен экономиканың белгілі бір деңгейін қамтамасыз етіп отырмыз.

Бұл мәселені нақты жағдайға сай қарастырып, экономиканы дамытуды әлемдік тараптарға сай ететін кез келген жоқ па, – деген спикердің сауалына бұл жиында мардымды жауап естілмеді. Елдің бас банкирі Ғалымжан Пірматов бәрімізге белгілі шикізаттық емес сектор дамымай, ештеңе өзгермейтінін айтумен шектелді. Ал, жиыннан соң біз пікірін сұраған вице-премьер Ералы Тоғжанов пен Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жағдайды зерделеу керек, тиімділікті арттыруға жұмыс істеу керек деуден ары аспады.

ТАҚ АЛМАСТЫРУМЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ШЕНЕУНІКТЕРДЕН БҰДАН БАСҚА ЖАУАП ТА, ӘРЕКЕТ ТЕ КҮТУ ҚИСЫНСЫЗ СЕКІЛДІ. ЕЛІМІЗ СОНДА ҚАШАН ЖАҢҒЫРАДЫ, ДАМУДЫҢ ЖОЛЫНА ҚАЙ КЕЗДЕ ТҮСЕДІ? СҰРАҚ КӨП, ЖАУАП ЖОҚ.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,

«Заң газеті»

Алматы тауларында 20-дан аса заңсыз салынған ғимарат сүрілуі мүмкін

Алматы мәслихатының шешімі бойынша, 2022 жылы 15 градустан жоғары еңіс жерлерде құрылыс салуға тыйым салынды. Сонымен қатар, бұл түзетулер қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілген, онда тау бөктеріндегі 4270 гектардан аса жер рекреациялық аймақтарға ауыстырылуы тиіс.

Нүкенованың ағасы Салтанат Бишімбаевтан қанша рет кеткісі келгенін айтты

Прокурор Айтбек Амангелдіден Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаевты қанша рет тастап, қайтып келгенін біле ме деп сұрады.

Жел, найзағай және жаңбыр: Елімізде ауа райы қандай болады?

Қазгидромет 29 наурызда Қазақстан тұрғындарын қандай ауа райы күтіп тұрғанын айтты.

Мемлекет басшысы Боао Азия форумы сессиясында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі.

Неге алматылық жүргізушілер қауіпсіздік белдігін таққанды ұнатпайды? Полиция статистикасы

Көптеген басқа қаладағы сияқты Алматыда да жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздік белдігін таққысы келмеу үрдісі сақталған.