12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Отан қорғаушының мәртебесі биік

Мамыр айының алғашқы онкүндігінде қазақстандықтар бір емес, үш бірдей мемлекеттік мерекені атап өтеді. Олар 1 мамырдағы – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, 7 мамырдағы – Отан қорғаушы күні және 9 мамырдағы – Жеңіс күні. 2012 жылы 4 қазанында Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы қабылдап, Отан қорғаушы күнін белгілегенімен ол Жеңіс күнінің көлеңкесінен шыға алмай қалды.

Биыл Қазақстандағы Отан қор­ғаушы күнінің пайда болғанына 10 жыл толады. Оның тарихы Мемлекет басшысының 1992 жылы 7 мамырда «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қоюынан басталады. Осыған қарамастан күні бүгінге дейін Отан қорғау­шы күнінің атына заты сай келмей жүр. Аға буын мен жаңа толқынның арасындағы Жеңіс күніне қатысты пікір қайшылығы ашық айтысқа ұласпағанымен, оны жақтаушылар қатарының азаюына байланысты 9 мамырдың ерте ме, кеш пе бәрібір бір күні бұрынғы мәнін жоярына ешкім күмәнданбайды.
Тұран университетінің саясаттану PhD докторы Жеңісбек Төленнің айтуынша, Отан қорғаушының мәртебесін көтеруде 7 мамыр күнінде тұрған айтарлықтай ештеңе жоқ. Алдыңғы буындар Отан қорғауды 9 мамырмен байланыстырып келді. Қазір буын алмасу үдерісі жүріп жатқандықтан, Жеңіс күнін тойлайтындардың көбі кетіп, азы қалды.
– Кеңес үкіметі – Ұлы Жеңіс күнін идеология құралы ретінде дәріптеп, халықтың санасына сіңірді. Бірақ қазіргі жастар бұл мәселеге күмәнмен қарайды. Оны мемлекет де алдағы уақытта қайта қарастырады деп ойлаймын. Сондықтан оның көлеңкесінде қалды деп 7 мамырды ауыстыруға қажеттілік жоқ деп ойлаймын. Отан қорғаушы күні сияқты мерекелерге әлемнің өзге елдері ерекше мән береді. Біз де ұлттық және қауіпсіздік тұрғысынан мемлекеттік мерекелерге айрықша көңіл аударуымыз қажет. Отан қорғау­шы деген кезде биліктің де, халықтың да көз алдына тек парад пен әскер ғана елестейді. Отан қорғау әскермен шектелмеу керек. Бұл психология кеңестік дәуірден қалған сарқыншақ. Отан қорғау деген мемлекеттің түрлі саладағы әлеуетін көрсету. Былайша айтқанда, әлемдік қауымдастықта өзінің бәсекеге қабілетті, әлеуетті екенін көрсету. Отан қорғау деген кезде мемлекет пен халықтың сандық емес, сапалық әлеуетін айтуға болады. Бізге де сондай идеологияны, түсінікті қалыптастыру маңызды. Мәселе ішкі мазмұнда. Әрбір мерекенің өз тұжырымдамасы болу керек. Бізде мәселен, Тәуелсіздік декларациясы қабылданған тарихи күн – Республика күні ешқандай референдумсыз мерекелер күнтізбесінен алынды. Бұл үлкен қиянат. Бұл күнге мән берілмеу себебі оның тарихи маңызын түсіндіретін тұжырымдамасы жоқ. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік мерекенің саны көбейгенімен, сапасы азайып кетті, – дейді саясаттанушы.
«Отан – белгілі бір аумақта өзінің тарихи іс-қимылын жүзеге асырып жатқан бүкіл халық. Ол – халықтың өткені, бүгіні және келешегі. Ол – оның өзіндік мәдениеті, оның тілі, оның мінез-құлқы, ол – сол халық жасайтын революциялардың, тарихи секірістердің, оның тарихи желілерінің тізбегі» деген екен орыстың әйгілі жазушысы Алексей Толстой. Шынында да Мәңгілік ел боламыз десек Отан қорғаушының мәртебесін арттырып, лайықты баға беріп, құрмет көрсетуді мемлекеттік деңгейде жүзеге асыруымыз қажет. Отан қорғаушы – жасына да, жынысына да, нәсіліне де, ұлтына да, тілі мен дініне де бөлінбейді. Ұлт батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай «Отан қорғаушы – ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ететін адам». Оны еркектерді құттықтайтын не әскердің құрылған күніне теңеу Отан қорғаушы деген мәртебелі атқа жасалған қиянат. Отан қорғаушы күні – Қазақ мемлекетінің жойылмауы үшін қанын да, терін де төгіп, жанын да құрбан еткен ата-баба рухына тағзым ететін, олардың ерлігін паш ететін ең қадірлі мереке.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Қазақстанда тағы бір сот процесі тікелей эфирде көрсетіледі

Бұл туралы Жоғарғы Сот хабарлап, Қазақстанда республика соттарының сот отырысын тікелей эфирде өткізу тәжірибесі жалғасып жатқаны атап өтілді.

Қазақстанда көлік салығы алып тастала ма? Министрлік жауабы

Қазақстанда көлік салығы алып тастала ма? Бұл туралы редакцияның ресми сауалына Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.

Президент Қазақстан халқы Ассамблеясында тағайындаулар жүргізді

Президент Қазақстан халқы Ассамблеясында тағайындаулар жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Мемлекет...

«Жедел жәрдем шақыр дедім»: шымкенттік көріпкел сотта жауап берді

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында көріпкелден жауап алынды,...

БҚО-дағы су тасқыны: Жайықтағы қазіргі жағдай қандай?

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері Орал қаласында Жайық өзенінің су...