12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Елде екі миллиард ағаш егілмек

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы жолдауына сәйкес еліміз бо­йынша 2021–2025 жылдары 843,0 мың га алқапқа 2 млрд ағаш егу жоспарланған. Көк желектің басым бөлігі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының, сондай-ақ, Семей және Ертіс орманы резерватының аумақтарында отырғызылмақ.

Интерактивті карта жасалды
Ел аумағын көгалдандыру мақсатын көздеген жобаны іске асыру аясында «Қазақстан ғарыш сапары «ҰК» АҚ және «Қазақ орман орналастыру кәсіпорны» РМҚК-мен бірлесіп, орман молықтыру шараларын онлайн қарауға мүмкіндік беретін интерактивті картаны жасап шығарған.

Интерактивті картаны құрудың мақсаты – тұрақты дамуды қамтамасыз ету және тиімділікті арттыру мақсатында геоақпараттық жүйелерді қолдануға негізделген еліміз бойынша 2 млрд ағаш егуді қоғамдық бақылау және мониторингілеу құралын құру.
Интерактивті карта негізінде орман орналастыру материалдары жатқан мемлекеттік орман қорының атрибутивтік ақпараты бар геосервис болып табылады. Геосервисте орман орналас­тыру материалдары телімдердің таксациялық сипаттамасы түрінде атрибутивті ақпараты бар векторлық сандық карталар түрінде ұсынылған.
«Картаға енгізілген орман мекемелерінің, орманшылықтардың, орамдардың, телімдердің шекаралары көрсетілген таксациялық сипаттамасы бар карталар қабаттары және ай сайын жаңартылып отыратын аса жоғары кеңістіктік рұқсаттағы ғарыш түсірілімдері, ағаш отырғызу, тұқым дайындау, тұқымбақтар жөніндегі мәліметтер автоматты түрде дерекқорға түседі және барлық пайдаланушылар үшін қолжетімді болады. Ең маңыздысы, ҮЕҰ мен мүдделі жандарға суреттер мен бейнематериалдарды, ағаш отырғызу және күтіп-баптау жұмыстары туралы түсінік беріліп, мониторинг жүргізіледі, сөйтіп, атқарылған істердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Android OS және IOS платформалары үшін инс­пекторлардың ағаш отырғызу туралы ақпаратты өз бетінше толтыруға және көрсетуге мүмкіндік беретін мобильді қосымша жасалған», – дейді «Қазақ орман орналастыру кәсіпорны» РМҚК директорының орынбасары Нұрлан Сүлейменов.

Сапалы көшеттер қайда өсіріледі?

Бұл сауалдың жауабын ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Респуб­ликалық орман селекциялық-тұқым орталығының» зертханасынан таптық. Мұнда мамандар микроклондау арқылы одан әрі жаппай тарату үшін вируссыз, генетикалық біртекті отырғызу материалын алумен айналысады.
Орталықтың оңтүстік-шығыс аймақтық филиалының директоры Болат Сәтімбаевтың айтуынша, бұл – өсімдіктің барлық негізгі генетикалық ерекшеліктері сақталатын жеделдетілген вегетативті көбею әдістерінің бірі. Ол дәстүрлі көбею әдістеріне қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие. Біріншіден, алынған барлық клондар – вирустардан босатылған бастапқы «ата-аналық» өсімдіктің абсолютті генетикалық көшірмелері. Екіншіден, бір донор өсімдіктен көптеген ұрпақ алуға болады. Қазіргі уақытта мұнда Сиверс алмасының 2 мың дана көшеті өсірілді. Бастапқы материал ретінде «Іле Алатауы» МҰТП генетикалық резерватында жиналған Сиверс алма ағашының тұқымдары пайдаланылды. Бұдан басқа бұта тұқымдас қайың мен көктеректің түрлерінің гендері өсіріледі.

«Jasyl Almaty» акциясы

Оңтүстік астанада 2022 жылы 350 мың жасыл желек егілмек. Оның ішінде биылғы көктемде 72 346 көшет отыр­ғызылып үлгерді. Қалған 277 654 жас көшетті отырғызу 2022 жылдың күзінде жалғасады. Осылайша 1 миллион ағаш отырғызу жоспарланған Jasyl Almaty акциясы өз мәресіне жетпек.
Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Әділбаевтың айтуынша, бүгінде мегаполисте 705 мың көшет отырғызылған. Көшеттер негізінен магистралды жолдар мен жолайрықтардың, теміржолдар бойында, көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінің аумақтарында, өзен жағалауларында, саябақ және санитарлық-қорғау аймақтарында отыр­ғызылмақ.
«Ағаш отырғызу кезінде дендролог ғалымдардың ұсынымдары ескерілді, олар кәдімгі қарағай, қазақстандық терек, ұсақ жапырақты қарағай, қайың, шаған, жалған акация, сүйір жапырақты үйеңкі, каштан, робиния, көпіршік, долана, алма, өрік отырғызуды ұсынады. Қалада Алматы тұрғындарына көшеттерді тегін тарату бойынша «Жасыл аула» акциясы жалғасады. Күзде мегаполис тұрғындарына 2 мыңға жуық көшет тарату жоспарланып отыр», – деп атап өтті С.Әділбаев.
Сонымен қатар, Серік Әділбаев Алматыны гүл композицияларымен және гүлзарлармен безендіру жұмыстары туралы да айтып берді. Оның айтуынша, сәндік гүлмен көгалдандырудың жалпы көлемі шамамен 159 мың шаршы метр­ді құрайды. Сәуір айында басталған гүл егу жұмыстары 10 мамырға дейін жалғасады. Мегаполистің сегіз ауданында коламбус, абба, династи, стронг голд, лалибела, ляп топ және т.б. гүлдер отырғызылмақ. Бұл жұмыстарды жүзеге асыратын мердігерлік ұйымдармен жалпы сомасы 2,1 млрд теңгені құрайтын 10 келісімшарт жасалған.
Бұдан басқа, бұрынғы көпжылдық өсімдіктерге күтім жасау да назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ, 26 мың шаршы метр алаңға көгал егіледі. Біржылдық және көпжылдық гүлзарларды отырғызу 2023 жылға дейін жалғаса бермек.

Апатты жағдайдағы ағаштар

Жасыл экономика басқармасының ақпараты бойынша, Алматы қаласында түгендеуден және орман патология­лық зерттеуден өткен 2 802 737 ағаш өседі. Оның ішінде 84 628 ағаш апатты жағдайда, яғни адамның өмірі мен денсаулығына, мүлкіне, инфрақұрылым нысандарына қауіп төндіретін қураған ағаштар. Олар негізінен қаланың орталық бөлігінде және тыныш аудандарда көп. Биылдың өзінде қураған 185 ағаш діңі мен 57 ірі бұтақтың құлау жағдайы тіркелді.
Осыған орай мамандар ағашты қураған бұтақтардан арылтуға бағытталған санитарлық кесу жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұратынын айтады. Соның нәтижесінде, тәж сауығады, ағаштың немесе қабықтың әртүрлі ауруларының пайда болу ықтималдығы төмендейді.
Жасыл желектердің тәжін санитарлық, жасартатын және пішіндейтін кесуді жүзеге асыратын аудандық әкімдіктер жыл сайын 61 мың ағаштың қураған бұтақтарын, ал діңінің тек қабығы ғана қалған, айналаға қауіп төндіріп тұрған ағаштарды түбінен кесіп тастайды. «Бір тал кессең, он тал ек» деген халықтық қағиданы берік ұстанған жергілікті билік кесілген 1,9 мың ағаштың орнына 19 мың көшет отырғызуды міндетіне алған. Арнайы осы мақсатқа бюджеттен 54 млн теңге де бөлінген. Бұл өз кезегінде Алматы қаласының өсімдік қорын жаңартуға септігін тигізетіні сөзсіз.
Құзырлы органдардың мәліметіне сүйенсек, ағаштарды кесу және қайта отырғызу Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының рұқсатымен жүзеге асырылады. Ағаштарды кесуге рұқсат алу үшін белгіленген тәртіппен құжаттарды электрондық нысанда E-gov (e-license – қоршаған ортаны қорғау – ағаштарды кесуге рұқсат беру – Қызметке онлайн тапсырыс беру) электрондық үкіметі арқылы жіберу қажет.
Ал шығынды өтеу жағдайлары туралы айтқан Серік Әділбаев жасыл желектер құлаған кезде мүлікке зақым келген жағдайда, 5 метрге дейінгі ара қашықтықта орналасқан іргелес аумақтың иесі жауапты екенін атап өтті. Жалпы пайдаланылатын жерлерде жауапкершілік осы учаскеге қызмет көрсететін көгалдандыру жөніндегі ұйымдарға немесе аудан әкімдігіне бекітілген. Сондай-ақ, ол шығынды өтеу процесі жеке сипатқа ие екенін және оның әдетте сот арқылы қаралатынын жеткізді.

Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ өңірлердегі жағдайды айтты

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпарат берді.

Шоқан ОРАЗАЛИН, Ақмола облысы Білім басқармасының басшысы: «ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАЗАҚША ҮЙРЕНУГЕ ЫНТАСЫ ЖОҒАРЫ»

Мемлекеттік тілді дамыту, тіл саясаты саласындағы көңілге кірбің шалдыратын түйткілдерді шешу бүгінгі қоғамның басты мәселелерінің бірі. Әсіресе, елдің ертеңі болып табылатын балалардың бойына ана тілінің қадір-қасиетін сіңіру – ұрпақтар сабақтастығының аса өзекті тұсы. «Тәрбие – тал бесіктен» десек те, қазіргі таңда балабақшадан бастап, жалпы орта білім беретін мектептерде мемлекеттік тілдің деңгейін көтерудің аса маңызды екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қоғамда «теріскей облыстар орыстанып кеткен» деген қасаң көзқарас қалыптасып қалғаны рас.

ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Жолындағысын жайпап өткен ағын су Ақмола облысының да ондаған елді мекенін басып, кейбірін күні бүгінге дейін сыртқы әлеммен қатынассыз, жарықсыз әрі сусыз қалдырған. Өңірде осыған дейін Атбасар, Астрахан, Бұланды, Есіл және Жарқайың аудандары мен Көкшетау қаласында жергілікті масштабта төтенше жағдай жарияланған еді.