12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Балқашта мал өнімдерін өңдеу мен балық шаруашылығы дамытылады

Балқаш ауданының халқын мал жайылымының аздығы, шөп бағасының қымбаттығы, медицина саласы мамандарының жетіспеушілігі және медициналық қызмет сапасы, қоқыс полигонының қоршаусыз жатқаны сияқты көптеген мәселелер толғандырады. Осы және өзге де тақырыптар Алматы облысы әкімі Қанат Бозымбаевтың Балқаш ауданы халқымен кездесуінде және азаматтар үшін өткізген қабылдауы кезінде көтерілді, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында облыс әкімі Балқаш ауданының даму бағыттарын айқындайтын баяндама жасады. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Жетісу өңіріндегі егістік құрылымында күріштің 90 пайызы Балқаш ауданына тиесілі. Алайда, Іле өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты күріш алаңдары біршама азайған. Соған қарамастан соңғы төрт жылда Бақанас, Тасмұрын бас су тоғандары мен магистралдық каналдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Пайдаланылмайтын суармалы жерлер қалпына келтірілуде. Алайда, су үнемдейтін технологияларға ауданда көңіл бөлінбейді. Бүгінгі күні ылғал сақтау технологиясы суармалы алқаптардың 1,2 пайызында немесе 335 гектарда ғана пайдаланылады.

— Аудан — еттің негізгі өндірушілердің бірі. Ірі қара саны бойынша облыста екінші орында, яғни 124 мың бас бар. Ауданда 14 мың басқа арналған төрт ірі мал бордақылау алаңы болса, бүгінгі күнге сегіз мың басқа арналған екі алаң жұмыс істемей тұр. Өнімдер шикізат түрінде Алматы қаласы мен облыстың сауда орындары мен сүт зауыттарына сатылады. Сондықтан инвесторларды тартып өңдеу кәсіпорындарын ашу қажет. Аудан әкіміне өндіріс көлемін ұлғайту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қайта өңдеу өндірістерін, көкөніс қоймаларын құру жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын, — деді облыс әкімі. 

Балқаш ауданы балық шаруашылығымен де танымал, мұнда 16 шаруашылық тіркелген. «Сом және Д», «Қарой балық» кәсіпорындарының тәулігіне 30 тонна балықты қайта өңдеу мүмкіндігі бар. Алайда, облыс әкімінің айтуынша, бұл кәсіпорындар 2019 жылдан бері тоқтап тұр. Бүгінгі таңда басым бағыттардың бірі ретінде Үкімет балық саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады. Соған сәйкес облыс әкімі Балқаш, Сарқан, Алакөл, Қаратал аудандарының мүмкіндіктерін ескере отырып, балық шаруашылығын дамыту жоспары әзірленетіні туралы жағымды жаңалықты жеткізді. Сол сияқты аудан тұрғындары табиғи газдың жылыту маусымына дейін берілетіні туралы жаңалықты да қуана қабылдады. Облыстық бюджетті кезекті нақтылау кезінде газ тарату станциясы және «Сарыөзек-Бақанас» магистралдық газ құбырын іске қосу жұмыстарын жүргізу үшін 178 млн.теңге бөлінеді. Жиында жасаған баяндамасында Қанат Бозымбаев шағын және орта бизнесті дамыту, жол, ауыз су, жұмыспен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау салалары бойынша да бірқатар мәселелерді сөз етті. 

Балқаштықтар облыс әкіміне қойған сауалдарында өздерін толғандырған 30-ға жуық  мәселе көтерді. Аудан тұрғыны Қанат Бекмұхаметтің бір өзі бірден он екі сұрақ қойды. Соның ішінде шөп бағасы мен көмір құнын реттеудің мүмкіндіктерін қарастыру, қоқыс полигонын ретке келтіру мәселелері де бар. Сонымен қатар «Кекек дейтін шөп шаруашылықтарға зиянын тигізе бастады. Соған аудан әкімдігі шара қолданса», — деді ол. Бақанаста балабақшадан ясли тобын ашу, Халық банк бөлімшесін ашу Бижанов көшесіне жаяулар жолын салу туралы мәселе қозғады. Облыс басшысы аудан әкіміне қоқыс полигонын қоршауға қажетті құжаттарды жылдам дайындап өткізуді тапсырды. Құжат түгенделген соң қаржы бөлінетін болады. Арам шөптің таралуына байланысты тиісті мекеме арнайы зерттеу жасап, карантиндік шараларды қолға алмақ. Басқа мәселелер де назардан тыс қалмайды. 

Тұрғындарды мазалайтын тағы бәр мәселе – жедел жәрдем қызметінің орталықтандырылуы. Бұл елді мекендері тығыз орналасқан аудандарда тиімді болғанымен ауылдарының арасы алшақ жатқан Балқаш ауданы үшін қолайсыз. Шалғай ауылдағы сырқатқа жедел жәрдем жеткенше көп уақыт өтеді. Сондықтан балқаштықтар осы енгізілген жүйені қайта қарау керек деп есептейді.

— Мәселені дұрыс көтеріп отырсыздар, — деді Қанат Бозымбаев. — Кез келген өзгеріс халыққа ыңғайлы болу үшін жасалуы керек. Халқының саны аз болғанымен аумағы үлкен Балқаш ауданы үшін жедел жәрдемді орталықтандыру тиімсіз. Сондықтан қайта қарап, талдау жасаңыздар, жедел жәрдем көрсететін бөлімшелерді орналастыру орнын ауыстырыңыздар. 

Медицина саласына қатысты сауал мұнымен біткен жоқ. Бақбақты ауылының тұрғындары дәрігерлік пунктте қан алу анализін қабылдамайтындықтан, аудан орталығына сабылатындықтарына шағынды. Сол сияқты ауданда дәрігер мамандар жетіспейді. Қанат Бозымбаев қарапайым анализдер үшін халықты орталыққа жіберіп әурелеген мамандардың жұмысын  сынға алды. «Қазір анализді қабылдап, оны орталыққа өздеріңіз жеткізіп, нәтижесі дайын болғанда интернетпен-ақ жіберетін заман емес пе?! Оны неге қиындатып отырсыздар. Бұл мәселенің шешімін қарастырыңыз», — деп Қанат Бозымбаев облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына нұсқау берді. 

Қажетті дәрігер мамандарды аудан әкімдігі денсаулық сақтау басқармасымен бірігіп іздеуі тиіс. Ал облыс әкімдігі өз тарапынан қолдау көрсетеді. «Пәтер беріп, көтермеақысын беріп, жақсы жалақы төлесеңіздер маман табылады», — деді облыс басшысы.  

Аудан тұрғындары шағын өзендер арқылы өтетін көпірлерді жаңарту мен қайта салу, ауыз сумен қамту, газ жүйесіне қызмет көрсететін мамандар дайындығы және басқа да мәселелер жайлы өтініштерін жеткізіп, оларға тиісті жауаптар берілді. 

Осы күні облыс басшысы аудандағы бірқатар аграрлық және әлеуметтік салалардың нысандарын аралады.

өз тілшіміз,

Алматы облысы.

Әзербайжан астанасында Алматы облысының күндері өтуде

Баку тұрғындары мен қонақтары Алматы облысының мәдениеті мен табиғи...

Жетісу облысында 11 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді

Жетісу облысында жастармен, соның ішінде NEET санатындағы жастармен жұмыс...

Қайырымдылық – жүректен: Ұзынағаш тұрғындары «Мектепке жол» акциясына белсене қатысуда

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ. Жоқ-жітікке қарасу,...

Алматы облысында «Ассамблея жастарының» республикалық слеті өтті

Еліміздің әр аймағынан жиналған белсенділер өңірдің көрікті мекендерін аралап,...

Жетісу облысында көпбалалы аналарға арналған алғашқы тігін цехы ашылды

Бүгін Жетісу облысының Текелі қаласында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының...