12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Түтінге тұншыққан Алматы

Экология – миллиондар тоғысқан мегаполис тұрғындарын көптен бері алаңдатқан ахуалдың бірі. Табиғаты сұлулыққа толы Алматы қолдан жасалған қиянаттан көз ашпай-ақ келедi. Мұны түбегейлі реттеудің жолы қандай?
Былтырғы жылдың қараша айында қаланың активімен келелі кеңес өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының экологиялық мәселелерді түбегейлі реттеуді тапсырғаны белгілі. Президент өз сөзінде «ең бастысы, біз экологияны жақсартып, тұрғындарды таза ауамен қамтамасыз етеміз. Мен үшін бұл аса маңызды. Менің тапсырмам бойынша Үкімет қаланың ауасын тазарту үшін қажетті шараларды қабылдайды деп алматылықтарға уәде бердім. Шын мәнінде, бірнеше жыл бойы қала тұрғындары экологияның ластануынан зардап шегіп келді. Біз бұл мәселені түбегейлі шешуіміз керек. Алматының жасыл әрі таза қала деген бұрынғы мәртебесін қайтарып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратынына сенімдімін» деген болатын.
Бүгінгі Алматының көрінісі ығы-жығы адамға, кептелісте сірескен көліктерге, қадам басқан сайын шашылған қоқыстарға, иiстенген тамаққа таласқан қаңғыбас ит пен мысықтарға, әр жерде күпісіне оранып аунаған алқаштарға толы. Ақша табудың жолы осы деп, бүйiрiн тескiлеген жол жөндегiштер дiмкәс қаланы онан әрмен дiңкелетiп барады. Улы газ бен көк түтiн жұтқан алматылықтарға төнген қауiп бұл ғана емес. Онсыз да әлеуметтiк мәселесiнiң мәнi кеткен Алматының ауасы адамдарына орасан зор қауiп төндiрiп отыр. Әрине, бұл проблема ең алдымен қоршаған ортаның ластануынан болуда. Алматы қаласы Қазақстан қалаларының ішіндегі ауа ластануының жоғары деңгейін көрсетіп отыр.
Бүгінгі күнде Алматы дүниежүзіндегі 25 ластанған қаланың тізіміне енген. Қалалық жол полициясының дерегі бо­йынша, дәл қазір Алматыда 540 мыңнан астам көлік тіркелген. Бұлардың қатары жылына 40 мыңға дейін көбейеді. Сондай-ақ, қалаға сырттан орта есеппен күнделікті 200 мыңның шамасында автомобиль келіп кетіп жатады. Ал әрбір мың автомобильден күніне ауаға 3000 кг көміртек оксидтері, т.с.с. отынның толық емес жану өнімдері бөлінеді. Жыл сайын олар 280 млн тонна шамасында көміртек тотығын, 56 млн тонна көмірсутек, 28 млн тонна азот тотығын ауаға қосады. Бұл газдардың құрамында 200-ден астам өте күрделі заттар қосындылары (Pb, Hg, Cd, т.б. ауыр металдар, ішкі жану қозғалтқышының газдары – бензапирен, альдегидтер) бар. Олардың ішінде зиянсыздары – азот, оттек, сутек, су булары, зияндылары – көміртек, азот тотығы, этилен, бензол, этан, метан, толуол, бенз (а) пирен, күйе, күкіртті түтін т.б. Бұл физикалық-химиялық қоспалар тыныс алу кезінде адам мен жануарларға аса зиянды. Ластаушылар автомобильді қыз­дырған кезде және аз жылдамдықпен жүрген кезде ауаға тез тарайды. Машина тоқтаған уақытта көмірсутегі мен көміртек оксиді, ал жүргенде азот оксиді шығады. Дизельді моторлы машиналар құрамында CO, NO заттары бар болғандықтан бензинді пайдаланатын машиналарға қарағанда кемшілігі мол. Себебі, олар түтінді көп шығарады, адам денсаулығына зиянды әсері жоғары. Атмосфераға көліктен бөлінген газдардың құрамында 25-27% қорғасын болатыны анықталған және оның 40% диаметрі 5 мкм-ге дейін жетеді. Ауада ұзақ уақыт сақталып, онымен бірге адам ағзасына түсетіндігі белгілі. Көлік түтіні жасыл желекке зиянды әсер етуде, лас ауадан өсімдікте ауру пайда болады. Жапырағы химиялық күйікке ұшырайды. Атмосфералық ауаның ластануы автокөліктің техникалық жағдайына тікелей байланысты. Қала магистральдары бойында жүргізілген тексерулер бойынша автокөліктің 80%-ың түтіндерінде зиянды заттар нормативтен 3-4 есе жоғары болған.
Өкінішке қарай, автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтар утилизацияланбайды, себебі оларды қайта өңдейтін өндіріс жоқ. Көлікке пайдаланылатын улы сұйық заттардың қалдығы жерге төгіліп, олар топыраққа сіңіп, зиян келтіруде. Соңғы жылдары автокөліктің қоршаған ортаны ластауы барынша үдеп барады. Бүгінде еліміздің ірі қалаларындағы қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттардың 60 пайызы осы көліктерден келеді.
Көліктердің ауаны ластауы, әсіресе, Алматыда қиын болып тұр. Ондағы көліктерден атмосфераға тасталатын зиянды заттар тәулігіне 507 тоннаны құрайды. Ал жылдық көрсеткіш 150-200 мың тонна немесе ауадағы зиянды қалдықтың 90 пайызына жетеді. Аталмыш заттардың денсаулыққа тигізетін әсерінен онкологиялық және тыныс алу жолдарына байланысты ауруларға шалдыққандар саны артып отыр. Сондықтан да Еуро стандарттарын енгізу бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Көлік тығынының көптігін елімізге шетелден ағылып келіп жатқан, ескі-құсқы көліктер санының жыл санап арта түсуі мен осыншама ағынға төтеп бере алмайтын көшелердің тарлығынан ғана іздестіру қате. Бұған қоса кейбір кәсіпкерлердің жер телімдерін өз беттерінше иемденіп, мақсатсыз пайдалануы, құрылыс нысандарының жұмыстарын тиісті құжаттарсыз жүргізуі, көлік құралдарын ретсіз қою секілді өзге де толып жатқан заңсыздықтардың көше қозғалысын тежейтіні басты кедергілердің бірі. Сондықтан да, көлденең келген кедергінің алдын алып, жіті қадағалап отырмаса болмайды. Осы кептелістің тағы бір себебі, бүгінде көпшілік қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайы жақсарған. Бір үйде бірнеше көлігі бар отбасылар да аз емес. Әрине, оған ешкімнің де қарсылығы жоқ. Дегенмен, жүргізушілер мәдениеттен жұрдай болып барады. Бірін-бірі сыйлаудан қалған. Кейбіреулер бәсекеге түсіп, ерегескенде өзгелерге зардабымыз тиеді-ау деп еш ойламайды. Тіпті, қоғамдық көлік жүргізушілерінің автобус, троллейбуста отырған халыққа қарамай бір-бірімен жарысып, көліктерін тоқтатып қойып, жұдырықтасып жататындар да жоқ емес. Рас, қазір жолдарды кеңейтіп жатыр. Алайда мұнымен бар проблема шешіле қоймасы анық. Осы көлік кептелісінің басты себепкері жүргізушілер екенін айта кеткен жөн.
Басқа қалалармен салыстырғанда Алматыдағы көлік кептелісі үлкен проб­леманың біріне айналған. Бүгінде Алматыға сырт аймақтардан күніне мыңдаған көлік қатынайды. Бұл қала үшін ауыр. Сол себепті де қала әкімшілігі сырттан келетін көліктердің қозғалысын шектеуді қолға алуы керек. Көлік кептелісін азайтуға бұл да өзінше бір септігін тигізері сөзсіз.
Алматыда негізінен метро, троллейбус пен трамвайды кеңінен пайдаланған тиімді. Метро жұмыс істейтін болса, көлік қозғалысы айтарлықтай жеңілдер еді.
2 миллион халқы бар Алматының ауасы бұлайша ластанып жатқанда, 20 миллион халқы бар ірі қалалар қандай күй кешуде? Ластану көрсеткіші жағынан қаламыз 20 миллионнан астам тұрғыны бар Мехико, 17 миллиондай халық өмір сүретін Тегеран мен Шанхай, 10-15 миллионның аралығында халқы бар Нью-Йорк, Лондон, Ыстамбұл, Токио мен Мәскеу сияқты қалалардың алдында тұр. Олардың қасында аядай Алматының экологиясын жақсарта алмай жүргеніміз ұят. Бірақ осы бағытта істеп жатқан жұмысымыз да шамалы.
Әлемдегі ірі қалалар тәжірибесін өзімізге үлгі етуімізге болады. Мәселен, 90-жылдардың ортасында Шанхайдың ортасынан ағып жатқан Сучжоу өзені «өлі» өзенге айналып, жергілікті халық оны «Шанхайдың соры» деп атаған болатын. Қалалықтар қоршаған ортаны күн сайын 10 мың тонналық қоқысқа көмсе, 700-ге тарта өндірістік кәсіпорынның қалдықтары Шанхайдың экологиясын нашарлатып-ақ жіберген. Халық Шанхайды әлемдегі ең таза қалалардың біріне айналдыруды мақсат етіп, дереу көгалдандыруға кіріскен. Жасыл-желек қала аумағының 35 пайызын құраған. Демек, 17 миллион қала тұрғынының әрбіріне 9,2 шаршы метрлік көгалдандырылған алаңқай тиеді деген сөз. Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатындағы шараларға бірнеше миллиард доллар бөлінген. Такси мен автобустарды жанар- жағармайдан газға көшірген. Қоршаған ортаға зиянын тигізген кәсіпорындар мен жеке азаматтарға қала басшылығының үкімі ауыр, қомақты айып салады, тіптен қала көшесінде түкіруге тыйым салған. Міне, осы іс-шарадан соң Шанхай қытайдың ең таза қаласы деп танылып, ел үкіметі «Экологиялық – жасыл бақша» – деп тауып, арнайы марапаттаған. Осындай озық мысалды неге үлгі етпеске? Үкімет тарапынан арнайы қолдау көрсетіліп, экологиялық таза қалаларымызды дәріптеп, мадақтап отырса, әрине, қалаларымыз экология­сын тазартуға ұмтылып, араларында бәсекелестік туатын еді.

Қалымбек Бақытжан,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, з.ғ.к.

ҚР Үкіметі су тасқынымен күрес қарқынын арттыра түсуде

Үкімет Қазақстанның батыс және солтүстік өңірлеріндегі ауқымды су тасқынын болдырмау және оның салдарын жою үшін қажетті күштер мен құралдарды жұмылдырды.

Бишімбаев ісі Қазақстанның имиджіне әсер етті ме? СІМ жауабы

Бұл сұраққа Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жауап берді.

Алдағы күндері ауа райы қандай болады?

Синоптиктер Қазақстанда 16, 17 және 18 сәуірде ауа райы қандай болатыны туралы болжам жасады.

Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қол қойды

Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтарымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды.