12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Бір жақты кінәлау — мәселені шешпейді

Ұстаз мәртебесі жөнінде біздің қоғамда аз айтылған жоқ. Бұл тақырып әлі де өзекті. Интернет кеңістігі қолжетімді болғалы мектеп, ұстаз, оқушы мәселелері қоғам назарынан тіпті түскен де емес. Оқушының ұстазға дөрекілігі, ұстаздың оқушыға қиянаты әр кезеңдерде, әр өңірде күнделікті болмаса да, аракідік айтылып қалады.
Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын Талдықорғанда болған оқиға осы тақырыптың маңызын арттырды. Екі тараптың арасындағы сыйластық пен білім саласындағы сапалы жүйе қалыптастырудың өзектілігін көрсетті. Білім министрлігінің осы бағытта ізденуі қажеттігін, ұстаз қадірін арттыру, оқушы мәдениетін нығайту мәселелерін жүйелі дамыту істерін қолға алу қажеттігін тағы бір мәрте нақтылап берді. Оқушы неге мұғалімге балағат сөз айтып, дауыс көтерді? Мұғалім неге бірден құқық қорғау орындарына жүгінді? Ата-ана не үшін 42 мың айыппұл төледі? Бұндай әрекет тараптар жауапкершілігін арттыра ма? Арадағы сыйластықты оралтудың жолдары осы ма? Біздің бүгінгі зерттеу осы сауалдарға жауап іздейді. Нақты мамандар кеңесіне жүгіндік.

Ержан МЫРЗАТАЙ, отбасылық психолог:
«Ашу – бала тәрбиелеудің құралы бола алмайды»

– Балалардың ашушаңдыққа берілуіне қандай факторлар әсер етеді?
– Оған әртүрлі фактор әсер етеді және оның барлығын объективті деп айта аламыз. Ең бірінші себеп – балалар гормондық, психологиялық өзгеріс­тердің әсерінен ашушаңдыққа бейім келеді. Өз-өзін ұстай алмайды, бірде жылап немесе күліп, бір сәтте ренжіп қалуы мүмкін. Екінші – ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас маңызды. Егер бала эмоциясын жасырмай шығара алатын болса, өз ойын еркін айта алып, ата-ана тарапынан да қолдау, мейірімділік сезінсе ашу іште жиналмайды. Сөйтіп, арада түсініспеушілік, қарсылық туындамас еді.

Үшінші себеп – мектеп пен бала байланысы. Яғни мұғалімнің оқушылармен қарым-қатынасы, оларды тәрбиелеумен қатар сабаққа қызықтыра алуы. Ал қазіргі күні бұл іс көп мұғалімнің қолынан келе бермейді. Тек сабақ берумен шектеледі. Негізінен мұғалім баланың эмоциясын бақылап, ашушаңдыққа жол бермеу­ге тырысуы қажет. Баланың ашулануы – «мен күйзелісте жүрмін, мен қиналып жатырмын, маған көмек берші!» деген белгі. Мұны көрген ата-ана, мұғалім сабақты бір сәтке қоя тұрып: «Жарайды ашуланып тұр екенсің, сыртқа шығып қайт. Беті-қолыңды жуып ал, не боп қалды? Әйтпесе, психологқа барып кел» деуі керек. Бала «көмектесші» деген белгіні бір рет көрсетеді, екінші рет көрсетеді, алайда ешкім оны байқамаса, ашушаңдыққа беріліп, айналасына зиян келтіруі мүмкін. Сол үшін баладан бөгде іс-әрекет байқадыңыз ба, бірден назар аударыңыз.
– Ата-ана тәрбиесі мінезге әсер ете ме?
–Тәрбие міндетті түрде әсер етеді. Баланың мінезін қалыптастыратын бірнеше фактор бар. Біріншісі – ген, ДНК. Екіншісі – қоршаған орта. Алайда мінез деген кезде, мынаны түсіну керек: Ашушаңдық – мінез емес. Әр нәрсеге ренжігіштік – мінез қатарына жатпайды. Бұл психологиялық жай-күй. Ол кез келген адамда болады. «Бала ашушаң ба? Ата-ана ашушаң ба?» деп қарастыра алмаймыз.
– Ашушаңдыққа бейім балалармен кімдер және қалай жұмыс жасауы керек?

– Балалардың барлығы ашуға бейім. Қазіргі мектептердегі қателік – балалардың арасында тест, сауалнама жүргізеді де, ішіндегі суицидке жақын деген балаларды бөліп алып, солармен ғана жұмыс жасайды. Ал қалған балаға кім назар аударады? Оқушыларды бөлуге болмайды, бәрін тең көру керек. Жалпы, оқушылармен жұмыс жасау кезінде, ең маңыздысы – оқушы санын нормаға келтіру. Бір сыныпта отыз, тағы бір сыныпта қырық оқушы оқиды. Ондай кезде не тәртіп, не білім, не тәрбие болмайды. Өйткені, бала мінезін көрсетіп, дауыс көтеріп, ашуланбауы үшін, мұғалім сыныпқа ие болуы тиіс. Сондықтан сыныптағы оқушы санын қалыпқа келтіріп, мұғалім өз қызметін дұрыс атқара алатындай жағдай жасалуы керек. Екіншіден, ата-ана мен мұғалім қарым-қатынасын түзету. Көп мектеп ата-анадан қашады. Ал негізінде баланы мектеп пен үйдегі ата-ана бірлесе тәрбиелеуі қажет. Сонда екіжақты байланысты көрген бала мектепті де, ата-ананы да сыйлайтын болады. Үшіншіден, балаға қарсы агрессия көрсетуді доғаруымыз керек. Ашу ешқашан баланы тәрбиелейтін құрал бола алмайды. Мына тұжырымдаманы есте ұстайық: «Баланың бойындағы агрессия, балаға көрсетілген агрес­сиядан туындайды».
– Талдықорғанда болған оқиғадан соң, оқушыдан қатарластары алшақтап кеткен жағдайда не істеуге болады?
– Айта кететіні, бұл оқиғада біріншіден, Білім министрлігінен бастап барлығы үлкен қателік жасады. Кәмелетке толмаған баланың мәліметтерін ата-анасының рұқсатынсыз әлеуметтік желіде тарату бала құқығына қарама-қайшы әрекет. Осыған сай, ата-ананың барлық хабар таратушыларды жауапкершілікке тартуға құқығы бар. Екіншіден, бізде Бала құқықтарын қорғау комитеті жұмыс істейді, соларды алып облыстық, қалалық білім беру басқармасы баланың өзіне барып, мән-жайды анықтауы қажет еді. Ал біз он бес секундтық бейнежазба үзіндісін көріп, бірден баланы кінәладық, айыптадық. Оған дейін және кейін не болғанынан ешқайсысымыздың хабарымыз жоқ. Қылмыстық кодекс бойынша, біз адам өлтірмесек те, оны осындай іс-әрекеттеріміз арқылы суицидке итермелеген болуымыз мүмкін. Екінші мәселе – бізде Бала құқығын қорғау комитеті мен Білім министрлігі бір ғимараттың ішінде отыр. Бірақ неге сол уақытта бала құқығын қорғауға күш салынбады? Неліктен баламен тілдесіп көрмедік? Мұғаліммен сөйлесу бір бөлек, ол 35 жастағы ересек тұлға. Ал оқушы 15 жастағы кәмелетке толмаған, гормондық өзгерістер жүріп жатқан, әлі ересек болып көрмеген жасөспірім.
Біз осы уақытқа дейін оқушыға қол көтерген, балағаттаған мұғалімдерді көп естідік. Демек, бізде мынандай тұжырым бар: «барлығына оқушы кінәлі». Қазіргі күні ешкім жауапкершілік алғысы келмейді, әйтпесе бұл мәселені мұғалім мектеп директоры, ата-ана, психолог арқылы шешуіне болатын еді. Бұл мәселе бойынша бірінші Білім министрлігінің, екінші мектеп әкімшілігінің және үшінші біздер, яғни қоғамның кінәсі деп санаймын.
– Бұл оқиғадан соң мұғаліммен психолог жұмыс жасауы керек пе? Бәлкім мұғалім де бала психологиясын зерттеп-тануы қажет болар?
– Менің ойымша, бұл оқиғаға әсер еткен себеп – мұғалімнің біліктілігінің төмендігі. Негізінен мұғалімдік оқу барысында «Баламен қалай жұмыс жасау керек?», «Осындай жағдайда қандай іс-шаралар қолданылады?» деген сынды сұрақтарға жауап беріледі. Мұғалім оқушылармен жұмыс жасайтындықтан, бала психологиясынан толық хабары болуы міндетті.
– Сіз психолог ретінде қай тарапты қолдайсыз?
– Бұл түсінікті нәрсе. Есте ұстайық, ересек пен бала арасында мәселе туындағанда әрдайым оған жауапты – ересек адам. Бұл әлемдік принцип. Неге? Себебі, ересек бала болып көрді. Баланы түсіну оңай және оны түсінуге міндеттіміз. Ал бала ересек болып көрген жоқ. Әлі толыққанды ештеңені білмейді, көрмеген, тәжірибесі жоқ. Балада агрессия болған сәтте ешқандай айғай-шусыз, оның ата-анасын, мектеп психологын шақыртып, мәселені шешу жолын іздеу керек. Бұрынғы кезден қалып кеткен: «Барлығына бала кінәлі» деген ұстанымнан арылуымыз қажет. Өйткені, сол ұстанымның кесірінен көп балада травмалар қалып жатыр.
– Психолог ретінде қоғамға берер кеңесіңіз?
– Балаларға көбірек көңіл бөліңіздер! Олармен жиі сырласып, ішкі сырын, жанайқайын, мәселелерін тыңдаңыздар. Өйткені, қазіргі балалар құбылмалы заманда өмір сүріп жатыр. Карантиндік шаралар, қаңтар оқиғасы, бірде онлайн, бірде офлайн оқулар, әлемдік соғыс сынды дүниелер балаға тікелей әсер етеді. Өз мәселелеріңізді ысырып қойып, олардың уайымын азайту үшін қолдау көрсетіңіз. Бәрінен да балаға қиын болатындығын ескеру қажет. Сонымен қатар, біз қоғам ретінде балаға деген сүйіспеншілік, мейірімділікті арттыруымыз керек. Жазалаудан бұрын, ақыл айтып, дұрыс жол көрсетейік. Сонда ғана бала өзгереді.

Айжан Қосмұратова, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі:
«Бейнематериалға қарап қорытынды жасау қате»

Еліміздегі мұғалімдер құқығы қалай қорғалады?
– Мұғалім құқығына байланысты, ҚР Үкіметі 2019 жылы 31 тамыздағы 645 қаулы бойынша «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдады. Кейіннен 2021 жылдың 31 наурызында өзгерістер енгізілген. ҚР Педагог мәртебесі туралы заңнамасы мемлекетіміздің Конституциясына негізделеді және осы заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. Мұнда педагог мәртебесін айқындап, оның құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін және шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін айқындайды.
Талдықорғандағы оқиғада бала құқығы қорғалмай қалған жоқ па? Сонымен қатар кәмелеттік жасқа толмаған бала жайлы ақпарат ата-анасының рұқсатымен ғана жариялануы қажет емес пе?
– Елімізде «Бала құқықтары туралы» заң бар. Соның негізінде, әрбiр баланың сөз бостандығына және өз пiкiрiн айтуға, ар-ождан бостандығына, өзiнiң қоғамдық белсендiлiгiн дамытуға, жасына сәйкес ақпарат алуға және оны таратуға, қоғамдық бiрлестiктерге, сондай-ақ, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың нысандарына және Қазақстан заңдарымен рұқсат етiлген бейбiт жиналыстарға өз еркiмен қатысуға құқығы бар. Бұл заң да ҚР Конституциясына негiзделедi және бала құқықтарын қорғау саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен құралған. 4-бап бойынша, баланың тегiне, нәсiлiне және қай ұлтқа жататындығына, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, жынысына, тiліне, бiлiмiне, дiнге көзқарасына, тұрғылықты жерiне, денсаулық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа заңды өкілдерiне қатысты өзге де мән-жайларға қарамастан, барлық бала тең құқыққа ие.
11 наурыздағы Талдықорған қаласында болған оқиға бойынша, қоғам нақты жағдайға көз жеткізбей, бірден мұғалімді қолдады. Алайда бұл бейнематериалдың үзіндісі баланың кінәлі екендігін білдірмейді. Бұл жағдайға дейін және кейін не болғандығынан ешкімнің хабары жоқ. Осы тұста, заң бөлімінің сарапшысы ретінде, аналитикалық көзқарасым: оқиға бойынша іс қозғалғанда, ең бірінші комиссия құрылып, зерттеу жүргізіліп, содан кейін қорытынды шығару керек еді. Егер бала себепсіз ашу көрсеткен болса, заң тұрғысынан жауапкершілікке тартуға болады. Комиссия құрамында барлық сала мамандары болуы шарт. Мәселен, психолог, психотерапевт, Білім министрлігінің қызметкерлері (Алматыдан емес, өзге облыстан болғаны абзал), заңгер, өзге мектеп басшысы, қамқоршылық және қорғаншылық орган қызметкерлері (отбасы жағдайын да қадағалау керек) және т.б.
Егер бұл іс толық қаралмаса, кейін де қайталануы мүмкін. Осы уақытқа дейін бұл оқиғаның неден туындағаны айтылмады. Ал ол сұрақтың жауабы – өте маңыз­ды ақпарат. Өзіңіз айтқандай, бала жайлы ақпаратты өзі мен ата-анасының келісімінсіз жариялауға ешқандай рұқсат жоқ.
Оқиға барысында баланы ашуға итермелеген бір дүниенің бар екені рас. Дегенмен, бұл мәселенің толық қарастырылып, зерттелмеуі үлкен кедергі болып тұр.
– Сіз құқық қорғаушы ретінде қай тарапты қолдайсыз?
– ҚР Конституциясына сәйкес, әрбір азаматтың құқығы мен бостандығы тең. Менің ойымша, бұл жағдайда мұғалім де, оқушы да кінәлі. Таяқтың екі ұшы бар. Сондықтан тек бір тарапты қолдай алмаймыз. Баланы ашуландырған мұғалімнің де қателігі бар. Ал мен маман емес, ана ретінде оқушының жағдайына үңілсем, бірінші, үйдегі тұрмыстық мәселелер балаға тікелей әсер етеді. Екінші – тәрбие. Яғни, әке мен ана арасындағы қарым-қатынасты ол мұғаліміне көрсеткен болуы керек. Үшінші – әлеуметтік желі. Бұл категория үлкен маңызға ие. Мектепте психология, заң салаларына қосымша сабақтар өтілмейді. Тіпті, психолог оқушылармен толыққанды жұмыс атқарады деп айта алмаймын. Ал ашуға берілген баланың отбасында үлкен мәселе болуы мүмкін ғой. Ешкім ешқандай зерттеу, сараптама жүргізбей, баланы жауапкершілікке тартып, ата-анасына айыппұл салды. Ал оқушы дауыс көтеру арқылы, бір дүниені білдіргісі келген шығар. Әрине, оның ашуланып, ұстазына балағат сөз айтып, айғайлауына құқығы жоқ. Бірақ, біз мәселені толыққанды зерттемедік. Баланың қалыптасуына тек ата-ана, мұғалімнің ғана емес, әлеуметтік желінің де әсері бар. Тик-ток, инстаграмды «әлеуметтік сығандар» деп айтамын. Өйткені, онда өзінің білімі толыққанды болмай-ақ, ақыл айтатындар көп. Соның ішінде, «Саған ешкім дауыс көтере алмайды. Олардың құқығы жоқ. Өзіңді ренжітуге жол берме» дейтін пікірлер бар. Сондай ойды бала санасына ендіріп жатқан әлеуметтік желілер деп айта аламын. Негізінде, көпшілік ортада артық қылық көрсету дұрыс емес.
Осы оқиға жайында қорытынды пікіріңізді білдірсеңіз.
– Ең алдымен айтарым, комиссия құрылып, бұл мәселені толық зерттеу қажет. Бұл жағдайды жай жауып қоюға болмайды. Зерттеу үшін: баламен және мұғаліммен сұхбат жүргізіп, көзбен көріп, құлақпен естіген оқушылардан анонимді түрде жазбаша жауап алу керек. Комиссия зерттеуді аяқтап, барлық сұраққа жауап табылғанда ғана заң жүзінде іс-әрекет жасау қажет.
Жалпы, бұл әлі күрмеуі шешілмеген мәселе.

P.S Бұл келеңсіздік жайлы Білім және ғылым министрлігі де жауап берді. Олардың айтуынша: «Талдықорған қаласы, №4 орта мектептің оқушысы ата-анасының қадағалауында. Жағдай орын алғаннан кейін оқушымен және ата-анасымен облыстық білім басқармасы, білім бөлімі және үкіметтік емес ұйым өкілдері тарапынан кездесу ұйымдастырылып, әңгімелесу жүргізілді».
Сұхбаттарға назар аударсақ, мәселенің дұрыс ше­шім таппағанын, әлі де толыққанды зерттеу жүргізілу тиіс екенін аңғарамыз. Мамандар тарапынан айтылған ұсыныс жауапсыз қалмаса екен..

Жібек ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

Тоқаев су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады.

Ең бастысы, адам өмірін барынша сақтап қалдық — Тоқаев су тасқыны туралы

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына тап болған қазақстандықтар тағы да бірлік пен ынтымақ рухын көрсеткенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысын өткізіп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы отырысы басталды.

Көлік нөмірін кімге рәсімдеуге рұқсат етіледі? ІІМ мәліметі

ІІМ-де көлік құралын тіркеу және жүргізушілерді даярлау қағидаларына енгізілген түзетулер туралы айтылды.

Бишімбаев ісі бойынша сот тергеуі аяқталды: ары қарай не болады?

Астана соты Бишімбаевқа қатысты сот тергеуін аяқтады. Келесі кезең - сот жарыссөзі.