12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

БІР ҚҰМАЛАҚ…

Асығыс аттанып кетті… Арал қаласынан түн ортасында оралып еді. Жолсоқты боп келді. Сонда да жұмсақ төсекке көміліп, рахаттанып ұйықтай алса-шы. Таңғы сағат алтыда тұрып кетті. Ежелгі әдеті. Облыста қылмыс толастамай тұр. Мына жақта адам өлімі. Мұндайда облыстық ішкі істер департаменті бастығының жедел істер жөніндегі орынбасарында тыныштық бола ма?

Аралда жүріп естіді, Жаңақорғанның Жайылма ауылы жағында ер адамның мәйіті табылғанын. Өртеп кетіпті. Ауылдың сырты, бұтаның арасы дейді. Іссапардан келсе де, ертелетіп Жаңақорғанға асығыс аттанғаны содан.

Қызылордадан Жаңақорғанға барар даңғылдың Жайылмаға қарай кететін бұрылысында іркілген полицияның қызметтік көлігі алыстан көзге шалынды. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция майоры Пазылбек Нәлібаев екен. Жанында орынбасары, полиция майоры Сейтнәби Жүсіпов. Қысқа амандық-саулықтан соң, Пазылбек оқиға орнына бастай жөнелді.

– Нендей іс-шаралар атқардыңдар? Әлімхан Досыбайұлының алғашқы сұрағаны осы болды.

– Естіген бойда жедел тергеу тобы құрылды. Оқиға орнына өзім бастап келдім. Мұқият тексердік. Криминалист-сарапшылар табылған айғақ заттар бойынша өздеріне тиісті жұмыстарын істеді. Барлық облыстық, қалалық, аудандық құрылымдарға, МАИ бекеттеріне біздің ауданда мәйіт табылғанын, оның ерекше белгілерін көрсетіп ориентировка жібердік, – деп Пазылбек атқарылған жұмыстың барысын баяндай бастады.

Мәйіт табылған жер Жайылманың оңтүстік беті. Ауылға дейін үш шақырым боп қалар. Өртенген орны қарайып жатыр. Жақын өскен бұталарды да от шарпыған.

– От қатты жанған сияқты ғой.

– Жанынан екі баклашка табылды. Біреуі оттың қызуымен майысқан. Екіншісі бүтін, – деп қосты Сейтнәби.

– Жеңіл көлікпен келген, – деді Пазылбек Мәшбекұлы төрт-бес метрдей әріден өткен машина ізін нұсқап. Із кебір топырақ бетінде ап-анық көрініп жатыр. Ұсақ бұталар мен жантақты жапырып өткен. Трасса жақтан келіп, айналып кері қайтқан. Төрт түрлі болжам жасалды. Төрт топ тынбай жұмыс істеп жатыр. Кім екені анықталар емес. Ауданда адам жоғалу фактісі тіркелмеген.

– Шиелі ше? Шиелі жағы қалай?

– Көрші аудан жақ тыныш. Сыбыс жоқ. Мәйіт Жаңақорғанның адамына ұқсамайды. Пәле Түркістан жақтан келді ме деп ойлаймын.

– Түркістан дейсің бе? Онда біздің Мұхаң бар ғой. Мен қазір… – Әлімхан Досыбайұлы қалта телефонын қолына алды.

– «Мұқа, бізде мынадай жағдай болып тұр, – деді әңгімені бірден бастап, – Жаңақорғанның Қызылорда жақ бетінен ер адамның мәйіті табылды. Иә, иә, екі күн бұрын. Елулер шамасында. Түркістанда адам жоғалмап па еді? Басқа қандай сыбыс бар? Құлақ қойып сәл тыңдады. – Иә, сосын, е-е-е, сонымен бізге жібере аласың ба, иә, сөйтші. Жаңақорғанда болам ғой…»

– Мұқтар ғой, Ермеков Мұқтар, – деді полковник оқиға орнын көріп болып, Жаңақорғанға қайтып келе жатқанда. – Түркістан ішкі істер бөлімінің бастығы, екеуміз бұрын Шымкентте бірге жұмыс істегенбіз. Сол айтады, інісінің қайынжұрты жағынан бір жігіт жоғалыпты деп. Он үші күні Шымкентке машинасын сатуға келген сияқты. Сол күні ізім-қайым жоқ болған. Ол өзі Таразда тұрады екен. Он төртінде бізде мәйіт табылып тұр. Бір байланыс болуы мүмкін. Інісі осында келеді. Мәйіт қаншалықты өртенген. Адам танитындай ма?

– Беті бүрісіп қалған. Киімінің астында қалған бөлігі ғана жанбапты. Содан танымаса,  деді Сейтнәби.

– Баклашканы сараптамаға тапсырып па едіңдер?

– Тапсыруын тапсырдық. Бірақ, одан саусақ ізі табылмады. Ал бензин құйылғаны анық, – деді Пазылбек.

– Егер Мұқтар айтқан адам болатын болса, онда бұл жоспарланып істелген қылмыс сияқты. Өйткені, бензинді бөтелкеге құйып, алдын-ала дайындалған, – деді Әлімхан анау екеуіне кезек қарап. – Менің ойымша, оны машинасын сатып алған адам өлтіруі мүмкін. Не болмаса машина сатқанын білген басқа біреу. Осы екі жағдай. Әрине, егер ол Мұқтар айтқан адам болса.

– Түсініп тұрмын. Ондай жағдайда бірінші болжамыңыз дұрыс-ау. Өйткені арада көп уақыт өтіп үлгермеген ғой, – деді Пазылбек өз ойын қосып.

– Ал өлтірген адамды кім деп ойлайсыңдар? Менің ойымша, ол тегін адам емес. Өлген адамды машинаның жүксалғышына салып, Шымкенттен Жаңақорғанға алып келуге қарапайым біреу тәуекел ете алмайды, – деді Әлімхан. Бірақ бұл ойын жанындағыларға ашып айта қоймады.

«Шымкенттен Жайылмаға дейін үш жүздей шақырым. Жолда бірнеше жерде МАИ бекеті бар. Одан аман өтетін тек полиция қызметкері ғана. Қызметтік куәлігін көрсетсе жетіп жатыр, жолы ашық! – деп ойлады ол. – Нақ полиция болмаса да, полициямен байланысы бар әккі біреу. Мәйітті басқа территорияға әкеп тастау, солардың ісі. Бұрын болған бұндай жағдай».

Осы болжамына табан тіреп, ойын одан әрі іштей өрістетіп келеді. «Баклашкада саусақ ізі қалмаған. Демек, жалаң қолмен ұстамаған. Ұстаса саусақ ізі қалатынын білетін адам. Бұл да қылмыскердің полиция болуы мүмкін деген ойды растай түседі».

* * *

Күн құтпанға қарай құлдыраған шақта ағасын жоғалтқан жігіт Тараздан келіп жетті. Оны аудан мәйітханасына апарып, Жайылмадан тапқан жігіттің денесіне жапқан ақ жайманы ашып қалғанда, бырысып-тырысқан бетінен үркіп, қалт тұрып қалыпты. Киімінің жанбай қалған жұрнағын көргенде ғана танып, көзінің жасына ие бола алмады дейді. Оның айтуынша, ағасы «Аudi-А6» көлігін сатпақ боп шілденің 13-і Тараздан шығып, Шымкентке барған. Түс қайта телефон соққан ағасы клиент тапқанын, он мың бес жүз долларға келіскенін айтады. Кейін тағы бір сөйлеспек болғанда телефоны өшіп қалыпты. Одан кейін хабар болмаған. Аты-жөні – Сәкен Жолдыбаев. Жасы елу екіде. Автокөліктің мемлекеттік нөмірі де анықталды.

Екі күн бойы жауабы табылмай қойған жайттың өзі келген бойда бір ұштығы қолға іліне қалғанына іштей қуанса да, онысын сыртқа сездірмеуге тырысты. Полиция әсте сезімнің адамы емес. Кішкене жетістікке масаттану оған жат. Істі қалай да соңына дейін жеткізу керек. Облыстық Ішкі істер департаментінің ауыр қылмыстарды ашу бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Жалғас Жүсіпов пен жедел уәкіл, полиция капитаны Еркін Исахаевты осы қазір Жаңақорғанға жетуге бұйырды. Оларға Жаңақорғаннан полиция аға лейтенанты Арлан Әлжан қосылатын болды. Бұл үшеуі тапсырманы пысықтап алып, кідірмей Шымкентке жол тартуы тиіс.

* * *

Келесі күні машинамен ертелетіп өзі де жолға шығып кетіп еді, Шымкентке сәскеде жетті. Келе сала кеше аттанған үш жедел уәкілді жиып ап, не тындырғанын сұрады. Жаңа болжамдар жасалды. Бұлардың алдында ең әуелі мерт болған Сәкен Жолдыбаевтың «Аudi-А6» көлігін табу міндеті тұрды. Осы арада басқа бір болжам пайда болғаны. «Бәлкім ол көлік нотариус арқылы рәсімделген болар?» Осы болжам бойынша базар маңындағы нотариустарды тексеру басталсын.

Ойы алдамапты, кешке қарай, жұмыс уақыты сарқыла келе базардың шет жағындағы елеусіздеу нотариустан бір дерек шықты. Мемлекеттік нөмірі 154 MFM, күміс түсті «Аudi-А6» автокөлігі 1987 жылы туған Жұмабек Жақсылықовқа рәсімделген. Көлікті айдауға, сатуға сенімхат берілген. Тексеріп қарағанда оның қалаға жақын ауданда тұратыны анықталды.

* * *

Аудан орталығына ертелетіп жеткен үшеуі үшке бөлініп, көше аралап кетті. Базар маңын шолып шығуды да ұмытпады. Кеңсе, мекеме маңында шоғыр-шоғыр иіріліп тұрған көліктерге зер салып қояды. Іздегені күміс түстес «Аudi-А6». Егер аудандық автоинспекцияға өтініш қылса, табан астында тауып берер еді, бірақ олай етуге полковниктің ескертпесі бөгесін. «Полиция қызметкері болуы мүмкін, сондықтан жергілікті күштік құрылымға сездірмеу керек» деген еді ол. Шағын кенттің көшесін жаяу тоздырып жүргендері сондықтан. Түске таман Арлан телефон соқты. «РОВД алдында тұр!» деді ол қысқа қайырып. Жалғас Жүсіпов пен Еркін Исахаев тез жетті.

– Полковник мырза, аудандық бөлімнің алдынан таптық. Мемлекеттік нөмірі өзгермеген. Адамы жоқ, – деп хабарлады Жалғас.

– Тимеңдер! Жақын бармаңдар! Иесін анықтаңдар! – деп тапсырды Әлімхан Досыбайұлы.

Біраздан соң күміс түстес көліктің жанына такси тоқтап, ішінен ширақ қозғалған бір әйел түсті. Қараталдың көлеңкесіне барып, сәндік үшін ұстаған сүйір сөмкесінен алған телефонды құлағына апарды. Полиция ғимараты жаққа ауық-ауық қарап қояды. Ғимараттан полиция формасы бойына құйып қойғандай жарасқан жас лейтенант шыққанда, оған әлдене деп, екеуі көлікке кеп отырды. Жүріп кетті. Үш жедел уәкіл отырған ақ «Мазда» соңынан ілесті.

«Шымкентке қарай бағыт алдық. Жас лейтенант. Жанында бір әйел бар. Елулерге келген» деп Жалғас полковникке баяндап келеді.

«Шымкентке кіре берісте оны жол полициясы тоқтатады. Сол кезде ұстайсыңдар» деп бұйрық берді полковник Әлімхан Досыбайұлы.

Даңғыл жиегінде тұрған жол полициясының көлігі алыстан көзге шалынғанда Арлан газды үстемелеп, «Ауди»-дың қыр соңынан қалмай жүйткіді. Қызыл таяғын көтеріп жол ортасына шыққан жол полициясын көрген «Ауди»-дың құйрық шамы қызарып, тежеле берген. Артынан кеп бұлар да тоқтады. Көлігінен ыршып шыққан лейтенант жол полициясы сержантқа әлдене деп шүйліккені сол екен, сырт жағынан өкшелеп жеткен Арлан мен Жалғас оның білегіне кісенді кигізіп үлгерді. Лейтенант өзін тоқтатқан сержант пен үстеріне жәй киім киген қарулы жігіттерге кезек қарағыштап:

– Кімсіңдер сендер? Ертең жауап бересіңдер? – деп, бір бұлқынуға ғана шамасы жетті.

– Абай аудандық бөліміне барғанда түсінесің! – деді Жалғас ол ғана еститіндей етіп. Табанын жерге тигізбеген жедел уәкілдер оны ес жиғызбай екі бүктеп көлікке сүңгітіп жіберді де, машинадан түсіп, бажылдап бері жүгірген әйелге қарамай ілгері жүріп кетті.

* * *

– Аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектормын, – деп таныстырды өзін жас лейтенант Әлімхан Досыбайұлының алдына әкелінген соң полковниктің сұрағына жауап беріп.

– Аты-жөнің Жұмабек Жақсылықов? Солай ма?

– Иә, Жұмабекпін.

– Шілденің 13-інде не болды? Есіңе түсірші.

Осыны айтқан Әлімхан лейтенанттың жүзінен көзін алмай қадала қарады. Сезікті секірер дегендей, қолы қанға малынған адамның бет-жүзінде мұндайда бір өзгеріс болатыны сөзсіз. Ширек ғасыр қызмет еткен оған  қылмыскер психологиясы айқын. Лейтенанттың да абыржыған жүзінен ішінде әлдебір құпия жатқанын аңғарып отыр.

– Ұмытып қалдым, – деді ол ерні болар-болмас дірілдеп.

– Ұмытсаң есіңе түсірейін. Машина базарға бардың? Күн жексенбі…

– А-а, иә… машина сатып алдым…

– Кімнен сатып алдың?

– Кімнен?! Иесінен. Әйтеуір біреу. Танымаймын. Ақшасын төледім. Нотариусте оформление жасадық. Бітті! – Лейтенант бойын тіктеп, есін жия бастады. – Міне сенімхаты!

– Ол адам қайда?

– Қайдан білем?! Кетті жайына.

– Сен қайда бардың?

– Үйге қайттым.

– Шын сөзің ба? Ертең басқаша айтып жүрме.

– Жоқ. Үйге қайттым.

– Мен саған болған оқиғаны айтайын. Оны біреу өлтіріп, Жаңақорған жаққа апарып тастаған. Қалтасынан телефонын алған. Телефонды алған адам сен тұратын ауданға барған. Қалта телефоны бар адамның қайда барып, қайда қойғаны базалық стансаларда минут-секундына дейін жазылады. О жағын білетін бе едің? – деді Әлімхан Досыбайұлы.

– Сіз маған жала жапқалы тұрсыз ба? Ақшасын алды. Кетті.

– Сенде де телефон бар ғой. Нөмірің базалық стансаға тіркелген боп жүрмесін.

Лейтенант көзін алып қашып, терезе жақты шолып кетті. Өңі қабарып, маңдайынан бұршақтап тер білінді.

– Жоқ, мені текке күйдірмеңіз, – деді сосын бәсеңсіп.

– Почеркіңнен-ақ өз әріптесіміз-ау деп ойлап ем. Дәл айтыппын. Адам өлтіруге қатысты қылмыстармен айналысқаныма, міне, жиырма бес жыл. Мен араласқан қылмыстың ашылмай қалғаны жоқ.

– Сізді әкем тануы мүмкін. Әкем подполковник. Қайырбай Жақсылықов.

Әлімхан қарсы алдында отырған лейтенантқа оқыс жалт қарап, орнынан тұрып кете жаздады. Сабыр сақтап өзін әрең тежеді.

– О кісі Түркістанда істеп пе еді? – деді сосын елеусіздеу ғана.

– Бұрын істеген. Міне, куәлігім! Қайырбаевич деп анық жазылып тұр.

Әлімхан лейтенант Қайырбаевичке бір, алдына тастаған куәлікке бір қарап дағдарып қалды. «Подполковниктің баласы қалайша адам өлтіреді? Өзі де полиция?» Ішкі жан дүниесі аласапыран. Қылмыс жасаған полицияны құрықтап тұрғаны бір бұл емес. Бірақ бір кездері аралас-құралас жүрген адамның баласын кісендеймін деп ойламаған. Заң алдында барлық адам бірдей, дегенмен… «Шымкенттен тезірек кетіп қалу керек, – деп ойлады бір сәт. – Бұл арада іске кедергі көп болуы мүмкін».

Дәлізге шығып, кезекші сержантты саусағымен ымдап алдына келтірді де, «ананы камераға апар» деп, өзі тысқа шығып кетті. Айналып кабинетке келгенде лейтенант отырған орындық босап қалғанын көрді. «Апыр-ай, ә! – Кабинетті әрлі-берлі кезіп жүр. – Қайырбайдың баласы, о, тоба! Бір кездері қызметтес болған әріптесім, аралас-құралас жолдасым, жасы үлкендігі тағы бар! Әлі күнге тұғырынан таймаған сақа подполковник…»

* * *

Ойын тиянақтап үлгерместен көлікке отырды. Шопыры машинаны оталдырып, гүр еткізді де, бастығының бетіне қарады.

– Тарттық! Қызылордаға!

Жедел уәкілдердің күдіктіні сыртқы есіктен шығарып алып, табандарын тез жалтыратқандары шүбәсіз. Қаланың қай тұсы екен жеткен жері. Қалта телефонына жармасып, Жалғастың нөмірін терді. «Тыңдап тұрмын» деген Жалғастың дауысы жетті құлағына. «Қай жерде барасыңдар?» «Бас даңғылмен кеттік. Сізді күтейік пе?» «Күтсең, күт!»

Қызметке кірісерде берген ант санасын шымшылап өтті. Адал болуға айтқан анты? Қылмыскермен ымыраласпауға берген серті де санасында жаттаулы. Ширек ғасырға жуық полициядағы қызметінде сол серттен ауытқыған кезі жоқ. Адал жолдан таймады. Қайырбай да осы антпен, осы сертпен суарылған адал қызметкер емес пе? Осыны ойлағанда қолы қалтасындағы телефонын еріксіз іздеп кетті. Қолына ілігіп үлгермеді, Жалғастың өзі қоңыраулатты.

– Тыңдап тұрмын. Баянда!

– Қаладан шықтық. Оң жағымызда үлкен «СТО». Соған тоқтадық.

– Тоқтамаңдар! Жүріп кетіңдер! Жылдамдатыңдар!

Полковник шеніне, адамдық арына дақ түсіретін іске бара алмайды! Қолымен жасаған қылмысын әркім мойнымен көтеруі тиіс! Қылмыскерде ұлт жоқ, ру жоқ. Әке-шеше жоқ. Бауыр-туыс жоқ. Таныс та жоқ.

Қаланы қақ жарып өтетін даңғылмен жұлдыздай ағып, андыздаған көп көлікті артқа тастады. Тасқыннан сытылып шыққанда алда бара жатқан ақ «Мазда» көзіне анадайдан шалынды. Күдікті соның ішінде. Жап-жас жігіт, полициялық міндетін толық түсінбеген бозбала. Полицияның құдірет-күшін жеке басына пайдаланбақ боп қатты қателескен. «Кілтипанның бәрі осы арада, – деп ойлады полковник, – жиырма бірдегі балаға қалай лейтенанттық шен беруге болады? Қалай полицияның жауапты қызметін сеніп тапсырады? Баяғыда Ішкі істер органына жасы жиырма екіге толмай ешкім жолай алмайтын. Қазір ғой ерікті беріп қойған. Бәрі соның бәлесі!»

Шұбарсудан асып барады екен. Түркістанға қарай туралай тартқан тас жолда сағым көтеріліп, теңіздей толқиды. Толқын шайқаған қайықтай бұлдыраған ақ «Мазда» сағымға бір батып, бір шығып көз ұшында ағараңдайды. Телефон безектеп қоя берді. «Не болды?» «Сізбен сөйлескісі келеді». «Тоқтаңдар онда!» Ақ «Мазда» оң жақ бұрылыс шамын жағып, жол жиегіне ойысты. Көліктің артқы орындығында қолы кісендеулі лейтенант отыр. Иіні түсіп кеткен.

– Ал, інім, айтам деп шештің ба? Тек шыныңды айт, – деді полковник.

– Аға, – деп, кібіртіктеп бөгеле берді. – Аға, мен…

– Еңсеңді көтер! Ер азаматсың. Офицерсің. Жаным арымның садағасы деген бабаларымыз. Мойындайсың ғой.

– Мойындаймын. Өз еркіммен мойындаймын. Өкінем. Ол былай еді…

* * *

Іші біледі, әкесі өзіне разы емес. Шаруаға қырсыз, ысырапшыл, ұқыпсыз деп кінәлайды. Ашып айтпайды, ашып айтпаса да, көзқарасынан сезеді. Әкеде кінә жоқ, аудандық полицияға әкеп тықты. Лейтенант атағын алуы да тез болды. Бір емес, екі мәрте машина сатып әпергенін айтты. Екеуін де құртқан өзі. Әуелгісін тасқа соғып қиратты. Екіншісі жылай-жылай ұтысқа кетті. Үшінші рет әпермейтіні анық. Ал көліксіз жаяу қалу оңай емес. Әкенің көңілін табу одан да қиын. Басын неше қилы жоспар торлайтыны содан. Қайткенде тез арада машиналы болудың амалын ойлайды. Әкесін солай ырза етпек. Көңілін ауламақ. Ойдың түбіне жете алмайды бірақ. Біреуден тартып алмаса, басқа жол бар ма? Ақыры осыған тоқтады.

Шілденің он үші, жексенбі. Алдын-ала келіскен досы Арыстан екеуі машина базарда жолықты. Қаз-қатар қойып тастаған көп машина. Көздің жауын алады. Бірінен-бірі өтеді. Әккі алыпсатарларға жоламады. Көздегені жалғыз-жарым сатушы. Ауыл-аймақтан келгендер кездессе, тіпті жақсы. Сатуға қойған машинаға бір қараса, сатып тұрған сатушыға екі қарайды. Ыңғайлысы тараздық нөмірі бар «Аudi-А6». Күміс түстес. Сатып тұрған жалғыз адам. Жігіт ағасы. Қымбат сұрайды. Он бір мың доллар дейді.

– Түсесіз бе? – дейді бұл саудаласып. – Бес жүз доллар түсіңізші.

– Інім, машинаның жағдайын көріп тұрсың ғой. Өзім он екіге алғанмын.

– Бізде де жетпей тұр, – дейді бұл екі алақанын жайып.

Үш мәрте айналып келді. Үшеуінде де асты-үстін қарап, моторына үңіліп, шынымен алатын адамдай айналшықтай берді. Базар жабылар уақыт та таяу. «Аudi-А6»-ның иесі, төзімі таусылды білем, жанына тағы бір жақындағанда:

– Інішек, он мың бес жүзге аласың ба? Түсейін бес жүз доллар, – деді шарасы таусылып.

– Онда күте тұрасыз. Ақшаны әкем әкеледі.

– Иә, иә күтем ғой, – деп анау көңілденіп сала берді. – Машинаға қам жеме. Бәрі зың.

– Біз қақпа жаққа барамыз. Әкемді сол жерден күтем. Келген бойда жетем. Сіз кетіп қалмаңыз? – деді сатушыны тағы да дәмелендіріп.

Арада жарты сағаттай уақыт өткенде айналып «Аudi-А6»-ның жанынан табылды.

– Інім не болды? – дейді анау шыдамсызданып. – Қазір базар жабылады.

– Аға, машинаны көтеріп астын көрейік, СТО жауып кетпей тұрғанда.

– Жарайды. Көрсең көр.

Шеберханада көлікті көтеріп табанын тексерді. Айтса айтқандай, зың сияқты. Бірақ бұл оған онша мән беріп жарытпады. Көңілі басқаға алаң.

– Нотариус та жауып кететін болды-ау! – деп уайым шеккенсіді. – Аға, былай етсек қайтеді. Сіз маған сенімхат жаздырыңыз. Сосын оны қалтаңызға салып қойыңыз. Маған ақшаны алғасын бересіз. Ақша келе жатыр, қорықпаңыз, – деп қойды. Көзінше әлдекімге телефон соққан болып, «не болды, келе жатсыз ба» деп қояды.

Сатушы жігіт ағасы ақыры келісіп, нотариусқа кірді. Сатуға, айдауға сенімхат жаздырды. Содан бастап мазасы қашып, тыпырлай бастасын.

«Қашан?» деп ауық-ауық сұрайды. «Келе жатыр». «Қайдан келетін еді?» дейді. «Мынау тұрған Қарасудан, – дейді бұл телефонын қайта қолына алып. – Қазір ызбандап көрейін».

«Ал-лоу, не болды, папа? Келе жатсыз ба? Қай жерде? Қойыңыз… үйден шыға салып па? Боковой? Енді не істейсіз? Біз уже сенімхат жаздырып қойдық».

Көлік иесіне абыржи қарады.

– Аға, дөңгелегін жарып алыпты. Боковойы жыртылып кетіпті. Бірге барсақ қайтеді. Запаскасы да жоқ еді.

– Жүрсең, жүр! – деді жігіт ағасы шарасы таусылып.

Қала мен Қарасудың аралығында ашық далалық алқапқа келгенде:

– Аға, тоқтаңызшы, – деді өтініш етіп. – Өтіп кеткен жоқпыз ба?

Шопыр ағай аяғын тежегішке тіреп, көлікті тоқтатты. Сол сәт ту сыртында отырған бұл манадан дайындап келе жатқан қара ала еспе арқанды алқымына салып жіберіп, шірене тартып қалды. Бейғам отырған жігіт ағасы қапелімде не болғанын түсінбей көзі алақтап, екі аяғын тебініп, жанталасып жатыр. Жанында отырған Арыстан  оқыс бұрылып, қолындағы қорғасын кастетпен екі рет  соқты. Шекесіне темір тиген шопыр сылқ түсіп, естен танып, сол күйі үні өшті.

– Бітті, – деді бұл алқынып, – ұста аяқтан.

Екеулеп артқа сүйреп тастады. Рөлге өзі отырды. Үлкен трасса қол созымда. Соған ұмтылды. Күн көкжиекке қонуға шақ тұрған. Жаңақорғанға жеткенше үн қатпады. Қобалжып келеді. Сағат түнгі бірлер шамасы. Дала тастай қараңғы. Аудан орталығын аулақтан айналып өткен соң оңға бұрылатын қара жол кезікті. Алыстан ауылдың жалғыз шамы ғана жетімсіреп жылтырайды.

Мәйітті бұтаның арасына тастады. Жолшыбай құйып әкелген бензинді үсті-басына құйып, шырпы лақтырған. Лап ете қалған оттың жалаңдаған тілі жапан далада жетім қалған мәйітті шыжғырып ала жөнелді.

* * *

– Ант беріп киген мундиріңді былғап алған екенсің, – деді полковник Әлімхан одан көзін алмай. – Әкеңді танимын! Бірақ амал қанша, заңның алдында шарасызбын.

Жас лейтенанттың көз жанарында мөлтілдеп жас байқалды. Бәрі кеш екенін өзі де біліп отырған сияқты.

Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...