12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Үміт пен күдік

(Соңы басы өткен №12-санда)

Істі қараған полиция қызметкерлері «Мұнда ешқандай қылмыстық құрам жоқ, дәлел болатын дәйекті де көрмей тұрмыз» деп арызды кері қайтарды.
Бизнесмен, меценат, миллионер Шәкеннің соңына өзі түсіп, ақыры өзімен де сөйлесті. Сақал-мұрты қап-қара, бірақ төбесінде қылтанақ жоқ еңгезердей Шәкен Тоқанұлы Ғайшаны кабинетіне кіргізіп, арыз-мұңын асықпай тыңдап алды. Ғайша әкелген суреттерді де сазарып отырып қарап шықты.
– Апай, сіз кешіріңіз, бірақ мен сіздің қызыңызды мүлдем танымаймын. Істі маған әкеп тіреп қойған тергеушілердің не мақсаты бары белгісіз. Оларды менің атыма кір жаққысы кеп жүргендер деп білемін. Алдағы сайлауда депутат болсам деп ниеттеніп жатыр едім. Сондықтан менде уақыт аз. Қызыңызды тауып алуыңызға тілектеспін. Қолымнан келетіні сізге қаржылай көмек беру. Айтыңызшы, сізге қанша ақша керек? – деп Ғайшаға тіке қарады.
Жанары өткір екен. Тіпті, тесіп түсердей. Ғайша абдырап барып әрең есін жиды.
– Мен сенен ақша сұрап келіп отыр­ған жоқпын! Қызымды іздеп, қандай да бір хабар алу үшін табанымнан тозып жүрмін. Ақша маған бала болмайды. Баламды қайтар, оңбаған! – деп ақырып, ойындағы күдігін ақтарып, месқарынды бас-көз демей төпелей жөнелді.
Дәудің оққағарлары да әккі екен. Қолы тиер-тиместен Ғайшаны тік көтеріп, кабинеттен шығарып тастады. Ал Шәкен Тоқанұлы ар-намысымды былғады, балағаттады, өзіме қол жұмсады деп Ғайшаның үстінен сотқа арыз түсірді. Бұл тек ескерту, енді мұндай жағдай қайталанса, қатаң жаза сұраймын депті арызында. Осылайша Ғайшаның тілі байланып, қолы қысқарды.

Кіші Ғалия

Бүгінде Ғайша қалада тұрады. Балалардан бөлінбейік деген күйеуінің ақылы. Ауылдағы мал таусылған. Жырмыштап жиып жүріп күйеуі екеуі басқа балаларын да оқытып, үйлі қылды. Немере сүйді. Обалы не керек, бала-шағадан қызық көрер шақта күйеуі жаман аурудан қайтыс болды. Оған да міне 2 жылға жуықтапты. Сабырлы, біртоға адам еді жарықтық. Ғалияның жоғалғанын, Ғайшаның қайғырғанын жүрегіне түсіріп алған деді үлкендер.
Ал соңғы жиырма жылда 40 жылға қартайған Ғайша Ғалиядан әлі де үміт үзбеген. Үлкен ұлы қызына Ғалия деп ат қойғанда бұлқан-талқан ашуланып еді. Бірақ үлкендер сабырға шақырып, ақылға жеңдірді. Сол Ғалия бүгінде бауырында. Аялап жатып ұйықтап, айналып жатып оянады. Былдыр-былдыр тілі шығып келеді. Жұмыс деп жүріп, тіршілік деп жүріп үлкен Ғалияның қылығына мән де бермеген екен. Ол да осындай тәтті болды-ау деп ойлап қояды қарт ана.

Азапқа салған арман

Таяуда теледидар көріп отырып Ауғанстаннан елге қайтсақ деп жатқан қазақтардың жайын құлағы шалып қалды. «Мына жақта соғыс тоқтамай жатыр. Бізге жәрдем беріңдер» деп зарлап отырған ананың қасындағы оранып алған қыздарға көзі түсіп, есі ауып қалғандай болды. Немересіне ғаламтордан әлгі бейнені таптырып алып, қайта-қайта қарады. «Иә, бұл Ғалия. Дәл өзі. Мынау нақ соның көзі» деп күбірлей берді, күбірлей берді.
Ауғанстаннан елге оралғандар тізімі газетке жарияланды. 50-ге жуық адамның ішінде 20 жылдан аса із-түзсіз кеткендер тізімінде жүрген Ғалия Ж. деген азаматтың есімі бар деп тілші сүйінші сұрапты. «Бұл күнді көрсеткеніңе шүкір. Саған талай тіл тигізіп едім, мен бейбақты кеше гөр, Құдайым!» деп іштей күбірлей берді. Иә, ана жүрегі жаңылмаған екен. Үміті алдамаған екен. Тілшімен тілдескен Ғалия өзінің бастан кешкендерін, көрген сұмдығы туралы да айтыпты. Ғайшаның түсінгені қызы алдымен Түркияда болған. Кейін Сирияда, Иранда одан ке­йін Ауғанстаннан бір-ақ шыққан екен. Қазақстанға 10-ға толған Ғайша атты қызымен келіпті.
«Бүгінгі Қазақстан» газеті көлемді етіп жазылған «Ғалияның ғазалы» атты материалымен талай адамды жылатты.
«Шетелде оқу бала күнгі арманым еді. Заңды оқып, елге келіп сот болсам дейтінмін. Бірақ, арманым орға жықты. Сыртта оқығысы келетін жастарға Шәкен деген азамат көмектеседі дегенді естіп, сол кісімен жолықтым. Көзі өңменімнен өтетін, шомбал келген жігіт ағасымен жарты сағатқа жуық сұхбаттастым. Мен туралы, менің армандарым туралы әңгіме соңында әлгі кісі қамқорлық таныта сөйлеп: «Айналайын, саған арнайы емтихан тапсыру керек. Сондағы жинаған балыңа қарай шетте оқу-оқымауың белгілі болады. Ертең емтихан тапсыруға бәленбай деген мекенжайға кел. Өзіңмен бірге барлық құжаттарыңды алып кел» деп шығарып салды.

Торға түсірген «тосын сый»

Қалайда арманына қол жеткізуді ойлаған Ғалия қолдау көрсетемін деген азаматтың талабын мүлтіксіз орындауға күш салды.
– Үйге келе сала сабақтарымды пысықтап, емтиханға дайындалдым. Емтиханнан өтіп алмайынша ешкімге тіс жармаймын, бұл менің ата-анама тосынсыйым болсын деп шештім.
Айтылған мекенжай – қала сыртындағы аумағы атшаптырым коттедж екен. Қоғамдық көлік бармайтындықтан 3-4 аялдамадай жерді жаяулап жүріп отырып айтылған уақыттан кешігіңкіреп жеттім. Есік алдында күзет қызметі бар екен. Мен туралы іштегілерге телефон арқылы айтып еді есік ашылды. Өмірімде мұндай әдемі ауланы, әдемі үйді көрмеген едім. Аңтарылып жан-жағыма алақ-жұлақ қарап, өзін емтихан қабылдаушымын деген келіншектің артынан ілесіп келемін. Үйдегі кітапхана бөлмесіне енгенде алдымнан Шәкен аға шықты.
– Аманбысың, Ғалия?! Біз кеше қай уақытқа келісіп едік? Неге кешігіп жүрміз? Әлден осындай болса, шетте оқығанда қайтпексің? Қазақтар уақыттың қадірін білмейді. Ал, шетелдіктер үшін әр секунд санаулы. Ұқтың ба? Жылдам мына үстелге жайғас та, емтихан тапсыруға дайындал, – деп зеки сөйледі.
Кешігіп кінәлі болғандықтан міңгірлей амандасып, ағай көрсеткен үстелге жайғастым. Емтихан қабылдайтын келіншек құжаттарымды көшірме жасатуға алды. Ал маған емтихан сұрақтарың деп пышақтың қырындай кітапшаны ұстатты. Алдыма су толы графин мен бокал қойды. Шөлдеп кеткен едім. Бөлмеде ешкім болмаған соң бір бокал суды басыма бір-ақ төңкердім. Кітапшаның алғашқы беттерін ашып оқи бастадым. Бұрын-соңды оқымаған пәндер, бейтаныс сұрақтар. Тынысым тарылып, басым айналғандай болды. Шетелде оқымақ болған арманым алыстап бара жатқандай. Таңдайым кеуіп тағы су құйып іштім. Сап-салқын су сергіткендей болады. Бірақ бір дел-сал күй кешіп, көзімді әрең ашамын. Сөйтсем маған су деп ұсынғандары у екен. Қалай ұйықтап кеткенім есімде жоқ.
Есімді көлікте жидым. Қасымда Шәкен аға отыр. Тағы бір сақалы қауғадай еркек алдыңғы орында отыр екен. Маған қарап көзін жымыңдатып қояды. Денем түршігіп кетті.
– Ғалия, бұл Умар деген азамат. Сені Түркияда оқытады. Мен бәрін келісіп қойдым. Жатын орның, тамағың, тіпті, оқу орныңа дейін келісілді. Еш алаңдамай біліміңді ал. Ата-анаң мен бауырыңа жағдайды өзім түсіндіріп айтамын. Бастысы – Умар мырзаның айтқанын айнытпай жаса.
– Біз қайда барамыз? Шәкен аға, мен ешқайда барғым келмейді. Көлікті тоқтатыңыз! Осы жерден түсіп қалам. Басым сынып барады, – дегенімді ешкім тыңдамады да.
– Сен әлі маған рақмет айтатын боласың, Ғалия. Әлі-ақ елге оралып, үлкен қызметтер атқарасың. Бастысы – қазір тәуекелге бел бу. Жемісін кейін көресің, – деп аузы-аузына жұқпайды.
Мең-зең күйде көз жұмдым. Ар жағы өң мен түстің арасындай болды. Өзім жүре алмайтындықтан мені қолтықтап әкеп шағын ұшаққа Умар мырза мінгізді.
Қанша уақыт өткенін білмеймін, есімді тар бөлмеде жидым. Қапырық. Шөлдеп жатырмын. Су ішпек болып қармансам қолымда кісен сылдырлайды. Аяғыма да салыныпты. Шаруамның біткенін сонда білдім. Оқимын деген арманым өліп қалмасам екен деген тілекке ұласты.
Некемізді бір сығыр молда қиып, Умар мырза мені әйел қып алды. Қарсыласпақ болғанымды ешкім тыңдамады. 1-2 күн «күйеуімнің» қасында болып, тыңайып қалғандай едім. «Мен алысқа іс-сапарға кетіп барам. Әзірге осында бол, келген соң оқуыңды реттейміз» деп Умар мырза түрікше-орысша араластырып түсіндірді. Үміт оты жылт етті.

Қожайын

Сығыр молда мені бұрынғы жатағыма апарып тастады. Тұрып жатқанымыз айдаладағы алып қамалдың іші секілді. Ештемені айырып болмайсың. Күн шығады, түн батады. Айына 1-2 рет айдауыл Умар мырзаның жатын бөлмесіне ертіп апарады. Өркениет деген тек сол бөлмеде секілді. Оқуым туралы айта бастасам, қожайыным қабағын түйіп, сес көрсетеді. Болмаған соң соққыға жықты. Осылай жылдан аса уақытым өтіп кетті. Ол жаққа қар жаумайды екен. Ешкіммен сөйлесуге рұқсат жоқ. Сондықтан нақты қанша уақыт өткенін айырып болмайсың. Бір күні «күйеуім» шаруасын тындырып болған соң, сығыр молданы шақырып мені «талақ» етті. Бұған дейін көргенім әшейін бер жағы екен. Енді сығыр молда мені күнде біреумен некелестіреді. Күнде біреу маған талақ айтады. Талай рет өз-өзіме қол жұмсауды ойладым. Бірақ одан түк шықпады. Бірде қатты ауырдым. Басым зеңіп, жүрегім айнып, ішім ауырды. Қамалдың бір тар бөлмесінде дәрігер бар екен. 3-4 күннен бері бүк түсіп, қан түкіріп жатқан мені соған жеткізді. Дәрігер түрлі ем-дом жасады. Дәрі егіп, тамырыма ине салды. Содан ұзамай түсік тастадым. Сөйтсем ішімде 3 айлық бала болған екен. Көз жасымды көлдетіп, шындап өлмекке әрекет жасадым. Буынбақ та болдым, тамырларымды тістеп аршып тастамақ та болдым, бірақ күзетшілер кіріп келеді де төсекке таңып байлап тастайды. Сөйтсем мені камерадан бақылап отырады екен ғой.
Күндердің бір күнінде Осан атты жас жігітпен «некелестім». Әжептеуір түрікше біліп алғам. Осанға бар мұң-зарымды айттым. Мені талақ етіп тастамауын өтіндім. «Саған адал жар боламын» деп ант-су іштім. Жас жігіт көнді. Бірде ол сапарға шығатын болып, мені өзімен бірге әлгі қамалдан алып шықты. Барған жеріміз Сирия деген ел екен. Күнде соғыс, күнде қантөгіс. Мен бұрынғыдай «тұтқын» емеспін. Бірақ мынадай майданнан гөрі бейбіт күннің тұтқыны болғаным дұрыс еді деп ойлап қоям. Себебі, күнделікті бір танысымыз, кейде тіпті бірнеше адам қайтыс бопты деп естиміз. Алладан Осанның амандығын тілеп жүрдім. Бірақ бір күні ол да қайтыс болды. Мен қара жамылып қала бердім. Ақсақ-тоқсақ, бала-шағадан құралған біздің ауыл бір күні Иранға көшеміз деді. Иранның Қазақстанға жақын екенін мектептен білуші едім. Көшкенше асықтым. Жаяу-­жалпы көштік. Бастапқыда күніне 15-20 шақырым жүруші едік. Кейіндері 5-10 шақырымды ғана бағындыратын болдық. Тоқтаған елді мекендерде жан бағу үшін жалданып еңбек еттік. Әйтеуір 3-4 жылдай жүріп Иранның шекарасына да жеттік-ау. Мұсылман ел ғой. Құжаты жоқтарды бөліп алып, пойызбен жөнелтті. Ауғанмен шектесетін жағына жеткізген екен. Осы жерден ұлтымызға қарай қыстақтарға бөлді. Мен секілді жастау келген 4-5 келіншекті жатақхана секілді ғимаратқа жайғастырды. Әбден тынығып, өз-өзімізге келген соң бұйыр­ған жұмыстарды істеп жүрдік. Тұмшаланып киінеміз. Үй тазалығы, аула тазалығы, кір жууға жауаптымыз. Бірде түн ортасында жатақханада тұрып жатқан 5 келіншекті бір қауға сақал көлігінің артына тиеп алып кетті. Ауған содыр­ларына сатылып кеткенімізді кейін білдік қой…
Сөйтіп, елге оралам деген арманым тағы алыстап қала берді. Ауған жерінде күнде жарылыс, мылтықтың дауысы үйреншікті құбылыс секілді. Ешкім елеңдемейді. Жер асты жолдары арқылы байланысқан үйлердің арасында «серуендеп» жүргенің. Бізді әскерилер лагеріне әкеп тастады. Мұнда да әйелдің жұмысы көп екен. Тамақ жасап, үй тазалап жүрдік. Әскер бас­тығы – қожайынымыз, айтқаны – заң. Көрген құқайымның бәрін айтып қайтем. Әйтеуір, шықпа жаным шықпамен жүрдік. Күндердің күнінде өзбек келіншекпен таныстым. Соның айтуы бойынша, қазақтарды таптым. Ерсін атты әскери жігітпен танысып, некелестім. Ол мені шешесінің қолына қалдырып, өзі әскер ісімен кетті. Содан қайтып оралмады. Ал біз айдаладағы бір қыстақта қала бердік. Ұзамай мен босандым. Қызыма ойымнан бір сәт шықпайтын шешемнің есімін беріп Ғайша деп атадым. Қызым 6-ға толғанда қалаға көштік. Жан нәсіп қылып, тамағымызды тауып жеуге ұмтылдық. Аядай бөлмені жалға алып, жағдайымыз жақсарып, енді құжаттарымды реттемек боп жүргенде тағы соғыс басталды. Бас сауғалап жүрген өзбек, түрік ағайындармен кездесіп қалдық. Олар арнайы бейне түсіріп жан-жаққа таратты. Тұңғыш болып тіл қатқан өзіміздің қазақтар болды. Өкпеге қиса да бірін-бірі өлімге қимайтын қаракөздерімді қатты сағындым. Әке-шешемді, бауырларымды қатты сағындым» деп жылапты Ғалия.

Кездесу

Көз жасына ерік берген қарттың «Ғайша ғазалын» толық оқуға шамасы келмеді. Көз алды тұманданып, басы айналып, кәлимасын қайталай берді. Ұзамай полиция бөлімінен хабарласып ертең қызымен кездесуге апаратынын айтты. Ел өлдіге санаған, өзі 23 жыл бойы іздеген қызын ертең көретініне сенер-сенбесін білмей дал болған ана Құдайға сыйынып, бергеніне де, алғанына да шүкір айтты. Тезірек таң атуын тіледі. Бұйырса, енді әулетте екі Ғайша, екі Ғалия бар. Өшкенің жанып, өлгенің тірілді деген осы шығар.
Ауған жерінен келген қазақтар тізімі жария болған соң бір апта өтер-өтпес­тен биік лауазымда отырған Шәкен Тоқанұлы өз-өзіне қол жұмсапты деген хабар гу ете қалды. Алмаған атағы жоқ, бағындырмаған қызметі қалмаған азаматты жер қойнына тапсырған жұрт жыламапты да дейді көргендер.

Данияр Болысбекұлы

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...