12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қуаныш ҚАШҚЫМБАЕВ, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі:«ЕҢБЕКҚОР ЕЛДІҢ ТҰРМЫСЫ ТҮЗУ»

Алатаудың баурайында орналасқан Еңбекшіқазақ ауданы әлемдік туризмге сұранып-ақ тұр. Тек көзін аша білсеңіз болғаны. Біздің дәуірімізге дейінгі V-III ғасырларда өмір сүрген сақтардан қалған белгі – Алтын Адам да, тау шаңғысын дамытуға арналған теңдессіз табиғат та өңір мақтанышы. Аудан аумағындағы 79 елді мекенде тұратын 350 мың адамның күнкөріс көзі ауыл шаруашылығы, Есік қаласындағы жол, аудандағы әлеуметтік мәселелер де үнемі дер уақытында шешімін тауып, оңды нәтиже мен тың бастамалар жүзеге асырылады. Аудан халқының мұндай тынымсыз еңбегі мен табысты нәтижесі Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуаныш ҚАШҚЫМБАЕВТЫҢ білікті ұйымдастырушы, талантты басшы ретінде қолға алған бастамаларымен өзектес. Ауданның тыныс-тіршілігі, жергілікті тұрғындардың тұрмыс жағдайы, өңірдің болашақтағы экономикалық өсімі мен жоспарлары жайлы аудан әкімімен сөйлесудің сәті түсті.
– Қуаныш Қалиұлы, әңгімемізді аудандағы ахуалдан бастасақ?
– Еңбекшіқазақ – аграрлы аудан. Алатаудың баурайында орналасқан, шаруашылыққа қолайлы мекен, еліміздегі ірі аймақтардың бірі. Менің жұмысқа кіріскендегі басты міндеттерімнің бірі өңірдің экономикалық, әлеуметтік ахуалын көтеру болды. Сондықтан бірінші кезекте ауыл шаруашылығына назар аудардық. Елдегі жағдайды сараптап, барлық салаларды дамытуды қолға алдық. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде ағымдағы жылдың тоғыз айында ауыл шаруашылығы өнімдері 85 719,5 млн теңгені құрады. Негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру, өңдеу, сатуға басымдық бердік. Еңбекқор елдің тілегін ЖерАна да қолдап, еңбектің өтеуін еселеп қайтарып жатыр. Аудандағы 57 ұлт пен ұлыс өкілдерінен тұратын жергілікті халық та жердің, еңбектің қадірін біледі. Егін егіп, бау-бақша өсірумен айналысатын халық өндірген өнімдерін Алматыға апарып саудалайды. Таза экологиялық өнімдер қалада сұранысқа ие. Қалалықтар көкөніс, жеміс-жидек және бал өнімдеріне көп тапсырыс беріп, келісімді бағамен көтере сатып алады. Ірі және шағын шаруа қожалықтары алқапта, жылыжайларда өндірген өнімдерін жыл бойы Алматыдағы ірі супермаркеттерге өткізеді. Ауданның негізгі тыныс-тіршілігі осы. Ең бастысы, барлығы заң шеңберінде жүзеге асады. Аудан халқы ауыл шаруашылығындағы осындай тынымсыз еңбегінің арқасында жағдайларын жасап отыр. Алайда, әлемді алаңдатқан пандемия біздің өңірге де біраз кедергісін келтірді. Қазір жағдай біраз дұрысталды. Ауданға инвестиция тарту, өндіріс орындарын өркендету және ең озық аграрлық технологиямен ауыл шаруашылығын дамыту менің ауданға келгендегі басты жұмыстарымның бірі болды. Осы ретте ауыл шаруашылығын дамытуға, жаңа кәсіпорындар құрылысына және елді мекендер үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға миллиондаған қаражат салуға дайын өзіміздің бизнесмендермен келіссөздер жүргізілді. Кәсіпкерлікті дамытуға, бизнесті өркендетуге ешқандай кедергі қойылмауы керек. Бюрократтыққа тыйым салынды.Түрлі құрылымдар салалық заңнамаларын басшылыққа алып, ішкі ережелеріне сүйеніп, салықтық тексерістердің бизнеске кедергі келтірмеуін қатты қадағалап отырмын. Ауыл шаруашылығына қатысты біздің тағы бір міндет – ет-сүт бағытында асыл тұқымды мал санын өсіру, бау-бақшаны жаңа сортты өнімдермен молайту. Бұл бағытта да бізде нақты жұмыстар басталды.
– Табиғи байлықты игеру, тиімді пайдаланып, жел электр станциясын салу, яғни автономиялы электр қуатымен елді мекендерді қамтамасыз ету қашан шешімін табады?
– Иә, бұл да бір өзекті мәселе.Бізде қазір бұл жоба негізінде Шелек жел дәлізі жұмыс істеп тұр. Алдағы жылдары осы жел дәлізін пайдаланып, Еңбекшіқазақ ауданында қуаттылығы
60 МВт жел электр стансасын салу жоспарланды. Сонымен қатар Бөгеті массивіндегі вольфрам кенін өңдеу зауытының да құрылысы басталады. Жобаның жалпы құны 94 500 млрд теңге. Іске қосылғанда жергілікті халық үшін 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қуаттылығы жылына 33 000 тонна кен өндіруге жетеді. Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде 50 жұмыс орны ашылса, іске қосылғанда 350 болады.
– Өмір сүруге ыңғайлы өңірде халық саны өскен сайын ұрпақ тәрбиесі қатар жүретіні белгілі. Аудандағы білім беру, балабақшамен қамтамасыз ету мәселесі қалай?
– 2020–2021 оқу жылында оқушылар төрт мектепте үш ауысыммен оқытылуда. Алайда сыныптық кешендер жетіспеушілігінен Денсаулық сақтау министрінің арнайы бұйрығымен бекітілген «Білім беру нысандарындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» атты ереже нормасы бұзылып жатыр. Сондықтан мәжіліс залы, дәліз, киім ауыстыру орны сияқты жерлерде, яғни бала оқытуға арналмаған орындарда оқушыларды оқытуға мәжбүрміз. Бұл мәселеден тиісті орындар хабардар. Енді ретімен шешімін табар деп отырмыз.
– Ауданды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қалай жолға қойылып отыр?
– Ауданды сумен қамтамасыз ету өзекті мәселенің бірі болып тұр. Барлық су құбырлары жүйесіне тексеру жүргіздім. Қайрат, Саз, Көкпек, Ащысай, Таусүгір, Торғайбаз, Сарытау, Сарыбұлақ барлығы сегіз елді мекен, яғни халықтың 10,1 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. 21 елді мекендегі сумен қамту жүйесі күрделі жөндеуді қажет етеді. Есік қаласынан бастап, барлық ауылдардағы су жүйелеріне тым болмаса ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу керек. Қысқа мерзімде Бөлек, Қаратұрық ауылдық округтері мен Шелек ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешудің реті келді. Екінші кезекте Есік топтастырылған су құбырларының жұмысы басталды. Оның құны 4 млрд теңгеге жуықтады. Масақ, Сөгеті ауылдарындағы су құбырларына келесі жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Әр нысанның құны 500 млн теңгеден айналып қалар. Барлық нысандарға жобалық-сметалық құжаттарын дайындаймыз.Бюджетке сәйкес тапсырыс жасамақпыз. Есік қаласы мен айналасындағы елді мекендерді сумен қамтамасыз ету көзі жазда – Тойсай өзені, қыста – Есік көлі. Сонымен қатар сүзгілі су станциясының тереңдігі 200 метр, алты ұңғымасы тағы бар. Тойсай өзені мен Есік көлінен келетін су жеткіліксіз болып қалғанда, осы ұңғымалар іске қосылады.Соның өзінде өңірдегі су мәселесі толығымен шешілмеген. Өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары пайдалануға берілген ұңғымалардың техникалық жағдайы сын көтермейді.Тұрғындарды тұрақты түрде санитарлық талапқа сай ауыз сумен қамтамасыз етуге жарамайды. Соны есепке ала отырып, 2020 жылдың мамырында Еңбекшіқазақ топтастырылған су құбырының екінші кешенінің құрылысы басталған еді. Бұл нысанды пайдалануға беру мерзімі 2022 жылға жоспарланған. Бүгінгі күнде нысан жұмысының 45 пайызы жасалды.
– Абаттандыру жұмысы да шешімін тауып жатыр ма?
– Әлбетте! Ауданымыздың айнасы Есік қаласындағы Алтын Адам көшесінің екі жағалауын үш метрден кеңітіп, ұзындығын 1,8 шақырымға созып, 22 аялдама орнатылды. Жаңа үлгідегі жеті аялдамалық кешен қойылды. Мұның сыртында бірінші бағдаршамнан бастап қаладан шығатын аркаға дейін жол қозғалысы қауіпсіздігі үшін ұзындығы 1,2 шақырым бетонды астау жүйесі қойылды. Осы көше бойындағы №1 Рахат орта мектебінің тұсынан оқушылар мен саяжай массиві тұрғындарының қауіпсіздігі үшін аспалы жаяулар жолының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, Алтын Адам және Уәлиханов көшелерінің қиылысында көлік ағынын азайту үшін оң бағытпен ғана жүргізу енгізіліп, жаяу жүргіншілер жолы және аллея жасалды. Аталған көшелердің жоғары бөліктерінде осы жұмысты жалғастыруға қосымша қаражат қарастырылуда. Алматы – Есік арасында қалааралық автобустар жүреді. Енді Есік қаласы мен маңындағы ауылдардың тұрғындары Алматыға жаңа да жайлы автобустармен барып келетін болды.
– Ішкі туризмді дамыту – жол жөндеу, көгалдандыру жұмыстарымен жалғасатын шығар?
– Иә, Есік – таңғажайып табиғи құндылығын сақтап қалған өлке.Табиғат-Ананың тамаша тартуын тиімді пайдаланып, ауданымызда ішкі туризмді дамыту үшін де бізге кәсіби шеберлік қажет. Аудандағы тік құламалы Есік шатқалын көру бір ғанибет! Түрген шатқалы, Асы жайлауы, Бартоғай су қоймасы, дендрарий, археологиялық, тарихи ескерткіштердің барлығы мемлекетіміздегі ең ірі мегаполистен алыс емес. Сондықтан туристердің жайлы да қауіпсіз жолмен келіп-кетуі үшін автокөлік жолының инфрақұрылымын жақсартуға қажетті қадамдар
жасалуда. Айталық, Құлжа күре жолы реттелді. Көптеген бағыттар жөнделіп, жол белгілері үш тілде жазылды. Батыс Қытай – Батыс Европа автожолына жеті гектар жер бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді.Үлкен Алматы каналының бойындағы автокөлік жолын күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттар жасалынды. Бұл жол жөнделіп, пайдалануға берілгенде, велосипедпен жүруге де болады. Арнайы ауылшаруашылығы өнімдерін дайындайтын орындарға велосипедпен бару мүмкіндігі де ойластырылды. Тау туризмін дамыту мақсатында осы жылдың 5 қазанында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғат паркін аралап көрдім. Бірінші кезекте биодәретханалар, жеке гигиеналық пункттер, қоқыс тастайтын жәшіктер орнату және сол қоқыстарды жинаушылар, бағыт сілтеуші және көрнекті ақпараттық тақталар, интернет пен телефон байланысы мәселесі, сондай-ақ туристік демалыс орындарын абаттандыру үшін шешім қабылданды. Су туризміне қатысты бүгінгі таңда ауданымызда ұтымды инвестициялық жоба бар. Бұл – «Рафт Сервис» ЖШС кемпингтік лагері. Нысанда рафтинг, қонақжай бөлмелері заман талабына сай жасалған. Экзотикалық туризмді дамыту мақсатында «Қыран» дәстүрлі аңшылық орталығының инвесторлары тартылды. Бұл жобаның ашылуы 2020 жылдың 23 қыркүйегінде Көктөбе ауылдық округінде өтті. Ауданымызда сегіз тігін шеберханасы, бір қонақ үй, үш демалыс үйі, үш сауықтыру лагері, екі аңшылық үйі, екі демалыс орны бар. Осы жылдың үш тоқсанында бұл нысандар 33 586 адамға қызмет көрсетті. Туристік-сауықтыру қызметінің аумағы 47 млн 300 мың теңге болды. Осындай ел игілігіне қызмет ететін жобалар көп. Тек соларды нәтижелі жүзеге асыру – бізге міндет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Заң газеті»

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...