12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Айдос САДУАҚАСОВ, ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз хатшысы: «СОТ ПРОЦЕСІ АЯҚТАЛҒАНША, АЙЫПТАУДАН АУЛАҚ БОЛҒАН ЖӨН»

– Айдос Қартаңбайұлы, жуырда ғана Қазақстан судьяларының VIII съезі өтті. Алқалы жиында Мемлекет басшысы сот саласына халық сенімін әлі де арттыру қажеттігін айтты. Ұмытпасақ, бұл мәселе алдыңғы съезде де көтеріліп, нақты тапсырмалар берілген еді. Бір қарағанда, халықтың сотқа сенімін көтеруге бағытталған жұмыс аз жүріп жатқан жоқ сияқты. Алайда, бұл мәселе алдан шыға береді. Неліктен?
– Иә, дұрыс айтасыз, халықтың тарапынан сот жүйесіне шағым әлі де болса азаймай отыр. Біздің азаматтарымыз кейде Жоғарғы Соттан бөлек, Ақордаға, Парламент депутаттарына, «Нұр Отан» партиясына, журналистерге өз мұңын шағып жатады. Алайда, кейбір отандастарымыз әлі де болса Ата Заңымызда жазылған «Судья шешім қабылдауда тәуелсіз», «Судья Конституция мен заңға ғана бағынады», «Ешкімнің сот ісіне араласуға құқығы жоқ» деген баптарды толық түсіне бермейді. Түсінсе де ескергісі келмейді. Мәселен, іс аудандық немесе апелляциялық сатыда қаралып жатса да, оны Жоғарғы Сот төрағасының бақылауға алғанын қалайды. Алайда бұл заңға қайшы өтініш. Жалпы алғанда, сыни пікірдің көбеюіне, негізінен, 5 фактор әсер етуде

– апелляциялық сатыдағы жұмыс сапасының төмендігі;

– жекелеген судьялардың заң мен әдеп нормаларын бұзуы;
– кейбір мемлекеттік органдардың жауапкершіліктен жалтаруы;
– медиацияның кеңінен қолданылмауы;
– кейбір журналистер мен блогерлердің сот процестерін әдейі жанжалға айналдыруы. Соттар мен судьялардың тәуелсіздігі принципін көпшілігіміз әлі де түсіне бермейміз. Мәселен, мемлекеттік органдарда бірінші басшының шешімін бүкіл аппарат дайындайды. Бірінші басшы сол шешімді оқып, қол қойып береді. Ал, сот жүйесіне келсек,судьяда мұндай артықшылық жоқ. Судья соттың шешімін дайындау және оны жариялау кезінде жалғыз қалады. Ал, ол күніне ондаған процесс өткізіп, олар бойынша шешімді өзі қабылдайды. Судьялар корпусы үшін 2018 жыл жүктеме тұрғысынан ауыр болды. Өйткені республика соттарына 4,5 млн іс пен материал түсті. Бұл дегеніміз, сол кезде әрбір судья күніне 11 шешім, Алматы мен Нұр-Сұлтан сияқты ірі мегаполистерде 50 шешімге дейін қабылдады. Әр істе 2 тарап болады десек, республикадағы экономикалық белсенді халықтың 6-7 миллионы сот залдарында жүрді. Халық осылайша дау-дамайға құмартып кеткендей. Одан кейін 2019 жылы бұл көрсеткіш 3,3 миллионға түсті. Халықтың жанжалдасу деңгейін азайту, сот төрелігінің сапасын арттыру мақсатында Жоғарғы Соттың бастамасымен 30 заң жобасы әзірленіп, оның 17-і қолданысқа енді. Жалпы, сот дауларының арту мәселесін зерттеу барысында мұның екі себебін анықтадық. Біріншісі – мемлекеттік органдардың өз жауапкершілігінен жалтаруы. Мемлекеттік органдар өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешім қабылдаудан бас тартып, азаматтарды сотқа жіберуге бейім. Яғни, шенеуніктердің өз құзырына сай жұмыс істей алмауы азаматтардың сот табалдырығын тоздыруына алып келді. Екіншіден, бізде медиация институты дұрыс дамымай отыр. Осының салдарынан біздегі даулардың жартысынан көбі негізсіз туындайды. Мәселен, коммуналдық қызмет, электр қуаты немесе су үшін қарыздардың жиналып қалғанын білсеңіз, оны сотқа жеткізбей, монополиспен бірлесіп, нотариусқа барып-ақ шешуге болады. Бізде өкінішке орай осындай құқықтық мәдениет қалыптаспай отыр. Мұның бәрі сотқа деген сенімге өз көлеңкесін түсіріп отыр. Бұған қоса, азаматтар көп жағдайда бірінші сатыдағы сотқа дайындықсыз келеді. Оған өзінің дәлелдері мен айғақтарын толық алып келсе, әділдікке жету ықтималдығы артар еді. Сонымен қатар, республикада Татуласу орталықтары, медиаторлар жұмыс істеп жатқанын білсе де, дауды сотқа дейін жеткізбеудің жолын санасына сіңіріп, әдетке айналдырмай отырған замандастар аз емес. Қазақтың тарихында би бабаларымыз мүмкіндігінше екі тарапты тең қойып, бітімге келтіруге тырысқан. Міне, біз билер институтының осы идеологиясын қазіргі заманға сай қолдана білуіміз қажет. Осы ретте Жақып Қажыманұлы айтпақшы, ағайын арасында, тіпті әкесі мен баласының арасында мүлікке, мұрагерлікке қатысты даулар көбейіп кетті. Бұл дауларды шешу барысында судьяда эмоция деген болмайды. Ол – заңның құлы. Заңда шешім қалай тұр, ол соны қолданады. Өкінішке орай, кейбіреулер өзі ойлағандай шешім шығарылмаса, судьяны айыптай бастайды. Иә кейде адами фактор орын алуы мүмкін. Яғни судья да адам баласы болған соң қателеседі. Мыңдаған істің бір-екеуінде қате кетуі мүмкін. Сол істер бойынша азаматтарға өз құқығыңызды қолдану үшін облыстық сотқа жүгініңіз, егер онда шағым қанағаттандырылмаса, жоғары сатыға жүгініңіз дейміз. Былайша айтқанда, азаматтар заңда көрсетілген процестік рәсімдерді біле бермейді, білсе де оған құлақ аса бермейді. Сонымен қатар, Қазақстанның барлық түкпірінде бірдей салық, корпоратвитік даулар, зияткерлік меншік салалары бойынша маманданған заңгерлер тапшы. Кейбір облыс орталықтарында, аудандарда білікті кәсіби адвокаттар жетіспейді. Сондықтан елімізде құқық мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарына талапты күшейту қажет.
– Съезде мемлекеттік бажды көтеру жайлы әңгіме қозғалды. Түсінгеніміз, бұл да жұртшылықтың бар мәселесін сотқа жүгініп шешуге ұмтылуына ықпал етіп тұрған сияқты. Расында да, бізде оның құны өзге елдердегіден төмен бе?
– Бір нәрсені түсінгеніміз абзал. Бізде сотқа төлейтін баждың төмендігі кей азаматтар мен заңгерлердің ұсақтүйекті сылтау қылып, сотқа сабылуына, өз құқықтарын асыра пайдалануына негіз болуда. Баж төмен болғандықтан, мыңдаған адам келісімге көнгілері келмейді. Бірден соттасуды қалайды. Баждың мөлшері 90-шы жылдан бері мүлдем өзгермеген. Біздегі баждардың кейбірі 10-20 теңгеден аспайды. Ал, ерлі-зайыптының ажырасу істері бойынша жасалатын төлем 830-ақ теңге. Әлемнің дамыған елдерінде, мәселен, АҚШ пен Еуропада даулардың 80-90 пайызы сотқа дейін шешіледі. Яғни мемлекеттік органдармен, жұмыс берушімен, ерлі-зайыптының арасындағы дауларға медиаторлардың қатысуымен нүкте қойылады. Неге бұл елдерде азаматтар сотқа бармайды? Өйткені, оларда баждардың шекті мөлшері бекітілген және заңгерлер халықты сотқа жеткізбей-ақ келісімге келуге шақырады. Мысалы, АҚШ-та 20 доллар үшін сотқа жүгінсеңіз де 220 доллар төлеуге тиістісіз. Қазақстанда мемлекеттік баждың шекті мөлшері көзделмеген. Әр түрлі дауға әр түрлі баж төленеді. Істердің 84% бойынша баж құны 5 мың теңгеге де жетпейді. Бұл кейбіреулер айтып жатқандай, халықтың қалтасына қол сұғу емес. Керісінше, халықты сотқа баруға итермелейтін мемлекеттік органдарға және құқықты аса пайдаланатын заңгерлерге сабақ болсын, адамдар да сотқа бармас бұрын ойлансын деген ниеттен туған ұсыныс. Әрине, әлеуметтік аз қамтылған топтарға қатысты заңда көрсетілген жеңілдіктер сақтала бермек.
– Съезде тағы бір айтылған мәселе – соттарға блогерлер, журналистер тарапынан қысымның болуы. Расын айту керек, журналистердің бәрін осы ретте сауатсыз, хайп қуушылар деп кінәлау орынсыз. Бұқаралық ақпарат құралдары негізінен тек болған оқиға жайлы шынайы ақпарат беруге мүдделі. Ендеше бұл сұрақтың биік мінберден айтылуына не түрткі болды?
– Көбімізге өз кемшілігімізді көру, мойындау жетіспей жатады. Соттан жеңіліп қалғандардың кейбірі өз кінәсін мойындамайды. Сот процесіне қатысқан адвокат пен прокурордың ұстанымын назардан тыс қалдырып, бірден: «Мемлекет қайда қарап отыр?» «Жоғарғы Сот төрағасы неге шара қолданбайды?» деп байбалам салуға құмар. Бізде күніге судьялар 6,5 мыңға жуық сот актісін қабылдайды. Онда біреуі жеңеді, біреуі жеңіледі. Жеңілге адамдардың жоқ дегенде 1-2 пайызы, яғни кем дегенде 65 адам әлеуметтік желіге «соттың құрбаны болдым, мемлекеттік органдардан зәбір көрдім» деп жазады. Жеңген тарап өзінің қуанышын әлеуметтік желіге, газетке жаза бермейді. Осыдан соң қоғамда «соттарда адам құқығы тапталып жатыр» деген ой туады. Бұл ретте істің мән-жайын түсінбей жатып, оқиғаны біржақты баяндайтын, ақты қара, қараны ақ деп, шындықты бүркемелеп жазатындар бар. Өкінішке қарай, бұлардың қатарында жекелеген республикалық порталдар мен журналистер де бар. Міне, сол себептен де Президент съезде осы мәселені көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кейде журналистер мен блогерлер әлі тергеу жүріп, сотқа жетпеген іске қатысты судьялардың шешімін болжап жатады. БАҚ-тың жариялылығы мен ашықтығын сотқа қысым жасау үшін пайдалануға болмайды. Сот төрелігі тек сот залында, сот процесінің қорытындысында орнауы тиіс. Сотқа қысым жасау фактісі заңмен реттелуі керек», – деп орынды ескерту жасады. Жалпы қандай жағдайда да, Президент айтқандай, соттың әділдігі тек сот залында шешілу керек. Сот үкімі шықпай тұрып, ешкімді «қылмыскер», «жемқор», «алаяқ» деп айыптауға болмайды. Өкінішке орай, біздегі кейбір БАҚ өкілдері мен блогерлер кінәсіздік презумпциясын жиі бұзып жатады. Соттың шешімі, үкімі шықпай жатып, бір тараптың ғана пікіріне сүйенеді. Екінші тараптың пікірін көрсетпей-ақ материал жариялайды. Сондықтан, сот процесі аяқталғанша, негізсіз айыптаудан аулақ болған жөн. Өйткені, бұл жерде судьямен қатар, азаматтардың ар-намысы мен іскерлік беделіне қол сұқпауымыз қажет!
– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...