12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Сәкен АБДОЛЛА, ҚР Судьялар одағы төрағасының міндетін атқарушы, Ақтөбе облыстық сотының төрағасы:«СУДЬЯЛАР ОДАҒЫ – СОТ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ҚОРҒАУДЫҢ КЕПІЛІ»

– Құрметті Сәкен Жүсіпахметұлы, Судьялар одағы төрағасының міндетін атқарып отырғаныңызды білеміз. Қызметіңіз республика судьяларының VIII съезіне тұспа-тұс келіп отыр екен. Қазақстандық сот үшін маңызы зор басқосудан биыл не күтеміз?
– 2020 жылдың 23 қазанында судьялар қоғамдастығы өміріндегі тарихи оқиға – Қазақстан Республикасы судьяларының кезекті VIII съезі өтеді. Биылғы съезд ел Конституциясының 25 жылдық мерекесімен қатар келді.Съезд тәуелсіз, құқықтық, демократиялық мемлекет құрудағы сот жүйесінің маңызын арттырады. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңында республикалық құзыреті бар қоғамдық бірлестік ретінде Судьялар одағын құруға басымдық берілген. Бұл одаққа жүктелер міндет жоғары. Одақ ең бастысы судьялар қоғамдастығының мүддесін іске асыруды, қорғауды мақсат етеді. Ал одақтың жоғары органы болып табылатын судьялар съезін кемінде төрт жылда бір рет өткізіп, қоғам өміріндегі маңызды құқықтық мәселелерге қатысты судьялар қауымдастығының ұстанымын айқындау игі дәстүрге айналған. Қазақстан Республик асының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сот саласын жандандыруда да басты бағдарға айналғаны белгілі. Осы құжатта айқындалған басымдықтарға сай Судьялар одағы сот билігін, судьялар мәртебесін нығайтуға, сот ісін жүргізуді оңайлатуға, сот жүктемесін оңтайландыруға, судьялардың сот төрелігін іске асыру сапасы үшін дербес жауапкершілігін арттыруға бағытталған заң жобаларын әзірлеуге белсенді қатысты. Судьялардың қоғамдық бірлестігі сот-құқықтық реформаны іске асыруда және заңнаманы жетілдіруде, судьялардың кәсіби даярлығына, судья әдебі нормаларын сақтауға, соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарды. Съезде алдыңғы форумда белгіленген міндеттерді орындау бойынша судьялар қоғамдастығы жұмысының қорытындысы шығарылып, сот реформасының нәтижесі талқыланады, жаңа басым міндеттер белгіленеді. VIII съезд қоғамдағы заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқығын қорғауға, елдің экономикалық дамуын қамтамасыз ететін іскерлік ахуалды жақсартуға қажеттілік артқан кезде өткізілгелі отыр. Әрі бұл жиын мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында айтылған міндеттерді басшылыққа алары талассыз.
– Алдыңғы съездерге арқау болған қандай шешімдер сот жүйесін дамытуда тарихи рөл атқарды?
– Съездерде сот саласын дамытуға қатысты маңызды шешімдер қабылданғанын тарих дәлелдеді. Айталық 1996 жылғы 19 желтоқсанда өткен судьялардың бірінші съезі сот қоғамдастығының тәуелсіздігі мен имиджін нығайтуға бағытталды. Сот саласы Конституцияға сай мемлекеттік биліктің бірі ретінде бекітілді, судьялар мәртебесін нығайтудың құқықтық тетігі пысықталды, сот төрелігін іске асыру кезінде судьяның тәуелсіз болатыны нақтыланды. Осы съезде алғаш рет моральдық тазалық, парасаттылық және жоғары эрудиция қағидаты бекітілді. Соған орай, жиында Судьялық әдеп кодексін қабылдау орынды деп танылды. Ал республика судьяларының II съезінде Халықаралық Орталық Азия судьялар қауымдастығына, сондай-ақ, Халықаралық заңгерлер одағына кіру туралы шешім қабылданды. Бұған дейін соттардың материалдық-техникалық жұмысын үйлестіру мәселесімен Әділет министрлігі айналысып келген болса, осы жиыннан кейін бұл қызмет толықтай Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке берілді. «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» конституциялық заң қабылданып, сот жүйесіндегі өзгерістер заңдық тұрғыдан түйінделді. 2001 жылы 6 маусымда өткен ІІІ съезд сот жүйесіндегі реформаларға жаңа серпін беріп, үшінші биліктің беделін нығайтты. Халықаралық құқықтық стандарттар мен нормаларға сәйкес алқабилер институтын, мамандандырылған экономикалық және әкімшілік соттарды енгізу қажет деп танылды. Қылмыстық жазаларды либералдандыру, ізгілендіру бағытының негізі қаланды.
2005 жылы 3 маусымда Қазақстан Республикасы судьяларының IV съезі өтіп, сот төрелігі жүйесін жетілдіру, сот ісін жүргізуді оңтайландыру, қадағалау сатыларының санын қысқарту, сот жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайту, судьяларды іріктеу рәсімін қатаңдату жөнінде сындарлы ұсыныстар әзірленді. Ең бастысы, қамаққа алу санкциясын сот құзырына беру біздің заңнамамызды халықаралық құқықтық актілер стандарттарына жақындатты. 2009 жылы 18 қарашада ұйымдастырылған V съезде сот жүйесін жаңғыртудың негізгі векторы қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін тиімді, әділ, жылдам әрі халық үшін қолжетімді сот төрелігін қамтамасыз етіп, тергеу іс-әрекеттеріне сот бақылауын одан әрі кеңейту, ювеналдық соттар құру, дауларды шешудің балама тәсілі – медиация институтын дамыту бойынша іргелі жұмыстар жүргізілді. Сот жүйесі халықаралық стандарттарға жақындады және оның дәлелі ретінде Қазақстанның Судьялар одағы Халықаралық судьялар қауымдастығының толыққанды мүшесі атанды.
2013 жылы 20 қарашада өткен VI съезде айтылған ұсыныс-тілектер ескеріле келе Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару, Азаматтық іс жүргізу кодекстері қабылданды. Ал 2016 жылғы 21 қарашадағы судьялардың VII съезінде Бангалорлық қағидаттар басшылыққа алынып, судьялардың құзыреттілігі мен ынтасына қатысты мінез-құлық қағидасын қамтитын жаңа Әдеп кодексі қабылданды. Айта кету керек, Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі елдер ішінде Сот әдебі кодексі бойынша Еуропа Кеңесінің Венециандық комиссиясының оң қорытындысын алған жалғыз ел. Орталық Кеңес үстіміздегі жылы Судьялық әдеп кодексіне баптар бойынша түсініктеме әзірледі.
– VІІ съездің өткеніне де төрт жыл болды. Осы алқалы жиында талқыға салынған қандай ұсыныстар сәтті орындалды?
– Алдыңғы съездің сот билігіне енгізген жаңалығы аз болмады. Сот жүйесінің көпсатылылығын жою, сотқа «кездейсоқ адамдардың» келуіне жол бермеу, сондай-ақ, аттестация арқылы судьялардың есептілігін күшейту бойынша шаралар қабылданды. Инвестициялық дауларға қатысты сот ісін жүргізу жолға қойылып, азаматтық-құқықтық дауларға прокурордың қатысуы қысқартылды, дауларды шешудің баламалы тәсілдері кеңейді. Барлық сот істері бойынша сот отырыстары дыбыс және бейнежазбаға жазылатын болды. Соның ішінде электрондық сот кабинеттері азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттырды. Сот жүйесіне электронды технологияларды енгізудің қаншалықты пайдалы екеніне пандемия кезінде нақты көз жеткіздік. «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасының іске асырылуы саланы жаңа биікке көтерді. Қойылған міндеттерді орындау нәтижесінде кадрлық іріктеу, сот жүктемесін оңтайландыру, жалпы, сот қызметінің сапасы бойынша оң өзгеріс бары байқалады.
– Әдеп кодексінде судьялардың кісілік келбетіне жоғары талаптар қойылған. Қазылар осы үдеден шыға алып отыр ма?
– Ұлы Абайдың «Төрелік ету әркімнің қолынан келмейді», – деген сөзі бүгін де өзекті. Шынында да, Әдеп кодексінде судьялардың моральдық бет-бейнесіне жоғары стандарт белгіленген. Өйткені сот жүйесінің түпкі мақсаты – халықтың сеніміне ие болу. Ал судьялар кәсіби жақтан мықты, моральдық жақтан мінсіз болмаса сенім туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан Әдеп кодексін сақтау судьяның ішкі сенімі, өмір сүру қағидасына айналуы тиіс. Әрине, «Бес саусақ бірдей емес». Судья әдебі жөніндегі комиссиялар жекелеген судьялардың кодекс талабын бұзғанын айғақтап отыр. Мұндай комиссия Судьялар одағының облыстық филиалдары жанында жұмыс істейді. Орталық кеңес 2017–2020 жылдар аралығында 62 шағымды қарап, 44-ін қанағаттандырудан бас тартып, 9-ын ішінара қанағаттандырып, 9-ын толық қанағаттандырған екен. Бұл деректер комиссияға түскен шағымдардың бәрі бірдей негізді, орынды бола бермейтінін көрсетеді. Осыған байланысты судьяларды негізсіз жауапқа тарту фактілерін болдырмау үшін комиссия жұмысын жетілдіру қажет. Судьяның тәртібін таразыға салмас бұрын арызды тыңғылықты зерттеп, ақ пен қараны ажыратып алған артықтық етпейді. Дұрысы, Судьялар одағы судья тәуелсіздігіне қол сұғуға жол берілмеуі тиіс. Судья сот төрелігін атқарғанда қатерлер мен қысымдарға қарсы тұруға міндетті. Сондықтан алдағы съезде судьяның кәсібилігі мен моральдық-адамгершілік келбеті мәселелеріне ерекше назар аударылады деп ойлаймын.
Әділдік пен тазалықтың синонимі саналатын сот жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың орын алуы үлкен мәселе. Осы ретте, Судьялар одағы жегіқұртпен күресте қандай жұмыстар атқарып отыр?
– Сыбайлас жемқорлық тек сот саласын ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдататын індет. Жемқорлықты жою жолында күрестің тәсілдері үнемі жаңартылып отыруы керек. Өйткені, сыбайлас жемқорлық – тәуелсіз сот жүйесін дамытудағы басты кедергі. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 6 судьяға қатысты қылмыстық іс қозғалып, оның екеуі сотталды. V съезде Мемлекет басшысы судьяның ар-ұжданы таза әрі кіршіксіз болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Бұл, ең алдымен, судьяның өзіне байланысты. Әрбір қазы осы жауаптылықты сезініп, жемқорлықтан жоғары тұрғанда ғана сотты халық құрметтейді, үшінші билік қоғамдағы әділеттің басты нысанына айналады. Осыған орай Судьялар одағы тарапынан жемқорлықтың алдын алу, кеселге қарсы иммунитет қалыптастыру бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Сот жұмысына қатысты арыз-шағымдарды жедел тексеріп, ұсыныс-тілектерді кезексіз зерделейтініміз де сондықтан. Алдағы VIII съезде сотта сыбайлас жемқорлықты болдырмау мәселесіне ерекше назар аударылмақ.
– Басқа елдердің судьялар қауымдастығымен, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты нығайтуда Судьялар одағының белсенді жұмыс жүргізіп жатқанынан хабарымыз бар. Әріптестік байланыс қаншалықты жолға қойылған?
– Осы уақытқа дейін Судьялар одағының Орталық кеңесі шетелдік жобалармен және судьялар қоғамдастығымен тығыз әрі тиімді халықаралық ынтымақтастық орнатып үлгерді. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстандық судьялар одағы Халықаралық судьялар қауымдастығының жұмысына белсенді атсалысып келеді. Өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстанда Халықаралық судьялар қауымдастығының 62-отырысы өтті. Бұл шараның Қазақстан үшін маңызы өте зор. Оған Халықаралық судьялар қауымдастығы (МАС) мен сот әкімшілігінің (МАСА) өкілдері қатысты. 1957 жылдан бері жұмыс істеп, әлемнің 90 елінің сот қоғамдастығын біріктіретін Халықаралық судьялар қауымдастығы да, 100-ден астам елді біріктірген сот әкімшілігі де ірі, беделді халықаралық қауымдастық қатарынан. Қазақстандағы халықаралық жиынға дүние-жүзінің түкпір-түкпірінен 500 делегат қатысты. Мұндай кең көлемдегі сот форумын өткізу – Қазақстан үшін шын мәнінде тарихи оқиға болды. Халықаралық форум сот төрелігі саласындағы заманауи үрдістерді, судьялар қауымдастығының бағыт-бағдарын, сот төрелігін жетілдіру мәселелерін және үздік халықаралық стандарттарды талқы тақырыбына айналдырды. Тағы бір маңызды оқиға – БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы өтті. Заңдылық мәдениетін, сатылмайтын сот жүйесін қалыптастыруға бағытталған конвенцияның бірінші отырысына қазақстандық делегация да қатысты. Бұл жиынның да отандық сот үшін маңызы ерекше.
– Ақпараттық ашықтық сот қызметіндегі негізгі бағыттың бірі. Судьялар одағының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы қандай?
– Судьялар одағы қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға, сот төрелігіне сенімді қалыптастыруға зор мән береді. Ал оның кілті – ашықтықта. Ол үшін, Одақ бұқаралық ақпарат құралдарымен етене жұмыс жүргізуге көмектесетін барлық мүмкіндікті қалт жібермейді. Журналистер одағымен, республикалық және жергілікті БАҚ журналистерімен байланыс үзілген емес. Жыл сайын үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп сот қызметін үздік насихаттаған ақпарат құралдарына арнап республикалық конкурс өткізіледі. Бұл да екі жақты ынтымақты арттыратын тетік. Судьялар одағының «Заңгер» журналында соттардың қызметі туралы материалдар үнемі жарияланып отырады. Бұл журналдың әлеуеті өте зор. Сот корпусының қолдауымен жарық көріп келе жатқан басылым судьялар үшін тәжірибе, пікір алмасу, сот практикасының өзекті мәселелерін талқылау алаңына айналған. Әрине, ақпараттық технологияның сот жұмысын ашық етуде пайдасы тигенімен, теріс әсері де жоқ дей алмаймыз. Олай дейтініміз, соңғы уақытта, бұқаралық ақпарат құралдарында сот жұмысы мен жекелеген судьяларды негізсіз сынау белең алып кетті. Нәтижесінде сот процесінің белгілі бір қатысушылары істің мәнін біржақты субъективті түрде ұсыну арқылы осы істің айналасында белгілі бір резонанс тудырып, судьяға қысым жасауды дағдыға айналдырды. Әлеуметтік желілерде де судьяны ашық ақпараттық қудалау фактілері жоқ емес. Мұның бәрі, әрине, сот беделін түсірмей қоймайды. Ал соттағы екі тараптың бірі жеңіп, екіншісінің жеңіліс табатыны қалыпты жағдай. Егер өз жеңілісін мойындамай, қателігін соттан көретіндердің бәрі әлеуметтік желіні мінбер етіп, судьяны қаралай берсе төреліктің қадірі кетпей ме?
Дегенмен, белгілі бір мәселелер бойынша халықтың пікірін жинап, қоғамға нақты пайда әкелуді көздейтін блогерлер де жоқ емес. Бірақ популизм, жағдайға саяси реңк беріп, әлеуметтік желіні есептесу құралына айналдыру, ең бастысы өзін «зардап шеккен» адам ретінде бейнелеп, сот төрелігін «өзіне бұруға» тырысуды құқықтық шеңберден шығу деп бағаламасқа шараң жоқ. Блогерлердің бір бөлігі соттарға сын айтуға «маманданған» екенін көпшілік біледі. Бірақ мәселенің байыбына бармаған азаматтар кейде жаңсақ пікірге үстірт ой қосып, қателесіп жатады. Судьяны орынсыз айыптау тек бізде ғана кездесетін кемшілік емес. Былтырғы жылы өткен халықаралық форумда әлемнің түкпір-түкпірінен келген әріптестеріміз мұндай мәселенің өз елдерінде де өзекті екенін айтқан болатын. Сондықтан дәл осындай іс-әрекеттер үшін адамдардың заңнамалық жауапкершілігін арттыру, оның құқықтық негізін жасау керек. Сонымен бірге, судьяларды бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаладан қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру маңызды. Судьяға бағытталған сын мен ескертпені талдап, ақ пен қараны ажырату үшін қоғаммен ашық диалог орнату қажет. Бұл судьяның тәуелсіздігі мен мәртебесін қорғау үшін қажет. Осы тұрғыдан алғанда «Сот төрелігіне жала жабу» – бұл құқықтық экстремизмнің бір түрі десек шындықтан алыстай қоймаймыз.
– VIII съезд мінберінде сот жүйесін жандандыруға қатысты қандай бастамалар көтеріледі?
– Менің ойымша, Судьялар одағы мен оның филиалдарының қызметін реттейтін «Қазақстан Республикасының судьялар қоғамдастығының органдары туралы» жеке заңнамалық акт қабылданса орынды болар еді. Сондай-ақ судьялар қоғамдастығы ның өкілдерін Жоғары Сот кеңесі мен Сот жюриінің құрамына ұсыну мәселесін шешу көзделіп отыр. Сот қоғамдастығы сот жүйесіндегі өзекті мәселелерді өз бетінше шешетін, елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуға көбірек мүмкіндік алатын кезге жетті. Сот тәуелсіздігін және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, құқық үстемдігін нығайту, азаматтардың сотқа сенімін арттыру, судья кадрларының кәсіби және адамгершілік деңгейін көтеру басты назарда. Сондай-ақ, сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық стандарттарына сәйкес судья кадрларын іріктеу мен орналастыру тетігін, судья көмекшісі институтын енгізу, судьялардың материалдық және әлеуметтік мәртебесін одан әрі жетілдіру мәселелері де съездің күн тәртібіне енгені дұрыс.
– Материалдық, әлеуметтік мәселесі толық шешілгенде ғана судья шын мәнінде тәуелсіз. Ендеше, алдағы съезде бұл тақырып та қозғалатын болар?
– Судьялар одағы құрылған сәттен бері соттардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, судья тәуелсіздігінің кепілі ретінде әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. Мемлекет басшысының тұрақты қолдауы мен Жоғарғы Соттың белсенділігінің арқасында судьялардың материалдық, техникалық жағдайы едәуір жақсарды. Соған қарамастан, жедел шешуді талап
ететін бірқатар мәселе бар. Біріншіден, судьялар мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау шарасы ретінде әлеуметтік сақтандыру ісін реттеу керек. Екіншіден, облыстық және аудандық сот судьялары мен олардың отбасы мүшелеріне, оның ішінде отставкадағы судьяларға тиісті тегін медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету маңызды. Ковид-19 пандемиясының кесірінен беймезгіл көз жұмған әріптестеріміз аз емес. Әрқайсысының сот үшін орны бөлек. Осы сәтті пайдаланып, марқұм болған судьялардың отбасына көңіл айтқым келеді. Бұл оқиға судьялар мен сот қызметкерлерін жыл сайын медициналық тексеруден өткізу қажеттілігін алға шығарды. Судьялар тәуелсіздігін нығайту жөніндегі шараларды жетілдіру мақсатына «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына 2016 жылы өзгеріс енгізіліп, соған сай отставкадағы судьяға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлеу көзделген еді. Сонымен қатар, бұл мәселеде әлі де болса талқылап, шешетін тетіктер бар. Судьялар одағының VIII съезі сот төрелігінің міндеттеріне сындарлы талдау жасай отырып өтеді. Ал съезд шешімдері құқық үстемдігі мен қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз етуге лайықты үлес қосарына сенемін.
– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!
Агия ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ

 

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...

Яндекс Қазақстан елімізде Іздеу мен компанияның басқа да сервистерін қолдану статистикасын ұсынды

Яндекс Іздеу жүйесінің Қазақстанда танымалдығы артып келеді. Күн сайын оны...