12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Ержан ЕГЕМБЕРДИЕВ, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясының орталық директоры: «СОТ ТӨРЕЛІГІ АКАДЕМИЯСЫ – СУДЬЯЛАР ҰСТАХАНАСЫ»

– Ержан Ошақбайұлы, Жоғарғы Сот жанындағы сот төрелігі академиясы бүгінде сот саласы үшін судьялар ұстаханасына айналып отыр. Сот қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған осындай арнайы оқу орнының болуы құқықтық мемлекет құруға деген ерекше ұмтылысты білдіреді. Біздің білуімізше, академия тақыр жерден пайда болған жоқ…
– Иә, білім ордасының тарихы терең. Сот саласы мамандарының біліктілігі қай кезеңде болмасын ерекше маңызға ие. Олардың білімін көтеріп, тәжірибеден өткізу ісі Қазақстанда 1959 жылдан бері жүзеге асып келеді. Ал жеке ұйым ретінде Жоғарғы Соттың жанында Судьялар біліктілігін арттыру институты 2001 жылдан жұмыс істей бастады. Оған 2003 жылы Президенттің тапсырмасы бойынша Сот академиясы мәртебесі берілді. Осы екі-үш жыл ішінде Жоғарғы Соттың жанындағы институт 300-дей судьяның біліктілігін арттырып үлгерді. Одан соң 2005 жылы ҚР ПрезидентініңЖарлығы бойынша Мемлекеттік қызмет кадрларын дайындауда, қайта даярлау, біліктілігін арттыру арнайы шараларды жүзеге асыру аясында мемлекеттік басқару академиясының құрамына бірқатар оқу орындарымен бірге Сот академиясын да қосқан болатын. 2015 жылы Елбасының бес институционалды реформасын жүзеге асыру аясында «100 нақты қадам Ұлт жоспары» жарияланды. Соның 18 қадамында оқыту және сот тәжірибесі арасындағы байланысты нығайту мақсатында сот төрелігі институтын бөлек академия етіп құру міндеттелген болатын. Осыған орай 2016 жылы 18 ақпанда Президенттің арнайы жарлығымен Сот академиясы Жоғарғы Сот жанынан Сот төрелігі академиясы болып қайта құрылып, үш бағытта жұмыс істеп келе жатыр. Сот саласының осындай жеке оқу орны болуы әлемдік тәжірибеде бар. Мысалы, Еуропаны алатын болсақ, Франция, Германия, Испания елдерінде, азиялық мемлекеттерден Сингапур, Қытайда, өзіміздің ТМД елдерінің ішінде Ресей, Тәжікстан, Өзбекстанда арнайы өкілеттік органдардың жанынан құрылған осындай болашақ судьяларды дайындайтын, олардың біліктілігін арттыратын оқу орындары бар. Сондықтан біздегі бұл оқу орны жаңалық емес.
– Академияның жұмыс істейтін үш бағыты жайлы айтсаңыз. Оқу орнына жаңа басшы келгенін білеміз, біраз өзгерістер жасалып жатқан болар?
– Бірінші бағыт – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, екінші бағыт – судьялардың және сот жүйесіндегі қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау, үшінші бағыт – ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысу. Бұл үш бағытты академия өзінің құрылымдық бөлімшелері арқылы жүзеге асырады. Иә, осы жылдың басында ак адемияға ректор болып, елімізге белгілі заңгер ғалым Зәуреш Баймолдина келді. Зәуреш Хамитқызы биылғы жылдың қаңтар айында өткен судьялардың кеңейтілген отырысында уәкілетті орган – Жоғарғы Сотқа академия жұмысының жаңа моделін ұсынған болатын. Оқу орнының құрылымы, бағыт-бағдары қайта қарастырылған бұл жоспар құ зырлы орын тарапынан қолдау тауып, академияда бірқатар оңтайландыру шаралары жүзеге асты. Мәселен, кейбір оқыту жұмыстары бір-біріне жақындатылып, біріктірілді. Бұрын білім беру бөлек, судьялардың біліктілігін арттыру мен қайта даяралау өз алдына дербес оқу орны болатын. Қазір олар бірігіп отыр. Мысалы, өзім басқарып отырған білім беру және ғылыми орталық. Бұл орталықта біз білімді де, тәжірибені де үйлестіріп, жұмыс жасап жатырмыз. Осының нәтижесінде оқу орнындағы алпысқа жуық қызметкердің жартысы қысқартылды.
– Академияға кімдер түсе алады?
– Академияға мемлекеттік қызметкерлер ғана түсе алады. Өйткені, оқу орны мемлекеттік мекеме болғаннан кейін, біз тек соларды ғана қабылдаймыз. Қабылданғандардың елу пайыздан астамы сот жүйесінде қызмет істейтін мамандар, сот отырысының хатшылары. Одан соң әділет, прокуратура, ішкі істер органдарында қызмет атқаратын азаматтардың судьялықты оқып шығуға мүмкіндігі бар. Биыл конкурсқа барлығы 240 адам қатысқан болатын. Оның алпысы ғана қабылданды. Биылдан бастап түлектерден судьялыққа үміткерлік конкурсына міндетті түрде қатысуды талап етеміз.
– Олар сонда оқу бітіре салысымен судья бола ала ма? Судьялыққа үміткерлерге талап күшейтілгенін білеміз. Академия түлектері сол үдеден шығатынына сенімдісіз бе?
– Қазіргі таңда біз жаңа білім беру бағыты бойынша жыл сайын алпыс магистрант оқытып шығарамыз. Жаңа модельге дейін олар екі жыл оқитын. Бұл мерзім енді бір жылға қысқарды. Оқу уақытының қысқару себебі жыл сайын судьяларға қойылатын талаптың күшейтілуіне байланысты. Енді судья болу үшін жасы отыздан кем болмауы керек. Міндетті түрде жоғары заңгерлік білім қажет. Қызмет өтілі кем дегенде төрт жыл болуы тиіс. Академияда түлектер судьялық қызметке дайындықтың барлық сатысынан өтеді. Қабылдау емтиханынан өткендер бір жыл ішінде екі сынақ тапсырады. Ең соңында мемлекеттік емтиханға қатысады. Онда олар судьялық қызметке қаншалықты дайын екенін көрсетеді. Олардың бәріне өкілетті органнан бақылау болады. Жоғары сот кеңесінің мүшелері біздің барлық емтихан комиссияларының құрамында бар. Магистранттар осы сынақтардан өткеннен соң ғана судьялық бос лауазымдар конкурсына құжат тапсырады. Бұл талап өткен жылдың соңынан бастап енгізілді. Қазір судьялардың қатарын білікті заңгерлермен толықтыру қажеттілігі туындап отыр. Судьялыққа үміткерлер конкурсына қатыспағандар мемлекет тарапынан бөлінген ақшаны қайтаратын болады. Жалпы, көрсеткіш жаман емес. Бүгіннің өзінде түлектердің 20-30 пайызы судьялық лауазымды абыройлы атқаруда.
– Оқыту үрдісінде қандай курстар қамтылған, оларды кімдер жүргізеді?
– Сабақ беретін оқытушылардың 75 пайызы Жоғарғы Соттың судьялары мен аудандық және оларға теңестірілген соттардың судьялары. Бәрінің де білім беру әдістемесі, тәжірибесі бар. Біздің орталықтағы он бір қызметкердің тоғызы судья. Оның ішінде, екеуі Жоғарғы Соттың судьясы, қалғандары аудандық сот судьялары. Неге аудандық сот судьялары таңдалады, себебі осы академияны бітіргендер бірден аудандық сотқа барады. Сондықтан, аудандық сотта істеп жүрген судья өз білімі, тәжірибесімен бөлісіп, магистранттарды болашақ кәсібіне мүмкіндігінше жақындатады,
алдында не күтіп тұрғанын ұқтырады. Сабақтардың 20 пайызы теория, сексен пайызы тәжірибе. Магистранттар қазанда 1 ай бойы оқиды, одан соң тағылымдамадан өтеді, сосын бірден тәжірибеге кетеді. Олар онда арнайы бір судьяға шәкірт ретінде бекітіліп, көмекшісі ретінде жұмыс істейді. Тәлімгер судья процессуалды құжаттар технологиясын, істі қалай бастап, қалай қарау керек, қандай мәселеге мән беру керек, дәлелдемелер қалай ұсынылады, бағаланады, сыналады, осының бәрін тәжірибе жүзінде көрсетіп, түсіндіреді. Пәндердің бәрі тәжірибеге негізделген. Жоғары оқу орындарының заң факультеттерінде азаматтық құқық, процестік құқық деген пәндер болса, бізде мүлде бөлек. Академияда азаматтық құқық нормаларын қолдану тәжірибесі, азаматтық құқық нормаларын қолданудың сот тәжірибесі деген пәндер жүреді. Яғни, біздегі барлық оқыту үрдісі тәжірибемен байланыстырылып отыр.
– Бүгінде сайдың тасындай, білімді де білікті судьялардың арасында қылмысқа ұрынып жататындар баршылық. Соған қарағанда, заңдылықтың сақшысы болуға тиіс қазыларымыздың білімі жақсы болғанымен, тәрбиесі осалдау болатын сияқты. Әл-Фараби «тәрбиесіз берілген білім – қауіпті» деген. Академияда бұл жағы қаншалықты ескерілген? Судьялардың азаматтық келбетін қалыптастыратын курстар бар ма?
– Иә, мұндай курс бар. Ол «Сот этикасы» деп аталады. Онда сот ісінің барлық моральдық-этикалық, философиялық-психологиялық аспектілері түгел қамтылған. Пән сабақтарын философия, психология саласының білікті мамандары жүргізеді. Жалпы, сот қызметі өндіріс саласы емес, тікелей адаммен жүргізілетін қызмет қой. Сондықтан, оған назар ерекше. Бізге оқуға түскен кезде заңнаманы білу деңгейі қалай, оны сот тәжірибесінде қалай қолдана алады, белгілі бір құқықтық тәртіп бойынша өз ойын қалай жеткізеді деген параметрлер бойынша түлектер түгелдей қатал сынақтан өткізіледі. Комиссия құрамы бесеуден кем емес, олардың әрқайсысы жеке-жеке бағалайды. Шәкірттің жиналған ортақ бағасы рейтинг жүйесіне сәйкес болса өтеді, төмен балл алса өтпейді. Судья қандай болу керектігін имиджбен байланыстырамыз. Көп нәрсе қазір жаңарып жатыр ғой. Сот коммуникациясының, медиацияның аспектілері оқытылады. Мұның бәрі судьяның білімімен қоса парасат деңгейіне де оң әсер етеді деп ойлаймыз.
– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!
Айша ТҰРМАҒАНБЕТОВА
«Заң газеті» 

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...