12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ПОЛИЦИЯ ҒАЛАМТОРДАҒЫ АЛАЯҚТАРДЫ ҚҰРЫҚТАУҒА ДӘРМЕНСІЗ

ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ ЕРЛАН ТҰРҒЫМБАЕВТЫҢ НАЗАРЫНА!

Соңғы кездері әлеуметтік желілер мен ұялы телефонның байланыс қосымшаларында алаяқтар қаптап кетті. Әдісі бір, жаңадан велосипед ойлап тапқан ешқайсысы жоқ. Соған қарамастан, азаматтар «өз еркімен» тақырға отырып жатыр. Ал полиция дәл осындай істерді ашуда дәрменсіздік танытуда.

Дегенмен алаяқтарды өз бетінше тауып, ақшасын қайтартқан жандарға қарап, полицияның әрекеті дәрменсіздіктен гөрі, құлықсыздық, жауапсыздық деген жөн шығар. «Оқалы ағалар» қимылдауы үшін міндетті түрде жоғарыдан қоңырау түсуі керек сияқты. Егер олай болмаса, құзырлы орынның өкілдері өз уәждерін айта жатыр. Сонымен… Полицияның «шабандығын» пайдаланған алаяқтар әл бермей тұр. Солардың біріне алданған Сәуле Алипова: «Полиция қызметкерлері арыз жазсақ та, мұндай қылмыстың ашылмайтынын ашып айтты. Сондықтан алаяқтың ұсталатынынан үмітті үзіп отырмыз», – дейді.
Оқиғаны оқырманның өз сөзімен өрбітсек: «Жолдасымның телефоны біреулермен сөйлескен соң өздігінен блокталып қалды. Ешкімге қоңырау соға алмайды, сырттан да қоңырау қабылдай алмайды. Оған аса мән бермей, телефоны істемей тұрған соң, үйге тастап, жолдастарымен волейбол ойнауға кетіп қалды. Сол жақта жолдастардың бірі: «Реке, бензинің қанша тұрады?» – деп сұрапты. «Қайдағы бензин?» – деп бұл аң-таң. Сол жерде жолдасы: «Оу, сен сатып жатырсың ғой, міне, ақша аударайын деп тұрмын», – деп уатсабын көрсетеді. Расында да, онда белгісіз біреулер Рекеңнің нөмірімен арзан бензиннің талонын сатып жатыр екен. Сол жерде жолдасым үйде қалған телефонын тексеру үшін жанұшырып бізге хабарласады. Маған: «Тез арада телефонымдағы барлық топ пен дос-жаранға хабар бер, менен барған хабарламаларға жауап бермесін. Біреулер менің атымнан бензин талонын сатып жатыр екен, алмасын», – деді. Не болғанын түсіне қойдым
да, өзімнің телефонымнан жедел хабарлама тарата бастадым. Бірінші хабарламадан соң-ақ белгісіз нөмірден қоңырау түсті. Онда бір азамат: «Апай, мен қазір ғана 23 000 теңге аудардым, досым да аударды. Радик аға менің уатсабыма өзі хабарласты. Сіздер бізді алдап тұрсыздар ма? Балалардың ақшасын енді кім қайтарады?» – деп ашуланды. Мен: «Рекеңді білетін достарына хабарласшы, уатсапта отырған ол емес, телефонын біреулер бұзыпты», – деймін шырылдап. Түсінгілері келмей кейбірі «Ақшамды қайтар, ұят жоқ па ағада? Біз оған сеніп салып отырмыз», – деп ренжіп жатыр. Адамдардың алдын ала қоңырау шалып, тексеріп алмай, беталды ақша аудара бергеніне ашуландым. Скриншотын сұрап алдым. Банк есепшоты мен телефон нөмірін блоктатып, аудандық ІІБ барып арыз түсіргенше біраз уақыт болды. Бір қызығы, нөмірін блокқа қойса да, арзан бензин талоны сатылатыны туралы жазба тоқтамады. Оны өтініш қабылдап отырған полиция қызметкеріне ескерттік. «Осы нөмірлерді тексеріңіздер, әлі арзан бензин сатып жатыр», – деп көрсеттік. Құқық қорғау орындарының қызметкерлері: «Арызыңызды қабылдаймыз, бірақ іс ашылады деп айта алмаймын. Бұл сала бізде дамымаған. Арыз өткізу арқылы өзіңіздің олармен бірге емес екеніңізді дәлелдей аласыз, басқасына үміттенбеңіз», – деп ашып айтты. Демек, бұл саланың тез ашылмайтынын білетін ғаламтор алаяқтарының қылмыстық істері елімізде алдағы уақытта шарықтай береді деген сөз бе бұл?» – дейді ашынып… Сонда ауадан ақша жасап отырғандар кім? Құқық қорғау орындары неге дәрменсіздік танытады?

«Олар топтасып жұмыс істейді»
Алаяққа алданғандардың бірі – журналист Мәдина Махамбетқызы. «Біз бірнеше қыз бір нөмірден хабарласқан алаяққа алданыппыз. Бірбірімізді әлеуметтік желіден тауып алып, бірігіп ортақ чат ашып, басқаларды сақтандырып, құқық қорғау орындарының қозғалуы үшін бірігіп әрекет жасап жатырмыз. Маған құдашамның атынан хабарласты. Сыйласатын, жақсы көретін құдашам еді. «Мәдина, тез арада 50 мың теңге салшы, қатты қажет болып тұр. Голд карточкам блокта жатыр еді, мына Сбербанк карточкасына жібере салшы», – деді. Аудардым. Сәлден соң тағы: «Екі сағат ішінде қайтарып беремін, тағы елу мың жіберші», – деді. Сосын «Желілік маркетингке кіріп кеткен жоқсың ба, не үшін қажет сонша ақша?» – деп сұрадым. Өйткені желілік маркетингке жем болса, бермей-ақ қояйыншы деген ойым болған. «Жоқ, қатты қажет болып тұр», – деді. Сосын әпкеммен ойластым: «Тағы сұрап жатыр, не істеймін?» деп. Жолдасым үйде жоқ болатын, іссапарда жүрген еді. Сол кезде бір-екі күн бұрын әлеуметтік желіде сырттай танитын бір қыздардың жұртты сақтандырып, «Мына нөмірден абай болыңыздар» деп жатқаны есіме түсті. Салыстырып көрсем, дәл сол нөмір. Содан «Сен алаяқсың ғой, сені тауып алуға бар күшімді саламын, бірақ мұның дұрыс емес» деп жаздым. «Кешіріңізші», – деп жазды да, мені блокқа тығып тастады. Полиция қызметкерлеріне арыз жаздым. Кейін сұрастырып көрсем, әлеуметтік желіден сақтандырып жазып отырған қыздар менен бұрын алданған екен. Бірақ ақшасын қайтартыпты. Оңтүстік жақтың қызы екен, студент көрінеді. Бір алаяқтардың арбауына түсіп, осы жолға түскен екен. Негізі, топтасып жұмыс істейді олар. Мұнда аударып жатқанда, ана жақта есепшотқа түскен ақшаны шешіп алатын адамдары дайын тұрады. Қазір сол оқиғаның өткеніне он шақты күн болды, бірақ менің ісім бойынша еш қозғалыс байқалмайды.
Сбербанктен аударылым жасалғаны көрініп тұр, сонымен-ақ адамның аты-жөнін тауып алуға болады ғой. Бірнеше күн бұрын құқық қорғау орындарына хабарласып ем, «өзіміз хабарласамыз» деді де, сол күйі тағы жоқ болды. Әрине, бұл жердегі ең басты қате өзімнен. Бірнеше қыз сол нөмірді көрсетіп, сақтаныңдар» десе де, нөмірге мән бермеппін. Ал маған хабарласқан қыз құдашамның суретін қойып алып, уатсаптан жазды. Суретіне қарап, нөміріне мән бермеппін. Алаяққа өзім алданам деп ойламаған болсам керек. Жалпы, әлеуметтік желіде мен секілді алданып жатқандар өте көп. Жақында фейсбук әлеуметтік желісінде Гүлшат Тәкежанова да дабыл қақты. Гүлшат болып хабарласқан алаяқ Алма Аманжоловадан ақша аудартып алған. Алаяқ олардың өзара сыйласатын құрбылар екенін жақсы білген. Алма тіпті алаяққа алданып отырмын деп те ойламаған. Уәделі кезеңде ақшасын қайтармаған соң Гүлшатқа хабарласқанда барып, мүлдем басқа біреуге, басқа нөмірге ақша аударғанын ұққан. Осы аз уақыт ішінде бірнеше адам алаяққа алданғандарын бөлісті. Бір сценарий, бірақ әртүрлі есепшот, әртүрлі нөмір. Басында полиция қызметкерлері «бұлар алаяқтықты енді бастап жатқан адамдар, өйткені «қолтаңбаларын» тастап кетіп жатыр» деген болатын. Бірақ он шақты күн өтсе де, әлі күнге ешқандай нәтиже шығармай жатыр. Ал алданғандар саны артып барады. Біздің алдымызда алданған екі қыз алаяқ бойжеткенді тауып, мойындатып, кешірім сұратып ақшаларын қайтартқан. Ал біз полицияға сеніп, екі апта өтсе де, ештеңе өндіртіп, алаяқты да жазалай алмай отырмыз. Әйтпесе, сол қыздың атыжөнін, тұратын жеріне дейін полиция қызметкерлеріне айтып отырмын. Бірақ олардың тарапынан еш әрекет жоқ» дейді.
Қазір бір нөмірден алданған бірнеше қыз ортақ чат құрып, басқаларды да сақтандырып, алдағы уақытта бірігіп әрекет етуге тырысуда. Орталарында заңнан хабары бар, бұрын құқық қорғау орнында істеген қыз ақшасын қайтартыпты. Аты-жөнін өзгертіп Айгүл деп көрсететінімізді айтып, басқаларды алаяқтықтан сақтандыру үшін болған оқиғаны бүкпесіз баяндап беруін сұрадық…

«Тауықсыз» да таң атты
«Туысымның суретін қойып, уатсап желісінен ақша сұрады. Өзімде ол қаржы жоқ болғандықтан, танысымнан әлгі нөмірге отыз мың теңге аударуды өтіндім. Ол аударып берді. Аударып жатқанда «өзімнің каспий голдым жұмыс істемей тұр еді» деп, басқа біреудің карточкасын берді. Сонда да күдіктенбедік. Алаяқтың мені инстаграмнан жақсылап зерттегені байқалады. Екі сөзінің бірі «Алла разылығы үшін беріңізші» болды. Менің хиджабтағы, намаз оқитын адам екенімді біліп тұр. Артынша қайтадан 70 мың теңге жіберіңізші, алдыңғы 30 мың теңгені қосып, бірге екі сағаттан соң қайтарамын» деді. Алдыңғы ақшаның өзін біреуден сұрап берген соң, бұл жолы «басқа ақша жоқ» дедім. Бірақ күдіктеніп, туысымның үйіне хабарлассақ, «Нөмірім өзгерген жоқ. Неге хабарласпадыңдар? Мен ақша сұрағам жоқ» деді. Содан голд картамен ақша аударып берген нөмірге хабарластым. Телефон тұтқасын көтерген қыз: «Көшеде кетіп бара жатыр едім, біреу келіп, каспий голд карточкам болса көмектесуін сұрады. Ақша аудартып, шешіп алған соң кетіп қалды» деді. Бірақ дауыс ырғағынан, тонустан, дауысындағы дірілден алдап тұрғанын ұқтым. Сыр бермей телефонды
қойдым. Қарыз алған танысыма өзім отыз мың теңгені қайтардым. Бұл да бір сынақ шығар деп істі жылы жауып қойдым. Бірақ әлеуметтік желіге кіргенімде, бұрын бірге істеген қыздың «мен болып біреулер ақша сұрап жатқан көрінеді. Алданбаңдар, менің өз нөміріме хабарласыңдар» деп дабыл қағып жатқанын көрдім. Қарасам, мен алданған нөмір. Оның менен басқа адамдарды да алдап жатқанын ұқтым. Сол екі ортада алданған тағы бір танысым пайда болды. Содан шыдай алмай, бұрын құқық қорғау орнында жұмыс істегендіктен, ескі таныстарымды іске қосып, алаяқтың нөмірі арқылы адамды тауып, қайда тұрады, не істейді, әке-шешесі кім деген секілді барлық ақпаратты жинадым. Осыдан кейін әу баста тілдескен қызға хабарласып, «сен пәленшесің, осындай жерде тұрасың. Сен осыны кәсіп етіп алған екенсің, енді менен құтылмайсың, сен туралы барлық ақпаратты құқық қорғау орындарына тапсырдым. Қазір әке-шешеңе хабарласам» деп қорқыттым. Қыз жылады, жалынды. Әке-шешесі хабарласты, ақшаны да қайтарды. Кешірім бердім. Бірақ қызды әбден тергедім. Студент екен, бір таныс қызы «Осылай жеңіл ақша табуға болады. Бір-екі рет қана айналысасың, ақшаны бөліп аламыз» деп осы жолға әкелген екен. Әке-шешесі де «Жиырма жасында үйден кетіп еді, жатақханада қыздарға еріп алаяқ тықты кәсіп етіпті. Енді қайталамайды» деп жалынды. Өзім де үш қыз тәрбиелеп отырған соң, арызды қайтарып алып, қоя салдым. Жап-жас қызды осы жолға түсіргендерді одан әрі зерттеуге мүмкіндігім болмай, ана қызды әке-шешесі ауылына алып кетіп, түзелетініне уәде берген соң, бәрін жылы жауып қойдым» дейді. Құқық қорғау саласында еңбек етіп, ескі таныстары болған соң Айгүл ақшасын қайтарып алған. Ал бұл салада ешкімі жоқ азаматтардың халі нешік? Олардың бәрі Сәуле Алипова секілді арыз жазумен алданып отыр ғой. «Инстаграмға бір жетістігім туралы жазғанымда, әлгі туысым постың астына пікір жазыпты. Сол жерден оның парақшасына өтіп, суретін алып, уатсап қосымшасына қондырған. Әрі қарай менің нөмірімді тауып, әлгі туысымның атынан хат жазған. Яғни олар алаяқтық жасар алдында құрбанын мұқият зерттейді. Танысым арқылы әлгі қыздың карточкасын тексерттім. Бір адамнан алты мың, менен отыз мың, сосын тағы біреуден жетпіс мың аудартқан. Бәрін қайтарттық. Құқық қорғау орындары қимылдаймыз дегенше, мәселемізді өзіміз шештік. Негізі, жұмыс істеу әдісі ұқсас, бірақ басқа қыздарды да пайдаланған осындай топтар болуы мүмкін», – дейді Айгүл.

Әлеуметтік желі – алаяққа оңай олжа
Шыны керек, қазір әлеуметтік желі пайдаланбайтын адам аз. Үйіндегі барын жарқырата көрсетіп, барын жайып салатындар алаяқтар үшін таптырмас олжа. Өткен жылы елімізде мыңнан астам ғаламтор алаяқтығы тіркеліп, 388 адам құрықталыпты. Бұл – тек ресми тіркелгені ғана. Ал тіркелмегені қаншама?! Қазір жекелеген адамдардың әлеуметтік желілердегі парақшасына бұзып кіріп, оқырман санына орай иесіне қайта сату, ондағы хаттар мен өзге де мәліметтерді көшіріп алып, түрлі мақсаттарға пайдалану, отбасылық құпиялардың көмегімен ақша бопсалау көбейген. Тіпті жоғарыдағыдай бір адамның парақшасын мұқият зерттеу арқылы кіммен кімнің туыстық байланысы барын анықтап, соның атынан ақша сұрау жиі кездесуде. Сондықтан «өз парақшам – өзім білем» демей, ондағы мәліметтердің ашық ақпарат көзі болып отырғанына аса қатты мән беріңіз. IT маманы Әсем Айдар «Аса қажет болмаса, жеке өміріңізге қатысты сурет, бейнежазбаны әлеуметтік
желіге жарияламауға тырысыңыз. «Сырластарыңызбен» құрған сұхбаттарды ізін суытпай өшіріп отырыңыз. Құпиясөзіңізді кім көрінгенге бере салмаңыз. Соңғы кезде парақшаларды тартып алып, иесіне немесе басқа біреуге сататындар өте көп. Парақшаңызды иемденіп алып, басқалардан ақша сұрап, сата салатындар жетіп артылады. Оқырман саны – инстаграмда қып-қызыл ақша. Сондықтан оқырманыңыз көбейген сайын қауіп көп. Әлеуметтік желіге телефон нөміріңізді қалдырмаңыз» дейді. Біз өз тарапымыздан «ғаламтор алаяқтарына алданбау үшін не істеу керек?» деген сауалды мамандарға да қойып көрген едік.

Нұра ТЫНЫСҚЫЗЫ, заңгер:
– Тиісті орындардың мәліметінше, ғаламтордағы қылмыстың басым бөлігі интернеттегі сауда-саттық кезінде орын алады. Яғни ғаламтордағы сауда-саттық барысында тараптардың бір-бірімен кездеспейтіні белгілі. Сол себепті қылмыскер бір өңірде отырып, екінші өңірде қылмысын жасай алады. Сондай-ақ ғаламтордағы алаяқтық кезінде көбінесе қылмыскерлер арзан тауармен арбайды. «Орынға төлемейтіндіктен арзан сатамыз», «қазір бізде жеңілдік кезеңі» деп қызықтырудың неше түрін қолданады. Алдын ала жарна немесе толық ақшаны банк картасына жіберуді сұрайды. Арзан тауарға қарық болғысы келгендер, сұраған ақшаны көрсетілген есепшотқа аударады. Қазір ғаламтор арқылы шекараның арғы бетінен тауар алдыратындар көп. Елімізде бір жылдың ішінде шетелдік алаяқтардан 100-ге жуық адамның зардап шеккені – соның айғағы. Жалпы, карантинге орай қазір дүкендердің барлығы онлайн жұмыс істеуде. Ондай кезде еріксіз ғаламтор арқылы тапсырыс бересіз. Сондықтан ақшаны аудара салмас бұрын тексеріп қою керек-ақ!
Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Тоқаев су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады.

Ең бастысы, адам өмірін барынша сақтап қалдық — Тоқаев су тасқыны туралы

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына тап болған қазақстандықтар тағы да бірлік пен ынтымақ рухын көрсеткенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысын өткізіп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы отырысы басталды.

Көлік нөмірін кімге рәсімдеуге рұқсат етіледі? ІІМ мәліметі

ІІМ-де көлік құралын тіркеу және жүргізушілерді даярлау қағидаларына енгізілген түзетулер туралы айтылды.

Бишімбаев ісі бойынша сот тергеуі аяқталды: ары қарай не болады?

Астана соты Бишімбаевқа қатысты сот тергеуін аяқтады. Келесі кезең - сот жарыссөзі.