12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНА ТЫҚЫР ТАЯНДЫ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӘСІБИ ФУТБОЛДЫҢ БАСЫНА ҚАРА БҰЛТ ҮЙІРІЛДІ. ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ӨЗ ЖОЛДАУЫНДА КӘСІБИ СПОРТТЫҚ КЛУБТАРДЫ БЮДЖЕТ ЕСЕБІНЕН ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫ ТОҚТАТУ ТУРАЛЫ ТАПСЫРМА БЕРДІ. АЛ БҰЛ, НЕГІЗІНЕН, МЕМЛЕКЕТ ЕСЕБІНЕН КҮН КӨРІП ОТЫРҒАН ФУТБОЛ САЛАСЫНА ҮЛКЕН СОҚҚЫ БОЛМАҚ. СЕБЕБІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӘСІБИ ЛИГАСЫНДАҒЫ 11 КОМАНДА ТЕК БИЫЛДЫҢ ӨЗІНДЕ БЮДЖЕТТЕН 25 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРАЖАТ АЛЫП ОТЫР.

Қазір қазақ футболында бюджетке қол жаймайтын клуб жоқ. Дәлірек айтқанда, ондай команда болған, бірақ өмірі ұзаққа бармады. Павлодарлық «Ертіс» жыл басында мемлекет қаржысынсыз қалған еді. Қолдаусыз клуб бір күн де өмір сүре алмай, тарап тынды. Яғни бізде дәл бүгінгі күні халықтың қаржысынсыз (бюджет халықтың қаражаты ғой) кәсіби футбол болуы қиын. Және бұл бір ғана жағдай емес. Футбол командаларының халықтың мойнына мықтап мінгеніне көп болды. Тіпті жыл санап қаржыландыру азаюдың орнына, олардың тәбеті одан сайын ашылып келеді.

Жылына – 20 мектептің құны
Ал бюджеттен қай клуб қанша ақша алып отыр дегенге келсек, оны жыл басында Goalkz.kz. сайты жариялады. Аз-кем сәйкессіздіктер болуы мүмкін, дегенмен бұл мәліметтер шындыққа жақын. Ол бойынша қазынаға қос қолды білектен салған клубтардың қатарында Шымкенттің «Ордабасысы» көш бастап тұр. 6 миллиард 250 миллион теңге, расында, қыруар қаржы. Салыстыру үшін айтайық, 1200 оқушыға арналған үлкен мектептің құны – орташа 1-2 миллиард теңге. Нұр-Сұлтанға Атырау облысы алдыңғы жылы сыйға тартқан ұзындығы 300 метрлік теңдесі жоқ әдемі көпірдің (Балық көпір атанған) құны – тура 6 миллиард. Немесе алматылықтар үшін ауадай қажет, қазірдің өзінде күніне 45-50 мың адам тасымалдап отырған метроның құрылысына жылына 9 миллиард бөлінеді. Демек, егер биыл ҚКЛ барлық клубтарға бөлінген барлық қаржыны біріктірсек, 15-20 мектеп немесе осындай 4 көпір салуға жетер еді. Болмаса метро құрылысын екі жарым жыл бойы қаржыландыруға болар еді. Ал егер осы футбол клубтарына соңғы он жылда бөлінген бюджет қаражатын есептесек, шартты түрде айтқанда, еліміз бойынша кемі 100- 200 мектеп салып, 20-30 осындай көпір тұрғызып тастайтын едік. Бір сыныпта 30-40 баладан, 3 ауысымда оқып жатқан қанша баланың көзі ашылып, көлік тығынынан зардап шеккен қанша қаланың тынысы кеңитін еді.

1. Ордабасы (Шымкент) — 6 250 000 000
2. Қайсар (Қызылорда) — 4 000 000 000
3. Тобыл (Қостанай) — 3 250 000 000
4. Жетісу (Талдықорған) — 2 650 000 000
5. Шахтер (Қарағанды) — 2 580 000 000
6. Оқжетпес (Көкшетау) — 2 470 000 000
7. Ертіс (Павлодар) — 1 840 000 000 (команда таратылды)
8. Тараз (Тараз) — 1 420 000 000
9. Қайрат (Алматы) — 1 000 000 000
10. Қызылжар (Петропавл) — 920 000 000
11. Астана (Нұр-Сұлтан) — 890 000 000
12. Каспий (Ақтау) — мәлімет жоқ

Легионердің жалақысы – 400 миллион теңге
Бюджеттен бөлініп жатқан қыруар қаражат туралы айттық. Енді сол ақша қайда кетіп жатыр дегенге келейік. Егер клубтың дамуына, болашақта керек инфрақұрылымын жасақтауға, жас футболшыларды тәрбиелеуге кетіп жатса жақсы ғой. Көп клубтар бір күндік психологиямен өмір сүруде. Бөлінген қаражаттың бәрі тек футболшылардың жалақысына, әсіресе тым қымбат легионерлерді асырауға кетеді. Біз бірнеше клубқа хабарластық. Олар футболшылардың жалақысы құпия екенін айтып, жауаптан сырғып кетті. Дегенмен жақында «Қайратқа» ауысып келген Вагнер Лавтың жалақысын клуб басшыларының өздері жариялаған еді. Ал енді айтайық, құлап қалмаңыздар, Вагнердің жалақысы – 800 мың евро. Теңгеге шаққанда 400 миллион!!!. Жарайды, Вагнердің жөні бөлек дейік. Біріншіден, «Қайрат» бюджеттен көп ақша алып отырған жоқ, жеке адамның клубы. Екіншіден, Вагнер Лавтай футболшы бізге жылда келіп жатқан жоқ. Дегенмен Лавтың тырнағына татымайтын басқа легионерлер де аз алып жатқан жоқ қой. Кейбір дереккөздер алдыңғы жылғы Қазақстандағы легионерлердің жалақысы орташа есеппен 80-100 мың евро немесе қазіргі курспен 50 миллион теңге деген ақпарат таратқан болатын. Ал Қазақстанда ең төменгі жалақы – 42 500 теңге, орташа жалақы 204 мың теңге. Ноу коммент. Бұл жерде бірдеңе айтудың өзі артық. Бұл жерде біздегі Лавтан басқа ең қымбат футболшылар кімдер дегенге де жауап іздеп көрейік. Transfermarkt порталының былтырғы мәліметі бойынша 2019 жылы қазақстандық біріншіліктегі үздік футболшылардың трасферлік құны мынадай болған екен:
1. Марин Томасов («Астана») — 3,5 миллион евро
2. Адеринсола Эсеола («Қайрат») — 3,2 миллион евро
3. Бауыржан Исламхан (Әл-Айн БАӘ) — 3 миллион евро
4-5. Дмитрий Шомко («Астана») — 2,5 миллион евро
4-5. Роман Муртазаев («Астана») — 2,5 миллион евро
6. Дорин Ротариу («Астана») — 2,2 миллион евро
7. Исламбек Қуат — 2 миллион евро
Бұл жерде трансферлік құн мен футболшының жалақысы екі басқа ұғым екенін айта кетейік. Дегенмен жалақының трансферлік құнға байланысты екені, яғни шеберлігі жоғары футболшының трансферлік құны қымбат екені, осыдан келіп жалақысы да көп болатыны заңды.

Футболшылар депутаттан да қымбат
Тағы бір салыстыру. Биыл 10 футбол клубына бюджеттен бөлінген қаржы 25 млрд. Шартты түрде әр командада 22 ойыншы 3 жаттықтырушы бар деп алайық, сонда 10 командада – 250 адам. 25 миллиардты 250 адамға бөлсек, әрқайсысына жылына 100 млн-нан немесе айына 8 миллионнан келеді. Ал былтыр жалпы ел бюджетінен мәдениет пен спорт саласына 78 млрд теңге бөлініпті. Енді таразының басына салып көрейік. Қазақстан халқы – 18 миллион. 78 миллиардты 18 миллионға бөлсек, адам басына жылына 4 300 теңгеден келеді екен. Бір футболшыға жылына – 100 миллион, қарапайым бір тұрғынға жылына – 4 мың теңге. Онда да тек спортқа ғана емес, мәдениетіне де. Мынадай есептен кейін футболшылардың қасында жұрт арамтамақ деп сөгіп жүрген Парламент депутаттары періштедей болып көрініп кететіні сөзсіз.

«Қайрат» пен «Астананың» жөні бөлек
ҚКЛ 11 клубтың ішінде «Қайрат» пен «Астананы» бөліп алып қарау керек. Біріншіден, «Қайрат» – жеке клуб. Менеджменті жағынан шетелдік үлгілерге келетін жалғыз команда да
– осы. Өз базасы бар, жастарды, яғни резервін дайындайтын өз мектептері қалыптасқан, бюджеттен алып отырған қаржысы да көп емес, негізінен, клуб қожайыны қаржыландырады. Ал «Астана» болса, Президенттік клуб құрамына кіреді. Яғни қаражатты бюджеттен гөрі «Самұрық-Қазына» қорынан көбірек алады. Нақты қанша алып отырғаны – тағы да құпия,
баспасөз хатшысы ештеңе айтпады. Дегенмен команда сайтынан біз былтырғы жылдың аудиторлық есебін таптық. Ол бойынша команда 2019 жылы демеушілік көмек пен жарнамадан 10 млрд 204 млн табыс тауыпты. Клубтың, анау айтқандай, басқа демеушілері жоқ екенін ескерсек, осы қаражаттың 80-90 пайызын сол «Самұрық-Қазына» беріп отыр деп топшылауға болады. Ал ол шамамен 20 миллион евро болады екен. Дегенмен «Самұрық-Қазына» да – квази мемлекеттік құрылым, оның беріп отырғанын да мемлекет қаржысы деуге толық болады. Бұл жағынан алғанда мемлекет есебінен күн көріп отырған клубтар тізімінің басына «Ордабасы» емес, «Астана» шығатыны сөзсіз.

Клубтар енді қалай күн көреді?
Футбол нарығы дамыған елдердің бәрінде де кәсіби клубтар мемлекеттен бір тиын алмайды. Қайта, керісінше, орасан зор салық төлеп отыр. Әрине, бюджеті 600-700 млн евроға жетіп жығылатын «Манчестер Юнайтед», Реал», «Барселоналардың» ауылы біз үшін тым алыс. Дегенмен осы клубтардан үлгі алудан басқа амал жоқ. Олардың кірісінің үлкен бөлігі демеушілерден (жарнамадан), билет және абонемент сатудан, футболшыларды сатудан, УЕФА-ның төлемдерінен (телевизиялық құқықтар т.б. үшін) тұрады. Одан қалды, клуб атрибуттары бейнеленген кәдесыйлар сату, стадионның атын сату т.б. кіріс түрлері де бар. Ал бізде бұл жағы қалай? Мысал үшін біздегі ең танымал клуб «Астананы» алайық. 2019 жылы команда билет сатудан барлығы – 355 млн теңге, футболшыларды сатудан 245 млн теңге пайда тауыпты. УЕФА-дан алғаны – 2 млрд 345 млн теңге. Ал «Қайсар» клубы болса 2019 жылы жарнамадан бар-жоғы 200 мың теңге тауыпты. Әрине, әсіресе соңғы екі пункт бойынша да табысы нөл болып отырған басқа клубтардың қасында жаман емес. Дегенмен бұл табыстар жалпы кірістің 30 пайызына да жетпейтінін ескерсек, тым жұтаң. Ертең «Самұрық-Қазынадан» құйылып тұрған ақша тоқтап қалғанда жағдай
не болады?

Ұлттық құраманың жайы не болады?
Бюджеттен қаржыландыру тоқтаса, клубтардың халі мүшкіл болатыны түсінікті. Одан келіп жалпы Қазақстан біріншілігі әлсірейді. Біріншілік деңгейі түссе, жалпы қазақстандық ойыншылардың жағдайы да төмендейтіні ақиқат. Ал бұл өз кезегінде ұлттық құрамаға да өз әсерін тигізбей қоймайды. Дегенмен бұдан қорқудың да реті жоқ. Ұтыларымыз да бар шығар, ұтарымыз да аз болмауға тиіс. Соңғы жылдары қазақстандық футболшылар шетелдердегі мықты чемпионаттарға бармай келгені жасырын емес. Себебі өз елімізде жан қинамай ойнап-ақ қыруар ақша табуға болатын. Содан келіп өз футболшыларымыз керемет өспеді де. Тек соңғы бір жылда ғана Бахтиер Зайнутдинов пен Исламбек Қуат – Ресейге, Бауыржан Исламхан Біріккен Араб Әмірліктеріне кетіп, сең бұзылды. Бір қызық дерек, осыдан 4 күн бұрынғы Литва – Қазақстан кездесуінде дәл осы үш ойыншы ерекше көзге түсіп, екі допты Бахтиер мен Исламбек соқты. Ал бюджет қаражатына келсек, ол клуб арқылы бір күндікке, яғни футболшылардың жалақысына емес, керісінше, облыстық спорт басқармалары арқылы жалпы бұқаралық спортты дамытуға, оның ішінде клубтардың базасын жасақтауға, олардың ізбасарларын тәрбиелейтін спорт мектептерін қаржыландыруға жұмсалуы тиіс.

Ардақ ТОҒЫМОВ, спорт сарапшысы:
– Командалардың халі әкімнің көзқарасына байланысты болып қалды. Кәсіби спорт клубтары имидждік жоба делініп, бюджеттен қаражат бөлініп келеді. Бір жағынан жақсы, қарапайым азаматтардың спортқа қызығушылығын арттырады. Танымал футболшылар келіп, біздің командаларда ойнауда, түрлі жарыстарда «Атлетико» сияқты мықты командалар, танымал ойыншылар біздің қарсыластарымыз болды. Екінші жағынан алсақ, бізге еш пайдасы жоқ, тек келіп кететін ойыншыларды асырап отырмыз. Балалар, жасөспірімдер спорт мектептері, басқа спорт түрлері зардап шегуде. Мысалға, «Ақтөбе» командасын ұстауға бүкіл облыстың спортқа бөлген қаржысының 80 пайызы кеткен жылдар болған. Ол қаржы қайда кетті? Келімсек легионерлерді асырауға кетті. Не салынған спорттық база жоқ, не өз стадионы жоқ. Тек айлыққа кеткен, бір күндік нәтижеге кеткен ақша. «Астана» командасын алайық. Бюджеті 30-35 млн евро болады дейді. Имидждік жоба болғандықтан, «Самұрық-Қазына» асырап отыр, негізінен. Не өзінің жаттығу базасы жоқ, тіпті жастар командасының біреуін қысқартып тастаған. Президент айтқаны орындалса, бәрінің шаруасы қиындайды. Өз ойыншыларымыз ғана қалады. Бастапқыда қиындау болады, әрине. Дегенмен шешімді қолдаймын. Демеушілер тарту керек, басқа да табыс көздерін іздеу қажет. Бар әлемде тек солай ғой. Мемлекет бұқаралық спортқа, балалар спортына, ұлттық құрамаға ғана бөлсін. Сонда әділдік болады. Неге дәрігер айына 100 мың алуы керек, ал спортшы 30-40 мың евро алуы керек?!
Нағи БАҚЫТБЕК: «Qazsport» арнасының директоры:
– Кәсіби футбол клубтарын бюджеттен қаржыландыру тоқтаса, оңайға түспейді. Биылдың өзінде «Ертіс» біріншіліктен шығып қалды. Келесі жылы командалар жабылып қалуы мүмкін. Онда ел біріншілігіндегі командалар саны да азаяды. Футболшылар, легионерлер азаяды. Ұлттық құрамаға да әсер етеді. Екінші жағынан, енді жастарды тәрбиелейді, футбол мектептеріне көңіл бөледі. Инфрақұрылым, маркетинг дамыту, атрибутика, билет сатуға көңіл бөлінеді. Жарнама т.б. пайда таба бастайды. Ақсап тұрған жағын дұрыстайды. Қазір бізде маркетинг жөнінен халықаралық деңгейде жұмыс істеп жүрген тек «Астана» мен «Қайрат» командалары ғана деуге болады.
Жәнібек КӘРІМ

КОГДА ПРИШЛА БОЛЬШАЯ ВОДА…

ВЕСНА НАСТУПИЛА СТРЕМИТЕЛЬНО. АПРЕЛЬ ПРИНЕС В АКМОЛИНСКИЙ РЕГИОН НЕ...

ИСКОРЕНИТЬ ИЖДИВЕНЧЕСТВО

Глава государства на одном из заседаний Правительства указал, что...

МЕДИКИ В ЗОНЕ РИСКА

ДЕПАРТАМЕНТ ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ ПО АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ И РЕГИОНАЛЬНОЕ...

КОРЕЙСКАЯ КУЛЬТУРА – ДЛЯ ВСЕХ

СО ДНЯ ОСНОВАНИЯ ДОМА ДРУЖБЫ В РАБОТУ АКМОЛИНСКОЙ АССАМБЛЕИ...

«Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына конкурс жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына орналасуға конкурс жариялайды.