12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Адай СЕКЕНҰЛЫ, Еуразия ұлттық университеті туризм кафедрасының профессоры, география ғылымының докторы:«ТУРИЗМДІ МӘДЕНИЕТ және СПОРТ МИНИСТРЛІГІ БАСҚАРА АЛМАЙДЫ»

ҚАЗАҚСТАНДА ТУРИСТІК НЫСАНДАР ЖҰМЫСЫНЫҢ АЛГОРИТМІ ӘЗІРЛЕНДІ. ҮКІМЕТ ТАРАПЫНАН БҰЛ САЛАҒА МҮЛІК САЛЫҒЫНАН ЖӘНЕ ЕҢБЕКАҚЫ ТӨЛЕУ ҚОРЫНАН САЛЫҚ, БАСҚА ДА ТӨЛЕМДЕРДЕН БОСАТУ ТҰРҒЫСЫНАН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР. БӨЛІНІП ОТЫРҒАН ҚАРЖЫ ДА АЗ ЕМЕС. ОНЫ БҰРЫНҒЫ ЖАҒДАЙМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА, РЕКОРДТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ДЕП АЙТУҒА БОЛАДЫ. ЯҒНИ, 2019–2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ТУРИСТІК САЛАНЫ ДАМЫТУ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 44 ТУРИСТІК ЖОБАҒА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮРГІЗУ МАҚСАТЫНА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТЕН 51,5 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРАЖАТ ЖҰМСАЛАТЫНЫ БЕЛГІЛІ БОЛЫП ОТЫР. ОСЫ МӘСЕЛЕГЕ ҚАТЫСТЫ БІЗ ГЕОГРАФИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ТУРИЗМ КАФЕДРАСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ АДАЙ СЕКЕНҰЛЫНА ЖОЛЫҒЫП, ПІКІРІН БІЛГЕН ЕДІК.

– Бұл салаға қаржы бұған дейін де аз бөлінген жоқ, бірақ, әзірге оның қайтарымы болмай келеді. Себебі, Қазақстанның жері кең, туризмге қажетті ресурстар болғанмен, оның базалары жоқ. Негізінде, Қазақстанда мұнай көздері қалай сарапталып, айқындалса, туризмге база болатын жерлерге де алдымен осындай жұмыс жүргізілуі қажет. Мәселен, Ақмола облысында Нұр-Сұлтан қаласы үшін туризмге пайдалануға болатын ресурстардың барлығы картаға, бейнетаспаға және фотоға түсіріліп, ақпараттар толық жинақталу керек. Қазақстанда бес жылда 100 ландшафты ашамыз дейтін болсақ, соның бәрінің базасын 360 градуспен түсіретін технология арқылы жұрттың алдына жайып тастайтындай деңгейге жеткізу керек. Туризмге келетін
инвесторлар алдымен осыған мән береді. Оларға, мысалы, Бурабайдың көлемі, флорасы, фаунасы, инфрақұрылымы жайлы толыққанды мағлұмат беру керек. Туризмде ресурстық талдау деген бар. Осыны жасап, әрі қарай бизнес жоспар жасауға мүмкіндік тудырылуы тиіс. Тек қана бір тауды көрсетіп, оған қаржы сал, елу пайызы менікі, елу пайызы сенікі дегенге ешбір инвестор келмейді. Шетелдіктер ақымақ емес. Олар ақша табатын мүмкіндікті көзбен көріп, қолмен қойғандай болғанда ғана қаржысын салуға тәуекел жасайды. Сол үшін оларға туристік ресурстың географиялық кеңістікте орналасуы, барыс-келіс мүмкіндігі, климаты
жайлы барлық ақпаратты сақадай сай етіп ұсынған жөн дейміз. Бұл үшін мемлекет қаржыны аямай жұмсау
керек. Жұмыс сапалы атқарылуы үшін оған география, орман шаруашылығы, геология, гидрология саласының мамандары кеңінен тартылуы қажет. Осы жұмыс туризмді дамытудың алғашқы қадамы. Туризм жасалатын өңірлерді осы базадан алуымыз керек. Ал, мемлекеттің қазіргі таңдағы туризмді басқару тетігі тұтастай қате. Осы пікірімді бес жыл бойы барлық республикалық БАҚ-та айтып келе жатырмын. Бұл салаға нақты иенің болмауының салдары. Оны біресе ана министрлікке, біресе мына министрлікке лақтырады. Қазір туризмді Мәдениет және спорт министрлігіндегі шағын ғана комитеттің еншісіне беріп қойды. Ол жерде отырған жиырма шақты адамның денінің туризм саласынан еш хабары жоқ. Былтыр әрең дегенде өзімнің бір магистрантымды кіргіздім. Сол ұжымда тым құрығанда екі туризм маманы кем дегенде бес жыл тұрақты жұмыс істеу керек. Басталған жұмыс мамандардың жиі ауысуынан аяқсыз қалып жатыр. Қабылданған шешім ақырына жетпейді. Әрбір жаңадан келген шенеунік қыруар қаржыны шығындап, бәрін жаңадан бастағысы келеді. Мұндай келеңсіздіктен арылу үшін басқару тетігін өзгерту керек. Туризмді Мәдениет және спорт министрлігі басқара алмайды. Өйткені, онда бұл саланың жұмысын тиімді жүргізуге мүмкіндік беретін құзырет
жоқ. Соның салдарынан ондағы әлгі жиырма шақты адам ұсақ-түйек шаруамен айналысып отыр. Олар қазір
негізінен туристік компаниялардың, туроператорлардың, гидтердің жұмысымен айналысуда. Бұл өте күлкілі
жағдай. Негізі мұндай шараларды облыс, қала, ауданның туристік мекемелері атқаруы керек. Министрліктегілер ұсақ-түйек жұмысқа жабысып қалмай, мұның бәрін төмендегілерге беру керек. Бұлай болмаған жағдайда жиырма тұрмақ екі мың адаммен де саланы дамыту мүмкін емес. Бізде әртүрлі бағдарлама көп. Мәселен, 2019–2025 жылдарға арналған туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. Ондай бағдарламаны уикипедиядағы материалдан көшіріп, менің бакалаврда оқитын студенттерім де жасап бере алады. Аталмыш бағдарлама Қазақстанның жағдайына сай емес. Мұндай іс-шаралар кешенін жердің тарихын, табиғатын жетік білетін өз мамандарымыз түзе алады. Өкінішке орай, оны бүгінде пәленбай қаржы төлеп, Венгриядан, Кореядан шақыртып жасатуда. Олардікі батпырауық секілді аспанда салақтап жүреді. Бізде шенеуніктер Қазақстанды Еуропамен салыстырғанға құмар. Шынымда айтсам, оларда логикалық ойлау жоқ па деп қаламын. Өйткені, Қазақстанның территориясына оншақты Еуропа мемлекеті сыйып кетеді. Бір ғана Ұлытау Еуропаның бірнеше мемлекетіне бара-бар. Сосын олардың туризмі үш жүз жылдан бері дамуда. Мұндай жағдайда біз қалай олар жүрген жолмен жүре аламыз? Бұл мүмкін емес. Қазақстан өзін айналасындағы жақын елдермен салыстыру керек. Бізге бәсекелес солар.
Яғни, әлемнің туризмі дамыған қай еліне қарасаңыз да, алдымен ұлттық этнографиялық туризмді бірінші
орынға қояды. Франция, Америка, Голландия, Қытай, Италияда, тағы басқа да экономикасы қуатты мемлекеттерде ауыл туризмі керемет дамуда. Оларда арнайы субсидия бөлінеді.  Бұл елдер соның арқасында ауылдағы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеріп отыр. Өйткені, туризм адамдар ағысын тудырады. Мұндай үрдістен туған жер жайлы ақпараттар көп болады да, сәйкесінше, бұл капиталдың шоғырлануына жол ашады. Біздің де бәсекелестікке ең қабілетті бағытымыз – ұлттық этнографиялық
туризм. Өйткені, адамдар таза экологиялық өнімнің шығатын жерін аралап көріп, сол өнімді қайнар
көзінен ішкенді қалайды. Мысалы, біз бір ғана қымыздың өндірілу технологиясын көрсету арқылы қазақтың
тамыры терең тарихын насихаттауға мүмкіндік алар едік. Әрине, мұны жүзеге асыру үшін үлкен ғылыми
жоба жасалуы керек. Мұны қолға алуға министрліктің мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, үкіметтің жанынан Қазақстан
Республикасының туризм индустриясына жетекшілік ету комиссиясы құрылуы керек. Оған жоқ дегенде Асқар Маминнің өзі немесе вице-премьер Ералы Тоғжанов жетекшілік ету керек. Оның құрамына мәдениет,
ауылшаруашылығы, ішкі істер, геология салалары бойынша құзыретті органдардың жетекші қызметкерлері
ену қажет. Туризмді осылай мемлекет өз бақылауына алмайынша, қазіргідей туризмнің миллиардтаған қаржысы тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кете береді. Өйткені, бізде жобаларға мемлекеттік аудит жасалмайды. Алдымен ғылыми жоба дайындалып, оны іске асыру мүмкіндігі, ғалымдардың талқылауынан өту керек. Егер жобаны жасаушылар мұны дәлелдей алмаса, қаржы бөлінбеуі тиіс. Өкінішке орай, бізде мұндай шара жоқ. Соның дәлелі – Алматыда Көкжайлауға салынған қаржы. Тиімділігі дәлелденбеген бұл жоба орта жолдан тоқтатылды. Сөйтіп, халықтың салығынан құралған қыруар қаржы желге ұшты. Туризм
саласының тізгінін ұстап отырғандар, аймақтардағы әкімшіліктегілер отандық ғылыми-зерттеу институттарын
көзіне ілмейді де. Өзімбілемдікпен әкімшілік тұрғыдан шешім қабылдай салады. Ол қаржының есебі қайда,
қанша адам жұмыспен қамтылды, инфрақұрылымға әсері жайлы еш ақпар жоқ. Нәтиже болса да, айқын
емес. Сондықтан, мұндай шаралардың бәрін халық біреудің бизнесі деп біледі. Мысалы, шетелден шақырылатын туристерді тіркеуге алуды көші-қон полициясына беріп қойды. Бұл мекемеде туристер екі аптасын жоғалтады. Мұндай тәртіп олар үшін өте тиімсіз. Президенттің өзі келген туристерді көші-қонға тіркету деген не сұмдық, қонақ үйдің өзіне де тіркеуге болады ғой, деп айтқан еді. Қазір «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы дейміз. Неге соны осындай шараларда пайдаланбаймыз, өйткені, елімізде туризм саласына мамандық дайындайтын алпыстан астам оқу орны бар. Шынын айту керек, олардың материалдық-техникалық базасы өте төмен. Зертхана деген жоқ. Болашақ мамандар үшін мұндай база қонақжайлық бизнес болу керек. Оқу орындарына жұлдызды қонақ үйлерді, мейрамханаларды бекітіп беруі қажет. Мысалы, Қытайда туризм институтының жанында қаншама лаборатория бар. Оларда жұлдызды қонақ үйлердің
стандартты номерлері, ресторандары студенттердің тәжірибе алаңы. Өкінішке орай, бізде бәрі тек теория жүзінде. Тәжірибе жүзінде ешнәрсе берілмейді. Мұндай жағдайда кадрлардан не күтуге болады? Олардың көбі диплом алған соң туризм саласында жұмыс істемейді. Сосын оқу бітірген соң мекеме, сауда орындарында күзетші, кондуктор болады. Мемлекет негізі елдегі оқу орындарына жүйелі түрде мониторинг жүргізіп отыруы тиіс. Қайсысы талапқа сай маман дайындап жатыр, олар қайда жұмыс істеуде, осының бәрін анықтап, бұл істің тиімділігін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау керек. Әйтпесе, бүгінде елімізде шетелден келетін тым құрығанда елу туристке талапқа сай қызмет көрсете алатын маман жоқ. Сосын бізде көрме экономикасы да дамымай қалған. ЭКСПО-дан алған пайдамыз да шамалы. Негізі, маусымдық шектеулерге ұшырамайтын көрмелердің пайдасы өте зор. Оларды турзимнің қосалқы саласы ретінде пайдалануға болады. Бұл сала да жанашыр көзқарастың, қолдаудың жоқтығынан кенжелеп тұр.
Жалпы, туризм мұнай, алтын емес, жерден қазып алып, бірден ақшаға айналдырып әкететін, алдымен
ғылыми жоба жасап, оны шыдамдылықпен баладай баптап, іске қосу керек. Ол кемі бес, көбі он-он бес
жылдан соң нәтиже береді. Содан соң тоқтамай, елдің дамуына үлесін қосатын болады. Бүгін қолға алған жобалар он, жиырма, тіпті, елу жылдан кейін жемісін берсе, онда біз текке жұмыс істемеген боламыз. Мысалы, Әмір Темірдің заманында, яғни, мың жыл бұрын салдырған Самарқанның пайдасын өзбек ағайындар бүгін көріп отыр. Біздің шенеуніктер бәрін қағаз жүзінде көрсетуге дағдыланған. Айталық, Астанада сақтардың мәдениет бақшасын салып қойсақ, ол жерде  Туристер елордадағы саяхатын жарты күнге ұзарта алар еді. Бұл үлкен табыс әкеледі. Қазір шетелден келетін туристерге бес жұлдызды қонақ үйлерді көру таңсық емес. Оларды қызықтыратын біздің ұлттық этнографиялық мәдениет, көшпелі қазақтардың өркениеті, өндіріс, тағамдар, тоқетерін айтқанда, ұлттық дүниелер. Тарихымыздан мағлұмат беретін кәдесыйлар жасалып, саудаға шығарылу керек. Қазір Нұр-Сұлтанға келген турист Әзірет Сұлтан мешітіне барады да, түстен кейін Хан шатырдан шыға келеді. Одан әрі көретін жер жоқ. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының
оң жағалаудағы ескі жағын қазір абаттандыра алмай жатырмыз. Неге оны туризмге пайдаланбасқа?! Бұл оның инфрақұрылымын дамытуға ықпал етер еді. Мұның бәрі халықаралық тәжірибеде бар нәрсе. Қаланың инфрақұрылымы – мәңгі шешілмейтін проблема. Егер оны туризмнің бір бағытына айналдырып жіберсек, бұл
мәселе өздігінен реттелер еді. Мен, мысалы, Қытайдың Тянь-Шянь тауы етегіндегі Нарад жайлауында Үйсін
елін жасап қойдым. Оған бүгінде жылына 1 млн турист келеді. Біз көзге көрініп, туризмге сұранып
тұрған өзен-көлдердің, табиғи аймақтардың да қадіріне жетпей отырмыз. Мен, тіпті, осы байлығымыздан
айырылып қаламыз ба деп қорқамын. Өйткені, Бурабайдың қазіргі күйі өте алаңдатарлық жағдайда. Оны кезінде арнайы туристік аймақ ретінде қамқорлыққа алу туралы үкіметке ұсыныс білдірген едім. Өйткені, қазір
табиғаттың бізге сыйлаған осынау жер жаннатына еш шектеусіз кіретін көліктердің көптігінен аймақтың экологиялық жүйесі бұзылып барады. Оған кірер жолды Щучинскіден жауып, ақылы жасауға тиіспіз. Өйткені,
бұл өңірге демалысқа келетін туристер – дәулетінің деңгейі бар адамдар. Бұдан түскен қаржы аймақтың инфрақұрылымын дамытып, экожүйесін дұрыстауға жұмсалу керек. Сол секілді Алакөлге де осындай көзқарас керек. Қазір ол жекелерге бөлініп берілуде. Олар ешнәрсені талапқа сай жасап жатқан жоқ. Осының бәрі қадағалануы керек. Жалпы, туризмді нарық экономикасы жағдайында қатаң заң және стандарттық жүйе
арқылы дамытуға болады.
Пікірді жазып алған
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ

МЕДИКИ В ЗОНЕ РИСКА

ДЕПАРТАМЕНТ ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ ПО АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ И РЕГИОНАЛЬНОЕ...

КОРЕЙСКАЯ КУЛЬТУРА – ДЛЯ ВСЕХ

СО ДНЯ ОСНОВАНИЯ ДОМА ДРУЖБЫ В РАБОТУ АКМОЛИНСКОЙ АССАМБЛЕИ...

«Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына конкурс жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына орналасуға конкурс жариялайды.

Объявлен конкурс на занятие вакантной должности ректора республиканского государственного учреждения «Казахский национальный университет искусств»

Министерство культуры и информации Республики Казахстан объявляет конкурс на занятие вакантной должности ректора республиканского государственного учреждения «Казахский национальный университет искусств» Министерства культуры и информации Республики Казахстан.

ДОБРОВОЛЬЦЫ-РОМАНТИКИ

Одним из лучших способов проявить себя в благородном деле,...