12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Құқықтық журналистиканың қара нары

ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНДЕ ӨЗІНДІК ОРНЫ БАР, СӨЗ ӨНЕРІНІҢ СОЙЫЛЫН СОҚҚАН ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР ШАРАФАДДИН ЕМБЕРГЕНҰЛЫ 60 ЖАСТА. ЖУРНАЛИСТІК ЕҢБЕК ЖОЛЫН 1988 ЖЫЛЫ ҚАРАҚАЛПАҚ ТІЛІНДЕ ШЫҒАТЫН АУДАНДЫҚ «ЖЕҢІС БАЙРАҒЫ» ГАЗЕТІНЕН БАСТАҒАН ОЛ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЖАС ЛЕНИНШІ» ГАЗЕТІНДЕ ЖАСЫНДАЙ ЖАРҚЫРАДЫ.

1991 жылы Қазақстанға  көшіп келгеннен кейін республикалық «Зерде» журналында, «Алматы ақшамы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде қызмет етіп, 1994 жылы республикалық қоғамдық-­саяси, құқықтық басылым «Заң газетінің» тілшісі, кейіннен осы газеттің бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. 1997 жылы
«Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижанның арнайы шақыруымен аға газеттің тілшісі, шолушысы, бас редактордың репортері қызметтерін атқарып, мол тәжірибе жинақтайды.
2001 жылы «Заң газетінің» бас редакторлығына шақырылып, 2005 жылдың қаңтар айынан бастап «ЗАҢ» Медиа-корпорациясының» президенті қызметіне тағайындалады. Осы жылдар ішінде Шәкең құқықтық басылымның негізін жасап, құқық саласында қалам тербейтін журналистердің шоғырын тәрбиелеп
шығарды. Бүгінде заң, құқық тақырыбын өндірте жазып жүрген журналистердің көбі Шарафаддин Әмірдің мектебінен өткенін мақтанышпен айтады. 2010–2016 жылдары «Егемен Қазақстанның» шолушысы болған әріптесіміз бүгінде «Арғымақ-7» ЖШС-нің директоры, «Жеті жұрт» газетінің редакторы. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалінің, ҚР Ақпарат министрінің Құрмет грамотасының, Төлеген Айберген атындағы сыйлықтың, тағы да басқа марапаттардың лайықты иесі. Шарафаддин Ембергенұлының ширек ғасырлық тарихы бар «ЗАҢ» Медиа-корпорациясына» сіңірген еңбегі зор. Ол еліміздегі алғашқы құқықтық басылым «Заң газетінің» өзіндік бет-бейнесін қалыптастыруға, бағыт-бағдарын айқындауға үлес қосқан аға буын азаматтар қатарында.

Марат ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетінің бас редакторы:

Журналист зейнетке шықпайды

– Жаңылмасам, Шарафаддин 1994 жылдың соңы 1995 жылдың басында «Заң газетіне» тілші болып қызметке
қабылданды. Осы газеттің бас редакторы ретінде мен оның жазу-сызуына, тапсырма орындаудағы жылдамдығына әрдайым риза болып жүрдім. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы кезең. Тіл мәселесі, соның ішінде құқықтық терминдер әлі толық қалыптаса қоймаған уақыт. 1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды. Бірақ, оның ғұмыры тым қысқа болды. 1995 жылы конституция жаңаратын болып, соған сай біздің басылымның алдында құқықтық терминдерді қазақшалауға атсалысу, жобаны талқылау, оған халықты қатыстыру секілді аса саяси жауапты міндет тұрды. Осы ретте, «Заң газетінің» журналистері үлкен жұмыс атқарды. Шыны керек, ол кезде құқықтық тақырыпты журналистер тұрмақ, заңгерлердің өзі қатырып жаза алмайтын. Әсіресе, заңды қазақша сөйлету оңай емес-тін. Өзім де осыны ескеріп, кезінде қосымша заңгер мамандығын оқып алсам деген ой болған. Бірақ реті келмеді. Сосын өз бетімше ізденіп, құқықтық тақырыптарға қалам тартып жүрдім. Менің «Заң газетінің» бас редакторы болып тағайындалуыма да осы себеп болған сияқты. Басылымға келгеннен кейін ондағы тілшілерді құқықтық тақырыптарды жазуға икемдеу, бағытбағдар беру негізгі мақсатымның бірі болды. Ал, Шарафаддин өзінің алғырлығы, еңбекқорлығының арқасында құқықтық тақырыптарды жазуға тез төселіп кетті. Газеттің тиражы 70-80 мыңға дейін өсіп, күн сайын редакцияға оқырманнан жарты қап хат келетін. Көпшілігінде проблема айтылатын. Сол хаттармен танысып, зерттеу материал жазуға Шарафаддин көп еңбек сіңірді. Әрдайым алдыңғы қатарда көзге түсіп жүрді. Менің ойымша, Шарафаддин «Заң газетінде» қызмет ете жүріп нағыз журналист болып қалыптасты. Кейіннен осы басылымның бас редакторы, корпорацияның президенті лауызымына дейін көтерілді. Журналист зейнетке шықпайды деген сөз бар. Мені Шарафаддиннің қаламын тастамай, өз алдына басылым ашып, еңбек етіп жүргені қуантады. Әрдайым еңбегі жана берсін!

Нұрдәулет АҚЫШ, журналист:

Еңбекқор
Қазақстан тәуелсіздік алып, өз алдына ел болғаннан кейін көптеген идеологиялық шаралардың іске аса
бастағаны белгілі. Құқықтық-зайырлы мемлекет құруға деген талпыныстың кең қанат жаюы да тоталитарлық
дәуірден кейінгі орын ала бастаған заңды құбылыс еді. «Заң газетінің» ашылуы да – сондай қоғамдық-идеологиялық талаптардың негізінде өмірге келген уақыт жаңалығының бірі. Сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Әділет министрлігінің бірлескен шешімі негізінде бұл газетке бас редактор болып тағайындалған белгілі журналист Марат Тоқашбаев бірінші орынбасарлық лауазымға мені шақырды. Ол кісі қаржы, ұйымдастыру жұмысымен айналысты да, газет концепциясын жасау, қызметкер алу тәрізді ішкі жұмысты маған тапсырды.
Шарафаддин Әмірмен танысқаным осындай бір қарбалас кезеңде. Редакция табалдырығын алғашқылардың бірі болып аттап, жаңадан ашылып жатқан осы мекемеде жұмыс істегісі келетінін білдірді. Көп сөзге жоқ ұстамды да салмақты жігіт өзіне тапсырылған міндетті бірден дөңгелетіп алып кетті. Жаңадан жасақталған ұжым қызметкерлерінің ала-құла болуы, өмірлік ұстанымдарының да бір-біріне ұқсай бермеуі заңды. Біреулер еңбекқор болғанымен, көңіл-күйіне шапшаң бағынып, өзін-өзі ұстай алмай, әлдеқандай дау-дамайдың туындауына ұйытқы болып жатса, енді біреулері нақты жұмыс істегеннен гөрі көлденең әңгімені айтуға ықылас танытып тұрады. Ондай типтегі жандар жазып қағазға түсіргеннен гөрі ауызбен орақ оруға бейім. Шарафаддин осы екі топқа да жатпайтын. Көлденең әңгімеге, бос сөзге үйірлігі жоқ журналистің жазғандары да тиянақты, нақты болып шықты. Әңгімені көтеріп отырған тақырыбының төңірегінен асырмай, ойын қысқа сөйлемдермен дәлелдеп жеткізуге бейім. Мінезі мен жазу машығы бір-бірімен осылайша үйлесім тапқан талантты журналистің материалдары газет бетінің ажары бола алатынын өз басым осы Шарафаддиннің үлгісінен анық аңғардым. Жауапкершілік сезімі, еңбекқорлығы мен ұтымды қабілеті оның ұжым алдындағы беделін өсіре түсіп еді. Кейін осы ұжымның басшысы деңгейіне көтерілуіне де Шарафаддин бауырымыздың жаңағы айтылғандай кәсіби журналистке тән биік болмысының тікелей ықпал еткендігі анық.

Қалбай ӘДІЛ, ардагер журналист:

Жанкешті
Бүгінгі жастармен тіл табысу оңай емес. Әсіресе, мен сияқты феодалдау қазақ үшін, тіпті, қиямет. Жазғандарына сын айтсаң, ерін бауырына алып мөңкитіндері көп. Ал, мына Шарафаддин ол тайпадан емес.
Біртоға. Сыртқа ақтарылып ашыла бермейтін, сынын бұзбайтын нағыз дипломатияның адамы. Білгішсініп
көп мылжыңдап жұртты мезі қылатын езбеліктен де ада.
Шынын айтсам, онымен сонау Қарақалпақ елінде, бір ауданда тұрсақ та кездеспеппіз. Оның есімін Қоңырат
аудандық «Жеңіс байрағы», республикалық «Жас ленинші» газеттерінде жиі көретін едік. Бірақ, бір-бірімізді
іздеп, жүздесу қаперімізде болмапты. Сол кезде қазақ басылымдарын түгелге жуық жаздырып алатынбыз. Бір
күні «Жалын» альманағында Шарафаддин Әмірдің «Жалғаншы» деген әңгімесі жарқ ете қалды. Іле-шала
«Сол шығармасы үшін Төлеген Айбергенов атындағы сыйлық алыпты» деген хабар тарады. Содан біздің
аймақта оның атағы дүрілдеп кетті. «Жас ленинші» газетінде де азулы журналистің батыл мақалалары жиі
шығатын. Сынағанды кім ұнатсын, дау-дамай да болып жатушы еді. Әсіресе, «Жазылмаған шығармаға
қойылған бестік» деген мақаласы елді бір дүрліктіріп тастағаны есімде. Осы дауға Білім министрлігі
араласып, білім беру жүйесіндегі көптеген келеңсіздіктің ашылғаны да жадымда.
Осыдан кейін Шарафаддиннің Алматыға көшкенін естідік. «Қазақ әдебиеті» газетіне орналасыпты. Мен бала-шағамды шұбыртып Алматыға келгенде, ол «Заң газетінен» шығып, «Егемен Қазақстанда» жүрген кезі екен. Бір күні іздеп келді. Таныстық. Балуан пішінді, сары жігіт екен. Жұрт көзінше шүйіркелесіп кете қоймасақ та бір жылы пейілді сезінгендеймін. Кейін «Заң газетіне» бас редактор болды. Әу баста сене қоймадым. Тым жас сияқты көрдім. Атақты Тоқашбаевтың қазақы тонының жылуын көрген жігіт. Әйтсе де, мынадай үлкен ұжымға бастық болу оңай емес. «Газетті түрлендіру керек, мақала жазып тұр. Қаламақы жаман емес» деді сыпайы ғана телефонмен. Тиын-тебенді кім жек көрсін, қоғамдық, әлеуметтік мәселелер туралы мақалаларым топырлап шығып жатты. Бір күні жауапты хатшы болып жүрген марқұм Аманхан Әлімұлы «Қалбай, сені президент жарты ставкамен жұмысқа алатын болды» – деп сүйінші сұрады.
Аз уақыт ішінде ұжыммен туысқандай араласып кеттік. Шарафаддин Әмір корпорацияға президент кезінде де осы құқықтық басылымдарды сірескен ресми қалыптан өзгертуге күш салды. Таралымы көбейді. Оның
ұсынысымен «Низам» дейтін етженді нұсқасы апта сайын шығып тұрды. Журналистер белсенділігі артты.
…Ол сырт көзге салқынқанды, сырбаз адам боп көрінеді. Өмірде де солай. Жиындарда суырылып мінберге шығып сарнатып толғай жөнелетін ділмарлар тобына жатпайды. Қысқа қайыра салатын тапқыр әзілден де
құр алақан емес. Нағыз қазақы ортада қалыптасқан ұлтжанды азамат. Жасы үлкендерге деген сыйластығы ерекше. Інілеріне де ілтипаты бөлек.
…Шарафаддин – ең алдымен журналист. Өз кәсібіне адалдығына, жанкештілігіне таң қаласың тіпті. Ауырып жүрсе де өзі ұйымдастырған «Ақиқат айнасы», «Жеті жұрт» газеттерін бір сәтке де ұмытқан жоқ. Осы басылымдарды ұйымдастыру барысында ұмытпай үйге арнайы келіп, ақылдасып тұрғанына өте риза
болдым. Өзімсініп айтатын қышқылдау қалжыңдарыма сыпайы жымиып қоя салады. Сонысы жарасады өзіне.
Салғыласып жату қанына жат. Ол істің адамы. Қазақтың құқықтық журналистика саласындағы еңбегі елеулі. Бүгінде алпыс жасқа толыпты. Өмірінің тал түсі болсын!

Жұмагүл ТЕМІРҒАЛИ, журналист:

Мансап өзгертпеген жан
– «Заң газетінің» алғашқы шығармашылық ұжымында еңбек еттім. Осы газет редакциясында елімізге белгілі,
қаламы қарымды журналистермен әріптес болып, көп тәжірибе жинақтадым. Құқықтық мектеп болды. Осы
газетті шығарушылардың алғашқы сапында Шарафаддин Әмір әріптесім тұрды. Шәкең осы ұжымнан өсіп, ортамыздан «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС президенті лауазымына дейін көтерілген азамат. Ол жылдар бойы құқықтық басылымның өз миссиясын орындауына бар күш-жігерін жұмсады. Талай азаматтың құқықтық көмек алуына, арыз-шағымдардың шешімін табуына газет арқылы үн қосты. Шәкеңнің қатардағы қызметкер кезінде де, басшы болған тұсында да еңбек еттім. Ол өзінің ашық, қарапайым мінезінен айныған емес. Өзім 1994 жылы осы басылымның Алматыдағы редакциясына қызметке келіп, кейіннен газеттің Астанадағы меншікті тілшісі болып жұмыс істедім. Елордада күнде жиын, шара өтіп жатады. Көбіне сол күні болған шараны ертеңгі газетке дайындап жіберу керек. Қарбалас тірлік. Сондағы басшымыз Шарафаддиннің бір сөзі
есімде қалып қойыпты «Жазғаның өзіңе ұнады ма?» деді бір күні асығыс материал дайындап жатқанымда. «Иә» дедім сеніммен. «Онда болды!» деп қысқа қайырды. Мен оны сол сәтте «Өз деңгейінде орындалды ма?» деген сауал ретінде қабылдадым. Тікелей сұрақ қойылмаса да, жауапкершілікті осылай сезіндім. Астанада «Заң газетінің» меншікті тілшісі болып жүріп, басқа шығармашылық ұжымда жұмысты қоса алып жүрген кездерім болған. Басшы ретінде «тек қана осы газетте істе!» деген қатаң талап қойған жоқ. Бірақ, жұмысыңды үлгеріп, негізгі қызметке кедергі болмауы керек. 2006 жылдың көктемінде мұнай саласына жұмысқа кеттім. Сол кезде Шәкең газетке құқық тақырыбында жазып тұрсаң деген өтініш айтқан. Бірақ, басқа салаға қызмет ауысқандықтан, сүйікті газетімнен біржола еңбек қатынасымды үздім. Алайда, осы басылымға, бірге жұмыс істеген әріптестеріме деген құрметім ерекше. Журналистикадағы қызметімнің бір бөлігі осы басылымда өткеніне, ондағы өз ісіне, кәсібіне мықты деген аға-апайларыммен, іні-сіңлілеріммен әріптес болғаныма қуанамын. Қандай қызмет те мәңгілік емес. Бірақ, сол ұжымның аурасы, адамдардың көркем мінезі, қабілет-қарымы, жұмысқа, оқырмандар алдындағы жауапкершілігі бәрі біртұтас мектеп. Бүгінде
«Заң газеті» өз қызметін абыройлы атқарып келеді. Осы басылымның қабырғасында көп жылдар еңбек етіп,
қажырлы қызметін арнаған әріптесіміз Шарафаддин Әмірді 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтаймын. Еңбегінің жемісін көрсін!
Бетті дайындағандар
Камила ЫСҚАҚОВА,
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

КОГДА ПРИШЛА БОЛЬШАЯ ВОДА…

ВЕСНА НАСТУПИЛА СТРЕМИТЕЛЬНО. АПРЕЛЬ ПРИНЕС В АКМОЛИНСКИЙ РЕГИОН НЕ...

ИСКОРЕНИТЬ ИЖДИВЕНЧЕСТВО

Глава государства на одном из заседаний Правительства указал, что...

МЕДИКИ В ЗОНЕ РИСКА

ДЕПАРТАМЕНТ ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ ПО АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ И РЕГИОНАЛЬНОЕ...

КОРЕЙСКАЯ КУЛЬТУРА – ДЛЯ ВСЕХ

СО ДНЯ ОСНОВАНИЯ ДОМА ДРУЖБЫ В РАБОТУ АКМОЛИНСКОЙ АССАМБЛЕИ...

«Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына конкурс жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына орналасуға конкурс жариялайды.