12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҒАЛАМДЫҚ ЖЫЛЫНУ ӘЛЕМ АЛАҢДАЙТЫН МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛДЫ

Айналада қауіп көп. Саналы түрде бір-біріне қолдан жасайтын қиянатынан өзге адамзат қазір қоршаған ортаның, тылсым табиғаттың зауалынан да зардап шегіп отыр. Ауаның ластануы, өнеркәсіп санының артуы, табиғатқа қолдан жасалатын қастандық, ормандарды кесу, жанартаулардың әртүрлі әсерлерден атқылауы және күндегі өзгерістер жер шарына үлкен қауіп төндіріп, ғаламдық жылынудың басты себепкеріне айнала бастады. Жыл сайын 5-маусымда бүкіл дүниежүзі қоршаған ортаны қорғау күнін атап өтеді. Бұл атаулы күн 1972 жылы БҰҰ-ның 27-сессиясында бекітілген.

Адамзаттың табиғатты жіті назарға алуы қай кезеңде де өзекті. Алайда, ол кезеңдер өзінің тазалығымен, адамдардың артық зиянкестікке ұрынбауымен айналаның да табиғилығын сақтап тұрған. Қоғам осы тепе-теңдіктен соңғы жылдары айырыла бастады. Әлем ғалымдары ғана емес, қазір қарапайым екінің бірі осы сауалға себеп іздеуде. Өйткені, апаттың айтып келмейтінін, ал, аяқасты келген апат салдарының соншалықты
жеңіл болмайтынын сезіне бастады. Оған кешегі зілзалалар, су тасқындары, бүгінгі құрғақшылық, егіннің шықпай қалуы дәлел. Бұның бәрінің ғылымға негізделген табиғи атауы ғаламдық жылыну, яғни климаттың өзгеруі, жылу толқындарының жиілеуі, теңіз деңгейінің көтерілуі, мұздықтардың еруі, тасқындар, құрғақшылықтар мен дақылдардың шықпай қалуы.Бұның бәрі өзін саналы сезінетін кез келген адамзатқа ой тастады. Осы апаттың тоқтауына сәл болса да қалай атсалысуға болады, жер бетінен жойылып кетпеу үшін не істеуіміз керек деген сауалдарға жауап іздетті. «Климатты құтқару» акциялары бүкіләлемдік акцияға айналды.
Мәселен, журналист Аягүл Рамазанқызы өзінің әлеуметтік парақшасында көпшілікті қоқыс тастамауға,
салафан пакеттерден бас тартуға, пластиктерді пайдаланбауға шақырып жүр. Бұдан біраз бұрын журналистер, қоғам белсенділері, еріктілер де әртүрлі акциялар бастап, «жасыл ел» ұранына елді ұйыстыруға әрекет етті. «Күн ысып кетті. Суды көп ішемін және арнайы қауіпсіз ыдыстарды пайдаланамын. Егер дүкеннен сатып алатын болсам, күніне 2-3 пластик бутылканы босатар едім. Ол қоқысқа кетер еді. Бір айда жалғыз
өзім жүріп 90 бутылканы лақтырар едім. Алматыда мен сияқты миллион адам бар. Олар да су ішеді.Сонда күніне 3 миллион пластик бутылка қоқысқа кетеді. Бәлкім,одан да көп. Ал, екі күнде шамамен 6 миллион. Бір Алматыда ғана. Пластик ешқашан топыраққа сіңбейді. Бықсып, жатқаны жатқан. Оның жерге сіңуі үшін 1000 жыл керек» – дейді Аягүл Рамазанқызы.
Ал, астаналық 16 жасар Аружан Сахариянованың экологияны қорғау, ғаламды адамнан келетін табиғи апаттардан сақтап қалу жолындағы ізденістері замандастарына үлгі. Аружан өзінің замандасы, белгілі шведтік экобелсенді Гретта Тунбергпен идеялас. Ол өзінің замандастарын табиғатқа зиян келтіретін заттарды тұтынбауға шақырады, өзі пластиктен мүлдем бас тартқан, ұшақпен ұшудан да бас тартып, болашақта осы
идеяны ғаламдық деңгейде көтеріп, мұхит пен өзен-көлдердегі балықтарды қорғау ісіне өзін арнамақ. Оның зерттеуінше, өзен-көлдерге тасталған қоқыс пен пластиктер кесірінен ондағы миллиондаған балықтар қырылып жатыр. Бұл мәселе елдегі біраз өңірлерде жылда орын алатын, өндіріс ошақтарынан шығатын улы қалдықтардың кесірінен жаппай балық қырылу оқиғаларын еске салады. Бұл табиғи апаттардың себептеріне
қатысты ғана әлеуметтік мәселелер, ал, ғылыми тұрғыдағы көзқарастар бұдан да терең, бұдан да күрделі. Мысалы, климаттың өзгеруін зерттейтін БҰҰ-ның мемлекетаралық эксперттер тобының пайымдауынша, «XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап жердің орташа температурасы 0,7 °C көтерілді және соңғы
50 жылдағы жылыну процесінің көп бөлігі адамзаттың кесірінен орын алған, бірінші кезекте газдардың атмосфераға шығарылуынан туындаған көмірқышқыл газы (CO2) мен метанның (CH4) «көшетхана
эффектісі» (Greenhouse effect). Дүниежүзілік мұхит деңгейінің өсуімен қатар ғаламдық температураның да өсуі атмосфералық жауын-шашын мөлшерінің өзгеруіне алып келеді. Нәтижесінде табиғи катаклизмдер жиілеуі мүмкін, мысалы: су тасқындары, қуаңшылықтар, дауылдар және басқалары, жапа шеккен аймақтарда ауылшаруашылық өнімдерінің мөлшері төмендейді керісінше басқа аймақтарда жоғарылайды». Қазақстандық эколог Азаматхан Әміртайдың пікірінше, «Қазақстан – әлемдік климаттың өзгеруіне септігін тигізіп жатыр. 2016 жылы Африкада Марикендж қаласында климаттың өзгеруіне байланысты конференция өткен. Әлемнің бірқатар елдері осы конференцияға қатысып, бұл мәселе төңірегінде сөз қозғап, жаһандық жылынудың зардаптарын айтып қынжылды. Біздің ел үшін климаттың өзгеруі – фантастика. Ал, өзге мемлекеттер үшін бұл үлкен проблема. Қазақстан да өз тарапынан климаттың өзгеруіне әсерін тигізіп жатыр. Ең алдымен Арал теңізі проблемасы осыған әсер етеді. Арал теңізі құрғап кеткеннен аспанға тұздың ұшуы – климатқа әсер етсе, екіншіден, еліміздегі мұнайдың әсерінен шығатын парниктік газдар, көліктердің пайдаланатын жанармайы, көмір жағатын үйлер, ТЭЦтер, электр шамдары – Қазақстандағы климаттың өзгеріске ұшырауына әсер етіп отыр. Париж келісіміне отырған соң Қазақстан өз мойнына жауапкершілік алды. 2020 жылға дейін Қазақстан парниктік газдардың белгілі бір өлшемін азайту керек. Алайда бүгінгі таңда біз осы келісімге сәйкес іс- қимылдар жасап жатқан жоқпыз. Керісінше парниктік газдардың мөлшері көбейіп жатыр. Негізінен алғанда, күннің ысуы – жаһандық жылынудың басты себебі емес. Мұзды мұхиттың еруі мен ауа температурасының +1 градусқа ысуы да жылынуға әсер етеді. Әлемде ауа температурасы +3 градусқа көтерілсе мұзды мұхит, Антарктида еріп, мұхиттағы су деңгейі өсіп, ол өз кезегінде ауыз судың тапшылығына әкеледі. Париж келісімі бойынша ауа температурасын +2 градусқа дейін ұстау керек. Қазақстан осы келісімге қол қойса да, энергияның балама көздерін табуға байланысты әрекет етіп жатқан жоқ. Осы 100 жыл ішінде біздің ғаламшарымыздың өмірі мен болашақтағы тіршілігі қандай болатыны белгілі болады. Жаһандық жылынудың қаупі – ол адамзатты ақыр заманға алып келуі мүмкін. Ауыз су таусылса, жер бетіндегі 8 млрд адам сусыз қалады, құрғақшылық орнайды»– дейді эколог. Кәсіби маман көзқарасы мен әлем ғалымдарының қағып жатқан дабылына қарасақ бұл мәселе біз ойлағаннан да күрделі. Мұздықтарды еріте бастаған ауа температурасынан кейбір Еуропа елдері зардап шеге бастады. Бірқатар елдерде мөлшерден тыс анамольды
ыстық тіркелген. Италияда маусымның басында қатты құрғақшылық пен ыстық ауа-райы сақталса, Франция,
Португалия, Жапонияда мамыр айынан бастап-ақ ыстық аптаптың зардабы сезіле бастаған. Біріккен Араб Әмірліктерінде +50,5 градусты құрайтын ең жоғарғы температура тіркелген. Эколог ғалымдар мен климат зерттеушілердің болжауынша, әлем бұндай анамальды құбылыстарға дайын емес. Мұның салдары көптеген табиғи апаттар мен адамдардың, жан-жануарлар мен өзге де тіршілік иелерінің қырылу қатеріне әкелуі мүмкін көрінеді. Биылғы Австралиядан бастау алған алапат өрт осының мысалы. Кей елдер үшін қалыпты жағдай секілді көрінетін орман өртінің биылғы зауалы сан мыңдаған шақырымдарды шарпыды. Ондағы өрттен қашып жан ұшырған жан-жануардың адамнан пәрмен сұраған аянышты күйін бүкіл әлем үлкен тебіреніспен бақылады. Соңғы деректер бұл өрттің 6,5 миллионнан астам гектар жерді жайлағанын көрсетті. Жүздеген үйлердің өртеніп, ондаған адамдардың өліміне әкелген өрттен қосмекенділер, жәндіктер, басқа да миллиардтаған жануарлар қырылды. Адамзатпен біте қайнасқан жердегі жан-жануар, өсімдік, ауа, су әу бастағы қалпын сақтау үшін күллі жаратылыстағы табиғат заңдары тепе-теңдікте өмір сүруге тиіс. Бірінің зияны, бірінің сәл ауытқушылығы әлемдерге қауіп төндіреді. Сондықтан, адамзатқа ең болмаса өзінің тірі қалуы үшін, өмір сүруі үшін жеке жауапкершілігін күшейту қажет. Ол жауапкершілік ең алдымен өз айналасынан басталады. Үнем, қауіпсіз энергия көздерін пайдалану, атмосфера алдындағы жауапкершілік артпай тіршілікке төнетін қауіп азаймайды.

2021 жыл – әлемдік трансформациялар мен өзгерістер жылы
Бұл мәселеге бей-жай қарай алмайтын көзіқарақты оқырманның сауатты сараптамалар мен ғылымға негізделген ғаламдық жылынуға қатысты мақалалар мен танымдық тұжырымдарды іздейтіні заңдылық. Осы тұрғыда бізде нумерология саласында өзінше ізденіп жүрген жас ғалым, филолог Гүлжан Айнабековаға
өтініш айттық. Әлемдік мәселеге қатысты нумерология не дейді, сандар мен жылдар аралығындағы өзгерістерді өлшеп, жаңа көзқарастар тұрғысынан қандай болжамдар жасауға болады? Халықшаруашылығы мен тікелей күнкөріс тіндеріне ғаламдық жылынудың әсері қандай болады? Өзі үшін енді ашыла бастаған
жаңа саланың қыр-сырын әлі де толық меңгере қоймағанын алға тартқан маман бізге біраз деректер ұсынды. Біз ол материалдан үлкен жауапкершілік пен жан-жақты ізденісті байқадық. Ендеше, мәселеге бірге үңілейік.

2016 – «құлдырау жылы»
«Әлем ғалымдары ғаламдық жылынудың келе жатқанын айтып, дабыл қағуда. Бұл саланы бақылаушылар
соңғы алты жылды зерттеу тарихындағы ең ыстық жылдар деп көрсетеді. 2019 жылы Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйым жариялаған мәлімдемеде 2015–2019 жылдар аралығындағы климат жағдайы мен 2015 жылы қабылданып, 2016 жылы әлем лидерлері қол қойған Париж келісіміндегі шарттардың орындалмай жатқаны айтылады. Бұған «Қалай дәттерің барады!» – деп 17 жастағы шведтік экобелсенді Грета Тунберг те үн қосып жүр. Гретаның ұшақпен  ұшудан бас тартып, үлкен қашықтықты кемемен жүзіп өткенін білеміз. Себеп, ғаламдық жылуды жылдамдатып жатқан адами факторларға наразылық. Сонымен келісімдегі шарттар не себепті жүзеге аспай жатыр? Нумерологиядағы тоғыз жылдық циклдағы болжамға сүйенсек, нумерологтар 2016 жыл – циклды аяқтаушы, қорытынды жасайтын жыл және ең ауыр жылдардың бірі, «құлдырау жылы» деп көрсетілген. Жаhандық деңгейдегі мәселелерге қатысты глобалды шешімдер қабылдауға қолайсыз жыл. Ол шешімдер қабылданған жағдайда да орындалуы өте қиын, ұзаққа созылуы әбден мүмкін. Жаңа бастамалар мен маңызды келісімдердің іске асуы қиын уақыт – деген тұжырым айтады.

2018 – қимыл-қозғалыстар мен әрекет жылы
Адамзат әлемдік жылынуды тоқтату үшін қаншалықты күресуге тырысып жатқанымен ғалам жылдам өзгеріп
барады. Мысалы, 2018 жыл 700 метр тереңдікке дейінгі теңіз суының жоғарғы қабатындағы жылудың артуындағы рекордты жыл. Сандар циклындағы бұл жыл жылдам және көп мөлшердегі қимыл-қозғалыстар мен әрекет жылы. Дәл осы жылы жер шарының кейбір аймақтарында жауын-шашын мөлшері көбеюіне
байланысты су тасқыны жиі болса, кей аймақтарды керісінше құрғақшылық жайлады. Атмосферадағы көмірқышқыл газы концентрациясы, метан және азот оксиды деңгейі шамадан тыс көтерілген. Астрология, нумерология ғылымы циклға негізделіп зерттеледі. Адам организміндегі, табиғаттағы процестердің
бәрі циклдан тұрады. Барлық тірі организм, бактерия, тіпті планеталар математикалық заңдылықтар мен матрицаға бағынады. Мысалы, гольфстрим 77 жылдық цикл механизмімен жұмыс жасайды. 77 саны мәңгілік тіршілік пен өшпейтін қозғалтқыш (двигатель) мағынасында. Дәл осы циклға сүйенсек, 1943 жылғы ауа температурасының күрт көтерілуі мен мұздықтар еріп, айсбергтердің ашық мұхитқа шығуы жиілегенін айта
аламыз. Температура мен су деңгейі дәл осылай мезгіл-мезгілімен көтеріліп, басылып отырады. Осы кезеңде ауылшаруашылығының құлдырауы, адам денсаулығының әлсіреуі, өндіріс бәсеңдеуі, ыстық температурада ұшу және көбею жылдамдығы артатын жәндіктердің зияны бақыланады.

Климаттың ауысуын өзіміз жылдамдатудамыз
Ғаламдық жылынуды зерттеуші ғалымдар да 1980 жылдан бергі әр онжылдық сайын көрсеткіштің ауысып
отырғанын айтады. Соның ішінде 2010– 2019 жылдар аралығындағы тоғыз жылдағы температура деңгейі ең жоғарғы көрсеткішке жеткен (орташа деңгей 1,1°C). Бұл көрсеткіш 2019 жылдың қазан айына дейін сақталып, ауа температурасы төмендегені белгілі. Бірақ, бұл ғаламдық жылынудың бәсеңдегенін көрсетпейді. Біздің заманымызға дейін де жылынулардың болып, жер бетін су басқанын, климаттың ауысуына байланысты динозавр сынды жануарлардың жер бетінен жоғалғанын білеміз. Демек, климаттағы өзгерістер белгілі бір
цикл бойынша жұмыс жасауда. Бірақ, климатолог ғалымдардың айтуынша, біз белгілі деңгейде климаттың ауысу құбылыстарын өзіміз жылдамдатудамыз. Табиғат заңдылықтарына қарсы жүзудеміз (теңіздерді ластау, ормандарды қыру). Бұл планетамыздың түгелдей жылынып, температура жер бетінде бірдей көтеріледі немесе түгелдей су басады дегенді білдірмейді. Себебі, жер – тіршілік планетасы. Көрші планета Венерадағыдай жоғары температураның болуы мүмкін емес (гипотеза). Ғаламдық жылыну қаншалықты нормадан жоғары ыстық температура әкелсе, соншалықты суық температура да болады. Болашақта
климат өзгеруі қалай болады, қаншалықты тіршілік жойылады, бізді не күтеді деген сұрақ әр сала ғалымдары мен қарапайым адамдарды да қызықтырады. Физик, климатолог, астролог, нумеролог, т.б. ғалымдар өз салалары бойынша  зерттеу жасап, түрлі теориялар мен гипотезалар ұсынып, жоғарыдағы сұрақтарға
жауап іздеуде.

2020 – төрттіктер жылы
Соңғы жылдары нумерология ғылымының сандар арқылы көп сұраққа жауап беріп жүргенін байқаймыз, ғаламдық жылынуға қатысты сандардың не айта бастағанын ресейлік нумеролог Джулия Поның болжамдарынан іздеп көрдім. Нумерологтың айтуынша, жер бетінде түрлі климаттық өзгерістер мен катастрофалардың болғанымен тіршілік түгелдей жойылмайды. Ол тіршілікке мейлінше қолайлы болып жер бетіндегі қазіргі Индия, Қытай, Ресей территорияларының қалыптасатынын айтады. Америка өз территориясынан көшуге мәжбүр дейді. Қазіргі қар астындағы территориялар еріп, ал шөлейт аймақтарда өсімдіктер пайда болып, шаруашылыққа жарамды болады. АҚШ, Канада, Мексика, Жапония мен Австралия мұздық жердің бөлігіне айналуы мүмкін деп болжайды. Су басатын аймақтар ретінде қазіргі Тайланд, Индонезия, Сингапур, Малайзия территорияларын көрсетеді. Еуропа территориясының Атлантикалық мұхитқа жақын жеріне қатты суық температура келеді. Ал, Ливия, Сирия және Алжир әскери қақтығыстар арқылы Еуропаға қарай жер ауыстыруға тырысады. Сондай ақ, Түркия, Болгария, Румуния территорияларының біраз жерін су алуы мүмкін. Испанияға үлкен қауіптің келмейтінін және Португалияның жеке арал болатынын айтады. Және бұл механизмнің 2010 жылы «іске қосылғанын», әр елдегі климаттық құбылыстарды мұқият қарар болсақ, жоғарыдағы айтылған болжамдарға дәлелдің бар екенін айтады. Яғни, климаттық аймақтар өзгеруде. Азияда жер сілкіну, аптап ыстық температураның келуі, су тасқыны сынды түрлі катастрофалар орын алады. Біріккен Араб Эмираттарында температура шамамен 10 градусқа төмендейтінін айтады. Десек те, нумерология арнайы ауа-райын зерттеуші сала емес, сандар арқылы адамға, табиғатқа қатысты құбылыстарды есептеуші ғылым. Ал, 2020 жылды бірнеше нумерологтар төрттік жылы екенін, төрт санының денсаулыққа, тәртіпке, заңға, әділеттілікке жауап беретінін алдын ала айтып жеткізген еді. Байқап отырғанымыздай, бүкіл адамзат денсаулыққа алаңдаулы, әлем тәртіпке бағынып, үйге
қамалды. Заңға көбірек бағынып жұмыс жасауда. Қандай да бір деңгейде әділет орнады. Келесі, 2021 жыл мүмкіндіктер жылы, әлемдік трансформациялар мен өзгерістер жылы.
Бетті дайындаған
Жадыра ЖОМАРТҚЫЗЫ

Олжас Бектенов су тасқынына қатысты тексерулер туралы айтты

Премьер-министр Олжас Бектенов ТЖМ-нің Дағдарыстық жағдайларда басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдады.

Алматы тауларында 20-дан аса заңсыз салынған ғимарат сүрілуі мүмкін

Алматы мәслихатының шешімі бойынша, 2022 жылы 15 градустан жоғары еңіс жерлерде құрылыс салуға тыйым салынды. Сонымен қатар, бұл түзетулер қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілген, онда тау бөктеріндегі 4270 гектардан аса жер рекреациялық аймақтарға ауыстырылуы тиіс.

Нүкенованың ағасы Салтанат Бишімбаевтан қанша рет кеткісі келгенін айтты

Прокурор Айтбек Амангелдіден Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаевты қанша рет тастап, қайтып келгенін біле ме деп сұрады.

Жел, найзағай және жаңбыр: Елімізде ауа райы қандай болады?

Қазгидромет 29 наурызда Қазақстан тұрғындарын қандай ауа райы күтіп тұрғанын айтты.

Мемлекет басшысы Боао Азия форумы сессиясында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі.