12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ПОЛИЦИЯ ИМИДЖІН КӨТЕРЕТІН КЕЗ КЕЛДІ

БЛОКБЕКЕТТЕ ҚАЙТЫС БОЛҒАН ЕКІ ПОЛИЦЕЙДІҢ ӨЛІМІНЕН КЕЙІН ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ ЕРЛАН
ТҰРҒЫМБАЕВ АЛМАТЫ ПОЛИЦИЯСЫНДАҒЫ БІРАЗ ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАҒА ТӘРТІПТІК ЖАЗАЛАР ҚОЛДАНДЫ. ЖЕКЕ ҚҰРАМДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ДҰРЫС ЖҮРГІЗІЛМЕГЕНІ МЕН ШЫНАЙЫ АҚПАРАТ БҰРМАЛАНҒАНЫ ҮШІН ПОЛИЦИЯ БАСШЫСЫ Қ.ТАЙМЕРДЕНОВ, ОНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ Н.АЛМАСБЕКОВ ПЕН БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ С.ӘЗІРБЕК ҚАТАҢ СӨГІС АЛДЫ, ТАҒЫ БІРНЕШЕ
АДАМ ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТЫЛДЫ. ЕКІ-ҮШ КҮННЕН БЕРІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ, ҚОҒАМ, БАҚ БЕТТЕРІ БҰЛ
МӘСЕЛЕНІ ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАУДА. 25 МАМЫРДА БОЛҒАН КӨЛІК ОҚИҒАСЫ ЖАЛҒЫЗ ІШКІ ІСТЕР САЛАСЫНДАҒЫ ҒАНА ЕМЕС, ОДАН ӨЗГЕ ДЕ САЛАЛАРДАҒЫ КӨПТЕГЕН КЕЛЕҢСІЗДІКТЕРДІҢ ШЕТІН ШЫҒАРДЫ. СОЛАРДЫҢ БІРАЗЫН ТАЛДАП КӨРЕЙІК.
Күдіктінің полиция қызметкері екендігі көп ұзамай-ақ жұртқа жария болған. Алайда, мемлекеттік органдар беделін отанына адал сарбаздардай қорғайтын баспасөз хатшыларының міндеті де бұл жерде қалтқысыз
орындалып, ресми өкіл бұл ақпаратты бірден жоққа шығарған. Ертесі Қанат Таймерденов күдіктінің ішкі істер саласында істегенін, «мінездемесі» нашар болғандықтан жұмыстан қуылғанын айтты. Алайда, рульде болған
қызметкердің әкесі 31 арнаға берген сұхбатында баласының оқиға орын алған кезде де қызметте болғанын, полиция қызметкерлерінің жүктемесі көп екендігін, қызметкерлерді басшылықтың жұмыс бабымен түннің
барлық уақытында шақырып ала беретінін, баласының дәл сол сәтте ұйықтап кетуі де мүмкін екендігін айтты. Бұл енді оқиғаны тергеп тексеретін тиісті органдардың құзыретіндегі шаруа, ал, журналистика бұл жүкті қалай көтерді?
«Журналистиканың мәні – орын алған мәселеге қоғамның назарын аудару» Журналистиканы бір кездері белгілі журналист Владимир Познер, «шынжырланған итке» теңеп еді. «Журналистиканың негізгі мәні – орын алған мәселеге қоғамның назарын аудару, ал, мақсаты – адамдардың елде болып жатқан жайдан хабардар болуына қызмет ету. Журналистика шынжырланған ит сияқты. Келеңсіз жағдайға назар аударту үшін үре бастайды. Нағыз журналист өзіне жақсы болғандықтан үрмейді, керісінше ол оның міндеті һәм қызметі. Сол себепті журналистика базбіреулер ойлағандай романтикаға толы мамандық емес» – деген. Бүгінгі жағдай осы сөздің өзектілігін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл саланың «үретін» қауқары қаншалықты?

Адам трагедиясынан қандай мамандық иесі болса да сенсация да, манипуляция да жасамауы керек. Ал,
бізде қалай? Сайттар әдеттегідей «Үш полицейді қаққан жүргізуші формада болмаса оны неге шешіндірді?»,
«Алматыда қаза тапқан полицейдің әкесі өз шындығын айтты»,«Оқысаң, шошисың»: Журналист полицейлер
өліміне «қуанғандарды» орнына қойды», «Адамдары өліп, өтірігі ашылған Алматы полициясында үш бастықтың басы ұшты» деп әлеуметтік желідегі әр қолданушының парақшасына жарияланған постын аңдып, сенсация іздеумен отыр. «Полицейдің әйелі ешқандай сайтқа сұхбат бермепті, әкесі айтты», «жоқ, сұхбат беріпті, өзі айтты» деумен отырып, «шынжырлы итке» намыстанамыз, нағыз журналистиканың алаңында жүрген санаулы мықтыларымызды малданып «журналистика – жауынгер» дейміз. Осындай романтикамен жүргенде «жауынгер» хатшыны «қаршадай әйелге» теңеп, «істерің менімен болады» деп кіжінетіндер шығуы да – заңдылық. Осындай трагедиядан соң блокбекеттардың қауіпсіздігі, мемлекеттік қызметкер этикасы, мемлекеттік қызметтегі тәртіп, мемлекеттік қызметтегі парақорлық, тамыр-таныстық, карантин кезіндегі қызметкерлердің жұмыс реті, полиция жүктемесі секілді қаузаса індей беретін тақырыптар талай журналистік зерттеулерге сұранып тұр. Журналистиканың міндеті онсызда былығып жатқан қоғамда жұрт сезімімен ойнап, елдің жанды жарасын тырнап, адам өлімінен сенсация жасап одан бетер ластау емес, аз болса соны тазалауға септігін тигізу болатын. Өкінішке қарай, өз саламызға қатысты осындай пікір айтуға мәжбүрміз. Журналистикадағы ақылы мақала, рейтинг, қайтсек те күн көру, өліп қалмау принципі журналистің жекелеген азаматтық позиция, кәсіби этика принциптеріне де нұқсан келтіріп жатыр. Бүгінде өкініштісі, халықтың жанайқайын біреу он мыңға, енді біреу мың долларға, енді біреу миллиардтарға бағалап жүр. Бүгінгі журналистиканың мойнына артылатын жүк көп еді. Талай жылдар кеңестік идеологияға қызмет еткен бұл сала жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүруден арылса керек-ті. Ойы еркін, ішкі күйі тәуелсіз адамның
сыртқа шығар ой-пікірінің де тұнық, таза болатынын ескерсек, қазіргі журналистикадан да осындай тазалықты, өткірлікті іздейтініміз заңдылық. Журналистиканың жұлдыздарды қуалайтын жұлдызды кәсіпке айналғанынан гөрі қарашаға қызмет ететін ақпарат алаңында жүргені абзал еді. Табандап тұра алатын талапшыл журналистердің көбейгені керек. Өкінішке қарай дейміз осы жерде де сүйікті газетіне адал болуларын сұрайтын оқырманымызды оп-оңай алдай саламыз. Бір жылдары біз Германия Президентінің қызметін асыра пайдаланып, жеңілдікпен несие алғаны үшін қызметінен өз еркімен кеткенін жарыса жазысып, таңырқастық. Бұл ақпарат журналистер арқылы анықталып, неміс қоғамына жария болған. Яғни, оларда тұлға идеясы мәңгілік емес. Қателесетін, кемшілік жіберетін мемлекеттік қызметкер өзінің кәсіби мандатына нұқсан келтіргенін сезіну керек. Осындай ұстаным біздің құзырлы орган басшыларында болса біз бүгін бәлкім трагедияның себебі мен салдарын іздеп отырмас та едік.

Барлық қиянат құқыққорғаушылар қолымен жасалды

Ішкі істер саласына полиция имиджін көтеру мәселесін қолға алатын уақыт келген сияқты. Кеңес өкіметі
кезінде милиция түсінігі «жазалаушы» есебінде қабылданды. Қарапайым халықтың малын тартып алу, үйін кәмпескелеу, итжеккенге айдату, соттау, жазалау, ату, ұру, соғу, зорлау, қорлау, қудалау … бәрі бәрі осы милицияның қолымен жасалды. Халықтың бойына осы кезден сіңген үрей тәуелсіздік алар тұста әйгілі Желтоқсан оқиғасымен жалғасса, бұл үрдісті тіпті одан берідегі Жаңаөзен оқиғасы да жалғастырды. Тіпті кейінгі жылдардағы жер митингілері мен республиканың әр жерінде әр кезеңдерде бой көтеріп қалатын ұлтаралық қақтығыстар кезіндегі елді қудалау, сүйреу, қинап жабыла көтеріп көлікке тиеу секілді жағдайлар
да полиция имиджінің әлсіреуін, полицияға деген жұрт сенімінің азаюын әлсірете түсті. Оған отандық кинолардағы сұмырай, қиянатшыл, парақор, сауатсыз полиция образын қосыңыз. Бұндай келеңсіздіктің бәрі полиция беделін түсірді, қарапайым халық бойындағы сенімсіздік пен қорқынышты үдетті. Ал, кез келген дамыған, демократиялық ұстанымдағы елдерде полиция беделімен, оларға деген халықтың сенімін қараңыз, салыстыруға келмейді. Ендеше, жалпы мемлекеттік жүйе құқық қорғау саласы қызметкерлерінің имиджін көтеруді қолға алуы тиіс. Полиция имиджі көтерілгенде ғана бұл саладағы шектен тыс жүктемелер мен бюрократия, парақорлық, полиция қызметкерлерінің қызметтерін асыра пайдалану, қоқан-лоқы сияқты заңбұзушылықтар тоқтайды.

Халық ең аяғы арыз-шағымының дұрыс тіркелетініне сенбейді

Тағы бір мәселе, ішкі істер министрлігі не үшін өз қызметкерлерінен өздері бас тартады? Құрылымдағы
қызметтік тәртіпті бақылай алмау полиция қолымен жасалатын қылмыстарды көбейтті. Халық қазір пәтері тоналса ұрының табылатынына, баласы қиянат көрсе әлімжеттік жасаушының ұсталатынына, туысы өлтірілсе қылмыскердің әділетті жазаланатынына, жері таласқа түссе жеңіп шығатынына, ең аяғы арыз шағымы дұрыс тіркеліп қабылданатына күмәнданады. Қазір қарапайым азаматтың «Сіз халыққа қызмет етесіз бе?» деген сауалына «Мен халыққа қызмет етпеймін» деп қасқайып тұрып жауап беретін «батыр» полицейлер де шықты. Мұны әлеуметтік желі белсенділігінің, қоғамның талапшыл бола бастауының арқасында көріп жүрміз. Қазір біз полиция қызметкерлері көлікті мас күйінде жүргізіп келе жатып адам басып кететін (тіпті арнайы белгі қойылған тұстарда) жағдайларды, әртүрлі деңгейдегі жол көлік апаттарын жасайтын істерді, парақорлыққа ұрынатын оқиғаларын, жүргізушілерден ақша сұрайтын жағдайларды, тіпті карантин ережелерін бұзатын жайларды аз естімейміз. Ендеше, ішкі істер саласындағы қауіпсіздік комитеттері баяғы «НКВД» кейпіндегі бүгінгі шекпенін шешіп әр полицияның (ар-ожданын) имиджін көтерумен жұмыс жасағаны абзал. Полицияның кемшілігін айту құқық қорғау органдарының жұмысын тұтастай жоққа шығару емес. Бұл салада санаулы кәсіби мамандардың еңбегі көріне, бағалана бермейді елдегі өзге салалар секілді. Білікті басшы мен кәсібіне адал полицей бұл органнан да табылады. Біздің айтып отырғанымыз тұтас жүйедегі келеңсіздіктер.

Полиция – мемлекет айнасы

Бұл саланың да өзге салалар секілді иек артатын, сүйенетін, қорғанатын заңдары бар. Мәселен, «Әскери полиция органдары туралы» заңның 2, 3-баптарында олардың қызметін «Әскери полиция органдары қызметiнiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы заң, Қазақстан Республикасының
өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар құрайтынын», «әскери полиция органдарының қызметi заңдылық, дара басшылық, жариялылық, заң алдында жұрттың бәрiнiң теңдiгi, адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын құрметтеу мен сақтау принциптерiне құрылатынын» жазады. Полиция беделі бұған дейін де сөз болды. БАҚ сыны мен басшы талабы да аталмыш саланы алға жылжыта алмай отыр. Полицияны мемлекеттің айбыны, айнасы десек, оның осындай жағымсыз сын-пікірлерді күн сайын нақты мысалдарымен дәлелдеп отырғаны мемлекеттік дәрежеде қолға алынатын іс. Яғни, кадрдан қадыр кетсе қарапайым азаматтың Конститутция бекітіп берген қарапайым ғана құқықтарын талап ете алмауы, әділеттің үстемдік құратынына сене алмай кетуі таң қалмайтын жағдай. Сондықтан, құқық қорғау саласы әуелгі өзгерісті кадрларды жаңа заман, тәуелсіз мемлекет талаптарына сай лайықтап қайта іріктеу мен ішкі істер саласы мамандарын даярлайтын оқу
орындарын қайта құрылымдау, талап пен міндетті күшейту жұмыстарын қолға алатын кез келді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы халыққа Жолдауында да бұл салаға ерекше басымдық берді. «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады. Ең алдымен 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай сапалы жүргізген жөн» – деген-ді. Иә, науқаншылдыққа басымдық берілсе де осы науқаншылдық барлық саланы тұралатумен келеді. Мәселен,
мемлекет ішкі істер министрлігін реформалау үшін алдағы үш жыл ішінде бұл салаға 173 миллиард теңге
бөлінетінін айтты. «Және бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады. Азаматтарды табиғи
құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғау мәселесіне баса мән беріледі. Өкінішке қарай
мұндай апаттар біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде жиілеп кетті. Бұл салада кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек» – деді. Коронавирус әлемдік пандемия ретінде жарияланғаннан кейін елде төтенше жағдай белгіленді. Ел тәртіпке көніп, карантин режимін сақтауға тырысты. Бірақ, осы тұста да халық арасында блок
бекеттерде тұрған тәртіп сақшыларының елден ақша алатыны, бекеттен өткізу сатылатыны айтылды. Тіпті
бір-екі жағдай жария болып, полиция қызметкерлерінің қызметтен кеткен оқиғалары да тіркелді. Демек, ішкі
істер саласы кадрларының ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп есебінен ақша жасауға тырысуы кәсібіне өз құрметтерінің төмендігін көрсетті. Мұндай мысалдар тере берсек таусылмас тақырыпқа жүк. Қалай десек те, блок бекеттегі соңғы қайғылы жағдай қордаланған осындай мәселелердің ұшын шығарды.

Архивтегі істер туралы айтылуы қажет

Ішкі істер саласы бұған дейін де мемлекеттің маңызды бір тетігі ретінде ерекше қамқорлықта. Ендеше полиция имиджін көтеру бұдан біраз жылдар бұрын-ақ басталып кетуі керек-ті. Өзге алыс жақын мемлекеттер бұл мәселені ерте қолға алды. Көрші Ресейдің өзінде милиция имиджін көтеру үшін жылына бәленбай сериал, көркем фильм, роликтер түсіріледі. Одан бөлек, қоғамда әр кезеңдер резонанс тудырған өте шулы істер жайлы аналитикалық әртүрлі бағдарламалар жасалады. Ол іске қатысы болған прокурор, тергеуші, адвокат, өзге де құқық қорғау саласының қызметкерлері ағынан жарылып, істің қалай тергелгенін, процестің қалай жүргенін кәсіби маман есебінде ғана емес, кәдімгі сол қоғамның дамуын, гүлденуін қалайтын азамат ретінде ашық, еш бүкпесіз баяндап береді. Демократиялық қоғам кез келген азаматына қатысты ақиқаттың ашық айтылғанын қалайды және оған қатысы бар азаматтар өзінің титімдей болса да үлесін қосуға тырысады. Біздің қоғам да, біздің құқықтық жүйе архивтері де осындай ашықтыққа бет бұруы тиіс. Кешегі тарихи оқиғалардың, шулы істердің ақиқаты ашық айтылатын кез келді. Ол ақиқат осы полицияның, осы тергеуші, осы ұлттық қызмет агенттерінің аузымен айтылуы керек. Сонда ғана халық пен полицияның, құқық қорғаушылардың арасында диолог, өткел пайда болады. Осындай жанкештіліктер мен тәуекелдер ғана
полиция имиджін көтереді.
Шолпан РАХЫМҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

«Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына конкурс жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына орналасуға конкурс жариялайды.

Объявлен конкурс на занятие вакантной должности ректора республиканского государственного учреждения «Казахский национальный университет искусств»

Министерство культуры и информации Республики Казахстан объявляет конкурс на занятие вакантной должности ректора республиканского государственного учреждения «Казахский национальный университет искусств» Министерства культуры и информации Республики Казахстан.

Мемлекет басшысы Боао Азия форумы сессиясында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі.

Неге алматылық жүргізушілер қауіпсіздік белдігін таққанды ұнатпайды? Полиция статистикасы

Көптеген басқа қаладағы сияқты Алматыда да жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздік белдігін таққысы келмеу үрдісі сақталған.

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге жаңа тыйым салынуы мүмкін

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасы аясында мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр.