12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

СОТ ПРОЦЕСІ – АЛАМАН АЙТЫС АЛАҢЫ

ӨЗIНIҢ БАСТАУ КӨЗIН СОНАУ АНТИКАЛЫҚ ДҮНИЕДЕН АЛАТЫН СОТТАҒЫ СӨЙЛЕУ ШЕШЕНДІГІ КӨНЕ ЖIКТЕМЕ БОЙЫНША – АЙЫПТАУШЫЛЫҚ (НЕМЕСЕ ПРОКУРОРЛЫҚ), ҚОРҒАУШЫЛЫҚ (НЕМЕСЕ АДВОКАТТЫҚ), АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ ӨЗIН ӨЗI ҚОРҒАЙТЫН СӨЗI БОЛЫП ҮЛКЕН ҮШ ТҮРГЕ БӨЛIНЕДI. АЙЫПТАУШЫҒА ДА, ҚОРҒАУШЫҒА ДА КЕРЕГI – ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ ЖҮРГIЗУ IСIНДЕ ҚАЖЕТТI ДЕҢГЕЙДЕ ҰТЫМДЫ СӨЙЛЕЙ АЛУ.

Жалпы, дiттеген деңгейде сөйлей бiлу шеберлiгiн керек ететiн қызмет саласының бiрi – сот. Ол дауласқан екi жақтың жасындай жарқылдаған пiкiрталасынан, қисынды дәлелдерден, нақ та дәл сөйлеуден тұратын кеңiстiктi құрайды. Әсiлi, сот үдерісiнде сөйленер сөздiң мақсаты мен қисынын бажайлауға, ойын дәл, нақты етiп жеткiзуге баулуға, көптiң алдына шығып сөз сөйлер шешеннiң өзiне тән төл ерекшелiгiн көрсете алу
мәселелерiне арналған ғылыми еңбектер жоқтың қасы. Ұлттық мәдениетiмiздiң тұтас бiр бөлiгiн құрайтын шешендiк өнерден арна тартып жатқан төрелiк айтар соттағы тiл мәдениетiн зиялы қауым қашан да жоғары бағалаған. Сот мiнберi – тарихтың өзi көрсеткендей, талай ғасырдан берi әрi қазiрдiң өзiнде де идеологиялық, адами, құқықтық ықпал ету құралы болып келедi. Сондықтан, қазiргi кезде ойлау үрдiсiн, сөз қадiрiн бiлер сот шешендерiне үлкен талаптар қойылып отыр. Соттағы шешендікті көне антикалық заманнан бергі ғалымдар «сот риторикасы» деп атап жүр. Қалыптасқан үрдіске сәйкес, риторика деп – әуел бастан сөйлей бiлу, сөз мәтiндерiн құрастыра алу шеберлiгiн жан-жақты, егжей-тегжейлi қарастыратын iлiмдi атайды. Риторика – түп
тамыры жыл қайыруымыздан бұрынғы антикалық дәуiрге барып тiрелетiн, сонау қадым заманда-ақ айнала қоршаған ортаның сұлулығын танытатын жеке iлiм ретiнде iргесi қаланған дербес ғылым. Ол сөз саптау шеберлiгiнiң тәжiрибесiн тұжырымдап, қағидаларын бекiтедi. Сөйлеу мәдениетiнiң тiлдiк нормалары мен заңдылықтарын, сөздiң бейнелiлiгi мен әсерлiлігiн арттыратын сөйлеу сапасына, ондағы түп мақсаттың айқындылығына тәуелдi, тыңдарманға ықпалы зор, әсерi мол көркемдiк әдiстәсiлдердiң жиынтығын жүйелейтiн сөйлеу өнерiнiң жалы қалың өзектi саласы, сұхбаттасушылардың (сөйлеушi мен тыңдаушының) өзара түсiнiсуiне қызмет ететiн құрал. Ашығын айту керек, сөздік қолданысымызда «сот риторикасы» деген атаудан саналы түрде бас тарттық. Өйткені «сот риторикасы» деген тіркестің өзі қазақша сөйлеп тұрған жоқ, ал «шешендік» соттағы сөйлеуге қажетті көмекші құрал. Сондықтан, байыптай келе, «сот шешендігі» деген атауды қаладық. Кей тұста «сот төрелігіндегі тілмарлық» деп те қолдандық. Бұндай мағыналас синонимдік атауды қатар қолдануымыздың себебi, бiрiншiден, сотта төрелiк (сөз) айтылады, екiншiден, «тілмарлық» сөзі қара тiлге жүйрiктiктi бiлдiредi. Сот шешендігі – сот, прокурорлық, адвокаттық қызметтiң алтын дiңгегi. Олай дейтiнiмiз сот төрелiгiн жүзеге асыруда сотпен бiрге прокуратура, адвокатура органдарының маңызды орын алатыны айқын. Олар сот қарастыратын қылмыстық пен әкімшілік, азаматтық iстерге тiкелей араласуға құқылы. Қылмыстық iстi тергегендегi прокуратураның мiндетi: фактiлердiң дәлдiгiн, қылмыстың жасалуын, объективтiк негiздер бойынша сотталушының кiнәлiлiгiн дәлелдеуге келiп сайса, адвокат қызметiнiң негiзгi желiсi: қылмыстық жауаптылыққа тартылған кiсiге оның азаматтық құқығын қорғау үшiн заң тұрғысынан қолдау, бiлiктi ақыл-кеңес беруден тұрады. Екеуi де өздерiнiң көзқарастарын сот алдында ауызша сөйлеу түрiнде жалпыға паш етедi. Сөзiмiздi жүйелеп айтсақ, олардың жарыссөзге шығып сөйлеуi сот тергеуiнен кейiн басталады. Судья жүргізетін жарыссөз кезiнде прокурор мен адвокат айыптаушы мен қорғаушы тұрғысынан сот тергеуiнiң қорытындысын шығарады. Сот барысында iстiң мән-жайлары қарастырылғаннан кейiн, өз дәйектемелерiн келтiрiп, сот мәжiлiсiнде зерттелген iс материалдарын тереңiрек, кеңiнен түсiнуге ұйытқы болады. Осылайша екi жақтың пiкiрталастары ақиқатты ашуға, заңды тұрғыда әдiл үкiм шығаруға негiз бередi. Өз сөзiнде айыптаушы мен қорғаушы қылмысты жан-жақты тексерiп, оның қоғамға қаншалықты қауiптiлiгiн анықтап, күнаһарға тиiстi бағасын айтуы тиiс. Сайып келгенде, мұның сотталушыға да, сот залындағы қатысып отырған халыққа да тигізетін тәрбиелiк мәнiн жоққа шығаруға болмайды. Азаматтарға қылмыстық әрекеттiң салдарын түсiнiп, дұрыс қорытынды шығаруға түрткi болады. Ендеше соттағы сөз сөйлеудiң үлкен тәрбиелiк, ғибраттық тәлiмi бары сөзсiз.

Сауатты сөз – әділдік негізі
Сотта сөйлеудiң маңызы мұнымен ғана шектелмесi анық. Қылмыстық iстi қарау барысында айыпталушы мен
қорғаушы оның сипаты мен орындалу амал-тәсiлiне, мақсаты мен ниетiне терең талдау жасап, жасалған қылмыстың сурет-сұлбасын, яғни, болған жағдайды, оқиғаны толық қайта қалпына келтiредi. Олардың жеке бөлiктерiне тиiстi баға берiп, көпшiлiк алдында сарапқа салуы сотқа қатысушы тұлғалардың талқыланып отырған iстiң мазмұнын терең түсiнуіне, көңiл зердесiнен өткiзуіне түрткі болып, шығарылған үкiмнiң қаншалықты әдiлдiгiне көз жеткiзуiне жол ашады. Сөз жоқ, жоғары талап деңгейiнен шыға бiлген судьяның,
айыптаушының не қорғаушының сөзi – Қазақстан заңнамасын насихаттаудағы, мәртебесiн көтерудегi қуатты қарудың бiрi. Әйтсе де сот шешендерi сөздерiнiң барлығы дерлiк тап-тұйнақтай мiнсiз шыққан iнжу-маржан десек, қателескен болар едiк. Солардың iшiндегi нақты бiр жүйеге құрылған, мән-мазмұнға бай, сауатты сөйлеген сөз ғана сот төрелiгiнiң мейлiнше әдiл шығарылуына кепiл бола алатыны анық.

Айыптаушыға тасып та, таусыла да сөйлеу жат

Айыптаушылық сөз – қылмыстық iс бойынша жарыссөзге қатысады, мемлекет атынан айыптауды қолдаған, iс бойынша жинақталған дәлелдемелерге талдау жасаудан тұратын, жасалған қылмысқа баға берiп, сараптайтын, соның негiзiнде жазалау шарасын тағайындайтын, басқа да заң тұрғысынан негiзгi үкiм шығаруда маңызы бар, азаматтарды құқықтық, адамгершiлiк жағынан тәбиелейтiн прокурордың сөзi. Қылмыстық iстiң түйiнiн шешуде сотқа қосалқы көмек беретiн, мемлекет атынан айыптаушы мiндетiн атқаратын прокурор сөзiнiң қылмыстық сот жүргiзу iсiнде алар маңызы ерекше. Айыптаушылық сөздiң мазмұны белгiлi бiр iс бойынша сөйлейтiн прокурордың азаматтық позициясымен, төрелiк айтар сөздiң мәнiмен өрнектеледi. Қазiрде халық арасында прокурор сөзiн алдағы сот шығарар үкiмнiң әуелгi негiзгi жобасы санайтын жаңсақ пiкiр етек алған. Ендеше бұдан қорғаушы сөзi де алдын ала белгiленген үкiм жобасының негiзiнен шығады деген ұғым туындауы мүмкiн. Осы екi болжамның қисынға келер бiрiн ғана
соттың таңдауы керек деген жорамал айтады. Бұл тiптi де олай емес. Соттағы төрелiк айтар сөзде үкiм шығару үшiн қарастырылар барлық мәселе тiлге тиек болады. Прокурор болашақ үкiм жобасын емес, қылмыстық iске деген өзiнiң ой-шешiмiн ғана айтады.
Шынтуайтында заң бойынша прокурор былай тұрсын, соттың да сот процесiндегi жарыссөзден кейiн кеңесу
бөлмесiнде болмаса, алдын ала үкiм шығаруға құқысы жоқ. Прокурор өз сөзiнде қылмыс жасауға түрткi болған себептер мен жағдайларға тоқталып, соттың назарын заңның өрескел бұзылған тұстарына аударады, орын алған қылмыстық iске бағасын бередi. Сондай-ақ, бұл тәрбиелiк, адамгершiлiк аспектiлердi де қозғай кетедi. Осылайша соттың айыптауын қолдауы – айыптау сөздiң негiзгi желiсiн құраса да, ол бiр бөлiгi ғана. Ол заң талабын дұрыс та бұлжытпай орындауды керек ететiн прокурордың конституциялық және процессуалдық қызметiнен келiп шығады. Егер прокурор іс барысында қылмыстық жауаптылыққа тартылған тұлғаның қылмыс жасағанына анық көз жеткiзсе, айыптау тұрғысынан iс материалдарын қорытып, өзiнiң сөзiн көпшiлiк алдына көлденең тартады. Алайда бұл мiндеттi түрде айыптау қорытындысының шешiмiн сот қолдайды, айыптау үкiмi туралы қаулы шығады деген сөз емес. Прокурорлар сотталушыны кiнәлi деп тапқан қылмыстық iстерге тоқтау салынып, не ақталып жатуы, сөз жоқ, олардың кәсiби деңгейiне күмән туғызады. Оның
артында адамдардың заңды құқығын бұзу, сот төрелiгi мүддесiне қайшылық, заң сақшысы ретiндегi прокурор беделiне нұқсан келтiру деген пiкiр қылаң бередi.
Прокурор көпшiлiк алдына шыққан кезде өзiнiң заңның сақшысы, әдiлдiктiң жаршысы, мәмiлеге келе бермейтiн тұлға, сөзi мен iсiне табанды жан екенiн ұғынуы қажет. Әйгiлi адвокат А.Кони бiр сөзiнде «қорғау кезiнде тасып сөйлеудi кешiруге болады, ал айыптау iсiнде таусыла сөйлеудi кешiруге әсте болмайды» дейдi.
Прокурор сөзiнде айыптау басым болғаны ләзiм. Бiрақ бұл қоғамға қауiптi жасалған iске атүстi жеңiл-желпi қарау, шындық, ақиқатқа қайшы келетiн әрекетке бару деген сөз емес. Өкiнiшке орай, түрлi объективтi, субъективтi себептермен елiмiздегi сот процестерi қазақ тiлiнде мейлiнше аз жүргiзiледі, содан болар шешендік талабына жауап беретін үлгілік сөздерді табу қиын.

Қорғаушының өткір тілі – қуатты қару
Тергеушiлер қызметi туралы да аз жазылып жүрген жоқ. Сот жайында жазылған жұмыстар баршылық. Ал,
адвокаттардың қызық та қиындыққа толы күнделiктi жұмысы туралы жазылған еңбектер бірен-саран. Соның
iшiнде адвокат еңбегiнiң технологиясы туралы бiлетiнiмiз тiптен мардымсыз. Айталық, қылмыс туралы дәлелдемелер жинақтаудағы тергеушiнiң мүмкiндiк арсеналы шексiз. Адвокат болса алдын ала тергеу қорытындысының қателiктерiне, кемшiлiктерiне көзi әбден жетiп тұрса да, ол тек заңға жүгiнiп, содан өзiне iлiк, жақтас iздейдi, өзiнiң ойлау үрдiсiнiң темiрқазық логикасына, сондай-ақ, қарастырылар iс материалдарының жеке-жеке детальдарына ғана сүйенiп, тұңғиықтан алып шығар «сүрлеу» iздейдi. Шынайы қорғаушының күш-қайратының арқасында ғана әдiлеттiлiктiң туы желбiреп, кiнәсiз адам қамаудан босатылады. Ендеше қоғамдағы қажеттiлiгi еш күмән туғызбайтын шешендiк шеберлiктi меңгерген адвокаттық кәсiптiң қыр-сыры
нендей, оның әдiлеттi сот жүйесiндегi алар орны қандай деген сауал зерттелуі керек. Қорғау тактикасы – бұл қорғау қызметiн оңтайлы жүзеге асыруға бағытталған ғылыми ережелер мен ұсыныстар жүйесi… Қорғау тәсiлiнiң iшiнде бiлiмдiлiк, шеберлiк секiлдi өнерге тән қасиеттер кiредi. Қорғау тактикасы шеберлiксiз де қолданылады, ол қаншалықты тиiмдi, дұрыс таңдалып, бiлгiрлiкпен жасалды? Мәселе сонда. Қорғау тактикасы – бұл өнер ғана емес, көбiне-көп қорғаушының жеке санасына байланысты әрекет. Бiлiмдiлiк пен шеберлiк әдемi тiлмен өрiлсе ғана қуатты қаруға айналады. Қылмыстық iс бойынша қорғауды түрлi
қырынан, осы сөздiң сан түрлi мазмұнынан – кең мағынада (әлеуметтiк– құқықтық), тар мағынада (қылмыстық
iс жүргiзу) қарауға болады дей отыра, оның өте ауқымды күрмеуi қалың күрделi мәселе екенiн мойындаған дұрыс. Адвокат қызметiнiң ерекшелiгiн, сот дауындағы жанкешті жұмысын жүргiзiлген стенограммалардан анық байқауға болады. Егер шынайы адвокат қорғау барысында өз мiндетiне барынша жауапты, шығармашылық түрде келiп, iстi әдiлеттi жүргiзсе, мұндай игi iстер сот мәртебесiн одан сайын көтермесе,
әсте төмендетпейтiнi белгiлi. Мәселен, мейірімділікті кәсіби қызметiнiң туы еткен, жұрттың бәрi қызығатын дәрiгер тәндi емдесе, ал адвокат адам жанының ең түкпiрiнде бұғып жатқан көлеңкелi дақтарды тазартады. Былайғы жұрт егер адам қылмысқа барған болса, ол тек жазалануға тиiс, оны заң алдында ақтау қажетсiз iс деп бiледi. Бұл – қате пiкiр. Мемлекет алдымен құқық тәртiбiн бұзушының тiрi жан иесi – адам екенiн сезiну керек. Ол белгiлi бiр қоғамдық қызмет атқарып отырған мемлекеттiң бiр мүшесi, өзiнiң отбасының отағасы
не отанасы, ақыр аяғында ол мемлекеттiң азаматы. Ендеше мемлекет оның тағдырына жеңiл-желпi қарамағаны жөн, өзiне жүктелген тiкелей мiндетiн атқарып жүрген толыққанды бiр мүшесiнен жерiп, оны заңсыз мансұқ етпеуi тиiс. Әрбiр адам ауыр қылмыс жасағанның өзiнде қорғаушыны керек етедi. Төл Конституциямыздың 16-бабында: «Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбiр адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегiн пайдалануға құқылы» деп кепiлдiк берiп отыр. Алайда, адамды қылмыскер ретiнде танымас бұрын, мiндеттi түрде, бұл қылмысты нақ соның жасағанын дәлелдеп алу керек. Ол көптеген факторларды қажетсiнедi. Адвокат мiндетi адамның жауапкершiлiгiн жеңiлдететiн қиыннан қиыстырылған дәлелдемелер табумен өлшенедi. Жасырары жоқ, кейде еш кiнәсiз адам да белгiлi бiр себептермен жауапқа тартылады немесе оған жасаған қылмыстан артық жауапкершiлiк жүктеледi. Адвокат еңбегiнiң, шарықтау шыңы, шабыттың ақ тұлпарын ерттеуi осы жерде паш етiлiп, жарқыл қағады. Адам сот алдында тағылған айып бойынша емес, жасаған қылмысы негiзiнде ғана жаза алуы шарт.

Қорғануға әркімнің қақысы бар
Соттың екiншi сатысындағы прокурор мен адвокаттың сөздерi өзiнiң мақсаты мен мiндетi, түрi жағынан бiрiншi
сатыдағы сөйлеулерiне қарағанда мүлдем өзгеше. Сотқа жазатын апелляциялық шағымы бойынша адвокат өз сөзiн шығарылған сот үкiмiнiң дұрыс, бұрыстығы жөнiндегi түсiнiктеме беруден құрайды. Оның түпкi мақсаты – соттың бiрiншi сатысындағы шығарған үкiмнiң күшiн жойдыруға тырысу. Адвокат өз сөзiнде үкiмнiң заңсыздығы мен негiздiлiгiн тiлге тиек етiп, қорғауындағы адамның арызын қолдап сөйлейдi. Қарсы жақтың шағымын жоққа шығаруға тырысады. Соттың бұл сатысында прокурор наразылықты қолдап, iс бойынша қорытынды сөзiн шығарады.
Апелляциялық сатыдағы қылмыстық iсті қарау барысындағы төрелiк айтар сөздiң негiзгi мазмұны мынаған саяды:
– шығарылған шешiм немесе үкiмнiң дұрыстылығын негiздеу не сынау;
– апелляциялық шағымды немесе наразылықты негiздеу не сынау;
– жинақталған қосымша материалды талдау және бағалау;
– белгiлi бiр шешiм шығаруға (апелляциялық сатыдағы сотқа) ұсыныс айту Сонымен әрбiр сот сатысындағы
сөйленер төрелiк сөздiң мазмұнына оның өзегiн құрайтын осындай негiзгi элементтер кiредi.
Қазiргi сот тiлмарлығының үшiншi түрi – айыпталушының өзiн-өзi қорғау сөзi де сот тiлмарлығының бiр бөлiгiн құрайды. Айыпталушының қорғану құқығы – адамның заңсыздық және әдiлетсiздiк жолымен қылмыстық жауапкершiлiкке тартылуынан құтылу үшiн қорғану жөнiндегi кешендi субъективтiк құқығы болып табылады. Айыпталушының өзiн-өзi қорғау сөзi, негiзiнен, белгiлi бiр жүйеде құрылады. Көбiнесе қасақана емес, абайсызда қылмыс жасағандығын, отбасының бар екендiгiн, балаларының әкесi не анасы екендiгiн, жас болса, қателiгiне кешiрiммен қарап, ұзақ мерзiмге бас бостандығынан айырмауын, мүмкiндiк берсе, түзу жолға түсiп, үлгiлi өмiр сүретiнiн, тағы басқа сол сияқты айтар уәждерден тұрады.

Ақты ақ деп бағала!
Сот төрелiгiн жүзеге асыруда судьяның азаматтық, адамдық қасиеттерiмен бiрге арлы болуының үлкен маңызы бар. Оның арлылығы өз iс-әрекетiне толығымен жауап бере алатындығымен, адамдар алдындағы
моральдық жауапкершiлiкпен, адам тағдырының кiлтi өз қолында екенiн толық сезiнуiмен өлшенедi. Бір сөзбен айтқанда, ар-иман тазалығы, білімділік пен көрегендік, ұят пен адамгершілік, кішіпейілділік пен қарапайымдылық
– судьяға тән қасиеттер. Әрбір судьяның ойлау қабілеті, сөйлеу мәдениеті, қазақ тілін білуі бүгінгі күн талабы.
Оның нәтижесi қылмыстық iсте тергеу жүргiзiп, жасалған қылмыс бойынша үкiм шығарғанда терең қанағаттанарлық сезiмге бөленуiнен немесе, керiсiнше, өз шешiмiне риза болмай, iс-әрекетiне өзiне-өзi қанағаттанбауынан көрiнедi. Шын мәнiнде, өткен дәуірлерден қалған ұлағат: «Бiр елдiң атасы болма, бар елдiң данасы бол. Бiр тонның жағасы болма, көп қолдың ағасы бол. Ақты ақ деп бағала, қараны қара деп қарала. Өзiңе-өзiң кәмiл бол, халқыңа әдiл бол, жауыңа қатал бол, досыңа адал бол» дейтiн әйгiлi Төле бидiң қанатты сөзi бүгiнгi судьяларға тікелей арнап қалдырып кеткен өсиет батасындай.
Елеужан СЕРІМОВ,
заң ғылымдарының кандидаты

«Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына конкурс жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына орналасуға конкурс жариялайды.

Объявлен конкурс на занятие вакантной должности ректора республиканского государственного учреждения «Казахский национальный университет искусств»

Министерство культуры и информации Республики Казахстан объявляет конкурс на занятие вакантной должности ректора республиканского государственного учреждения «Казахский национальный университет искусств» Министерства культуры и информации Республики Казахстан.

Мемлекет басшысы Боао Азия форумы сессиясында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі.

Неге алматылық жүргізушілер қауіпсіздік белдігін таққанды ұнатпайды? Полиция статистикасы

Көптеген басқа қаладағы сияқты Алматыда да жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздік белдігін таққысы келмеу үрдісі сақталған.

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге жаңа тыйым салынуы мүмкін

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасы аясында мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр.