22 C
Алматы
Суббота, 18 июня, 2022

БАҚЫТЫН ЖУРНАЛИСТИКАДАН ТАПҚАН ЖАН

Кең байтақ еліміздің таңбалы тасы мен жотасында небір қасиет, әр жерінде терең тарих бар. Сондай өлкенің бірі – Атырау. Оның топырағы дүниеге талай дарынды перзентті әкелген алтын құндақ. Бұл мекенді бағзыдан жауынгер рухты ұранды мекен, батырлар мен ақындардың атамекені деп жұрт ардақтайды. Тағдыр жазып Атырауда еңбек еткен жылдары алыптардың ізіндей болған рухтас, үзеңгілес, жанашыр жандарды көптеп жолықтырдым. Сондай бірегей болмысты азаматтардың бірі туралы қанша айтсаң да артық етпейді. Әр ауылдың өзінің ақсақалы болатыны сияқты, Атыраудағы сот ұжымының да қадір тұтатын асқары бар. Ол – дүйім елге аты белгілі, кесікті сөздің қадірін білетін журналист Боранбай Ғалиев. 2015 жылы Атырау облыстық сотына төраға болып ауысып келгенімде алдымнан алғашқылардың бірі болып қарсы алған да сол ағамыз еді. 

Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби айтқандай: «тарихты білмей, келешекке үңілу мүмкін емес». Жаңа қызметтің алғашқы күндері өңірдің кешегісі мен соттың тарихын жіктеп айтып жеткізген де осы кісі. Содан бергі таныстығымыз рухтас іні мен ағаның сыйластығына ұласты. Ағамыз туралы сырттай естіген мақтаулы әңгімелерді, кейін жүре-бара өзім көрген бойындағы асыл қасиеттер толықтыра түсті. Тәңірден талант берілген азаматтардың өзі де, өмір жолы да ерекше болып келетіні бар емес пе? Олар жүрген жер, басқан із, барлығы қызық пен шытырманға толы. Бөкеңмен құрған әңгіме-дүкеннен де соны аңғаратын едім. Халел Досмұхамедов, Салық Зиманов сынды зиялылар дүниеге келген Атыраудың қиян шетіндегі Қызылқоға ауданында азамат болып ер жеткен Боранбай Ғалиев, сол уақытта екінің бірінің қолы жете бермейтін Алматыдағы М.С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, оны үздік аяқтайды. Еңбек жолын сұрасаң, «ой, мен кім болмадым?…», – деп әңгімесін күліп бастайды. Сол сәттегі жанарынан қуаныш пен мұңның жолақтары қатар-қатар өтіп жатқандай болатын. Қарапайым шаруа отбасында өскен ауыл баласы алғаш рет еңбек жолын «Комсомольск» совхозында жұмысшы болып бастайды. Кейін, арман қуып оқуға түсемін деп Алматыға келіп, бірақ, ол ойы бірден жүзеге аса қоймайды. Сағы сынбаған жігіт Алматыда бос жүрмей, ферментациялық зауыттың тасымалдаушысы болып жұмысқа орналасады. Аз уақыт жұмыс
істеген соң туған ауылына кері қайтуға тура келеді. Өзінің ауылындағы совхозға қайта келіп, құрылысшы болып қызмет етеді. Бірақ, жоғары оқуды мақсат еткен бала арманы көңіліне тыншу бермей, бір жылдан кейін
Алматыға қайта жол тартып кетеді. Бұл жолы өзіне деген сенім мен қайтпас мінезінің арқасында елдегі ең беделді оқу орнының студенті атанады. Университет қабырғасынан филология мен журналистика салаларын
меңгере жүріп, сабақтан қолы қалт ете қалғанда Алматы «Поршень» зауытында токарь болып жұмыс жасайды. Оқуын сәтті аяқтаған соң, «Шұғыла», «Орал өнері», «Заң газеттерінде» тілші болып бірнеше жыл қатарынан қызмет етеді. Содан бері ағамыз «Мен бақытымды журналистикадан таптым», – деп мақтанышпен айтып отырады. Әртүрлі тақырыпты шегіне жеткізіп жазып қана қоймай, туындаған мәселелерді өзінше шешу жолдарын ұсынатын азаматтық ұстанымы көптің көңіліне ой салатын. Әсіресе, оның қылмыстық хроника мен азаматтардың құқығы турасында жазған көлемді мақалаларын жұрт асыға күтетін. Осы еңбектерінен кейін, Боранбай Ғалиев 2008 жылы Атырау облыстық сотының баспасөз қызметіне шақырту алады. Сөйтіп өмір жолында «сот жүйесі» деген жаңа белес пайда болады. Заңгерлер қауымдастығы Боранбай Ғалиевты тек қана журналист ретінде емес, білікті заңгер деп те қадір тұтады. Өйткені, ол сотта қызмет ете жүріп, Атырау мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқып, заңгер мамандығын алады. «Қартайғанда заңгер болуыма тура келді. Университетте ең қарт екі студент болдық. Оның бірі Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, композитор Илья Жақанов және мен», – деп әзілдеп жүретіні бар.

Атырау облысының сот саласына Боранбай Ғалиевтың қосқан үлесі өлшеусіз. Оның соттар бюрократия лық тұрғыда жұмыс жасайды деген қасаң пікірді жоққа шығарып, соттардың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етудегі еңбегі зор. Бүгінде «мен» деген журналистердің өзі Боранбай Ғалиевтың жұмысын жоғары бағалайды. Соттардың тыныс-тіршілігі туралы ақпарат таратудан бөлек, ол жалпы сот жүйесінің тарихын терең зерттеп жүрген маман. Оның зерттеулерінің арқасында соттар мен ондағы танымал тұлғалар туралы жазған бірнеше еңбегі жарыққа шықты. Бұдан бөлек, облыстық сотта көркемдігімен жұтынып тұратын теңдессіз мұражай бар.
Бұл да Боранбай Ғалиевтың жылдар бойғы үздіксіз еңбегінің арқасында жасалған тарихи еңбек деп баға беруге болады. Табиғатынан болмысы ерек азаматпен 5 жылдан астам уақыт қоян қолтық қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе болды. Бөкеңе қандай тапсырма берсең де, оны күткен нәтижеңнен асырып орындайтын ұйымдастырушылық қабілетіне риза болғаннан басқа амалың қалмайды. Ал, қаламгердің жілігін шағып, майын тамызып жазған еңбектерін оқудан ешқашан жалықпайтын едім. Шығармашылық өлшем оның еңбектерінің санына емес, көркемдік ізінің тереңдігінде, айтар ойларының қоғамдық-әлеуметтік тұрғыда
салмақты шығуында жатса керек. Сондықтан, Бөкең әлі талай көркем туындыларымен көпшілікті қуантатыны сөзсіз. Сот ұжымының ақсақалы Боранбай Ғалиев жақында пайғамбар жасына келді. Бұл әр адам үшін қызметтегі тамаша белесінің қорытындыланалатын ерекше сәт. Ол қарапайым, өнегелі отбасында
дүниеге келді. Туған жердің төсінде еңбек етті. Атақ пен мансапқа қызықпады. Өнеге көріп өскен Бөкеңнің бірнеше кітаптың авторы атанып, танымал қаламгер ретінде елдің сөзін сөйлеуі – қай жағынан болса да заңдылық. Бұқаралық ақпарат құралдары мен сот жүйесіндегі талай жылғы мүлтіксіз қызметі лайықты түрде бағаланды. Жоғарғы Сот төрағалары болған Қайрат Мәми, Бектас Бекназаров секілді апталдай азаматтардың құрметін көрді. Ең бастысы сүйікті жан-жарымен бірге алтын асықтай ұл мен қыз тәрбиеледі. Парасат биігіне жеткен шақта ағамызға ұзақ ғұмыр кешуді, ел үшін жасап жүрген еңбегін тоқтатпауды, жақын-жұрағаттар ортасында есен-аман жүруді тілеймін!

Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВ,
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы

[ratings]

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости