12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ӘЛЕМ КОРОНАВИРУСПЕН, ҚАЗАҚСТАН ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСУДЕ

Айналасы бір-екі айдың ішінде талай елді үйлеріне «қуып тыққан» коронавирус қоғамның шынайы бет-бейнесінің осындай қиын қыстау күндерде айқындалатынын дәлелдеп берді. Азық-түліктің қымбаттауы, маска, антисептикалық заттардың елге қауіпті індет келмей жатып, сыртқа сатылып кетуі, індет елге келген сәтте дәріханаларда масканың мүлдем табылмай қалуы, осындай кезеңде ауадан ақша жасағысы келгендердің әрекеті, карантин кезінде блок-постардан «бармақ басты, көз қыстымен» өту оқиғаларының кездесуі қоғамымымыздың заң бұзушылыққа, жемқорлыққа бейім екенін аңғартты. Шыны керек басқа елдер коронавируспен ғана күресіп жатса, Қазақстан коронавирус+жемқорлықпен күресіп жатыр. Елімізде дәрігерлердің жаппай қауіпті індетті жұқтыруы да саладағы талай олқылықтан хабар беретіндей. Еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова бүгінгі күні елімізде 423 медицина қызметкері коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді. Артынша тағы 4 жедел жәрдем қызметкерінің коронавирус жұқтырғаны мәлім болды. Яғни бұл статистика тұрақты түрде өсіп барады. Дәл қазір қауіпті дертпен ауырып жатқандар саны 1600 шамасында екенін екенін ескерсек, жалпы науқастың 25 пайызы дәрігерлер екенін аңғарамыз.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Испания, Италия, АҚШ, Қытай елдеріндегі дәрігерлердің вирус жұқтыру көрсеткішінің 10 пайыздан асқанына алаңдаулы болып дабыл қағып отырса, біздің елімізде бұл меже 25 пайыздан асқан. Дәрігерлердің дертті жұқтыру көрсеткіші жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр, мұнда дәрігерлердің вирус жұқтыру көрсеткіші 27 пайызды құраған. Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында бір күнде 110 медициналық қызметкер инфекция жұқтырған. Нәтижесінде бұл медициналық орталық бүгінде карантинге жабылды.

Осыған дейін Жамбыл облысындағы Меркі аудандық ауруханасының инфекционист дәрігері Толқынай Ордабаева Фейсбук әлеуметтік желісіне жазба жариялап,  коронавирус індетін жұқтырып, Тараз қаласында ем алып жатқанын айта келе, бұл іске облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов пен аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жаңыл Шойбекованы кінәлаған болатын. Артынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, Толқынай Ордабаева жұмыс істейтін Меркі ауданындағы ауруханада жазбада көрсетілгендей, аудандық аурухана әкімшілігі медицина қызметкерлеріне медициналық масканы өздері тігуді талап еткені, қызмет барысында дәрігерлерге маскалар мен қорғаныс құралдары берілмегені расталды. Осыдан соң аудандағы бірнеше шенеунік жауапкершілікке тартылып, қызметінен де босатылған болатын. Одан соң әлеуметтік желіде Алматы қалалық №12  аурухананың коронавирусқа шалдыққан травмотолог дәрігерінің видеосы пайда болды. Алматылық дәрігер Дидар Меркідегі әріптесі Толқынай секілді өздерінің қорғаныс құралдарымен толықтай қамтамасыз етілмегенін ашып айтып, құзырлы орган мен Президенттен өз істеріне қатысты әділ тексеру жүргізуді сұрады. Сондай-ақ ол өзі жұмыс істейтін аурухананы ғана емес, еліміздің барлық өңіріндегі ауруханаларды жаппай тексеруді, сөйтіп коронавирустың таралу ошағын дер кезінде ауыздықтауды сұрады. «Біз басында тек медициналық маскамен жүрдік. Ал пневмония, жөтелген науқастардың барлығы төтенше жағдай жарияланғаннан бастап бізге ағылып түсіп жатты. Біз болсақ, бір маскамен жүрдік, түсінесіздер ме? Арнайы киім, арнайы маска, көзілдірік деген секілді қорғаныс құралдары бізде болған жоқ. Міне, бертінге дейін, тек 7 сәуірде ғана бере бастады оны бізге. Бәрі кеш болғанда. Осылай індет ошағына айналдық. Айтайын дегенім, тексеруді әділ жүргізсін. Біз отбасымыз үшін, қызметтік абыройымыз үшін алаңдаймыз. Ең дұрысы, коронавирус көптеп тарап кетпесін демесе, Қазақстанның барлық ауруханасын тексерсін. Қаладағы біздегі жағдай мынау, ал өңірлерде не болып жатыр, оны елестетудің өзі қиын… – дейді видеода алматылық дәрігер. Нәтижесінде талай дәрігердің вирус жұқтыруына түрткі болған аурухана карантинге жабылып, бас дәрігері орнынан кетті.

Осыған орай Алматы қаласының экс-бас санитарлық дәрігері Айзат Молдағасымова жаппай жұқтырудың мүмкін себептерінің бірі «дәрігерлердің қажетті қауіпсіздік шараларын сақтамауы болуы мүмкін» екенін айтса, өз кезегінде аурухана қызметкерлері «Молдағасымова бізге жала жапты» деп айыптап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат та жазды. Бұл оқиғаның соңы еліміздің Бас дәрігерінің дәрігерлер қауымын сабырға шақыруымен, артынша Айзат Молдағасымованың қызметінен алынып, орнынан Жандарбек Бекшиннің келуімен аяқталды. Осылайша ел ішін індет кезіп, күн сайын науқастар саны артып бара жатқан тұста дәрігерлер өмірлеріне араша сұрап, мемлекет басшысынан, қоғамнан көмек сұрап үндеу жариялауда. Саладағы жемқорлық коронавирустың таралуына ықпал етіп отырғандай.

Осы орайда айта кетер жайт, қытайтанушы маман, журналист Ертай Нүсіпжанов әлем ақпараттарын сараптай келе «дәрігерлердің вирус жұқтыру көрсеткіші халық басына шаққанда Германияда 4,1%, Қытайда 4,2%, Италияда 10%, Украинада 15,1%, Испанияда 15%, Қазақстанда 20,5%» деп дерек келтіріп, «елдегі науқас саны мыңға жетпей жатып 211 дәрігердің вирус жұқтырғаны белгілі болып отыр, алдағы күні қайтпек» деп алаңдаушылығын жазған болатын. Айтқанындай-ақ қазір науқас саны 2000-ға жетпей жатып, дәрігерлердің ауру көрсеткіші еселене түсті. Яғни науқас санына қоса, дәрігерлердің де вирус жұқтыру қаупі күн өткен сайын артып барады. Еліміздің бас дәрігері тағы резервке дәрігерлер дайын тұрғанын айтып, халықты тыныштандыруға тырысуда. Алайда әр төртінші коронавирус жұқтырған науқас дәрігер екенін ескерсек, жағдай еріксіз алаңдатады. Дәрігерлеріміз неге жаппай вирус жұқтырып жатыр деген сауалымызға вирусолог маман Ахмет Алдашев: «дәрігерлерді бірнеше жыл оқытқанда олардың алдындағы науқастан өзіне вирус жұқтырып алмау шаралары мұқият оқытылады. Емхананың өзінде әр кабинетте антисептикалық заттар орнатылғаны, әр науқасты тексерген соң қауіпсіздік шараларын жасап отыратыны соның айғағы. Сондықтан дәрігерлер қауіпсіздік шарасын жасамағаннан ауру жұқтырып жатыр дегенге сенбеймін. Оларды өзін өзі қорғауға мүмкіндік бермей отырмыз. Меніңше қазір бірлі жарым тіркелген келеңсіз жағдайлар көптеген ауруханаларға ортақ кемшілік. Қорғаныш заттарының уақытынан кешіктіріліп берген деректерін мойындауымыз керек. Сондай-ақ COVID-19 инфекциясымен қалай және қандай бағытта күрес жүргізу керектігі жөнінде нақты алгоритм кеш жасалған секілді. Қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатқан дәрігерлерімізге сыйақы тағайындау туралы әңгіме айтпас бұрын алдымен қызметтік жағдай жасап беруді, жеке басына қатер төнбеуі үшін сақтық шараларын күшейтуді, яғни олардың денсаулығын, жеке басын қорғауға барынша күш салуымыз керек еді. Олар әрине сыйақыға лайық, бірақ денсаулықтары маңызды, егер өміріне қауіп төнсе ол сыйақының құны қалмайды» дейді. Рас, жақында осындай кемшіліктерден соң Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаев «Медицина қызметкеріне жеке қорғаныш заттары беріліп, күн сайын денсаулығы тексерілуі қажет. Қорғаныш заттары тимесе, бас дәрігер жауап береді», — деп мәлімдеме жасады. Кеш те болса салада жасалып жатқан өзгерістер дәрігерлердің денсаулығына араша болса игі…

Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

[ratings]

Қазақстандағы су тасқыны: қазіргі уақытта не белгілі?

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпарат берді.

Қырғызстанда TikTok-қа кіруге шектеу қойылды

Шешім шығаруға TikTok тарапынан "Балалардың денсаулығына, олардың физикалық, интеллектуалдық, психикалық, рухани және адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу жөніндегі шаралар туралы" ҚР Заңын сақтамау негіз болғаны айтылды.

Жаңа түзетулер енгізілгеннен кейін көлік жүргізушілері өмірінде не өзгереді?

"Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қандай өзгерістер енгізілді.

Синоптиктер алматылықтарға ескерту жасады

Қазгидромет Алматы мен тағы бір қала тұрғындарына қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ескертті.

Антикор: Қазақстанда 60 мың жүргізуші куәлігі заңсыз берілген

Арнайы ХҚКО-ларға жүргізілген жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша бюджетке түсетін түсімдер 10,6 миллиард теңгеден 91,3 миллиард теңгеге дейін ұлғайды.