12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Әркімнің өз шындығы бар

Ақтөбе облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығының экс-директоры Шалғынбай Жандосовтың басы дауға қалды. Тергеу мәліметінше, ол қызметкерлерінің 3,5 млн теңгеден астам сыйақысын заңсыз жинап, қалтасына басқан. Тіпті қарамағындағыларды желілік компанияға тіркеп, зат сатып алуға мәжбүрлеген. Алайда басшының өзі мұның барлығын жоққа шығарып отыр.

Ақтөбе облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығының экс-директоры Шалғынбай Жандосовқа “лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды” деген айып тағылған. Мемлекеттік айыптаушы Әсел Өтенованың айтуынша, ол бірнеше мәрте қоластындағы қызметкерлеріне төленетін сыйақы мен қосымша ақыдан 3 млн 652 мың теңге ақша жинап, өз қажетіне жұмсаған.

— Сотталушы Шалғынбай Жандосов  2016 жылдың қарашасы мен 2019 жылдың қаңтары аралығында қызметкерлерден 4 млн 672 мың теңге ақша қаражатын заңсыз жинап алған. Жәбірленушілердің қатарында Ақтөбе облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығының мамандары және аудандық бөлімше директорлары бар. Жиналған қаржының 1 млн 20 мың теңгесі шаруашылық жұмыстарына жұмсалған. Мәселен, 2017 жылдың желтоқсан айында ол аудандық бөлімше басшыларына сыйақы ретінде бөлінген 1 млн 760 мың теңгені алған. Оның 700 мың теңгесін дезинфекциялық камера құрылысын салу үшін шаруашылық меңгерушісіне берген. Ал қалған 1 млн 60 мың теңгесін өз мұқтаждығына жұмсаған. 2019 жылдың 17 шілдесіндегі сот-сараптамасының қорытындысына сәйкес, Ақтөбе облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығына жалғастыра салынған дезинфекциялық камера объектісі бойынша 2017 жылы сатып алынған материалдардың құны 377 мың 983 теңгені құрады. Бұған қоса Жандосовтың нұсқауы бойынша 250 мың теңгеге мекемеге келуші азаматтарға арналған электронды жүгіртпе жолы орнатылған. Орталық қызметкерлері 2019 жылдың мамыр айынан бастап cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке шағымдана бастады,-дейді прокурор.

Мемлекеттік айыптаушы “Шалғынбай Жандосов осы арқылы өз билігін асыра қолданып, қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірді”деп санайды. Сот отырысында қызметкерлер басшысының желілік компанияға тіркеп, зат сатып алуға мәжбүрлегенін де жайып салған.

-Сот отырысында белгілі болғандай, 2019 жылдың сәуір айында екі қызметкер Жандосовтың бұйрығымен Алматы қаласында Amway компаниясының ұйымдастыруымен өтетін жиналысқа барып, тіркелуге және компанияның құны 200 мың теңге болатын тазартқыш сүзгілерін сатып алуға мәжбүр болған. Соның салдарынан оларға 500 мың теңге шығын келгені анықталды. Бұл дерек аудандық прокуратурада тіркеліп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жолданды,-деді прокурор.

Сот жарыссөзінде Мемлекеттік айыптаушы Әсел Өтенова Шалғынбай Жандосовты Қылмыстық Кодекстің 361-бабы 1-бөлігі (лауазымдық өкілеттілігін теріс пайдалану) бойынша айыпты деп танып, 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Сондай-ақ соттан оны өмір бойына мемлекетік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруды, жәбірленушілердің талап-арызын толықтай қанағаттандыруды сұрады.

Шалғынбай Жандосов: «Бұл мені жұмыстан кетірудің амалы»

Алайда Шалғынбай Жандосовтың өзі тағылған айыппен келіспейді. Ол “менің үстімнен заңсыз іс қозғалды”деп есептейді.

-Қылмыстық істің қозғалғанына 9 ай болды. Әділ шешім шығады деген үміттемін. Өйткені маған қылмыстық қудалау органы куәгерлердің көрнеу жалған мәліметтері негізінде ауыр айып тағып отыр. Менің қарамағымда 300-ге жуық қызметкер жұмыс жасады. Алайда тергеу органдары тек 20-ға жуық адамды ғана өздерінің көздеген теріс пиғылын іске асыру аферасына тарта алды. Куәгерлер тергеу кезінде берген жауаптарынан шатасып, тергеушінің сілтеуімен ғана жүрді. Қылмыстық істе көптеген жайттар қисынсыз. Мәселен, маркетинг бөлімінің қызметкерлері маған 2018 жылдың 1 қазанында ақша бергендерін айтты. Алайда мен Ұлттық сараптама орталығы бас директорының бұйрығы бойынша 2018 жылдың 3 қыркүйегінде еңбек шарты бұзылып, жұмыстан босадым. Тек бір жарым айдан соң, 2018 жылдың 16 қазанында қайтадан қызметке тағайындалдым. Тергеу кезінде бұдан да басқа олқылықтар кездесті. Сондықтан маған қатысты заңсыз іс-әрекетті тоқтатып, қылмыстық істі қысқартуыңызды сұраймын,-деді ол.

Шалғынбай Жандосов өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаннан кейін жұмыстан кеткен. Қазір ол С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетіне қарамағындағы медициналық колледжде сабақ береді. Айтуынша, мұның барлығы оны жұмыстан кетіру үшін жасалған.

-Мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Бұл туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында да айтқанмын. Сот отырысында қайталап айтамын. Тергеу органдары мені кез-келген жолмен жұмыстан кетіріп, соттау ниетімен қызметкерлерімді қорқыту арқылы жалған дәлелдемелер жинап бақты. Менің қызметкерлерге үстемеақыдан қаражат жинау туралы тапсырма бергендігім туралы жалған айып ешбір дәлелін тапқан жоқ. Қызметкерлердің Ұлттық сараптама орталығының қалыпты жұмыс жасауы үшін шаруашылық жұмыстарына өз еріктерімен ақша жинағанын теріске шығармаймын. Бұл қаржы сараптама орталығының қажеттілігі үшін жұмсалып отырды, өз пайдама ақша алған емеспін. Мекемедегі шаруашылық жұмыстарына мен өзім де ақша қосып отырдым. Сот отырысында мекеменің шаруашылық жұмыстарын жүргізуге жоғарыдан, яғни орталықтан ешқандай қаражат бөлінбегенін филиал директорының орынбасары С.Әлімбаев та растады. Қызметкерлер үшін автотұрақ салынды. Дезинфекция камерасына қосымша ғимарат бой көтерді. Сотта куәлер де шырша ағаштарын қыста қарлы бораннан қорғау үшін қорғаныш шатыр жасалғанын, қиыршық тас төгіліп, ұңғыма қазылғанын айтты. Ақша жинайтын басқа адамдар, ал арызда мені жауапқа тартуды сұрайды. Маған осы жағы түсініксіз. Олар өз қолдарымен маған ақша бермесе, неге басқа адамдарға берген ақшаларын менен талап етеді?! –деді ол.

Сотта ол Amway компаниясының өнімін тұтынғанын жасырмады. Алайда ол желілік маркетингке ешкімді тіркемегенін, әрі оның өнімін сатуға мәжбүрлемегенін айтады. Тек дәрігер ретінде әріптестеріне оның өнімдерінің адам ағзасына пайдалы екендігін түсіндіріпті.

-Осы жасқа дейін байлыққа, ақшаға қызыққан адам емеспін. Егер ақшаны жақсы көрген болсам, басшылық қызметке тағайындалған қызметкерлерден бірдеңе жымқырып қалған болар едім. Мәселен, сол Amwayге жазылған қызметкер декреттегі маманның орнында уақытша жүрген еді. Оны Мұғалжар ауданына басшылық қызметке тағайындадым. Оған 2-3 күннің ішінде үш бөлмелі пәтер алып бердік. Хромтау ауданына да уақытша қызметте жүрген маман басшылық қызметке тағағайындалды. Сотта олардың беттеріне тура қарап, “коробка конфет бердің бе”, “намек жасаған жоқпын ба?” деп сұрақ қойып отырғанымды өздеріңіз де естідіңіздер,- деді ол.

Айта кетелік, Шалғынбай Жандосов — Ақтөбе жұртшылығы үшін белгілі тұлғалардың бірі. Медицина ғылымдарының кандидаты, әр жылдары республикалық санитарлық эпидемиологиялық станцияда дәрігер болып жұмыс істеген. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры болды. Ал Ақтөбе облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығының директоры болып 2015 жылы тағайындалған. Сот жарыссөзі жалғасып жатыр.

 

Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА,

Ақтөбе қаласы

[ratings]

 

Қабан атып сотталғандар жазасын алды

Адам түгілі төрт аяқты жануардың өзіне құрметпен қарайтын. Тіпті,...

Бір жыл ішінде қайталап жасалған әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттер үшін әкімшілік жауаптылық көзделген

       Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық...

Құқық бұзушылықтың жазасы ауыр

Жуырда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты...

Келес ауданында заңды бұзған жігітке ескерту берілді

Сотталғандардың мекен жайы бойынша кешкі уақытта тексеру шарасын Келес...

Құқық бұзушылықтың жазасы ауыр

Жуырда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты...