Елең еткізер | АктуальноҚоғам | ОбществоҚұқық | Право

Ақылы жолда 400 теңге төлеуден жалтарғандар 12 мың теңге айыппұл төлейді (ВИДЕО)

Алматы-Қапшағай бағытының өзінде қаңтар айынан бастап 60-тан астам заң бұзушылыққа қатысты хаттамалар толтырылған.

Ақылы жолда айласын асырғысы келгендер көбейді. Жыл басынан бері елімізде 300-ден астам автокөлік жүргізушісі мемлекеттік нөмірлерін жасырып ақылы жолдардан тегін өтпек болған. Осындай жағдайлардың кесірінен бекеттерде кептеліс те жиілей бастапты, деп хабарлады КТКарнасы.

Діттеген жеріне тегіс жолмен тегін жетуді көздейтіндер көбейген. Алматы-Қапшағай бағытының өзінде қаңтар айынан бастап 60-тан астам заң бұзушылыққа қатысты хаттамалар толтырылған. Кейбір жүргізушілер бұл жағдайды тариф құнының қымбаттауымен байланыстырады.

“Шығын шыққан әсер етеді. Алдында 200 теңге болған, қазір 400ге шықты. Адамды сора берсең, айлаға барады ғой. Халықты қинай беруге болмайды”, – Айтжан Жылқыбаев.

Заң бұзғандардың басты мақсаты – тек бір ғана бағыттың құнын төлеу болса керек. Себебі: жалғыз ғана төлем қабылдайтын терминал жұмыс істеп тұрғандықтан, қаладан шығуды тек камералар есепке алады. Осыны ескерген жүргізушілер нөмірлерін жасыруға тырысады.

Күндіз-түні қосулы тұрған бейнебақылау камералары әрбір көліктің мемлекеттік нөмірлерін есепке алады. Егер бір саны немесе толықтай жасырынып, оқуға мүмкіндігі болмаса, бірден хабар береді екен. Содан кейін ондайларды құрықтау үшін тәртіп сақшылары іске кірісіп, заң бойынша айыппұл салынады.

“Жалған нөмір салып жүрген тұтынушыларға әкімшілік құқық хаттама толтырылады. Біріншіден, жүргізу бойынша толтырылады. Екіншіден, салғаны үшін толтырылады. Үшіншісі – сотқа жіберіледі. Сот өз шешімін қабылдайды”, – Алматы-Қапшағай ақылы бекетінің басшысы Берік Бекмағамбетов.

Осы уақытқа дейін заң бұзған 309 жүргізушіге қатысты хаттама толтырылып, 11 темір тұлпар айыппұл тұрағына жеткізілген. Ал иелері 1 жыл мерзімінде көлік жүргізу құқығынан айырылған. Мамандар өз кезегінде тұрғындарды айлаға басып ақшаны аз төлеймін деп, айыппұл арқалап қалудан аулақ болуға шақырады.

Комментарий