ДетективКОНКУРС ДЕТЕКТИВ

АҒАШ ҮЙДІҢ ҚҰПИЯСЫ

Жаңғырық
Шамға толы түнгі шаһар терең ұйқыда жатты. Ол елді мекен сыртындағы қалың орман ішінен – ылдида, құлама еңісте қымтанып жатқан бұйығы – алакөлеңке қалаға, көзге көрінер шетіне, аялдама қаптаған күңгірт көшелеріне жоғарыдан үнсіз қарап тұрды. Еңселі ғимараттар тегіс алақанда жатқандай көрінеді. Елеңалаң дыбыс аңдып, төңірегін шолған, жан-жағына елеңдеп құлақ түрген бейсауат жүргінші тарам-тарам жолайырық магистральге әдеттен тыс ұзақ үңілді. Өзі тұрған жердің әрі жақын, әрі қалтарыс тұс екенін аңғарды. «Плаха»,– деді ол, – «Scaffold» орны…
Бір ай бұрын
Саят құрған түнгі жолаушы асынған мылтығын түзеп, тізеден батқан күпсек қарды бұрқырата теуіп, сықырлата басып, сәл ілгері жүріп барды да, қайта тоқтап, шыршаның жас бұтағын төмен иіп, қала жаққа көз тастады. Бұтаққа қонған, жаңа жауған ақ ұлпа қар жерге құйылды. Ол теріс айналды. Іргесіндегі ағаш үйдің ауласына қарай сырғыды. Төмен сырғанап, жарма қақпасына соғылды. Байлаусыз, күршексіз қақпа ашылып кетті. Ол үйге тақап, терезесінен тесіле қарады. Көз байлаған қараңғы, ештеңе көрінбейді. Үй жағалап жүріп, есік аузына жетті, баспалдақпен көтеріліп, тұтқасынан ұстады. Тартып көрді, жабық, итеріп еді, ауыр есік шалқасынан ашылды. Ол панар жақты. Босағада газет-жорналдар жатыр. Үйді реттеп, жөндеп алсам, бір айдан соң, қонақ шақырып, мейман күтемін, деп ойлады ол. Бірінші қабаты кең, дастарқан жаюға өте қолайлы, сондықтан, үстіңгі үй, сірә, жатын бөлмелері шығар. Есебі дұрыс шықты, төсек-орын қонақ қабылдауға дайын, алаңдайтын еш нәрсе жоқ. Жоспарымды жүзеге асыруыма бір апта жеткілікті, дүйсенбі бастасам, жексенбі тәмамдармын. Бір жетіде дүние жаралған, бір жетіде құриды да.
Ардақ – Жеңісбек
Сенбі күні жәбірленушілер саны алтауға жетті. Ардақ қанша тергесе де, артық жауап ала алмады. Бәрінің көрген бейнеті бір, тегіс қонақта отырған, бар жағалап, көше қыдырған, бульвардан – алаңға, даңғылдан – кафеге, аллеядан – арбатқа, тосын есінен танған, сосын, ағаш үйде оянған, астында – тай тері, бөстек, тұлып, тулақ, төсеніш жатқан. Екі жұмбақтың бірін шешті. Әр күнге – бір құрбан. Дүйсенбіде Дүрия, сейсенбіде Сейсенгүл, сәрсенбіде Сәруар, бейсенбіде Бейсен, жұмада Жұмагүл, сенбіде Сенбек… Жексенбі ше? Бүгін кім болмақ… Жеңіскүл ме, Жеміс пе? Есімдердің апта күндеріне сәйкестігі арнайы іріктеудің нәтижесі ме, әлде, кездейсоқ жағдаят па? Бұл тәртіптің ар жағында не тұр, мәнісі не?
Екінші жұмбақ та анық. Тұтқынға түскендер ағаштан ойып жасаған терезеден қаланың қиығын көрген. Фотосуреттер ішінен қатты ұқсайтын біреуін тапты, сол жердегі үйлерді түгел тексеріп шығу қажет. Асығуы тиіс. Кенет телефон шырылдады. Ар жақтан бір дауыс, бұл мен – Жеңісбекпін, деді, мекенжайым… жазып алыңыз. Біз мекенжайыңызды білеміз, деді Ардақ, Сіздің терезеден тысқа қараған жұрт – қаланың әйгілі бұрышын, танымал шетін байқап қалғандарын айтты. Бірнеше жерден суретке түсіріп, жапа шегіп, зәбір көргендерге үлкейтіп көрсеткенімізде, бәрі бірден, тегіс таныды – Дүрия да, Сейсенгүл де, Сәруар да, Бейсен де, Жұмагүл де, Сенбек те… Сіз – қоршаудасыз, деді полицай Ардақ. Жеңісбектің күлгені естілді.

Дүйсенбі – (апалысіңлілі екеу) – Дүрия

– Қамария несімен айыпты? Ол байлаулы қолына қарады, шандып, күрмеп байлап тастаған, басын төмен түсіріп, түйінді тісімен шешуге әрекеттенді. Бірақ, қанша талпынса да, аузы жетпеді, жан-жағына көз тастап, жіті шолды, төңірегінде ешкім жоқ, бір жерден дауыс шығады, әмірі қатты, әредік пайда болады, қатаң жарлық шашады да, қайыра ұшты-күйлі жоғалып кетеді.
– Есіміңіз?
– Дүрия. Қамарияның туысымын.
– Бақытты жан еді.
– Иә, екі перзент сүйді.
– Не жетпеді Сізге?
– Рас, менің қолымнан қаза тапты.
– Қалай?
– Жездем бәріміз аңға шыққанда, мен сыртынан атып өлтірдім.
– Кімнің мылтығымен?
– Жездемнің.
– Сосын?
– Мылтықты тез-тез мұқият сүртіп, қайыра орнына апарып қойдым.
– Ол білген жоқ па?
– Досы Мардан екеуі салған қармақтарын тексеруге кеткен, мен от басында қалдым. Сол кезде, мылтықты алып, Қамарияға қарсы жүрдім. Үлкен ұлын дүмімен ұрып құлаттым, кішісі үй алдындағы иттің үйшігіне кіріп кетті. Оны қорқытып қойдым. Қамария ауылдан шығып үлгеріпті, соңынан із кесіп, отқа тақай бергенде, ту сыртынан аңғарып қалдым, қолма-қол қарауыл шалып, желке тұсынан аттым.
– Неге жылайсың?
– Екі жиенімді қорқытып қойдым, қорыққаннан екеуінің де мені көрсе, тілі шықпай қалады. Үнемі суық сөйлесіп, жекіп отырамын. Күліп тілдескен емеспін. Күлсем болды, үрейі тарқап,
қорқынышы басылып, бүкіл уақиға есіне түсуі мүмкін. Күнім күн емес. Бітпейтін бір азап. Қандай жаза кеседі?
– Мойындайсыз ба? Екі баланың көз жасына қалдыңыз. Қандай қылмыс жасағаныңызды түсінесіз ғой.
– Жазаға тартасыз ба? Рас, құныкермін. Зауалы қандай болады? Құлаққа ұрған танадай тыныштықта, шүмектен тамған тамшының әлсіз дыбысы шығады. Ақырын шолп етеді.
– Сот немен аяқталды? Соттады ма?
– Қылмыстық істі жауып тастады. Қылмыскерді таппады. Үнсіздік орнады. Қамарияның кемсеңдеп жылағаны білінді.
– Өлтіресіз бе?
– Дауыс жауап қатқан жоқ.
– Білемін, өлтіресіз.
Терезелер жабық. Бірақ, жұқа перделерден ай сәулесі еркін өтіп, еденге құйылады. Жас әйел ықылық атып жылап отыр.
– Өлтіріп, сүйегімді орманға тастап кетесіз бе?
Қараңғы түн сырма боран әлсіз уілдейді. Қиыршық қар ұшқындайды. Үй іші алакөлеңке. Дауыс, сірә, екінші қабаттан шығады.
– Құлақ түріңіз! Сізге мынадай шешім шығарылды.
– Тыңдап отырмын. Қорғаушысыз, куәсіз…
– Иә.
Дауыс жөткірінді.
– Сізді кінәлі деп таптық.
– Неше жылға бас бостандығымнан айырады?
– Боссыз.

Ол төмен еңкейді. Көңілі құлдырады. Еденге қараған күйі солқылдап, үнсіз жылады. Кенет жайлап басқан аяқ жүрісі ту сыртынан жақындап келді. Өктем дауыс гүр етіп қайта шықты. Ыңылдап естілер-естілмес ән салды. Сосын, Қамарияның аузына сұйық дәрі құйып жіберді. Ол таңертең оянғанда, үйінде жатты.
Сейсенбі – (қулығына құрық бойламаған) – Сейсенгүл
Оны түнде әкелді. Бірақ, есінде ештеңе жоқ. Үлкен дәлізде есін жиғанда, қол-аяғы байлаулы, бүкіл денесі ауырып, мазасы кетті. Сейіл бұл жерге қалай келгенін ойлап-ойлап түсіне алмай-ақ қойды.  Анда-санда іші пысады. Сондықтан, бір мәнісін білейін деп, әрі төзімі таусылып, шыдай алмай кеткенде, дауысын көтеріп, айқайлап қояды, бойындағы үрейді де жойғысы келеді, дәмеленіп қаталырақ үн қатады:
– Ей, кім бар?
Сірә, ешкім жоқ тәрізді. Түн қатып кафе барында виски ішіп отырған, аяқастынан жер үйден бір-ақ шықты.
– Тыңдаңыз!
Ол елең ете қалды.
– Сіздің үкіміңіз… Күйеуіңізді пышақтап өлтірдіңіз.
– Соттың шешімі басқа.
– Бұл әділет зауалы.
– Өтірік! Өтірік!
– Мойындасаңыз кесімі жұмсақ, өтемі аз болады. Күйеуіңізді көңілдес көрші, ашына еркегіңізді біліп қойғаны үшін, үйге шақырып алып, омырауынан пышақ салдыңыз.
– Иә.
– Елді шатастыру үшін баланы пәтерге әдейі тастап, Сіз сөмке ұстап көшеге, дүкен жаққа шықтыңыз, өлікті көрген перзентіңіз жынданып кете жаздады. Сәбидің тілі күрмеліп қалды. Кезекте ұзақ тұрып, үйге қайтқанда, жылаған баланың дауысын естіп, есікті бұзған көршілер полицияны шақырып та қойған еді. Сіз кірген бетте жерде өліп жатқан күйеуіңізді байқап, есіңізден танып қалдыңыз, сосын, балаңызды көріп құшақтай бердіңіз, баланы Сізден тартып алды. Кенет жатын үйден Сіздің шыр еткен дауысыңыз естілді. Бәрі жүгіріп келгенде, Сіздің білезік тұсынан қолыңызды кесіп жіберген қулығыңызға куә болды. Жедел жәрдемге салған қарапайым жұрт Сіздің барлық іс-әрекетіңізге имандай сенді. Бүкіл елді алдап кеттіңіз.
– Темірлан, кеш мені…
– Үкім!
– Қинап өлтіресіз бе?
– Сізді айыпты деп таптық.
– Енді не істейсіз?
– Боссыз.
Сәрсенбі – (жалған сопы – судың соры) – Сәруар
Ол дүние салған адамдардың атын атап, рухын көмекке шақыра бастады. Мұрат, Сайран, Әбділдә, Жарқын, Қайрат… Ешкім қол ұшын созған жоқ. Өзі қимылдай алмайды, аяғын несіне тұсаған, түсінбейді. Аруақты жан еді, арқасынан қорықты ма екен. Сәруар шалқасынан жатыр. Кендір жіп қолына батып барады. Қатты тартып, байлап тастапты.
– Шешіңіз!
– Тыныш.
Төбеден жуан дауыс естілді.
– Сәруар, Сіз бейкүнә балаларды құрбандыққа шалдыңыз ба?
– Жоқ!
– Онда, бір сағаттан соң ораламын.
– Жарайды, иә!
– Жарайды емес, мойындаңыз, кесім
шығарғанда, бәрі ескеріледі.
– Жақсы.
– Сіз кімсіз?
– Көсем!
– Неге мойныңызға қан жүктедіңіз?
– Рухтар талап етті.
– Бір сәбиді отқа жақтыңыз. Сосын,
сол ауылдан қашып кеттіңіз.
– Мойындаймын!
– Ауыл Сізді іздеп жүр.
– Жазаға лайықтымын…
Бейсенбі – (барымташы) – Бейсен
Қасында бей-берекет шашылып жатқан ескі газет-жорналдардан бірбірден алып, ішін ақтарып көріп отыр. Қар басқан екіқабатты үйдің иесіз қалғанына он шақты жылдай уақыт болса керек. Үйіліп жатқан басылымдарда баспаханадан қай күні басылып шыққаны да анық көрсетілген. Ол қаламмен түскен сойы-тегін де оқыды – Мырзабеков. Бұрынғы қожайыны ма, қазіргі ме?
– Бүгін қай күн, Бейсен?
– Бейсенбі.
– Бір түнде қанша жылқы алып жүрдіңіз.
– Әртүрлі.
– Дәлірек, Бейсен?
– Сәтіне байланысты.
– Айып?
– Мойындаймын.
– Боссыз.
– Рас па?
– Рас.
– Айыбымды өтеймін. Елдің малын қайтарып беремін.
Ол құтылғанына сенбей отыр. Тағы уәде айтуға тиіс сияқты.
Жұма – (әнші құрбы) – Жұмагүл
Үстіңгі қабаттан біреудің қыбырлап жүргені естілді. Сосын, төменге хош иісті шайдың жұпары жетті. Түн баласы шай ішіп жүргені несі. Кенет ән төгілді. Өзінікі.
– Ұнай ма?
– Не жазығым бар?
– Әншісіз бе? Сіз құрбыңызды алдап кеттіңіз.
– Өзі кінәлі. Ешкім күштеген жоқ.
– Келісімшартты оқымаған ба?
– Иә.
– Жұмагүл, Сіз арзан пәтер бар деп, құрбыңызды алдап, қырық млн теңгені өз қалтаңызға салып алдыңыз. Оның орнына Ғайни құрбыңызға несиеге үй алып бердіңіз. Ол ештеңе сезген де жоқ.
– Айыптымын.
– Үкім.
– Әуелі, сатып алмас бұрын, келісімшартты өзі мұқият оқып шығуы тиіс еді.
– Ол бір пәтерге екі рет төлеп отыр.
– Иә.
– Жазықтысыз!
Сенбі – (ұзынтұра) – Сенбек

Ол етпетінен жатыр. Қолы артына байланған. Қашанда жыртқыш пендеге аяқастынан құрбандықтың жағдайына түсу қиын екен.
– Неше әйел баласына қастандық жасадыңыз?
– Бір.
– Күнәңіз ауыр, Сенбек.
– Өлтіргім келген жоқ.
– Зорладыңыз ба?
– Иә.
– Сіз бетіңізді фосформен бояп, түнде жарық түскенде, көзі жанған қара Ібіліс, құбыжық шайтандай жарқылдап, қалтарыс-бұрылыстарда оттай жанып жүрдіңіз. Кеш бата, көшеге жемтік іздеп шығатын едіңіз. Тіпті, тізеңізге бойыңызды ұзартатын ағашаяқ байлап алатынсыз. Бір жыл бойы талай қызды қуып, жындандырып жібердіңіз.
– Бәрін мойындаймын.
– Үкім: жазықтысыз!
Жексенбі – (тау асқан тағдыр) – Жеңісбек
Терезеден балауыз шамның көмескі оты әлсіз сығырайған ескі ағаш үйде ол жалғыз өзі, селқос, немқұрайды отыр. Ой үстінде, білгісі келеді, бірақ, ақыл қосатын адам жоқ, парызын өтеді ме, әлде жасағаны қылмыс па? Әрине, жазасын Құдай береді. Мүмкін, ар азабынан құтылар, олар ше… Түнгі жүргінші төмен түсті. Қылышыңды суырдың ба – шап! Құлпын ашып, өз қолына кісен салды, сосын, кілтін желгеөзектен сыртқа лақтырып жіберді.
– Қылмысыңыз? – деді ол.
– Ұрлық.
– Аты-жөніңіз?
– Жеңісбек Жексен-ұлы.
– Қандай ұрлық жасадыңыз?
– Алты адам ұрладым.
– Сосын?
– Еркінен тыс ағаш үйде ұстадым. Әрі-бері тасығанда, сұйық дәрі ішкіздім.
– Сіз кім боласыз?
– Сот. Кезінде, мемлекет атынан көп шешім шығардым.
– Үкіміңізді естіңіз.
– Иә.
– Айыптысыз!
– Мойындаймын.
– Боссыз.
Күрмеу
Ол кісендеулі қолдарымен Ішкі істер Бөліміне телефон соқты. Ардақ полицай тыңдап тұр. Жеңісбек аты-жөнін толық атады, сосын, жасаған қылмысын хабарлады. Біз мекенжайыңызды білеміз, деді тұтқаны көтерген Ардақ, Сіздің терезеден тысқа қараған жұрт қаланың әйгілі бұрышын, танымал шетін байқап қалғандарын баяғыда айтып берген. Бірнеше жерден суретке түсіріп, жапа шегіп, зәбір көргендерге үлкейтіп көрсеткенімізде, олар бірден таныды – Дүрия да, Сейсенгүл де, Сәруар да, Бейсен де, Жұмагүл де, Сенбек те.
Сіз қоршаудасыз, деді ол. Жеңісбек күліп жіберді, сөйлесіп болған соң, отырған жерінде, бейнетаспаларды қолына ұстаған күйі, еденге жатып еді, көзі ілініп, тез ұйықтап кетті. Ол түс көрді. Түсінде тау-тасты аралап, жоғары көтеріліп бара жатыр екен. Ілгері қараса, басы айналады, соңына көз жіберсе, жүрегі дүрсілдейді. Өрлеп бара жатып Жеңісбек, етектен – шың-құзға қарағаннан гөрі, биіктен – төменге қас қадаған әлдеқайда жақсы деп ойлады. Бірақ, жол ортасында, екеуі де қауіпті.
Дидар АМАНТАЙ

Әлсіз | СлабоОнша емес | Так себеЖарайды | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично (1 бағалар, орташа | оценок, среднее: 3,00 из 5)
Загрузка...

Комментарий