Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР ТАБЫСТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, ҚЫЛМЫСТЫҢ ДА КӨЗІ

Бүгінде тұрғын үйді, пәтерлерді қысқа мерзімге жалға беру тұрақты табыс беретін пайдалы бизнеске айналды. Өйткені, оған сұраныс көп. Көңілді отырыс өткізгісі келетіндер, сырт көзден тыс кездесуді қалайтындар, өзге жақтан жұмыс бабымен келушілердің көбі бағасы арзан, уақытша тұрақтауға болатын пәтерлерді іздейді. Сағатпен, тәулікпен жалға берілетін бұл тұрғын жайлардың жезөкшелер ұясына айналып отырғаны да бүгінде ешкімге құпия емес. Пәтерді тез ауыстыру мүмкіндігі ізін жасырғысы келетін ұры-қарылардың да оң жамбасына келіп тұр.

Мысалы, марқұм Денис Теннің өліміне себеп болған айна ұрлаушылар осындай қысқа мерзімге жалға берілетін пәтерлерді паналап жүргені белгілі. Сонымен қатар, бұл бизнес лаңкестердің бой тасалайтын орнына да айналған. Екі-үш жыл бұрын Ақтөбеде көзі жойылған лаңкестер тәуліктеп жалға берілетін пәтерлерден табылған болатын. Қысқасы,
бұл бизнес жекелеген біреулердің қалтасын толтырып, табысын арттырып қоймай, жалпы қоғам үшін қауіптің ошағына айналуда. Жалға берілетін баспаналардың дені көпқабатты үйлердегі пәтерлер. Қалтаға салмақ салмайтыны, сынатын, төбелес болып қалса бүлінетін заттардың аздығы, басқосудан соң тазалап, жинаудың қажет болмайтыны оларға деген сұранысты арттырып тұрғанға ұқсайды. Бұл әлбетте қожайындар үшін де тиімді. Өйткені, клиенттердің тез ауысуы ақша ағымын тездетеді. Сонымен қатар бизнесіңді салық орындарынан жасырып, тіркеусіз жүзеге асыра беруге мүмкіндік береді. Сағаттап, тәуліктеп пәтер жалдаушылар үшін айрықша жағдай жасаудың қажеті жоқ. Оларға үйдің тазалығы, жайлылығы көбіне маңызды емес. Алайда, бұл бизнес біреулерге оңай табыс әкеліп, өмірін
жақсартса, біреулердің берекесін қашырып, тіпті әр күнін тозаққа айналдыруда. Бұл пәтерлерге күн-түн демей келіп жататын неше түрлі адамдардың ағынынан, таңға дейін созылатын басқосулар, мас адамдардың айқай-шуы, жұптардың ыңғайсыз дауыстарынан әбден ығыры шығып, берекесі қашқан тұрғындардың жай-күйін бұдан басқаша сипаттау мүмкін емес. Олардың шарасыздығын көріп, жүрегіміз сыздады.
«Мұны бір кездері өз басымыздан да өткізген едік. Қарсымыздағы жалға берілген пәтерге келушілер күні-түні бір құрғамайтын. Кейде есіктің алдында тұрып даурығысатын олардың бет-бейнесі еріксіз шошындырушы еді. Көйлегінің ұзындығы екі елідей ғана болатын қыз-келіншектер темекілерін бұрқыратып, шулап тұрады. Түн баласы небір дауыстардан төбе құйқаң шымырлайды. Кейін тап осы көрші пәтерді жалдаушылардың бірінің өз сыбайластары қолынан өлім құшқанын, сол қылмыстың ашылуы арқасында онда небір жүгенсіз әрекеттер жасалғанын білгенде жағамызды ұстадық. Іс сотқа жетіп, айыптылар жазаланғаннан кейін пәтерде біраз уақыт тыныштық орнағандай болды. Десе де, әрдайым бойымызды қорқыныш билеп тұрушы еді. Үнемі жұмыста жүретіндіктен үйде қалатын балаларымыз үшін қатты алаңдайтынбыз».
Жалға берілетін пәтерлермен бір алаңда, бір подъезде тұратын үй тұрғындарының айтатыны осы. Бәрі де балалары үшін қорқады. «Шыны керек, түн ортасында баламыз әйелдің интимдік сипаттағы даусынан шошып оянып, тәте неге айқайлады дегенде не деп
жауап берерімізді білмейміз» дейді елордада тұратын бір замандас. Осы жағдайға шағымданып, пәтерлерді жалға беруді тоқтатуға амал жасағандар да бар екен. Мұндайда көбіне учаскелік полицияға жүгінеді ғой. Алайда, әлде құлықсыз ба, әлде шынында да қауқарсыз ба тәртіп сақшылары «көбіне нақты факт, дәлел әкеліңдер» деп тығырыққа тірейді. Қолмен ұстап алғандай ондай айғағы болмағандықтан және кейбір көршілер мұндай істе бірігуге ынта танытпаған соң бұл әрекеттен еш нәтиже шықпайды. Осылайша ешбір тыйым немесе заң аясында реттейтін белгілі бір тетік болмағандықтан бұл бизнес жабайы сипатта етек ала түсуде. Бұған белгілі бір шара қарастырылмаса, арты үлкен өкінішке ұрындыруы мүмкін. Бұл сөзімізге тек қана мұндай қызметті тұтынатындардың еш жерде тіркелмейтіні нақты айғақ бола алады. Өйткені, бүгінде бағыты бұлыңғыр ұйымдар, түрлі ниеттегі адамдар көп. Олар өз ойларын іске асыру үшін осындай көзден таса, бір жерден екінші жерге ауысып жүруге қолайлы, еш жерде тіркелмейтін мүмкіндігі бар тұрғын жайларды іздейді. Бұл орайда тәуліктеп жалға беретін пәтерлер іздегенге – сұраған.
Демек, бұл бизнес заңнамалық негізде қатаң реттелуі керек болса, қазіргі таңда пәтер берумен айналысатындарға қатысты қатаң шара қарастырылмаған. Жалпы тиісті заңнама бойынша мұндай бизнес заңды болуы үшін тек қана үш құжат талап етіледі екен. Олар белгілі форматтағы өтініш, мемлекеттік тіркеу үшін жасалған төлемнің түбіртегі, жеке кәсіпкерліктің тұрғылықты жерін айғақтайтын анықтама. Тіркелген кәсіпкер салық төлеу түрінің бірін таңдайды да ісіне кірісе береді. Бүгінгі жағдайда бұл талаптың да жүзеге асып жатқанына күмән көп. Ол негізнен, ұзақ мерзімге жалға берілетін пәтерлер бойынша ғана қолданылып жатады. Ал, сағаттап немесе тәуліктеп ұсынылатын пәтер иелері бұл ережені айналып өтіп жатқаны анық. Өйткені, оларды тексеріп, қадағалаудың белгілі бір тетігі жоқ. Ол жоғарыда айтылғандай, келушілерді тіркеу шарасы. Екіншіден, көршілердің келісімі болу қажеттігінен де туындайды. Мұндай жағдайда пәтерді жалға берушілер өзге тұрғындарға жайсыздық тудырмауға міндеттеліп, олар сол талап үдесінен шығуға барын салар еді. Өкінішке қарай, бұл да ескерілмей, салдарынан тұрғындар жапа шегуде.
Олардың қиын жағдайын Парламент Мәжілісінде бірқатар заңнамаларға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізген құжат қаралған кезде депутат Владислав Косарев көтерген болатын.
Халық қалаулысы мұндай жалға берілетін баспаналардың бүгінде хостел, қонақ аппартаменттері деп аталып жүргенін, шын мәнінде хостел болу үшін олардың кіретін есігі тұрғын үйден бөлек болу керектігіне назар аудартқан еді. Ал, тұрғын үйлердегі пәтерлердің моральдық тұрғыда азғындаған келімді-кетімділер емес, дұрыс адамдардың тұрақты тұруы үшін пайдалануы қажеттігін заңнама негізінде бекіту қажет. Оның мәлімдеуінше бұл мәселенің шешімін Ресей тапқан. Заңнаманы қорғаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, мұндай орынның жеке кіру есігі болуы жөніндегі талап аталмыш құжаттан көрініс тауыпты.
– Кез келген тұрғын емес үй-жай хостел, қонақүй, стоматология, дәріханалардың тұрғын үйден бөлек кіретін есігі болу керек. Бірақ жалға берілетін пәтерлер есігін ауыстыру мүмкін емес, оған мүмкіндік те жоқ. Бұл әрбір азаматтың жеке құқығы, өз үйін жалға беру көптеген адамдардың бизнесі. Ал қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғын үйді пайдалану ережесі барлық тұрғындар сақтауға тиіс бұлжымайтын тәртіп. Сондықтан, тәртіп бұзылса мәселеге жергілікті атқару орындары, полиция тікелей араласу керек.
Тұрғындардың өздері белсенді болып, бірден дабыл қағуы тиіс, – деген еді. Олардың айтуынша, бұл мәселе қаралғанда, азаматтардың құқығына қол сұқпау жөнінде шешім қабылданыпты. Пәтерлерін жалға берушілер салық комитетінде тіркеліп, патент алуы, тиісті салықты төлесе және өз пәтерлерінде тәртіпті сақтаса болды.
Мәселенің осылай парламенттік деңгейде көтерілуі қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Пәтердің сағаттап жалға берілмеуін біреулер құптаса, біреулер қарсы шықты. Құптайтындар пәтерлерін қысқа мерзімде жалға берушілер салдарынан тұрғындардың зардап шегіп жатқанын алға тартса, қарсылар жұртшылықтан мұндай қадамға жақсы өмірден барып жатпағанын мысал етіп отыр. Шынында көпшілігі осы бизнестің арқасында несиелерін төлеп, балаларын оқытып, өз проблемаларын шешіп жатыр. Содан болар, Косарев мырзаны «қай жезөкшені ұстап алған екен?» деп мазақ еткендер де болмай қалған жоқ. Тоқ етерін айтқанда, пәтерді жалға берушілік аясында біраз мәселе бұғып жатыр. Соның бірі қонақ үйлер құнының тым қымбаттығы екені белгілі. Бүгінде мәселен Елордада орта деңгейдегі қонақ үйдің өзіне бір күн түнеп шығу үшін кемінде он бес мың теңге төлеу керек. Нашар дегендерінің өзі жеті-сегіз мыңнан кем сұрамайды. Ал, пәтерлер үшін арзан баға төрт-бес мыңның айналасы. Осыдан барып көптеген сырттан келген қонақтар пәтерлерді жағалайды. Өзге тұтынушылар үшін де бұл негізгі себеп. Сондықтан қалай дегенде де бұл бизнеске тоқтау салу мүмкін емес. Оны заңнама негізінде ашық жүргізу арқылы ғана қоғам үшін қауіпсіз әрі пайдалы етуге болады. Өкінішке қарай, мәселені осы тұрғыда шешуге құзырлы орын не қауқарсыз, не құлықсыз. Осыны түсіну қиын болып тұр.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий